Мерейі тасыған Мақсат ақынмен бірге Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев та келді.
– Мақсат, сіздің жеңісіңізге бүкіл Арқа жұрты қуанды! Бұл – тарихи жеңіс. Себебі осы уақытқа дейін Қарағандыға «Алтын домбыра» келген емес. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы хабарды естігенде төбеміз көкке екі елі ғана жетпей қалды. Арқа ақындары мектебінің мерейін үстем еттіңіз. Ақынымызды қолдауға қашан да дайынбыз. Сізге шығармашылық табыс, күш-қуат тілейміз, – деді Е.Бөлекбаев.
Айтыстың ардагері Аманжол Әлтаев та сөз алып, Мақсат Ақановқа жылы лебізін білдірді.
– Мақсат Ақанов – менің шәкірттерімнің бірі де бірегейі. Талай жыл айтыста атой салып, елінің мұң-мұқтажын жырына қосып келеді. Мен Мақсат ақынмен мақтанамын. Мен ғана емес, бүкіл Арқаның елі мақтанады. «Алтын домбыра» айтысында жасындай жарқырады. Түйдек-түйдек шумақтарымен елді таң қылды. Мақсат бауырымды шәкіртімді осы бір айтулы жеңісімен құттықтаймын, – деді Аманжол Әлтаев.
Ақындар айтыста «Еңбек – ел ырысы» тақырыбында жыр өрбітті. Мақсат Ақанов ақтық сынға дейін аптыққан жоқ. Финалда Мейірбек Сұлтанханмен айтысты. Бұл тартыста қазылар алқасының шешімімен жерлесіміз үздік деп танылып, «Алтын домбыраны» қолына алып, су жаңа темір тұлпарды тізгіндеді.
1-орын алған Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы) екі миллион теңге және «Айтыстың ақтаңгері» атағына қол жеткізді. Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы) екінші орын алса, үздік үштікте Жансая Мусина (БҚО), Төлеген Жаманов (Ұлытау облысы) бар.
Қарағанды облысы