Тұлға • 15 Қараша, 2023

Сеулдегі сұрапыл айқас

303 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Грек-рим күресінен әлем, Еуропа және Азия чемпионы, қос Олимпиаданың жүлдегері Дәулет Тұрлыхановтың Олимпиада кілеміндегі ерлігі туралы.

Сеулдегі сұрапыл айқас

1988 жылдың күзі. Бұл кезде Дәулет Тұрлыханов Кеңес ода­ғының қатарынан үш мәрте чемпионы, Еуропа чемпионатының және Әлем кубогінің жеңімпазы.

Ал мына сапардың жөні бөлек. Алда – Олимпиада дуы. Ха­ба­ровскіден Сеулге ұшып кел­­ген бетте-ақ Олимпия ойында­рының тынысы айқын сезілді. Қала кө­шесінде сеңдей со­ғылысқан халық. Қадам бассаң – Олим­пиаданың бойтұмары.

Олимпиада қалашығына жеткен бойда, кідірмей тіркелген балуандар бөлмелеріне орналасты. Ойында ештеңе жоқ, жуынып-шайынып, заттарын ыңғайластыра бастағаны сол еді, әлдекім есікті қақты.

Дәулет есікке жеткенше, ақсия күліп корей балуаны Ким Ен Нам­ның кіріп келгені. Бұл аң-таң. Әдет­те сыралғы қарсыластар кі­лем­ге шыққанша беттеспеуге тырысады.

Бұлар Ханго өзенін жағалап келе жатыр. Тығыршықтай Ким Ен Нам оң қолын Дәулеттің иығына артқан.

– Жүрегім бірдеңені сезетін секілді, – деді Ким өзеннен көз ал­маған күйі, – финалда екеуіміз күресетін шығармыз.

– Бұған дейін кезек жығыстық. Жолымыз тағы түйісіп жатса, белдесіп көреміз де. Біздің халықта «Ер кезегі үшке дейін», деген сөз бар. Бұл жолы қайсымыздың ба­ғымыз жанса, сол адам тарихта қалады. – Дәулеттің сөзін қолма-қол тәр­жімалаған тілмаш «сен не дейсің?» дегендей, жерлесінен көз алар емес.

– Сеулде өз үйіңдегідей күре­сесің. Былтыр қыста осында мені оңдырмай бүктедің. Менен кейін әлем чемпионы Салумяэкиді қайта ұстаспайтындай қылдың.

Дәулет үндеген жоқ. Әйтсе де корей жігітінің мына сөзі көп жайды ұқтырғандай. Ким Ен Нам бұдан сескенетін секілді.

Бір сәт үшеуінің де назары Хангоға ауды. Өзеннің ағысы баяу. Қарап тұра берсең – ой тиегі ағытыла түсетіндей. Жағада көл­денең жатқан бір сабақ жіп жоқ. Қиғаштай түскен күн сәулесінен күмістей жарқыраған өзен Дәу­летті қатты сүйсіндірді.

...Бұл жігітті алғаш рет 1987 жылы әлем чемпионатында көрді. Қара күшке бай, жылдам балуан мұның назарын бірден аударған. Кілемге шыққанда аш бурадай құтырып кетеді екен. Екеуі бір топта белдесіп, топтық бәсекенің соң­ғы күні беттесті. Қай жыққаны әлем чемпиондығы үшін күреспек. Жығылғаны үшінші орынға таласады.

«Кореймен көп тіреспе. Ша­маң жеткенше сілкілеп, есін жиғызбауға тырыс. Әйтпесе, күші басымдау. Бірақ әдіс-айла жағынан сенен аспайды», – деді КСРО құрамасының бас бапкері Геннадий Сапунов таңертеңгі астың үстінде.

Арада бір сағаттай өткенде КСРО құрамасының бапкері Георгий Вершинин бой қыздыруға шақырды. Мұның қаперінде ештеңе жоқ. Вершининнің айт­қанын екі етпей, әдістерді мұқият пысықтай бастады. Әне-міне белдесуге түсетін шығармын, деген. Кі­лемге шығатын түрі жоқ.

Вершинин біраз демалдырып, қайта шақырды. Дәулет үш-төрт минутта қара терге малшынды. Қырсыққанда дәл осы сәтте кілемге шығармасы бар ма.

Шала-шарпы сүртініп, ентігін басып үлгермей Ким Ен Наммен ұстаса кетті. Корей тың, бұл екі-үш жұлқысқанда сыр беріп қой­ды. Бұрын жамбасқа іліккенді құтқармайтын Дәулет бұл жолы бар қайратын таныта алмай, 5:7 есебімен жеңіліс тапты. Сол сапар қола жүлдені қанағат тұтқан.

Сөйтсе, Сапунов сәтсіздіктің сырын айтқызбай-ақ білген екен.

– Сенің солақайлығыңнан қандай шебердің бағы байланды, – деді ол Вершининге қатты кейіп. – Қап, саған бекер сенген екенмін. Құраманы пәлен жыл баптап жүріп, Дәулетке келгенде жаңылғаның қалай? Тұрлыханов кілемге қалжырап шықты. Бұған ол емес, сен кінәлісің. Әйтпесе әлем чемпионы Салумяэкиден, күміс жүлдегер Ким Ен Намнан біздің Дәулет әлдеқайда мықты. Бұған күмәндансаң, оныңды айт: Дәулет келесі сында екеуін қатарынан жық­паса, мен бас бапкерліктен өз ер­кіммен кетейін. Саған керегі осы ма?

Айтса айтқандай, араға ай салып Сеулдің төрінде, «Сангму» спорт сарайындағы халықаралық бәсекеде алдымен Ким Ен Намның екі аяғын аспаннан келтірді. Корей жанкүйерлері жерлес балуанды қанша көтермелегенімен, Дәулет сасқан жоқ. Кимді жамбасқа екі мәрте салды, кеудеден асыра лақ­тырды, аш белден қапсырған бойда қатарынан үш рет аунатып тастады. Әлемнің екінші жүлдегерінің өз тілеулестерінің көз алдында әбден сілікпесі шықты.

Ертеңінде Салумяэкиді одан бетер есеңгіретті. Геннадий Са­пуновтың риза болғаны сондай, Дәулетті кілемнен көтеріп әкетті. Корей жанкүйерлері бұл көзден таса болғанша тік тұрып қол соқ­қан. Ким әлгінде «Сеулде өз үйің­дегідей күресесің», дегенді осы жарысқа қаратып айтқан еді.

...Олимпиада алауы тұтанды. Сан халықтың сан мың дүлдүлі корей жерінің белін талдыра қиқуға басты.

Жеребе Дәулет пен Кимнің жолын екіге айырды. Бірақ екеуі де сүрінбеген жағдайда бәрібір беттесетіндері анық.

Дәулет шүу дегенде иран балуанын, іле-шала француз жігітін сол жамбасқа салып таза жықты.

Үшінші кезекте Еуропа чемпионы чех Земанның жолын кесті. Земан – айлалы, әккі балуан. Оңай алдырған жоқ. Оңтайлы әдісі – кеудеден асыра лақтыру екен. Екінші кезеңде Дәулет Земанның ырқына көнгендей сыңай танытты. Чех балуаны жойқын күшпен жұлқа тартқаны сол еді, осыны діттеген Дәу­лет шалқая берген Земанды кеудеден басты да қалды.

Екінші күні түрік, швед, венгр балуандарынан күші мен айласын асырған Дәулет өз тобынан жеке-дара шықты. Ана топтан Ким Ен Нам әупірімдеп озды. Ким мен поляк Трач итжығыс түскен еді. Төрешілер екеуіне де үш-үштен ескерту жасап, жеңісті корей балуанына алып берді.

Мұның бәрін көзімен көрген Дәулет ойға батты. Кимді ұпай санымен ұтам деу бекер. Ұтуын ұтарсың-ау, төрешілер кілем ие­сіне жақтасса ше?.. Жақ­та­сатындары айдан анық. Себебі корей жұртының боз кілемдегі жалғыз үміті – осы Ким Ен Нам. Финалдық белдесуді көруге Оң­түстік Кореяның президенті арнайы келеді дегенді естігелі тіпті мазасы жоқ.

Мұның көңіл күйін дөп басқан Геннадий Сапунов әлсін-әлсін «сас­па», деп қояды.

«Тым қызбаланбай, сабырмен күресу керек, – деп түйді кілемге келе жатып. – Ким де мазадан айырылған шығар».

«Сангмуда» ине шаншар орын жоқ. Бұл кілемнің қызыл бұрышына жете бере қалың жанкүйерге бас иіп, сәлем берді. Зәу­лім сарай теңіздей толқып кетті. Жанындағы Геннадий Са­пуновтан басқа ешкімді ажыратып болмайды.

Әне, шалқақ басып Ким Ен Нам келеді. Жауырыны қақпақтай, кеуделі. Бұлшық еттері білеу-білеу. Бұған қарағанда ірі, еңселі.

«Сангму» теңселіп тұрғандай көрінді Дәулетке. Ким қос қолын көкке сермеп еді, мың сан корей бір адамдай ду ете қалды. Дәулет одан сайын тықырши түсті. Жүрегі аузына тығылып тұр.

Балуан еңкейе бере – түлкі, шалқая бере – бөрі демекші, қол алыса сала, аңдысуға көшкен. Ким жақындатар емес. Қапысын тауып білезік тұстан шап берем дегенде, анау көз ілеспес қимылмен саусағының ұшын мытып жіберді. Өзі қос қолын білезіктен төмен жұқалай орап алыпты. Саусақтары мен бас бармағы ғана ашық. Ұстаған жерім уысымда кетсін, шеңгелімді аямай салам дегені. Күрестің заңына қайшы. Бірақ финн төрешісі Ласси Тойвола көрмеген сыңай танытып жүр. Бұл сол иықты алға салып, тағы ұмтылған. Ким тайқып кетті. Жай қашпай, қос қолының ұшын өші кеткендей қатты бұрап қалды. Мұның жаны көзіне көрінген. Бірақ сыр алдырған жоқ.

Әуелде аңғармаған екен: Кимнің денесі жылт-жылт етеді. Майлап алғаннан сау ма өзі?.. Осылай ойлап үлгергенше, корей балуаны белге атылды. Бұл оң жағына бұлт ете қалды да, сол қолды қолтыққа салған. Бірақ қолы сусып кетті. «Ким дос, мұның қалай?» Корейдің үсті-басын майлап шыққанына еш күмәні қалмады. Қаны басына теуіп, қатты қаһарланған Дәулет сол қолымен Кимді желкеден тұқырта тартып, оң қолды қолтықтың астына бойлата салған бойда сілкіп-сілкіп жіберген. Қа­быландай қайратты Ким бүгіліп барып әрең түзелді.

Бір кезде төреші атойлап жүрген Дәулетке ескерту берді. Іші қан жылаған ол Кимді оқты көзімен бір атып, етпетінен жатты. Тұрлыхановты ту сыртынан қапсыра құшақтап, ащы ішекше созғылаған корей балуаны ауната алған жоқ. Финн төрешісінің кілем иесіне тың кезінде ұпай әперсем деген ойы іске аспады.

...Кілемге тас кенеше қадал­ған Ким белге жабысқан мұны тобықтан теуіп әлек – табан тіреуге мұрша берер емес. Классикалық күрестің тәртібі бойынша төрт­тағандаған балуанның бұлай етуге хақысы жоқ. Қарсыласыңа аяқ сілтедім дегенше – кілемнен қуылдым дей бер. Бірақ Тойвола көпе-көрнеу көрмегенсиді. Кі­лемнен үш-төрт адым жерде қаз-қатар жайғасқан қазылар алқасы да дым болмағандай, маңғаз отыр.

Әділетсіздік жүрегін тілгілеген Дәулет Кимді кілемнен жұлып алды да, аунатып тастады – бір ұпай! Осы сәтте электронды қо­ңырау безек қаға жөнелді – бірінші кезең тәмам.

– «Атойлап ұтпасаң болмайды, – деді Геннадий Сапунов арқасынан қағып. – Төрешінің ар­сыздығына жүйкеңді құртпа. Қай­та қайраттана түс. Сәл босасаң – ескертуі әзір. Бара ғой, Дәулет!»

Шыға сала Кимді сол жамбасқа іліктіруді ойлаған. Бірақ балықтай сусып тұрған қарсыласы жан дәрмен күйде әрең құтылды.

Қайта беттескенде корей балуаны тағы тайқи берді. Ким ашық айқасқа тәуекел қылар емес. Дәулеттің саусақтарын мытып, итерісуден арыға бармайды.

Төреші күрес ережесін белден басып, қоян-қолтық белдесуден тайсақтап жүрген Кимді емес, Дәу­летті мысықтабандатты.

Мың сан корей орындарынан тұрып кетті.

Кимнің қарулы қолдары мұның беліне жыландай оралды. Дәулет құлашын, аяғын жаза түседі. Қарсыласы қанша күшенгенімен орнынан тапжылта алған жоқ. Бірақ... қас-қағымда бұл күтпеген әдіске салды – бір қолымен иегінен көтере бере, екінші қолын ту сыртынан қолтыққа сұғып жіберіп, ауда­рып тастады. Финн төрешісінің екі саусағы шошайды – екі ұпай. Намыс буған Дәулет орнынан атып тұрды.

Секундтар сынаптай сырғып барады. Белдесудің бітуіне жарты минуттай қалғанда Кимнің беліне қолы тиді. Корей табан тіретпеймін деп тепкіленіп жатыр. Екі көзіне қан толған Дәулет кілемге бауырын төсеп, тастай қат­қан қарсыласын жұлып алғанда қалың корей естен айырылып, сілейіп тұрып қалды. «Е, Алла, өзің жар бол!» Кілем үсті – апыр-топыр. Кимнің аяғы аспаннан келді. Дәулеттің көкірек тұсын тыз еткізген шоқ өңешті қуалап кеңсірігіне жетті. Бірақ... қас пен көздің арасында дүние сол бүйіріне аунап түсті. Финн төрешісінің жайылған алақанынан қара бұлт үйірілді. Дәулеттің көз алды – тұман, өзегі – өрт. Есі – кіресілі-шығасылы. «Лақтырғаным рас қой... ұпайымды неге бермейді, неге бермейді?» Бірақ өз даусын өзі естіген жоқ. Мәңгіріп орнынан зорға тұрды. Бұйырғаны – Олим­пиаданың күміс медалі.

Әлгінде ғана жығылғанын мойын­дап, бордай үгітілген Ким Ен Нам боз кілемді шөпілдетіп сүйіп жатыр. Бір кезде ортекедей орғып секіре жөнелді. Әлгінде өзегін өртеп шыққан көз жасы енді тұла бойды қорғасындай балқытқан бақыттан бырт-бырт үзіледі. ...Мұның іші әлем-жәлем. «Не істедің, Дәулет? Ұпайымды неге бермеді? Өзге елдер күреп алып жатқан алтын медальдің қа­заққа ең болмаса, біреуі бұйыр­мағаны ма? Бүтін бір ұлттың жалғыз үмітін үздім ғой...»

Кілемнің шетіне жете бергенде қол созым жерде жүресінен отырған кісінің жүзі сондай жылы ұшырады. Қайта қадалды. Белгілі фототілші Дендербай Егізов екен. Жайшылықта жадырап жүретін ағасы құп-қу, жүзін жас жуып кеткен. Қашан көрсең де мойнында іліп жүретін фотоаппараты жерде жатыр. Дәулет жанарын тайдырып әкетті.

...Содан бері 35 жыл артта қалыпты. Содан бері дәл Тұр­лыханов құсап Олимпиада кілемін қыран жапқандай қылған қазақ баласын көрген жоқпыз. Сеулде төрт қарсыласын жауырынымен кілемге жапсырып, қалған екеуін 12:0 есебімен қирата жыққан Дәулеттің бүгінгі інілерінде сондай сұрапыл күрес неге жоқ деп, ішіміз оттай жанады.

 

Қыдырбек РЫСБЕК,

журналист