Еңбек • 15 Қараша, 2023

Еңбегімен ел құрметіне бөленген

272 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қызылжар өңіріндегі Барлыбаевтар отбасының өмірі мен қыз­меті көзіқарақты оқырманға көптен таныс. Әсіресе, кейінгі жыл­дары Алаш азаматтарының әскер жинауға арнаған ұлан-­ға­йыр шарасын қыстауында өткізіп, оқыған азаматтар­­дың бәрін жеке өзі күткен Әлти мырзаның ел үшін­­ жа­­са­­ған игілікті ісі тарихи деңгейде бағаланып, насихатталып жүр.

Еңбегімен ел құрметіне бөленген

Әлтиді «үстем таптың өкілі» ретінде соц­реализмнің талабымен қанша жаман­да­ғысы келсе де, жазушы Сәбит Мұқанов оның айрықша тұлға екенін, қазақ арасынан шыққан тынымсыз еңбекқор, іскер, мыңғырған мал өргізіп, алыс-жақынға сауда керуенін жүргізген миллионер екенін танытып кетті. Ғұмырнамалық «Өмір мектебі» трилогиясында Бәкен мен Боржабай деген екі кейіпкерінің аузымен жазушы Әлти бай малын тіпті «Доңыздың» жұтында да қылын қисайтпай аман алып қалғанын, «жыл сайын Атбасар, Тайынша, Қоянды сияқты жәрмеңкелерден мыңдаған өгіз жинап, Қорғанның ет зауытына құлатып тұрғанын» айтады. Ол ол ма, Боржабайдың аузына тіпті «Піркәшіктері мен жалшыларына сеніп отыра берсе, жай ғана байдың бірі болып, мұншама мал-мүлікті жинамас еді. Басы Әлтидің өзі болып, осы үйде қара жұмысқа араласпайтын адам жоқ. Және жалшыларынан ерте тұрады, кеш жатады...» деген сөздерді салады (Мұқанов С. «Өмір мектебі», екінші кітап., Алматы, 1976 жыл, 15-б.). Байды жатып­ішер, халықтың еңбегін жейтін арам­тамақ деп қана жазуды талап еткен заман­да Сәбеңнің оның еңбекқорлығын көрсеткендігінің өзі ішкі дүниесі жек көрмейтінін көрсетіп тұр.

Қазір «бай жаман» деген көзқарас өзгеріп, «бай нағыз іскер, ақылды адам» деген стандартқа ауысқан заманда Әлтидің мыңғырған малды жергілікті табиғи жағдайға сәйкес қалай өсіріп, егінді қалай өндіргенін және сауданың ебін қалай тауып, қандай әдіс-тәсілдермен жүргізгенін үйренгісі келетін адамдар да, зерттеушілер де шығып жатыр. Сонымен бірге оның жалшыларының ерте тұрып, кеш жататын еңбекқорлығын да үлгі тұтатындар бар. «Әлти бай егін ексе, бидайдың және басқа дәнді дақылдардың жаңа сорттарын алдыртып, мал өсірсе, оның асыл тұқымды түрлерін әкеліп, сол заманның шыққан шыңының биігінде болуды армандап, төңірегіндегі қоршаған жұрттың ешқайсына ұқсамайтын, өте жоғары дәрежеде және алғы шепте болуды мұрат тұтқан заманының жаңашыл тұлғасы болатын», деп жазды тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай «Барлыбаевтар ақиқаты» деген зерттеу кітабында (Астана, 2023 жыл, 33-б.).

Кеңес одағының алғашқы жылдарын­да Әлти­дің балаларының көрмеген қорлығы жоқ. «Байдың құйыршығы» деп олар­ды қудалап, мал-мүлкін тегіс тартып алға­ны­мен қоймай, өздерін Ақтөбе облысына жер аударған. Айдау мерзімі біткен соң да Сейдахмет деген кіші баласынан туған Сабыр мен Сермағанбет деген немерелері шо­лақ белсенділерден қорқып, ұзақ жылдар бойы елге жолай алмай, Ресей жерін пана­лаған. Сабырдың отбасында он бес бала өмірге келіп, соның үшеуі түрлі қиындықтан шетінеп, он екісі ержеткен. Бойында тектілік, құйылған қажыр мен қайрат тепсінген оның балалары тегіс жоғары білім алып, түрлі саланың мамандары болған. Соның ішінде үлкені Нұр­ма­ғамбеттен бастап Аймағанбет, Бай­ма­­ғанбет, Есмағанбет, Нағашыбай – бесеуі кезінде Солтүстік Қазақстанның бес кең­шарының директоры болған еді. Ол туралы біз «Етжеңді Егеменге» «Бір отба­­­сы­нан – бес директор» деген мақала да жаз­ған едік.

рв

Сол директорлардың ішінде ауыл шаруашылығымен әлі күнге айналысып, үлкен табыстарға жетіп жүрген Нағашыбай Барлыбаев биыл «Құрмет» орденін алды. Осы күндері 67 жасқа толып отырған ел ағасының ісі ширақ, жұмысын әлі де жіті жүргізіп келеді.

 

Бала жастан бойға сіңген кәсіп

Өзіне дейінгі ұлдардың атына тегіс Пайғам­бар есімі қосақталғанда, Нағашыбайдың таза қазақы ныспы алуының себебі де қызық. Анасы Әнуза айы-күні жетіп отырғанына қарамай, шешесінің жыл асына Омбы облысындағы төркініне барғанда, сәби сонда туады. Есімінің Нағашыбай болып, нағашы жұртының құрметіне қойылғаны да содан.

Нағашыбай туған 1956 жылы Сабыр­дың отбасы туған жерге оралып, Соколов ауда­нының «Налобино» кеңшарының «Гай­дуково» деген орыс ауылында отырады. Алайда бұл жер көпбалалы отбасына құтты қоныс болмайды, өйткені Хрущевтің жекеменшіктің мал басын қысқарту деген солақай жарлығы шығады. «Сиыр ұстасаң, жылқы ұстамайсың, жыл­қы­ ұстасаң, сиыр ұстамайсың» деген талап­­­қа қымыз татпаса отыра алмайтын, үне­мі сиыр сүтін ішуді қажет ететін шү­пір­­­­­­леген сәбилері бар қазақ отбасы қалай көн­сін, оның үстіне мал ұстамаған соң, тіп­ті мардымсыз болып қалған кең­шар­­дан алатын тиын-тебенімен үлкен жан­­ұя­ны қалай асырасын, Сабырдың отба­сы­­ қай­та­дан Ішке (Тайганың арасы) аууға мәж­­бүр болады.

Бір қызығы, Қазақстандағыдай емес, Ресейдің ішінде өкіметтің қыдыңдаған солақай талабы орындалмайды. Бірін-бірі көрсету де кемшін, сондықтан Сабыр аға­мыз­ алдымен інісі Сермағанбет қоныс­тан­­ған Қорғанның Петухов ауда­нын­­дағы орта­­­лығы «Ақтабан» деп қазақша аталатын «Заря коммунизма» ұжым­шарының «Ново-Михайловка» деген бөлімшесіне кө­­шіп барып, мал бағады. Айта кететін жайт, Барлыбаевтар отбасында тетелес аға-інілердің еншісі бөлінбейді екен. Әке­ле­­рі Сәдуақас пен Сейтахметтің еншісі ажы­­­­­ра­­маса, кейін олардың балалары Сабыр мен Сермағанбеттің де еншісі бөлін­­­­­бей өткен.

Осы жерде Нағашыбай 1964 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Үйлері ағаш арасында, мектептен алыс, әкесінің атпен алып кетуге қолы тие бермейді. Осындай жағдайда күз бен қыстың ызғарлы күндерінде беті-қолы домбығып, ағаларымен бірге томпаңдап, сабақтан қалмай жүреді.

1968 қайтадан елге оралып, Мамлют ауданындағы Белое деген жерге қоныс­та­на­ды. Еңбекқор Сабыр бұл жерде екі сиыр, бір бие, мінетін ат, 30-40 қой-ешкі ұстап, қоңданып қалады. Малдың қысы-жаздағы күтімі ержетіп қалған ұлдардың мойнында, өзінің қолы кеңшар жұмысынан тие бермейді. Еңбекті еселей түссе, тұрмыстың да жақсара бастайтынын бұл үйдің балалары өмірдің өзінен көріп ержетеді. Көп ұзамай әкесі екінші бие алып, оның сүтін де шешелері іс қылып, қымыз да­йындап қояды. Алайда «екінші биенің қымызы қонақтікі» дегенді балаларының құлағына құйып отырады. Сондықтан өздеріне тиесілі биенің қымызы таусылса, бұл үйдің балалары тағы қымыз сұрап, қыңқылдауды білмейді, ат-арбамен алыс­тан келетін туыстар, қонақтар бар. Олар келгенде қымыздың шарасы бос болмау керек. Ал Нағашыбай әкесінің осы сөзін өмір бойы ұмытпай, айтып жүреді.

Мектеп бітірген соң, Нағашыбай Бар­лы­­баев «Белое» кеңшарына жүргізуші бо­­лып тұрады. Алайда зерек көңілі қара­пайым жұ­мысты місе тұтпай, оқуым керек деп алаң­дай береді. Ақыры Қызылжардағы Ушин­­ский атындағы пединституттың жара­­тылыстану факуль­тетіне оқуға түсіп, одан географ-биолог мамандығын алып шығып, осы ауданның Щучье деген орыс селосындағы сегізжылдық мектепке мұға­лім болып орналасады. Алайда өзінің бола­­шағы шаруашылықпен, қара жермен бай­ла­нысты екенін жан-тәнімен сезінген Наға­­шыбай 1983 жылы Қорғанның ауыл ша­руа­­шылығы институтының агрономия факуль­тетіне сырттай оқуға түседі. Ал 1984 жылы мұғалімдіктен «Рощинский» ке­ң­­ша­ры­на агроном болып ауысады. Жо­ға­ры оқу орнынан алған білімі бар болған соң, ауыл шаруашылығы институтында­ ол тек арнаулы пәндерді оқып, 1986 жы­лы­ ғалым-агроном мамандығын алып шы­ға­ды.

Бұл жылдары басқа Барлыбаевтардың атағы дүрілдеп тұрған. Қарапайым отба­сы­нан шыққан қазақ балалары Нұрма­ған­­бет, Аймағанбет, Есмағанбет үшеуі үш кеңшардың директоры, ал Бай­ма­ғанбет Бескөл ауданының «Озер­ный» кеңшарында бас зоотехник болып істейді. «Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соң­­ғысы солай жүреді» деген емес пе, соны білген аудан басшылары тағы бір үздік маманның жетіліп келе жатқанын көріп, Нағашыбайға сенім артып, оны алды­мен осы аудандағы «Покровка» кең­ша­рының бөлімшесіне басқарушы етіп таға­йындайды. Тегінде бар тегін болсын ба, еңбекке ынталы, жалқаулыққа жаны қас, жігерлі әрі қызуқанды жас шағын бөлім­ше­ні шырқ үйіріп, басқарып кетеді. Жас маман­ның қарымы қуатты екенін көрген облыс басшылары Нағашыбайды ауыл дең­гейінде бір-ақ жыл ұстап, 1988 жылы Бес­көл ауданындағы Ленин орденді әрі үлкен, әрі үздік шаруашылықтардың бірі «Тоқ­шын» кеңшарына бас агроном қылып таға­йындайды.

Облыстық семинарлар, ауыл шаруа­шы­лығының түрлі жиналыстары қалаға жақын болған соң, осы кеңшарда жиі өткізілетін. Кеңшар директоры Қайыржан Құлатаев – өте тәжірибелі басшы, ол Наға­шы­байға өзінің ағалық ақыл-кеңесін айтып отырады. Жаңа бас агрономның құл­шынысы мен тиянақты жұмысы же­мі­­сін беріп, кеңшар астық жинаудан 1990 жылы облыста бірінші орын алады. Мұндай бас агрономға шаруашылықты сеніп тапсыруға болатынын көрген облыс басшылығы оны 1990 жылы Мамлют ауданындағы «Андреев» кеңшарына директор етіп жібереді. Келіншегі Гүлжан осындағы ауруханаға бас дәрігер болады. Бұл кеңес одағының экономикалық жүйесі әлі ыдырай қоймаған жылдар еді. Жас басшы үш ауылдық елді мекен қарайтын кеңшардың экономикалық, әлеу­меттік көр­сеткіштерін шұғыл көтеріп, бұрын астықтан гектар басы 10 центнерден ғана алып жүрген түсімді екі есе арттырып, 21 центнерге көтереді, 80-ге жуық жаңа үй, жаңа мектеп бой көтереді, ауылдарға тасжолдар тартылады. Шаруашылық өзінің диірменін, нан пісіретін үш нау­байханасын тұрғызады. Осы беттен таймай еңбектене берсе, шаруашылық тарамай, қазір үлкен ауыл шаруашылығы құрылымы болып отыра берер ме еді, кім білсін. Бірақ жоғарыдан кеңшарларды таратып, жекеменшік құрылымдар жасаң­дар­ деген бұйрықтар көбейіп, ақыры «Андреев» ЖШС болып тіркеледі.

Біреудің қолының құтына біреудің қызығатыны бар емес пе, Нағашыбайдың істе­генін мен де істей алар едім деген біреу­лер жеке шыққысы келіп, айдың-күн­нің аманында «Андреев» кеңшарының бөлінуіне соқтырады. Нағашыбай Барлы­баев өзімен бірге болғысы келген халықпен сол жердегі көлдің атымен «Арқалық» ЖШС құрады. Осы кезден Нағашыбайдың өз шаруашылығын нарықтық қатынастарға бұру кезеңі басталады. Бұл 1994 жыл еді. Ол жылдардағы шаруашылықты жүр­гізудің қиыншылықтарын бастан кешкен біледі. Кей жылдары астық шықпай қалады, ал кей жылдары жақсы шыққан астықты дұрыс бағаға өткізе алмай қина­ласың. Несие алу қиын, жанар-жағар­май­ды уақытында таба алмай қаласың немесе шұғыл қымбаттап кетеді. Техника алуға ұзақмерзімді несие ресімдеу де оңай емес. Соның бәрін тек Нағашыбай сияқты қажырлы азаматтар ғана жеңе алды.

Кейін Нәкең ЖШС-ны ұлы Асхаттың есімімен «Асхат-Агро» деп атаған. Жер қамтыса да, шаруашылықты жүргізе алмаған бірнеше ауылдың жерлерін де қосып алып, «Асхат-Агро» компаниялар тобы егіс көлемін бүгінгі таңда 25 мың гектарға жеткізіп отыр. Ал жылқы санын 740 тұяққа апарып, қымыз саууды өнеркәсіптік деңгейге көтерді. Қазір баласы Асхат әке жолын жалғастырып жатыр.

 

Қымызы бал татиды

Нағашыбайдың ең үлкен ерлігі де осы – қымызды Солтүстік Қазақстанда өнеркәсіптік деңгейде өндіріп, халық арасында «қымыз королі» деген атаққа қол жеткізуі. Жасынан қымызбен өскен ол қайтсе де қымыз өндірісін ұлғайтуға мықтап кіріседі. Кеңшар басқарып тұрған жылдардың өзінде төрт биені тұрақты сау­дырып тұрады, бірақ көп саууға жоғарғы жақ рұқсат бермейді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, ол қымыз өндірудің соңына шам алып түседі. Осының өзінен Нағашыбайдың аталы байдың ұрпағы екенін көруге болады. Өйткені қымыз – Жамбыл айтқандай, ежелден байдың асы.

Нағашыбай шаруашылық билігі өз қо­лына тиген күннен кеңес одағы жылда­рын­да қымызды өнеркәсіптік тәсілмен өндір­ген кәсіпорындардың бәрін аралайды. Алды­мен Ақтөбеге, одан Семейге арнайы барып қайтады. Жылқы өсірудің, сауудың қыр-сырымен өмір бойы айналысып келе жат­­қан ақтөбелік Серікбай Рзабаевтың ақыл-кеңесін алып, тәжірибесін көріп қай­­­тады. Бұл ақсақал – жылқы өсіруді ғы­­лым­мен үйлестірген аса білікті маман. Ол – ауыл шаруашылығы ғылымының кан­­дидаты және көп жылғы еңбегі жоғары баға­­ланып, Мемлекеттік сыйлық та алған жан. Осы кісінің ақылымен Нағашыбай да біраз жылдан кейін қымыз өндірудің ғы­лым­ға сүйенген өнеркәсіптік өндірісіне қол жеткізді.

«Қымыз кеңес одағы жылдарында да өнер­­кәсіптік негізде өндірілген. Оның пай­да­сын кеңестік дәрігерлер де білген. Уфа­да жылқы өсіру және қымыз өндіру жөнін­де­гі бас бірлестік бар. Онда ауыл шаруа­­шы­лығы ғылымдарының докторы Елена Глад­ко­ва қымыз өндіруді өнер­кә­сіп­­тік жол­ға қойған. Оның қымызын ке­зін­де Сая­си бюроның мүшелері де ішіп тұр­ған. Мен­ сол кісінің де ақыл-кеңесін алдым», дей­ді ол.

Е.Гладкованың қымыз сауатын аппаратты сол кездің өзінде ойлап тапқанын айтты. Қымыздың емшектегі бөбекке де өте пайдалы екенін ғылыми жолмен дәлелдеген де – Е.Гладкова. Өзінің кітабында ол: «Две группы здоровых грудничков получали либо кобылье, либо коровье молоко. Те, кто прикармливался кобыльим молоком, начинали раньше вставать и говорить. Эксперимент шел полгода», дейді. Бірақ кеңес одағы құлағаннан кейін тәжірибе жалғасын таппай қалған. Есесіне оны құлағы түрік немістер іліп әкетіп, қазір балаға да дәм жасайды.

Төзімді көшпелілердің 5 мың жылдан бері қолданып келе жатқан ерекше сусыны – қымызға еуропалықтар кейінгі 50-60 жылда ғана назар аударып, қазір оны өндіруді жоғары дәрежеге көтерді. Қазір Германияның өзінде ғана 40 шақты кәсіпорын қымыз өндіреді. Соның ішінде Ганс Цольман фермасының атағы алысқа кеткен. Олар қымызды ұнтақ күйінде жасауға да қол жеткізіп отыр. Біз Нәкеңнен олар қымызды басқа технологиямен өндіре ме деп сұрадық. Оған қымыз королі шамданыңқырап қалды. «Қайдағы басқа технология? Бәрі біздікі. Олар тек бие сауатын, саумал пісетін, сақтайтын аппараттарды ойлап тапқан», деді. Шынында, қымыз сол баяғы көшпелілердің технологиясымен өндіріледі, басқаша қылса, ол қымыз да болмас еді. Осы күнге дейін Германияға оны алғаш, 1959 жылы апарған, тұтқынға түсіп, Қазақстанда болған неміс солдаты Рудольф Шторх деп есептеледі. Оны өлім халінен қымыз беріп тірілткен қазақ қойшысы екен. Ал өнеркәсіптік жолмен өндіруді күйеу баласы Ганс Штольман іске асырған.

Міне, солай, Нағашыбай Барлыбаев – шын мәнінде, пайдалы екенін жоғары дамыған Еуропа мойындап отырған қымыз өндірудің Солтүстік Қазақстандағы бүгінгі таңдағы королі. Ол жаз айларында тәулігіне 700-800 литр саумал сауғызып, қымыз өндіреді. Қазіргі биелер суалған кездің өзінде қысыр сауып, тәулігіне 90 литрдей қымыз өндіріп отыр. Өнімінің брендтік атауын да қысқа ғана «Қымыз» деуге көшірді. Қазір «Қымыз» Қазақстан нарығында ғана емес, Ресей қалаларының дүкендерінде тұрды. Көп жылғы зерттеуі мен бастан өткерген тәжірибесінің негізінде ол «Солтүстік Қазақстан жағдайында қымыз өндіруді өнеркәсіптік жолға қою» деген тақырыпта кандидаттық диссертация да қорғап алды. Оның түрлі сайыс пен жарыста алған алғысхаттары мен грамоталарын санап шығудың өзі ұзақ уақыт алар еді.

Нағашыбай – жан-жақты адам. Ол ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру­мен ғана емес, басқа салаларды да қам­ту­ға тырысып жүреді. «Меңгесер» атты балшығының емдік қасиеті бар көлден бір жыл­дары саз жеткізіп, облыс орталығында емдеу орталығын да ашқан. Бірнеше сауда нүктелері, сауықжай, мейрамханалары да бар. Ең бастысы, ол – жүрегі таза, жа­қын­ға жаны ашитын, көмек қолын беруден тартынбайтын кеңпейіл азамат. Атасы Әлтидің қыстауында Алаштың алқалы жиынының өткеніне 105 жыл толуын кең көлемдегі респуб­ликалық мәдени іс-шара түрінде атап өтуге белсене қатысып, оның негізгі шығындарын да өзі көтерді. Алаш арыс­та­­рына арналған барельеф, форумға арнал­ған стелла, Барлыбаевтар әулетінің мар­құм­дарына кесене тұрғызды.

Ал кешегі азаматтарымыз қырылып, «ел басына күн туған» атың өшкір індет кезінде Нағашыбай бұғып қалмады. Өзінің бастамасымен кәсіпкер Сермағамбет Оралұлын және облыстың бас имамы, «Зекет» қоры филиалының төрағасы Кенжетай қажы Байкемелұлын қосып алып, үшеуі облыстың кәсіпкерлерінен 44 млн теңгеден артық қаражат жинап, өкпеге дем беретін 61 аппарат, 100-ден артық пульсосиметр сыйлады. Жеке өзі ауруханаға күніне 200 литр қымызды тегін жеткізіп тұрды. Ал бұл сырқат жандарға ауадай қажет еді. Бір дем алуға шамасы келмей, қиналып жатқан қаншама жан ажалдан қалып, жігіттер сауабын алды.

Ол ешқашан игілікті істерден тыс қалмайды. Облыс орталығында Алаш қайраткерлеріне ашылатын аллеяға 45 шырша егудің де демеушісі – өзі. Жерін алған қаншама ауылға жарық, ауыз су тартып, жолдарын түзеп берді. Соның ішінде Жарғайың деген ауылға Есілдің үстінен өтіп, үлкен жолға шығаратын әскери көпір де сатып әперді. Міне, қысқаша айтқанда, қымыз королінің игілікті істері әзірге осындай. Оны әлі де ірі істер алда күтіп тұр, тек Алла күш-қуат берсін.

 

Солтүстік Қазақстан облысы