Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Қазақтың тарих ғылымында елеулі орны бар Елтоқ Ділмұхамедов 1903 жылы 21 қыркүйекте Шымбай уезі, Көккөл болысының Көккөл ауылында (қазіргі Қарақалпақстан Республикасының Шымбай ауданы) дүниеге келген. Сол жылы қуаңшылық болып, елді аштық жайлаған көрінеді. Әкесі Ділімбет алдағы берекелі күнге ырымдап, кенже ұлының есімін Елтоқ деп қойыпты.
Үйдің үлкендері артына ерген бауырларын жастайынан еңбекке баулып өсірді. Үлкен ағасы Жолыш Мойнақ аралындағы балық зауытында, Елубай, басқа да ағалары әртүрлі шаруашылықта еңбек еткен. Патулла ата-анасына қолғабыс етсе, Наурызалы ғана Қарақұм медресесінде білім алды. Елтоқ медреседе оқып жүрген ағасына тамақ тасып жүріп, арабша тіл сындыра бастайды. Ол да жастайынан еңбекке ысылып, 12 жасынан бай ағайындарына жалданып жұмыс істейді. Бала күнінен ағалары Жолыш, Наурызалы, Патулла, Елубай, қарындасы Зылиха үлкендерді сыйлап, бір-бірін қолдап жетілді.
1916 жылдың жазында Елтоқтың ата-анасы Көккөлден көшуге мәжбүр болады. Бұған сол жылдың 25 маусымында II Николай патшаның «19 бен 43 жас аралығындағы түзем ер-азаматтарын Бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарындағы армияның қорғаныс құрылыстары мен әскери байланыс бекіністерін салу жұмысына тарту туралы» жарлығы себеп. Осы жарлыққа қарсы Шымбай ауданы мен Шымбай қаласында халық толқуы басталып, уездік пристав өлтіріледі.
Елтоқтың әке-шешесі әуелі Әмудария жағасына, одан қазіргі Ақтөбе облысына қоныс аударып, Бестамақ стансасына барып аялдайды. Онда 1914 жылы тұрмысқа шыққан Зылиха, сонымен қатар жақын туыстары Көшенбай Тәжібаев пен Мұхим Есмағамбетов тұратын еді. Өкініштісі, Елтоқ Ділмұхамедовтің әке-шешесі Бестамаққа жеткенде, қызы мен күйеу баласы сүзек ауруынан көз жұмады. Тәжібаевтардың үйінде уақытша аялдап, қысқа кезеңге көп жалдамалы жұмыс қажет болған соң Елжан Итесовтің үйін паналайды.
Елтоқ Ділмұхамедов 1923 жылы Өзбек КСР-нің Хиуа қаласындағы кеңестік партия мектебіне оқуға түседі. 1924-1930 жылдары Орта Азия коммунистік университетінде оқып, 1930 жылдың 1 қаңтарынан 1 сәуіріне дейін рабфакта қоғамдық ғылымдар бойынша оқытушы қызметіне кіріседі. Жұмыс барысында ол қоғамтану пәнінің мұғалімі ретінде жоғары қабілетін көрсете білді. Сөйтіп, ол 1927 жылы Қарақалпақ АКСР-іне Қоңырат аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне бір жылдық тәжірибелік жұмысқа жіберілді.
Елтоқ Ділімбетұлы 1928 жылы тамызда Ташкентке қайта оралып, 1930 жылы мамырда университет бітіреді. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін 1934 жылға дейін Қызылорда облыстық, Қостанай облысаралық партия мектептерінде партия тарихы пәнінің мұғалімі, кейін Ақтөбе жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебінде ассистент болып жұмыс істеді.
Белгілі ғалым 1934-1938 жылдары Ташкенттегі марксизм-ленинизм институтында оқыды. 1941 жылдың 26 шілдесінен Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтында аға оқытушы, 1941 жылдың 16 тамызынан бастап марксизм-ленинизм негіздері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Алайда 1942 жылы 20 шілдеде әскерге шақырылуына байланысты жұмыстан босатылды. Қоғамдық өмірде қай салада болсын, Е.Ділмұхамедов бар жан-тәнімен жұмысқа құлшына кірісіп, бастаған ісін нәтижелі аяқтап, әрдайым қатарының алды болды.
Тарихшы-педагог ретінде Е.Ділмұхамедов түрлі мектептер мен оқу орындарында, соның ішінде Қызылорда қаласындағы облыстық партия мектебінде (1930-1931), Қостанай қаласындағы облысаралық мектепте (1931-1934), Ақтөбе, Ташкент қалаларындағы Жоғары облыстық ауылшаруашылық мектебінде (1933-1934), Шымкент қаласындағы партия курстары (1938-1939), Республикалық ауылшаруашылық ұжымшар техникумы, Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің курстарында, Ташкент қаласында (1939-1941), Қарақалпақ АКСР-нің Төрткүл қаласындағы Мемлекеттік педагогика институтында (1941-1942) және Ташкент қаласындағы медицина институтында (1942-1947) қызмет атқарды.
1947 жылдан бастап Елтоқ Ділімбетұлы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтына ғылыми қызметке алынады. 1954 жылы жаңа тарих бөліміне, кейін революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөліміне аға ғылыми қызметкер болып тағайындалды. 1977 жылдан бері ғалым сол кафедраның ғылыми кеңесшісі болып, 1982 жылы зейнетке шықты.
Елтоқ Ділмұхамедовтің кандидаттық ғылыми зерттеу тақырыбы – Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық соғыс мәселесі еді. Бұл зерттеу оған оңайға түспеді. 1946 жылы 17 желтоқсанда Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде тарихтағы көкейкесті мәселені талдап, кандидаттық диссертация қорғады.
Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстағы Хан Кене рөліне байланысты Е.Ділмұхамедов мынадай ғылыми теориялық тұжырымдарын келтіреді: 1) Хан Кенесары Қасымов 1837-1847 жылдардағы қазақ халқының тәуелсіздігін сақтау жолындағы патшалық Ресейге қарсы көтерілісін басқарды. Оның күресі халықтың ортақ мүддесі мен қазақтардың тәуелсіздігін сақтау талаптарын көрсететін прогрессивтік мәнге ие. Кенесары өзін ержүрек қолбасшы, дарынды басшы ретінде ғана емес, білікті дипломат ретінде де таныта білді. Оның күресі тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру жолында Ресей патшалығына да, Қоқан хандығына да қарсы бағытталды. Кенесары Қасымовтың күресі ерлік сипатқа ие болып, рулар арасындағы ежелден келе жатқан өзара тартыс үрдісіне қарамастан, қалың бұқараны одан да маңызды шайқас – тәуелсіздік үшін шайқасқа тарта білуімен ерекшеленді. 2) Кенесары Қасымов әкесі мен ағаларының ауыр халін ұғына отырып, халқының абыройы үшін сыртқы жаулармен ерлікпен соғысты. 3) Хан Кене даңқты атасы Абылай ханның жолын жалғастырса, көтеріліс басылғаннан кейін оның ізін ұлдары Жаппар мен Сыздық басты. 4) Сыздық Орта Азиядағы батырлардың бірі де бірегейі болды. Ол отарлау саясатына қасқая қарсы тұрды. 5) Қазақ даласын отарлауды Абылай бірнеше онжылдыққа шегерген болса, Сыздық Кенесарин де дәл сол жолды ұстанды. Кенесарының азаттық күресі Шәмілдің Кавказдағы күресіне ұқсас: екеуі де азаттық үшін күрескер, патша күштерін айтарлықтай күйретіп титықтатты. Соның салдарынан патшалық Ресей жергілікті халық арасындағы барлық ықпалын жоғалтты. 7) Кенесарының жасақтарында орыстар, өзбектер, башқұрттар, татарлар, т.б. болды. 8) Кенесары патшалық феодалдық Ресейге қарсы күресті. Кенесары күресі патшалық Ресейді ыдыратуға, әлсіретуге бағытталған. Оның күресі шынайы түрде прогрессивті болды. Сұлтаннан шыққанына қарамастан халық көтерілісінің негізгі қозғаушы күші. Тәуелсіздік жолындағы Абылайдан бастап, Кенесарыға дейінгі ұлт-азаттық дәстүрлері ұлттық қозғалыстың жаңа толқынына күшті серпін болды. Осы және тағы да басқа ғылыми тұжырымдар - қазіргі таңдағы Кенесарының көтерілісін зерттеуде өте құнды ақпараттар.
Кейіннен 1951 жылы Жоғарғы аттестациялық комиссия «К.Қасымов көтерілісін «қауіпті» реакциялық қозғалыс» деп жариялап, оған тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру туралы шешімнің күшін жойды. Е.Ділмұхамедов Кенесары Қасымовтың «реакциялық-монархиялық» қозғалысын жариялауда саяси «қателік» жіберді деп партиядан шығарылды. Алайда 1953 жылы Алматы обкомының шешімі жойылған соң оны ҚКП ОК бюросының қаулысымен партия қатарына қайта алды.
1954 жылы Елтоқ Ділмұхамедов «ХХ ғасыр басындағы Қазақстан: кеншілердің революциялық қозғалысы» деген тақырыпта екінші кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ал 1973 жылы «XIX ғасырдағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы тау-кен және фабрикалық өнеркәсіп және жұмысшы табының қалыптасуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Е.Ділмұхамедов Қазақстан тау-кен өнеркәсібінің пайда болуы және жұмысшы табының дамуына қатысты мәселелерді зерттеді. Сонымен қатар көрнекті ғалым «Қазақ КСР тарихын» дайындауға белсене қатысып, 90-ға жуық ғылыми еңбек пен мақала жариялады. Оның «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін (1941-1945)» және «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.
Елтоқ Ділмұхамедов жас ғалымдарға ғылыми зерттеулер жүргізуде әрдайым қолұшын созып отыратын. Ғалымға жазған хаттарының барлығында да ұлы ғалымның адамдық пен адамгершілік, мейірбандығы мен өзгелерге деген ілтипаты байқалады.
Атақты қазақ ғалымы Е.Д.Ділмұхамедов 1990 жылы 18 наурызда Алматыда қайтыс болды. Ғалымның жеке қорын ұлы Олег Елтоқұлы 1992 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Орталық мұрағатына өткізді.
Көрнекті ғалымның жүріп өткен ғылыми қызметінің тарихи маңызы зор. Оның ғылыми шығармашылығы тарихшы ғалымдардың бір емес бірнеше буынын тәрбиеледі. Талантты ғалымның бай ғылыми мұрасы әлі де тиянақты зерттелуі керек. Ғалымның ғылыми тұжырымдарының өзектілігі өз құндылығын жойған жоқ. Қатаң партиялық бақылауға қарамастан қазақ тарихы үшін батыл қадамдар жасай білген қайсар мінезді ғалым барлығымызға үлгі десек артық айтқанымыз емес деп білемін. Биылғы жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қарар қабылдап, Республикалық ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отыр. Ғалымның еңбектері академиялық «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы жеті томдықта» пайдаланылды. Халық даналығындағы «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегеннің мәні осы болса керек...
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі