Шаруашылық • 14 Қараша, 2023

Қазақтың еділбай қойы

607 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Төрт түліктің ішінде қазақ халқы қой малына ерекше ықылас танытқан. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір», деп бабаларымыз бекерден-бекер айтпаған болса керек. Бірақ соның көбі сөзде болғанымен, істе божырап, кей тұста берекесіз тірлік болып жататыны да жасырын емес. Қазаққа тиесілі байтағымыздың астын айтпағанда, үстінде де мол байлық бар екеніне ешкім күмән келтірмейді. Сол байлықтың бірі – қазақтың құйрықты қойлары. Бүгінде дүние жүзінде 15 құйрықты етті-майлы бағыттағы қой тұқымы өсірілсе, соның 6-ы – біздің елімізде, қой малы басының 90 пайызға жуығын құрайды.

Қазақтың еділбай қойы

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Халықтық селекция жемісі

Рес­публикадағы барлық биязы, жар­ты­­лай биязы, кросбредшен деген тұ­қым­­ның аналығы – қазақтың қыл­шық жүнді құйрықты қойы. Кейіннен кейбір қа­сиеттері еділбай қойымен жақ­сар­­тылған. Еділбай қойы еліміздегі құй­рық­ты қойлардың барлық тұқымы мен тұқымдық топтары, тармақтарының жақ­сар­тушысы болып есептеледі.

Кезінде қазақтың құйрықты қой­ла­рының түрлі тармақтарын зерттеу үшін ұйымдастырылған Бүкілодақтық ғы­лым академиясы мен Мәскеу зоотехния институтының экспедициясы бұл қой­лардың ішінде 22 географиялық нұсқалар мен тармақтарды анықтады. Зерттеулердің деректеріне сүйеніп академик М.Иванов оларды үш топқа бөлген. Ірі топқа: еділбай, темір, шажы-сламхан, қос­танай, терісаққан, ырғыз-шалқар, ба­ғаналы, бесата­­ және басқа; орташа: құм, торғай, қотан-балқаш, сарысу, шу, қар­қа­ралы, балқаш бойы, зайсан, алтай және басқа; майда топқа: меркі, жетісу, ертіс бойы, орыс, адай, түрікпен-шымкент, асы-шиелі және басқа қой тармақтарын жат­қызды.

Көптеген белгілі ғалымдардың пікі­рін­­­­ше осы қой тұқымдарының ішінде ең бағалы тұқымдық және іс жүзінде құн­ды­­лығы бар, өзіне бүкіл жер бетінде тең­десі жоқ және дүние жүзіндегі қой ша­руа­шылығының алтын қоры деп еділбай қойы тұқымын санайды. Өйткені бұл түр – ға­сырлар бойы халықпен бірге өсіп келе жат­қан қой тұқымы, қазақтың төл тұқымы, халық селекциясының жемісі.

Еділбай қойы XIX ғасырдың аяғында Батыс Қа­зақстан облысы бұрынғы Фур­­манов және Қазталов ауданының жерін­де, Еділ өзені бойын қоныстанған қазақ­тар­­дың табиғи іріктеу және өзіндік селек­ция­сы нәтижесінде шығарылған. Жалпы, «еділ бойы­ның қойы» деген сөз тіркес­те­рінен гөрі, «еділбай қойы», деп айтуға жеңіл, ың­ғай­лы болғасын атап кеткен.

 

Өзіндік биологиялық ерекшелігі

Мал мамандары бұл қойды сыртқы тұлғасының беріктігіне, кеудесінің кеңді­гі­не, төс сүйегінің шығыңқылығына, жал­пы сүйегінің беріктігіне, төлдерінің тез жетіл­гіштігіне, табиғи қатаң қысқы жайы­лым­ға төзімділігіне қарай іріктеген.

Еділбай қойының еті дәмді, құнарлы болады. Әсіресе 4-5 айлық қозыларының еті мейлінше сіңімді келеді. Бұл қойлар­дың ет алу ерекшелігіне бұлшық еттерінің жақсы жетілуі, жоғарғы биологиялық және тамақтық құндылығы жатады. Олар тез же­тілгіштік қасиетінің арқасында еркек тоқ­тыларды 12 айында сойған кезде ұша­сындағы бұлшық ет-сүйек қатынасы сақа қойлардың көрсеткішіне сай келеді.

Академик Қ.Медеубеков еділбай қойын қаракөл қойы мен ақалтеке жыл­қы­сы сияқты селекциясы жетістігінің озық үлгісі деп санайды. Қазақ елі бұл тұқымды мақтаныш тұтады, сондықтан оны сақтап, санын арттыра беру қажет.

Дәрігер-диетологтер еділбай қойы етінің құрамында холестерин мөлшері бас­қа мал етіне қарағанда төмен екен­ді­гін айтады. Профессор П.Кияткин «Кур­дючные овцы и племенная работа с ними» атты еңбегінде: «Құйрықты қойлардың еті­нің романов, меринос және басқа сол­түстікте өсірілетін қойлар сияқты сүй­кімсіздеу, иісі мен дәмі болмайды; олардың еті шырынды, жағымды иісті, өте дәмді, тез қорытылады және жоғары қуат­ты болып келеді. Құйрықты қой­лар­дың етін пісіргенде ағылшынның етті тұ­қым­дарының еті сияқты сорпа көбік­тен­бейді, шөгінді қақ бермейді. Құйрық майының балқу температурасы меринос, ағылшын етті қойларының майына, әсіресе, ірі қара етінің майына қарағанда төмен ке­леді» деп жазған.

Еділбай қой тұқымының құйрық ма­йын зерттеу нәтижесінде профессор П.Кият­киннің деректері бойынша бір жа­сар ісектің құйрық майының балқу тем­­пера­турасы 34 С0-ты, 2 жасарында – 36 тиісінше, 3 жастағысында 41-42 С0-ты құрайды, ал меринос қойларының құйым­шақ майларында бұл көрсеткіштер ре­тіне сай – 43-45, 30-31 С0, сиыр майында – 51-36 С0.

Ал біз жүргізген еділбай қойының құй­рық майын зерттеу нәтижелеріне келе­тін болсақ, Атырау облысы «Сүйін­дік» шаруашылығында сойылған 4,5 айлық еркек қозыларының құйрық майының балқу және тоңазу температурасы 33,5 және 22,3 С0, йодтық саны 41,21-ді құрады. Бұл көрсеткіштер еділ­бай қозы құйрық­та­рының тағамдық құндылығының өте жо­ға­ры деңгейде екендігін көрсетеді.

1987 және 1990 жылдардағы Қазақ КСР ауыл шаруашылығы жетістіктері көр­месінің чемпиондары – №3547-3472 және 4206-3651 қошқар мен аналықтың сал­мақ­тары тиісінше 143 және 125 килоны, 1958 жылы Мәскеу қаласында көрсетілген қошқардың салмағы 167 килоны құрады. Еділбай қойлары дене тұл­ғасының ірілігі мен тірі салмақ көр­сеткіштері бойынша тек гиссар қой­ларынан ғана сәл төмен дең­гейде, ал жүн түсімі мен сапасы олардан едәуір жоғары. Ал еділбай қойы­ның ауа райына бейімделгіштік қасие­тін есептей отырып, еліміздің әртүрлі климат­тық және азықтық жағдайларымен ерек­ше­ленетін кең-байтақ даламыздың кез кел­ген өңірінде алаңсыз бағуға болады.

Еділбай қойларының өте бағалы тұ­қым­­дық материалдық генетикалық көзі ретінде халық шаруашылығында үлкен маңызы бар. Бұл қой тұқымының қаны елі­мізде өсіріліп отырған барлық қыл­шық жүнді және жартылай қылшық жүнді құйрықты қойларды шығаруға, өнім­ділік-қасиеттерін жақсартуға кеңінен қол­данылып келеді. Алынған қозылардың өміршеңдігі жоғары, табиғи-климаттық жағ­дайларға бейімделгіш келеді.

Әлемдегі қой шаруашылығында ха­лық­тың азық-түлікке деген сұраныстың өсуіне байланысты қой етін, әсіресе қозы етін өндіру жоғарылауда. Осыған сәйкес дүние жүзіндегі барлық мемлекетте ет бағытындағы қой шаруашылығын да­мы­тудың ұлттық жоспары жасалып, іске асырылуда. Бұл саладағы өндірілетін бү­кіл өнімнің жалпы құнының 80-90%-ы қой етінің үлесіне тиеді, сондықтан ет ба­ғытындағы қой шаруашылығын өр­кен­детуге көңіл аударылуы заңды. Се­бе­бі ішкі және сыртқы нарық кеңісті­гін­де жоғары сұранысқа ие сапалы қой еті, әсі­ресе қозы етін көптеп өндіруге көңіл аударылып келеді. Қазіргі нарықтық жағ­­дай­да халық қандай қой тұқымын өсіру қажеттілігін өзі біледі. Бұрынғыдай нұсқау жасау жоқ. Тек оларға өсіріп отыр­ған малдарының өнімділік сапасын арттыруға селекциялық-асылдандыру жұ­­мыс­тарын жүр­гізуге көмек көрсету керек.

Сонымен бірге бұл қой тұқымдарынан кілем, кілемдік бұйымдар, киім және тұр­мысқа қажетті заттар жасау үшін қыл­шық және түбіт аралас жүн, ішіктік, тон­дық тері шикізаттары өндіріледі. Ата-баба­ла­рымыз оның күзгі терісінен тон, қыс­қы терісінен тұлып тігіп пайдаланған. Осыларды ескерсе, Үкімет елімізде қой шар­уа­шылығын дамытуды кеңінен қол­да­уы қажет.

Қазірде еліміздегі таза тұқымды еділ­­бай қойының нақты санын ешкім айта ал­майды. Өткен ғасырдың 90-жыл­­да­рын­да елімізде 1 млн-ға жуық еділ­­­бай қойы бар деп көрсетіліп жүрді. Бұл санға қазақтың қылшық жүнді қой­ла­­рының да кейбір отары кіріп кетуі мүмкін. Ал 2010 жылдары Қазақ қой шар­­уа­шылығы ҒЗИ ғалымдарының есе­бін­­­ше таза тұқымды еділбай қойының саны республика бойынша 200 мың бас шамасында болар деген болжам айтылды және олар Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, және Алматы облыс­та­рының шаруашылықтарында өсірілді. Ал өзге аймақтарда кейбір жекелеген ша­­р­уа­­шылықтар болмаса, еділбай қойы кең та­ралмаған.

Республикалық статистика агенттігі мәлі­­метіне қарасақ, мал басы және оның өнім­дері жылма-жыл бірқалыпты өсіп келеді. Ал мамандық тұрғыдан қарасақ төрт түліктің даму қарқыны мен олардың өнім­ділігі нақты мүмкіндіктерге сәйкес емес.

Бүгінгі таңда елімізде еділбай қойын өсіріп-жетілдірумен айналысатын бір­не­ше асыл тұқымдық мал зауыттары мен тұ­қымдық мал шаруашылықтары бар. Олар­да еділбай тұқымы қойларын жетіл­діру және селекциялау, асылдандыру жұ­мыс­­тарды, қазақ қой шар­уа­­шылығы ғылыми зерттеу институты ғалым­дарының ғылыми жетекшілігімен 2019 жылға дейін жүргізіп келді. Соның нәтижесінде, Батыс Қазақстан облысының «Бірлік» тұқымдық мал зауытында, Атырау облысының «Сүйіндік» тұ­қымдық мал зауытында, Мақаш атындағы және Құрманғазы атын­да­ғы тұқымдық мал зауыттарында еділбай типтес «Ақ­қа­рабас» қой тұқымын шығарудың селек­ция­лық жұмыстары жүр­гізіліп келеді. Бұл шаруашылықтардың басты міндеті – рес­публиканың өзге өңір­ле­рін­де осы таза­қанды еділбай қойының төлін сатып, оның өсірілуіне ықпал жасау.

Еділбай қойын еліміздің әртүрлі кли­мат­­тық және азықтық жағдайларымен ерек­­шеленетін барлық аумағында өсі­ру­ге болады. Жалпы, құйрықты қой­лар еліміздің құрғақ дала, шөл мен шө­лейт­­ті аймақтардың табиғи жайылым жағ­дай­ларына тамаша бейімделген, тез өсіп же­тіл­гіш және сирек шөп қорын жақсы да тиімді пайдаланып, тез оңалады.

 

Өсімтал тұқымды сапаландыру жолы

Әйтсе де, еділбай қойына қатысты әлі де атқаратын шаруа баршылық. Мәсе­лен, біз оның бойынан бұдан 40-50 жыл бұрын­ғы еттілік пен салмақ­ты­лықты көре алмай келеміз. Еділбай қойын өсіруге ұмтылыс та, ықылас та бар, тек олардың өнім­­ділігін, тұқым­дық қасиеттерін жоға­ры­­латуға дұрыс көңіл бөлінбей келе жа­тыр. Ал қазіргі мал өсірумен айналысатын шаруа­шы­лық құрылымдардың көп­­шілігінде зоотехник маманының жоқ­­тығынан, зоотех­ни­калық жұмыстар нақты жүргі­зіл­меу салдарынан малдың тұ­қым­ның нәсілдік мүмкіндіктері дұрыс пай­даланылмайды. Шаруашылықтарда селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүзеге асыра алатын, малдың тұқымдық сапасы мен қасиеттерін ажырата білетін мал мамандары аса қажет. Себебі «іс тетігін кадр шешеді» деген қағида қай заман болса да өз күшінде қалады, оны өмір­дің өзі дәлел­деген.

Еділбай қойы тұқымын жақсарту жол­дары мынандай мақсаты нәтижелер жүр­гізуге байланысты:

- малдың конституциялық беріктігін сақ­тап, жетілдіре түсу, тұқымның тірілей сал­­­мағы, өміршеңдігі мен өнімділігін жақ­сар­тады;

- шаруашылық құрылымдарда қой ма­лы­ның тұқымын, сапасын ажырата алатын, мақсатты селекциялық-асылдан­ды­ру жұ­мыс­тарын сауатты түрде жүргізе біле­тін мамандармен қамтамасыз ету;

- еділбай қойының тірілей салмағы мен кейіптерін онан әрі арттыру, бұл арада ұрғашы тоқтылар туылған жылы ша­ғылысқа жібермеу, еркек қозыларды 4,0-4,5 жасында отардан бөлек бағу немесе тарттырып жіберу;

- тұқымның құрылымдық жүйесінің мүмкіндіктерін өз мәнінде пайдалану, ол үшін белгілі бір өнімділік бағытында шығарылған тұқымдық сүле, не желі малдарын пайдалану, олар қатардағы малдарды пайдаланғанмен салыстырғанда 2-3 есе жылдам нәтиже беретіндігі анық;

- асыл тұқымды еділбай қойын өсіре­тін шаруа қожалықтарында әртүрлі тұ­қым ата­лықтарын пайдалану, яғни мал басы­ның азып-тозуын болдырмау;

- жалпы еліміздегі қой малының тұқым­дық құрамын анықтау үшін экс­пе­ди­циялық зерт­теу жұмыстарын ұйым­дас­тыру, оған саладағы тәжіри­белі ма­мандар, ғылы­ми зерт­теу институт­та­рының білікті ғалым­да­ры қатыс­ты­рыл­уы қажет;

- тұқымдық мал шаруашылықтарында қай тұ­қым малы өсірілуде, өнімділік дең­ге­йі­нің асыл тұқымдық мал талаптарына сәй­кес­тігіне және селекциялық асылдандыру жұмыстарының деңгейін аттестаттау;

- республикадағы қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының жұмысын жан­­дандырып, шаруашылықтарда мал тұқым­дарымен селекциялық жұмыс­тар­­­ды жүргізу және мал өсіру мен асыл­­дандыру жөніндегі ұсыныстарын не­гіз­ге алу.

 

Еділбайдың ертеңі қандай?

Өзге мал тұқымы құрып кетсе қайта жан­дандыруға болар, ал тазақанды еділ­бай қойы жойылса, ол ешқашанда қал­пына келмейді. Біздің міндетіміз – ғасырлар бойы бабаларымыздан мирас болып келе жатқан еділбай қойын сол кү­йінде келер ұрпаққа жеткізу. Хал­қы­мы­з­бен бірге жасасып келе жатқан бұл қой тұқымына кызығушылық танытып отырған шет мемлекеттер жеткілікті. Олардың осы тілектеріне сай тұқыммал за­уыт­тары қаражаттың тапшылығынан ұрғашы мал тұқымын сатуда. Келешекте олар бұл малды өсіріп, еділбай қойы біздің төл қойымыз деуі де кәдік. Халық селекциясы нәтижесінде дүниеге келген малымыздың статусын заңды түрде иемденіп, ұлт құндылығына айналған төл малымыздан айырылып қалуымыз әбден ықтимал. Ал біздің келешек ұр­пақ еділбай қойы қазақ халқының төл малы екендігін дәлелдей алмайтыны анық. Сондықтан еділбай қойын қа­зақ халқының, оның ішінде ауылдағы ағайынның ұлттық байлығы ретінде бағалап әрі еліміздің бүкіләлемдік сауда ұйымындағы бәсекеге қабілеттілігін ескере отырып «Ұлттық қой тұқымы» деген мәртебе берілсе. Оны Үкіметтің өз қамқорлығына алғаны да жөн болар еді. Кім біледі, бүгінгі алмағайып заманда өмір қажеттілігіне байланысты, малдың жаңа тұқымын шығару туындай қалса, тазақанды еділбай қойының бойындағы асыл қасиеттерін жаңа қой тұқымына беруге жүгінетінімізге еш­кім күмән келтірмейді. Сондықтан асыл тұқымды шаруашылықта еділбай қо­йы­мен жүргізілетін ғылыми зерттеу жұ­мыс­тарының ауқымын кеңейтіп, жаңа ин­новациялық әдістер мен озық тәжіри­бе­лерді қолдану қажет. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі еділбай қо­­йына қатысты селекциялық-асыл­­дан­дыру жұмыстарына арнайы жеке ғы­лы­ми жоба (бағдарлама) қабылдап, оны қар­жы­ландырса және оны үйлестіруді Қазақтың қой шаруашылығы ғылымының қара ша­ңы­рағы ғылыми зерттеу институтына жүк­те­се, нұр үстіне нұр болар еді.

Қорыта айтқанда, бүгінде еділбай қойына деген сұраныстың күрт өсуіне байланысты осы тұқымды одан әрі жетілдіруді нарық талаптарына сәйкес жүргізуге тиіспіз. Ал бұл жұмыстардың жемісті болуы – се­лек­ция­лық және асылдандыру ғылыми негізде жүзеге асыру дең­ге­йіне тығыз байланысты.

Қандай қоғам орнатсақ та осынау бай­тақ елімізге өрісті сала, өсімтал түлік керек. «Қойға жаны ашымағанның қоғам­ға жаны ашымайды» деген екен кезін­де «мал­шылардың маршалы» мойынқұмдық екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев.

Салаға қамқорлық керек. Атадан қал­ған асылды ардақтайтын уақыт жетті.

 

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы

 

Атырау облысы