Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Азия даму банкінің зерттеулеріне сәйкес, Орта дәлізді дамыту Орталық Азия, Кавказ елдері мен Түркия экономикасын институционалды тұрғыда тәуелсіз етіп, әлеуетін арттырады.
Украинадағы соғысқа байланысты солтүстіктен, Украина мен Польша арқылы өтетін теміржол қатынасы қашан қалпына келетіні белгісіз. Транскаспий халықаралық көлік бағытын талқылау мен жоспарлау кезінде Еуропадағы дәліздің соңғы нүктесі ретінде Ыстанбұл аталды. Содан кейін «Оңтүстік – Шығыс Еуропа» теміржол желісі арқылы Еуропалық одаққа қосылады.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Қытайдың Тынық мұхиты жағалауынан басталады. Әдетте Еуропаға бағыт алған теміржол көлігі Қытайды көктей өтіп, Қазақстанға жетуіне 3 күн кетеді.
Қазақстан – Еуразиядағы маңызды транзиттік хаб. Картаға көз жүгіртсеңіз, Транскаспий халықаралық көлік бағытының стратегиялық маңызын аңғарасыз. Көпшілік мұны Қытай мен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолының баламасы санайды. Қазақстан шенеуніктерінің пайымдауынша, Қытайдан Еуропаға құрлықпен жеткізілетін жүктердің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Дегенмен оның бәрі «Орта дәліздің» еншісінде емес. Демек, Ресей аумағына тиесілі қалған жүк тасымалы бірте-бірте азая береді.
2022 жылы Транскаспий бағыты бойынша жүк транзитінің көлемі екі жарым есе өсіп, 1,5 миллион тоннаны құрады. Бұған Ресейге қарсы халықаралық санкциялар қаншалықты әсер еткені белгісіз. Алайда басты себеп сол екені анық. Жүк тасымалының айтарлықтай өскеніне қарамастан, солтүстік Транссібір бағытынан әлі де кем.
Қазанның соңында шетелдік БАҚ-қа арналған брифингте Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Tранскаспий бағыты жобасының орындалуына қатысты тың мәліметпен бөлісті. Оның айтуынша, 2023 жылы, соның ішінде Бейжіңде өткен бірнеше аймақтық үйлестіру кеңестерінде маңызды шешімдер қабылданған. Қазақстан Қытаймен байланыстыратын үшінші теміржол өткелін ашуды, сондай-ақ 1300 шақырымдық жаңа теміржол салуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Қытай шекарасына апаратын магистралды теміржол желісінде 800 шақырым қосымша жол төсеу жұмысы басталған.
Астана Транскаспий бағытын панацея ретінде қарастырмайды, сонымен қатар «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағытындағы жүк тасымалдауды кеңейту мақсатында теміржол инфрақұрылымын жақсартуға ұмтылады.
Роман Василенко жоба Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына бәсекелес емес, оған қосымша ретінде қарастыратынын түсіндірді. Дегенмен бұған дейін Бейжіңмен «Орта дәлізді» қолдауға келісім жасалған. Қазақстан, сондай-ақ Еуропалық одақтың «Жаһандық қақпа» бастамасына, сондай-ақ Жаһандық инфрақұрылым мен инвестиция жөніндегі серіктестік аясында Транскаспий бағытын одан әрі дамытуға талпынады.
«NE Global»-дың Транскаспий бағытындағы кедергілер туралы сұрағына жауап берген Василенко ЕҚДБ-ның көліктік және әкімшілік кедергілерді зерттеуді енді ғана аяқтағанын түсіндірді. Оның айтуынша, есепте өңірдегі трассаның бойында 22 «қатты» және 7 «жұмсақ» инфрақұрылымдық кедергі анықталған. Сонымен қатар стандартталған аймақтық рәсімдер мен кедендік құжаттаманы әзірлеу қажет. Ол бірнеше мысал келтірді. Ең алдымен, Қазақстанның Каспий жағалауындағы, Ақтаудағы және Құрық портындағы контейнерлік тораптарды, соның ішінде жаңа көп функционалды Саржа теңіз терминалын одан әрі жаңғырту керек.
Транзиттік уақытты одан әрі қысқартуға Алматы мен Ташкент секілді ірі қалаларды айналып өтетін жаңа теміржол желілерін салу қажет. Кавказ елдері арқылы жүк тасымалдайтын локомотивтер жеткіліксіз. Оның айтуынша, Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға жету 36 сағат немесе одан да көп уақыт алады. Мұны азайтуға мүмкіндік бар. Кей шетелдік инвестор қосымша «Roll-on Roll-off» паромын сатып алуды қарастырып жатыр. Каспий теңізінен өту үшін құжаттарды электронды түрде беруді жеңілдету жұмыстары аяқталған.
Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Грузия көлік және сыртқы істер министрлері бірнеше рет кездесіп, аймақтық рәсімдерді әзірлеуге уағдаласты. Қазіргі таңда үш елдің теміржол жүйесін үйлестіруге арналған «Middle Corridor Multimodal, Ltd» деп аталатын бірлескен кәсіпорын құрылды.
Өңірлік үйлестіру үдерісі, сондай-ақ жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жұмыстар транзиттік уақытты қысқартуға мүмкіндік берген. 2021 жылы Қытайдың Тынық мұхиты жағалауынан Супсаға дейін (Грузия, Түркиямен шекаралас порт) транзиттік уақыт 38-53 күнді құраса, 2022 жылдың соңына қарай 18-23 күнге дейін азайған. Василенконың айтуынша, қазір Қазақстан бойынша транзиттік уақыт бес күнге дейін қысқарды.
Жыл басында Роман Василенко Астананың келесі мақсаты Қытай мен Ыстанбұл арасындағы транзиттік уақытты 2023 жылдың соңына дейін 14-18 күнге дейін қысқарту керек екенін мәлімдеген еді.
Алек МАЛЛИ,
«NE Global Media»-ның Жаһандық экономика және Оңтүстік-Шығыс Еуропа жөніндегі ортақ құрылтайшысы және атқарушы директоры