Ал 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауында болдым. Елдік мәселелерді ірі, ұсақ деп бөлмей, әрдайым сергек қарайтын Мемлекет басшысына қоғамды толғандырған мәселелерді жеткізуге тырыстым. Қасым-Жомарт Кемелұлы да ел ішіндегі мәселенің бәрімен кеңінен таныс. Ол кісінің әртүрлі мемлекеттік маңызы бар жиында айтып жүрген ұсыныс-пікірлері мен нақты тапсырмалары осы сөзіме дәлел. Жүзеге асып жатқан оң істерді өзіміз де көріп, бағамдап жүрміз.
Мақалада көтерілген, Президентпен арадағы әңгімеге арқау болған кемшіліктер мен қиындықтар – бүгін қалыптасқан, қордаланған мәселе емес. Бұрыннан шиеленіскен, өткен күнде жіберген қателіктеріміздің «жемісі».
Екі мақала жарық көргеннен кейін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек хабарласып, көтерілген мәселелер бойынша атқарылып жатқан, алдағы уақытта нақты іске асатын шаруалардың жай-жапсары туралы сөз қозғады. Мәселелерге немқұрайды қарамай, баспасөз бетінде жарияланған мақалаға қатысты жауап бергеніне риза болдым. Әйтпесе, өзіне, өзі басқарып отырған салаға қатысты айтылып жатқан сынға назар аударып, байланыс жасайтын басшылар кемде-кем.
Елдегі өзекті мәселелерді сөз еткенде Астана қаласынан көп мысал келтірген едім. Сол мәселелерге қатысты нақты фактіге құрылған ресми жауап алдым. Енді осы жауап хаттағы деректерге жеке-жеке тоқталып, мәселелердің шешілу жолдарына байыппен қарағанды жөн көріп отырмын.
«Елордада тұрақты демографиялық өсім бар. Халық саны шамамен 1,4 млн адамға жетті. Бұл қаланың инженерлік инфрақұрылымына айтарлықтай ауыртпалық түсіріп отыр. Осы орайда жылумен жабдықтау бойынша мынандай шұғыл шаралар қабылдап отырмыз. Қолданыстағы жылу көздерінің қолда бар қуаты кезінде тапшылық сағатына 500 Гкал-дан асқан. Тұрақты жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін осы жылы қуаты сағатына 440 Гкал болатын ЖЭО-3 бірінші кезегінің құрылысы аяқталды. Төрт су жылыту қазандығы және бір бу қазандығы салынды. Жалпы қуаты сағатына 700 Гкал болатын екі газ жылу стансасының құрылысы аяқталды. Жылумен жабдықтаудың барлық жаңа объектісі газбен жұмыс істейтін болады».
Астана қаласының жылу жүйелерін газға көшіру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл ең әуелі бас қаламыздың экологиясының жақсаруына тікелей әсер етеді. Көмірден шығатын тонна зиянды қалдықты айтпағанда, қара қою түтіннің өзі алып шаһардың еңсесін басып, тұншықтырып тұрғаны белгілі. Ал еліміздің басқа өңірлеріне еркін жетіп жатқан газды Астанаға жетпейді деу ақылға сыймайды. Осындай игі іс арқылы біз әлемге қараған тереземізді ыстан қорғап қаламыз. Енді тағы бір мәселеге келейік. «Тіршілік нәрі – су» дейміз. Су мәселесінде де әкімдік тарапынан тұшымды жауап алдым.
«Қалада су тапшылығы байқалмайды. Маусым айында Астана су қоймасынан су құбыры іске қосылды, бұл тәулігіне қосымша 90 мың текшеметр су жеткізуді қамтамасыз етті. Үшінші сорғы-сүзгі стансасының толық қуатының құрылысы аяқталды. Бұл тәулігіне 105 мың текше метрді құрайды. Бұл нысан 2026 жылға дейін қуат қорын жасайды. Биылғы жылдың қараша айында қуаты тәулігіне 48 мың м3 болатын Нұра жерасты сулары кен орнынан су құбырын жобалау, сондай-ақ «Тельман» сорғы стансасын тәулігіне 160 мың м3 дейін кеңейтуді жобалау аяқталады. Келесі жылы бұл жобаларды жүзеге асыру қаланы 2028 жылға дейін сумен тұрақты қамтамасыз етеді».
Әкімдіктің су мәселесіндегі атқарып жатқан шаруасы да көңілге қонымды көрінді. Егер осының барлығы нақты іске асатын болса, алаңдауға негіз жоқ. Бұл тұрғыда қала тұрғындары да «судың да сұрауы бар» деген сөзді терең түсінсе екен. Өйткені тұрғылықты жердің жағдайын жақсарту – әр адамның азаматтық парызы. Астанамыздың тағы бір кемшілігі жаңбыр жаумай етегі су болып тұратыны. Жас қаламыздың нөсерлі күндердегі жағдайы Венецияны елестететінін барша жұрт біледі. Бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді.
«Нөсерлі кәріз жүйесі 18 тазарту құрылыстарынан және 1-жинақтаушы тоғаннан, ауданы 16,7 мың гектардан астам аумақтан жерүсті ағындарын бұруды қамтамасыз ететін нөсер, дренаж және науа-арық кәріз желісінің 610,8 км магистралдық коллекторларынан тұрады. 2019 жылы 245-ке жуық проблемалық учаске анықталған, сол бойынша жұмыс жүргізіліп, 201 учаскедегі кемшілік жойылды және олардың саны қазіргі уақытта 30-ға дейін төмендетілді. Су тасқыны кезеңінде су басудың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді».
Электр жарығының қажеттілік жағынан жылу мен судан еш кемдігі жоқ екені баршаға мәлім. Бұл тұрғыда да мәселелер оңтайлы шешіліп жатқанға ұқсайды.
«Елорданы электрмен жабдықтау жүйесі «Астана-АЭК» АҚ базасында ұсынылған: ӘЖ және КЛ – 5 733,06 км, қосалқы стансалар, РП және ТП-1604 дана, бүгінгі таңда желілердің тозуы 32,4 пайыз. Қаланың жаңа құрылысын сенімді электрмен жабдықтаумен қамтамасыз ету үшін 7 төмендететін қосалқы станса салу қажет, оның ішінде «Жұлдыз» КС биыл аяқталады, қалған бесеуін салу 2024 жылы жоспарланған», делінген әкімдік хабарламасында.
Біз әдетте жолдарды қан тамырына теңеп жатамыз. Тамырда қиындық туындаса, қан қысымы көтерілетіні белгілі. Оның соңы жақсылыққа апармасы анық. Енді осы тұрғыдағы қиындықтарды шешу жолдарына назар аударайық.
«Көлік инфрақұрылымын дамыту – маңызды мәселе. Қоғамдық көліктерге 6 автобус паркі қызмет көрсетеді, оның ішінде 1 коммуналдық және 5 жекеменшік паркі кіреді. Қалада 93 бағыт бар, оның ішінде 66-сы қалалық және 27-сі қала маңындағы ауылдарға қатынас жасайды. Күнделікті 928 автобус шығады, оның 836-сы қалалық және 92 автобус қала маңындағы бағыттарға қызмет көрсетеді. Биыл паркті 400 автобусқа ұлғайту жоспарланған, бұл ретте 90 қоғамдық көлік алынды. Бұл автобустардың қозғалыс аралықтарын едәуір қысқартып, қосымша жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік береді».
Рас, қаладағы қоғамдық көліктерге қатысты қиындық аса байқалмайды. Оған аялдамалардағы жолаушылардың аз-көптігі арқылы көз жеткізе аламыз. Шешілуі қиын мәселе көлік кептелісі екені даусыз. Алдыңғы мақаламда осы саланы баса айтқан едім. Осы мәселе төңірегінде қандай шаруалар атқарылып жатыр деген сұраққа әкімдік: «Қалада 430 мың автокөлік тіркелген. Күн сайын қалаға қосымша 90 мың көлік келеді. Елорданың даму болжамына сәйкес 2035 жылға қарай көлік құралдарының саны екі есеге артуы мүмкін. Қазіргі уақытта Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран, Тәуелсіздік, Момышұлы даңғылдары, сондай-ақ М1, М2 және басқа көпірлеріне қарбалас уақытта шамадан тыс жүк артылып отыр. Бұл мәселені шешуге 2035 жылға дейінгі жаңа Бас жоспардың жаңа жобасымен ұзындығы 2,5 мың км магистралдық және орамішілік көшелер, сондай-ақ кемінде 5 қосымша көпір салу көзделген. Өткен жылы Ұлы дала көпірі іске қосылды. Биыл Тәуелсіздік көпірін аяқтап, пайдалануға бердік. Сонымен қатар өткен жылы ЖРТ жобасын аяқтау жұмысы басталды», деп жауап берген.
Көлік кептелісін шешудің мұндай жолдарын баяғыда қарастыру қажет еді. Бас жоспарға өзгерістер керек. Қаптаған бағдаршамдарды айналма жолдар, үлкен көпірлер арқылы азайтып, тар көшелер салуды тоқтату керек. Әуелі бос жатқан жерге алты жолақты, керек болса сегіз жолақты жол салып алып, одан кейін ғана тұрғын үй, ғимарат салу мәселесін қарастырған жөн. Бұл Астананың іргесі қалана бастағанда-ақ қолға алынатын мәселе еді. Енді тек ештен кеш жақсы деуден басқа амалымыз жоқ. Тұрғын үй тұрғыз дегенде, тағы бір маңызды мәселенің төбесі көрінеді. Ол – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету.
«Бүгінгі таңда тұрғын үй алуға кезекте 45 мың астаналық тұр. 2019 жылдан бастап кезекте тұрғандар мен жастарға барлығы 22 мыңға жуық әлеуметтік пәтер берілді. Биыл тағы 2,5 мың пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың саны азаймайды. Бұл қала халқының табиғи өсуіне байланысты. 2019 жылы елордада 150-ге жуық проблемалы үй болған (52 нысанда, 16 060 үлескер). Үш жыл ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 118 үйдің құрылысы аяқталды, 12 мыңға жуық үлескер отбасының мәселесі шешілді.
Биыл 165 қоғамдық орын және аула абаттандырылып, 1 млн-ға жуық жасыл желек отырғызылды. Оның ішінде 15 ірі жоба және 150 аула бар. Алдағы 3 жылда 4 млн-нан аса жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Астананы бейімделген өсімдік материалымен қамтамасыз ету үшін қалалық питомниктің қуатын жыл сайын 450 мың көшетке дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Жаңа Бас жоспарға сәйкес көгалдандыру алаңы 2 есеге ұлғаяды және 42,7 мың га құрайды.
2013 жылдан бастап қайта жаңарту бағдарламасы іске асырылуда, оның шеңберінде апатты үйлердің 14 мыңға жуық тұрғыны қоныс аударды. 2023 жылғы қаңтарға 15 мыңнан аса адам тұратын 206 тұрғын үй (2-3 қабат) және барак үлгісіндегі жатақханалар апатты деп танылды. 2028 жылдың соңына дейін 9 мыңнан аса тұрғынды көшіру қажет».
Тұрғын үй мен көгалдандыру мәселесін қатар жүргізіп отыру – құптарлық іс. Тұрғындардың таза ауамен тыныстауы, таза, әдемі жерлерде, қауіпсіз үйде тұруы да өркениетті елге тән нәрсе.
Мақаламда мектеп мәселесінің күйіп тұрғанын ашына жазғанмын. Шын мәнінде, үлкен шаһардағы білім саласының жағдайы алаңдатарлық екені бәрімізге мәлім.
«Кейінгі 20 жылдағы демографиялық үрдіс мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар үлесінің жылына 2,4 пайыз күрт өсуіне себеп болды. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Осы сүйіншілі хабардың артында әкімдік тарапынан түсетін салмақ та баршылық. Мектептерде 26 мың оқушыға орын жетпейді, ал мектеп түлектері мен бірінші сынып оқушылары арасындағы айырмашылық 17 мың баланы құрайды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру басталды, оның аясында 2025 жылға дейін 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Сонымен қатар 2023 жылы 16 мың орындық 11 мектеп салынады (2 ауысымда), оның төртеуі пайдалануға беріліп, жұмыс істейді, 7 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2024-2025 жылдары 69 мың оқушыға арналған 30 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар әкімдік 2024-2026 жылдарға арналған мектеп құрылысын іске асыру жоспарын қосымша қалыптастырды. Бүгінгі таңда мектеп құрылысының жобалауы басталған 20 қосымша жер учаскесін бекітті. Жалпы, алдағы 4 жылда 177 мың оқушыға арналған 65 мектеп салу және пайдалануға беру жоспарда бар. Қабылданған шаралар мектептердің шамадан тыс жүктелуінің ағымдағы мәселесін шешіп қана қоймай, болашақта, 2035 жылға дейін орын тапшылығын толығымен жояды».
Қуантқан хабар да осы болды. Жанымды жегідей жеп келе жатқан уайымнан арылғандай күй кешіп отырған жайым бар. Өйткені бұл – құрғақ цифрлар емес, Президенттің тікелей бақылауымен әкімдіктің жедел іске асырып жатқан игі шаруасы.
Түйіні тарқаған, жуық арада шешілетін мәселелерді көріп-білгенде, қуанышты бөліскім келді. Біздікі – «елге болса, елде болса екен» деген тілек қана. Ел ағасы ретінде ақыл айтып, ой-пікір бөлісу ғана. Әрбір іске немқұрайды қарамай, барды бар, жоқты жоқ деп айтып отырмасақ, біздің кім болғанымыз деген сұрақ та мазалайды.
Сын мұраты – барды бағамдап, жоқты түгендеу, кемшілікті ашық айту. Сындарлы сынымызға шынайы жауап берген әкімдікке, қала басшылығына ризашылығымды білдіремін. «Жауырды жаба тоқымай», кемшіліктерді жоюмен нақты күрескенде ғана даму мен ілгерілеу болмақ.
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері