Жастар кетті қалаға
Осы жылдың басындағы статистикалық мәліметке сүйенсек, облыста тұрғындары 50 адамнан кем 128 ауыл бар. Оның 33-інің тұрғындарының саны оннан да кем. Әсіресе шекара маңындағы 18 ауылдың жағдайы мүшкіл. Кейінгі бес жылда 29 елді мекен картадан жойылса, соның алтауы – шекара маңындағы ауылдар.
Мағжан Жұмабаев ауданының шекара маңындағы ауылдарының жағдайын білмек ниетпен Аққайың ауылдық округіне ат басын бұрдық. Ауыл әкімі Мақсат Есжановтың айтуынша, қазір округтің құрамындағы 6 ауылдық елді мекенде 700-ден астам адам тұрады. Шекара түбінде орналасқан Гавринода 104 адам түтін түтетіп жатыр. Көбі – зейнеткерлер, егде жастағы адамдар. Жастары қалаға кеткен, бір кездегі оқушыға толы орта мектебі қаңырап бос тұр. Білім ошағының есігіне қара құлып ілінгелі ауыл өмірінен мән де, сән де кеткен.
– Бұрын шекара асатындар көп еді. Олардан қалған бос үйлерді оңтүстіктен келген қоныс аударушылар сатып ала бастап еді. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Ресейге көшу күрт тоқтады. Қоныс аударушыларға үй табу қиын. Біздің округтегі кейбір үйлердің бағасы 2 млн теңге. Сұраныс болғасын баға да шарықтап тұр, – дейді Мақсат Есжанов.
Округтің үш ауылында тұрғындардың саны 50-ге де жетпейді. Ал жергілікті билік болашақта бұл ауылдарда тұрғындар саны көбейетініне сенімді көрінді. Себебі көрші ауылдық округ аумағында шекара бекеті салынып жатыр екен. Шекарашылар отбасыларымен бірге көшіп келсе, жұпыны ауылдың томаға-тұйық тіршілігіне қан жүгіре ме деген үміт бар.
Ауылдардағы әлеуметтік ахуалдың төмендігі шекарашылардың да берекесін кетіріп отыр. Шекарамызды шегендедік дегенімізбен, оны күзетіп жүрген сарбаздардың тұрмыс жағдайы сын көтермейді. Осыған орай, жыл басында облыстық Қоғамдық кеңесте шекарашыларды баспанамен қамтамасыз ету, шекара маңындағы ауылдарға ауызсу, электр желілерін тарту сынды өзекті мәселелер сөз болып, біраз кемшіліктің беті ашылған. Мәселен, Қызылжар ауданындағы «Ақыш» шекара бөлімшесі Сумное ауылында орналасқан. Ал шекарашылар одан 14 шақырым қашықта жатқан Виноградное ауылында тұрады. Бұл жағдай шекарашылардың түнгі уақытта қызмет атқаруына қолайсыз. Сондықтан олар шекараны түнде жеке көліктерімен барып-келіп күзетуге мәжбүр. Ел қорғаны мықты болсын десек, шекара шебінде қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің жағдайын жақсарту күн тәртібіндегі мәселе болуы керек.
Жуырда Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, бұрынғы «солтүстік коэффициент» үстемеақысын қайтару туралы сөз қозғады. Әсіресе шекара маңындағы қаңырап бос қалған ауылдар бүгінгі геосаяси жағдайда аса қауіпті екенін, ауылдарымызды дамыту шараларын қазірден қолға алу керек дегені – көпшіліктің көкейінде жүрген ой. Облыстың Экономика басқармасы берген мәліметке сүйенсек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл 9 шекара маңындағы ауылда ғана жалпы сомасы 1,3 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылып келеді. Өзгелері кезек күтіп тұрғанымен, іргелері сөгіліп барады.
Қаржылай қолдау қажет
Ақжар ауданындағы шекаралық аймақта орналасқан Үлкен Қараой ауылдық округінің құрамында Баймырза және Горьковское деген екі ауыл бар. Аудан орталығынан 115 шақырым жерде орналасқан округте өмір сүріп жатқан тұрғындардың жалпы саны – 930. Округ аумағындағы «Ақ-Ниет-Агро және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қос ауылға қамқорлық жасап келеді. Ең бастысы – ауылда жұмыс бар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы өзге шекара маңындағы ауылдарға қарағанда анағұрлым жақсы.
Ал облыстың ең шалғай Уәлиханов ауданының аумағында Ресеймен шекаралық аймақта орналасқан 12 ауыл бар. Олардағы тұрғындар саны – небәрі 3 392 адам.
– Бүгінгі күні шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселесі өте өзекті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңын бос қалдыруға болмайтынын айтқан еді. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу үшін қомақты қаражат керек екендігі белгілі. Биыл ауданымыздың тарихында болмаған қаржы – 7 млрд теңге бөлініп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 8 жобаның жүзеге асуына 2 млрд 836 млн теңге бөлінді. Бағдарлама бойынша шекарада орналасқан Бидайық ауылының ауылішілік жолдарын жөндеуге 389 млн теңге жұмсалды, – деді Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев.
Аудандағы шекара маңындағы ауылдық елді мекендерді дамытуға 2020 жылы – 258,1, 2021 жылы – 34, 2022 жылы – 24,7 млн теңге, 2023 жылы 2,2 млрд теңге бөлініпті.
– 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында шекара маңындағы Өндіріс пен Ақтүйесай ауылдарында жаңа клубтар салынды. Биыл Көктеректе тиісті жұмыстар басталды, мәдениет мекемесі жоқ Тілеусай ауылы үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 12 шекара маңындағы елді мекеннің барлығында орта мектеп бар, оларда 978 оқушы білім алып жүр. Біздің міндетіміз – осы мектептерді ұстап тұру, өйткені мектеп жабылса немесе негізгі мектепке ауыстырылса, онда тұрғындардың көбі жұмыссыз қалады, – деді Уәлиханов ауданының әкімі.
Жапандағы жалғыз үй
Ауылды сақтап қалудың бір жолы – оңтүстік өңірлерден келген қоныс аударушыларды қабылдау. Бүгінде Уәлиханов ауданының шекаралық аймағындағы 4 ауылға – Жамбыл, Көктерек, Мортық, Қаратерекке 13 отбасы, 79 адам көшіп келген.
Ауылдың болашағына алаңдаған тұрғындар да сөзден іске көшкен. Мәселен, Жамбыл орта мектебі директорының ұйымдастыруымен оңтүстік өңірлерден қоныс аударған ағайынға қолдан келгенінше көмек көрсетіліп отыр. Нәтижесінде, мұнда 6 отбасы немесе 37 адам тұрақтап қалды. Бұл – жергілікті мектептің жабылуының алдын алып, ауылдың да сақталуына мүмкіндік берді.
Шекара маңында өмір сүріп отырған ауыл тұрғындары, негізінен, мал өсірумен айналысады. Егіншілікпен шұғылданатындары да бар. Көпшілігі әкімдіктерде, мектептерде, мәдениет мекемелерінде жұмыс істейді. Тұрғындар саны азайып, бюджеттік ұйымдар жабылған жағдайда мал өсіруді күнкөріс көзіне айналдыратындары аз.
Аталған аудандағы Көктерек ауылдық округінде Қарамырза ауылында бір ғана отбасы тұрады екен. Мал бағып, тіршілік етіп отыр. Қарамырза қазір ел аузында жапандағы жалғыз үй атанғанымен, әзірге ауыл мәртебесін сақтап қалған. Себебі ауылдарды жаба беру жергілікті билікке де тиімсіз. Республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінетін қаржы азайып кетеді.
Шекара маңындағы ауылдардың жағдайы жайлы биік мінберлерден қызыл сөз суша сапырылғанымен, атқарылған нақты іс, көзге көрінер нәтиже шамалы. Қолда барға ие бола алмаған соң кейін оны қалпына келтіру оңай емес.
– Шекара маңындағы елді мекендерді дамыту үшін қаржылай қолдауды күшейту керек. Әсіресе аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі нашар. Жылдар бойы жөндеу көрмеген ауылішілік жолдардың жағдайы мүлдем сын көтермейді. Елді мекендерді дамыту мәселесін кешенді жүргізу қажет. Әр ауылдық округтің ерекшелігін ескеріп барып, даму жоспарын әзірлеу керек, – дейді Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев.
«Бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек. Шекара маңындағы ауылдарды дамыту экономикаға салмақ түсіргенімен, ата-бабамыздан мирас болған басты байлығымыз – жеріміздің тұтастығы бәрінен маңызды екенін ұмытпайық.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, журналист
Солтүстік Қазақстан облысы