Еңбек • 13 Қараша, 2023

Орманшының еселі еңбегі

515 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сәбит Мұстафин – Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тумасы. Бұл ауыл Солтүстік Қазақстанда 80-жылдары құрылған он шақты ғана таза қазақ кеңшарларының бірі. Қазір М.Жұмабаев ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы болып жүрген Оралбай Сағындықов басқарған жылдары Бұлақ кеңшары гектарынан 31 центнерден астық жинап, республикада рекорд жасаған. Ал кеңшардың Жәмет Кәкімов басқарған Ақтастағы бригадасы тіпті 33 центнерден астық алып, бригадирдің өзі кеудесіне кеңестік «Еңбек даңқы» орденінің ІІ дәрежесін қадаған.

Орманшының еселі еңбегі

Осы ауылдан бұлардан басқа да талай еңбек ерлері шықты. Об­лыстық атқару комитеті төра­ға­сының бірінші орынбасары болғанда 11 жыл бойы өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына басшылық жасаған Жақсылық Ысқақов ағамыз да – осы Бұлақтікі. Қазір бұл ақса­қал­дың кеудесінде жеті орден жар­қырайды. Осындай еңбекте үнемі алда болған үлгіні аға ұр­пақ ауылдың жастарының бо­йына да сіңіргені көрініп жүреді. Бұлақ ауылдық округінің қазіргі әкімі, ауылдың төл тумасы Болат Бейсенбаев та – облыстың ең озық ауыл әкімдерінің бірі. Ол облыстық, аудандық бюджеттен ауылдың әлеуметтік жағдайына бөлінетін қаражатты шып-шыр­ғасын шығармай бөлдіріп, округ­тегі үш ауылдың да жағдайын жақсартып келеді. Мұнда ауылға жарық тарту, ауыз суын жеткізу, көшелерін жөндеу, тіпті жолдарына асфальт төсеу сияқты жұ­мыстар үзілмейді.

Осындай еңбекқор, мой­нын­да­ғы міндетіне жауапкер­ші­лік­пен қараған азаматтар арасынан шыққандар ауылдан басқа жер­лерде де үлкен табыстарға жетуде. Соның бірі – Айыртау ауда­нын­дағы «Орлиногор» орман шар­уа­шылығында он жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан Сәбит Мұстафин. Ол Бұлақ ауылында туып, осындағы мектепті бітіріп, ер жеткен азамат.

Жуырда Республика күні қар­­саңында Сәбит Президент  Қас­ым-Жомарт Тоқаев­тың қо­лы­нан ол ІІІ дәре­же­лі «Еңбек даңқы» орденін алды. Бұл мадақ оған ерінбеген ең­бектің, өзінің міндетіне деген адалдығының арқасында келді.

Бұлақ ауылы жан-жағы жасыл орман, жарқыраған көлдері де бар, табиғаты ерекше сұлу мекенге орналасқан. Сәбит бала кезінде құрдастарымен бірге орманға жиі барып, жидек, бүлдірген теретін. Асыр салып ойнап, хош иісті орманның саф ауасымен тыныс­тайтын. Оның үстіне орманшы болған атасының інісі Қабдолла Бекхожиннің де жұмыстарын көріп өскен. Атасының салт атпен орман аралап, оның тыныш­ты­ғын бақылап жүргенін, кейде орманның ішін тазалатып жат­қа­нын, жұртқа отындық ағаш беріп жатқанын жиі көретін. Өзінің де орманшы болу арманы сол кездерде оянған екен.

Орманға деген сүйіспеншілікті бала жасынан бойына сіңірген Сәбит Мұстафин де өзінің өмірін орманшылықпен ұштастырды. Ол Бурабайдағы орман шаруа­шы­лығы колледжіне түсіп, орманшы-техник мамандығын алып шығып, Айыртау ауданын­да­ғы «Орлиногор» орман шаруа­шы­лығы кәсіпорнына жұмысқа тұрады. Бұл аудан – Сәбиттің туған ауылының жерімен жапсарлас жатқан мекен. Жас маманды жұмысқа қабылдаған бұрынғы директоры Теміржан Сәкенов оған үлкен үміт артып, жасыл орманға жатсаң-тұрсаң жанашырлық біл­ді­руді ұмытпа деп өсиет айтқан екен. Үлкен кісінің сенімін ақ­тау­ға тырысқан Сәбит өз міндетіне ыждаһатпен кірісіп, әлі күнге осы талап деңгейінен төмен­де­ген емес. Сәбиттің өз жұ­мы­сын адал атқарып, міндетіне жауапкершілікпен қарайтынын директоры талай рет атап өткен. Теміржан аға зейнет демалысына кеткен соң былтырдан бері оның орнына келген Тимофей Семеновпен де Сәбит ортақ тіл тауып жұмыс істеп келеді.

Орманшының міндеті – орманды өрттен сақтау, суық қолды адамдардың орынсыз кесуіне, бүлдіруіне жол бермеу болса – Сәбит бақылайтын 2 363 гектар жердің орман учаскесінде ешқашан ондай төтенше жағдай болған емес. Бұл Сәбеңнің аттан түспей орманды жиі ара­ла­уының, ағашты күзетіп қана қоймай ондағы аң-құстардың сақталуына да үнемі назар ауда­рып отырғанының арқасы деп айтсақ, қателеспейміз. Сәбиттің өзі: «Орманды сақтап қалу үшін тынбай еңбек етеміз. Өрттен, заңсыз ағаш кесушілерден аттан түспей қорғаймыз. Біз тіпті аң-құстардың аман болуына қарайласамыз. Мұнда заңсыз аңшылық жасауға болмайды. Ағаш болғасын аң-құс болу керек. Табиғатта бәрі бір-бірімен үйлескен ғой», дейді. Сөйтіп, Сәбит Мұстафин орманшы ғана емес участогіндегі аң-құстарды қоритын қорықшы міндетін де атқарып келеді.

Орманшының міндетіне жыл сайын көктем мен күзде жаңа өскіндерді отырғызу жұмыстары да жүктелген. Биылғы күзде Сә­бит­тің қарауындағы учаскеге 127 гектар жерге жаңа өскін егілді. Бұл да – оның участогінің озық екенінің көрінісі. Участок орма­ны­ның 60 пайызы қарағай, бірақ соңғы жылдары қайың егуді кө­бей­т­кен.

«Сәбит – өте қарапайым, жақ­сы адам. Әріптестерінің ортасында сыйлы. Оның өз жұмысына адал­дығын біз басқаларға үнемі үлгі қыламыз. Сәбит мойнына жүктелген міндеттің бәрін тия­нақ­ты орындайды. Сондықтан мен Сәбит Қайранасұлының Пре­зиденттің қолынан алған ма­­­ра­­патын лайықты деп санаймын», дейді «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ дирек­то­рының орынбасары Ерлан Бекмағамбетов.

С.Мұстафинді орман қорғау­дан шаршап қайтқанда үйіші­лік жылылық қарсы алады. Мектепте психолог болып істейтін келін­ше­гі Күлдерай мен қызы отағасының жұмысының оңай емес екенін, оның күні бойы аттан түспей, орман аралағандықтан шаршағанын бірден сезіп, демалуына барлық жағдайды жасап бағады.

Сәбиттің ерен еңбегін елі ақтап, басшылар қостап оған елі­­міздің жоғары наградасын берді. «Бұл жалғыз менің емес, шаруа­­шылығымыздың барлық еңбек­кер­лерінің жеткен табысы деп білемін. Біздің облысымызда мен сияқты 500 орманшы бар. Олардың бәрі де тынымсыз еңбек етіп, жасыл бағымызды қорғауда. 2025 жылға дейін Пре­зиденттің талабына сәйкес 120 миллион көшет егуді де меж­делеп отырмыз», дейді ол. Адам­ға жайлы күй сыйлайтын жасыл ор­манның қор­ғау­­шы­сына біз де сәттілік тіледік.

 

Солтүстік Қазақстан облысы