Қоғам • 15 Қараша, 2023

Композитордың фотоальбом-кітабы

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлінің фотоальбом-кітабы жарық көріп, көпшілікке таныстырылған еді. Композитордың су жаңа фотоальбом-кітабында бұрын-соңды басылым беттерінде жарияланбаған түрлі кезеңдеріндегі фотолары, халыққа кең тараған әндері ноталарымен және әнші-ақындардың суреттерімен қоса берілген. Әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген композитор шығармашылығы туралы белгілі қайраткерлердің жылы лебіздері де ұсынылған.

Композитордың фотоальбом-кітабы

Жаңа кітаптың алғашқы естелігі Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаха­новпен басталыпты. «Ұлттық мүддеге терең тамыр жібер­ген Қалдыбектің ең басты қа­сиеті – оның шындық биігінен табыла білуінде», деп баға береді ол.

Талантты композитордың ел ішіне таралған «Қариялар азайып бара жатыр», «Кірмеші жиі түсіме», «Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу», «Жа­йықтың толқындары» туын­дылары халықтың сүйіп тың­дайтын әндеріне айналып, қазақ музыкасының алтын қо­рына енді. Автор аталған жаңа жинаққа екі жыл бойы дайындалған.

ку

«Екі жыл бұрын жүрегіме күрделі ота жасалды. Сол кезде қанша ғұмырым қалды екен деп ойладым. Аман қалдым ғой, әйтеуір. Кітабымды кім шы­ғарады? Ұл-қыздарым бар ғой. Бірақ өз әндеріңнің тағ­­­дырын өзіңнен артық еш­кім білмейді. Әндерім – ме­нің перзентім сияқты. Әр­қай­сысының мінезі бар. Жү­регімнен жарып шық­қан ән­дерімнің халыққа жеткені де, жетпегені де бар. Мо­йын­­далғаны, әлі әншісін тап­пағандары бар. Сондықтан осы фотоальбом-кітабымды шығарғым келді. Бұл – ме­нің тұңғыш жарияланып отырған кітабым, алғашқы қар­лығашым. Мен өтірік ән жазып, өзімді алдаған емес­пін. 40-қа жуық ән жазыппын. Оның ішінде 10-ға жуығы – халыққа танымал әндер. Мен өнерге адал болған жанмын. Өнерден басқа менің ешкімім жоқ», дейді Қ.Құрманәлі.

Аты аңызға айналған «Қа­зақ вальсінің королі» Шәм­­ші Қал­даяқовпен көзі ті­рісінде кез­десіп, тырнақалды туын­дыларына оң бағасын алған ком­позиторды көпшілік бү­гінде «Шәмші ағаның ес­ке­гі», «Шәмші мұрасының шы­рақшысы» атап кеткен.