Тұлға • 15 Қараша, 2023

Ұлттық мінез суретшісі

217 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

1977 жыл еді. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет етіп жүр­ген кезім. Редакция табалдырығын атта­ғаныма да 7-8 жылдың жүзі болған. Өзімізді кәнігі журналистей сезініп қалған кезіміз.

Ұлттық мінез суретшісі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ радиосының Бас редакторы Бек Дәулетбаев ағатайым бірде сөйлесіп отырғанымызда:

– Әй, жиен, Жазушылар одағында сенің Рахметолла деген ағаң бар, танисың ба? – деп сұрап қалды. Бекеңнің Нәзипа деген қарындасы Шелекте бізге сабақ берген. Бек ағаның маған нағашылық жақындығы болатын.

– Жоқ, аға, танымаймын!

– Өй, онда барып, таныс! –деп қалды күліп, – ол өзі мықты бір қазақ! Ол кез­де Рахметолла Райымқұлов деген жазу­шының атын жиі еститінбіз. Тіпті «Тү­йелі адам» деген кітабын оқығаным да бар.

Жастық максимализмнің ұрып тұрған шағы. Туыс іздеуге ондай бір құмарлық жоқ. Уақыт өтіп жатты. Бірде жол түсіп Жазушылар одағына бара қалғанда есіме түсіп Рахметолла ағаға кіріп амандасып шықтым.

– Осылай да осылай, Марат Тоқаш­баев деген ініңізбін. «Жетісу» газетін­де жұмыс істеймін, – деп жатырмын. Рахметолла аға кішіпейіл, жаны жұмсақ жан екен. Өте жылы қабылдап, «келіп тұр, хабарласып тұр» деді. Бірақ өте қауырт шаруамен айналысып жатқанын байқадым да уақытын алмайын деп тез­детіп шығып кеттім. Рахметолла ағамен алғаш осылай танысқанмын. Кейін де жиі көрісіп тұрдық. Шерхан ағам: «Көркем әдебиет – ауыр артиллерия, публицистика – жеңіл кавалерия» демек­ші, газет, журнал саласында істейтін журналистер үшін Одақ айрықша бір әлем. Жас біздерге төселген, кәнігі қалам­герлер басқа планетаның адамдары сияқты көрінетін. Бірақ үнемі әлдебір магниттей өздеріне тартып тұратын. Біз енді араласып, ағалы-інілі бола бастаған кезімізде Рахметолла ағам 1978 жылы 65 жасында аяқ астынан қайтыс болып кетті. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің көрнекті бір тұлғасынан көз жазып қалдық.

Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы 11 мамырда қазіргі Өзбекстан аума­ғына өтіп кеткен Бостандық ауданы, Қараманас ауылында дүниеге келіп­ті. 1929 жылы төрт кластық білімі­мен Ташкент қаласындағы Қазақ педаго­гикалық техникумына түскен. Оны 20 жасында бітіріп, Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданында, өзі оқыған мектепте мұғалім болып істеген. Үнемі қоғамдық жұмыстарға бейім, алғыр жас жігіттің алғашқы мақалалары, әңгі­мелері аудандық газетте жарық көре бастайды. Сол қабілетін байқаған басшылар оны аудандық «Алға» газетінің редакторлығына тағайындайды. Сол кезден бастап Рахметолланың 45 жылдай өмірі баспасөзбен байланысты болды.

22 жасында Ташкент педагогика ­институтына түсіп екі жыл оқиды. 1937 жылы 24 жастағы жігіт Алматыдағы Қазақстан Коммунистік Журналистер инс­титутына ауысып, оны 1939 жылы үздік бітіріп шығады. Ол саяси қу­ғын-сүргін жылдарын көзбен көрді, қоғам­дық-саяси өмірге таптық көзқараспен қарайтын ұстанымдар оны үнемі ойландыратын. Өмір мен теорияның қабыс­пайтын тұстарын жиі байқайтын. Бірақ «партия солдаты» деген ұғым оны тежеп келді.

Институтты бітірген бойда сол кездің тәртібі бойынша арнайы жолдамамен «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналына жауапты хатшы қызметіне қалдырылады. Бұл ол кезде үлкен сенім болатын.

1941 жылдың ерте көктемінде «Со­циа­листік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетіне ауысады. Үлкен басылымда оның үлкенді-кішілі мате­риалдары жарық көре бастады. Бірнеше айдан соң совет-герман соғысы басталды да Рахметолла әскери форма киюге мәжбүр болды. Сол жылы күзге таман лейтенант шеніндегі ол майданға алынып, 1946 жылдың қаңтарына де­йін бес жыл әскер қатарында болды. Ол алғашында Батыс майданда, кейін Шығыс майданда ұрыс қимылдарына қатысқан. Мемлекеттік архивте оның майдан даласынан өлеңмен жазылған бірқатар хаты сақтаулы. Ол да ал­дағы уақытта зерттеушілер назары­нан тыс қалмауға тиіс. Политрук Райым­құлов есімі ол қызмет еткен полк жауын­гер­леріне жақсы таныс болатын.

Рахметолла соғыс аяқталып, елге ора­лы­сымен Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің журналистика факультетінде очерк және фельетон жанрларынан дәріс берді, семинар сабақтарын жүргізді. Кейін «Ара» журналы ашылғанда оның редакция алқасының мүшесі болып, өзі де талай сын-сықақ, әжуа жазған. Алайда өзіне қатысты жазбалары сараң.

Рахметолла аға бірде өзі былай дей­ді: «Өзің туралы жазудан қиын нәр­се жоқ екен. Расында, не жазуға бола­ды? Бір сөзді бастай берсең-ақ, ойыңа мы­науың мақтан емес пе? – деп құлағыңа әлдекім сыбырлап тұрғандай, өзіңнен өзің ұяласың да, қалам-қағазды тас­тай бере, орныңнан тұра жөнелгің келе­ді. Бірақ осы кезде бір күш сені жел­кең­нен басып еріксіз отырғызады. Жаз­бауға әддің қалмайды. Ол күш – жазып берейін, жіберейін деп уәде еткен ада­мың. Өйткені ол сеніп, күтіп отыр. Ал­дауға хақың жоқ». Рахаң іс жүзін­де шынымен де өзі туралы жазуға мыр­залық танытпаған. Оның «Оқ тескен билет» сияқты кейбір әңгімелерінен жауын­герлердің саяси жетекшісінің ішкі тебі­реністерін, толғаныстарын аңғара­сың. Жау тылына барлауға аттанып бара жат­қан жауынгерлерін шығарып салып тұрғанда полктің ең батыр, айлакер барлаушысы Серік Жанпейісов осалдық көрсетіп: «Жолдас аға лейтенант, бүгін осы жорықтан мені қалдырыңызшы?» деген өтінішіне селт еткен әлдебір ішкі түйсігін соғыс кезінің қатаң дағдысы басып кетеді. Қайтарып тастайды. Сол жауынгер сол түнде мерт болды, жүре­гінің тұсына қойған билеті мен қалың­дығының суретін оқ тесіп өткен.

«Адам жанының ондай аян берер айғағын, білгіштігін бұл соғыс тәжі­рибесі үйретіп біткен жоқ па еді, ә? Егер со замат оның өтінішін орындай қойсам ғой, сержант Серік Жанпейісов тірі қа­лар еді. Қап! Адам психикасындағы со­ғыстың өзі үйреткен бұл ғажап ғылымды біле тұра ескермегенім зор қылмыс!» деп өкінеді полктің саяси жетекшісі артынан. Осыдан біз автордың жан тебіренісін ұққандай боламыз.

Рахметолла ағаның қоғамдық жұмыс­тарға бейімдігі мен жауапкершілігі бір­неше жыл кәсіподақ саласының қамы­тын сүйрелеуге мәжбүр етті. 1949-1953 жылдары Полиграфия және бас­пасөз қызметкерлері кәсіподағы респуб­лика­лық комитетінің төрағасы болып қата­рынан екі рет сайланды. Ақыры шенеу­ніктік қызметтен өзі сұранып, шығар­машылық ортаға қайтып оралды. 1953-1961 жылдары «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиетінде», одан соң қайтадан «Жұлдыз» журналында проза бөлімінің меңгерушісі болды. Жас дарындардың әдебиетке келуіне қамқорлық жасады. Рахаңның қамқорлығын көрген сондай жандардың бірі, қазіргі қазақ әдебиетінің клссигі Дулат Исабеков өзінің 1966 жылы әде­биет­тегі алғашқы қадамын былай деп еске алады:

24 жасымда әскерде жүріп «Гауһар­тас­ты» жазып келгенімде, «Жұл­дыз» журналының проза бөлімінің меңгеру­шісі екен ол кісі. Ол кезде ешкімді та­ны­маймын. Алып бардым, бердім. «Жа­­райды, тастап кет», деді. Ол кезде мен сияқты жастар толып жатыр ғой. Бық­пырт. М.Әуезовтен басқа классик­теріміздің бәрі дін аман. Роман жазса, бес-алты нөмірге бір-ақ кетеді. «Жұл­дыз» жалғыз журнал, солардан босамайды. Қазіргідей газет-журнал көп емес ол кезде. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» әңгіме баспайды. «Қазақ әдебиеті» газеті де үлкендерден артылмайды. Анда-санда болмаса, жастарды көп бермейді.

Сөйтіп жүргенде, Рахаң іздепті. Бардым. Ол кезде адам табу қиын. Бар­сам, орнынан тұрып, бетімнен сүйді. «Айналайын, құттықтаймын! Керемет повесть жазыпсың, көзіме жас алдым. Мұны енді Сырбайға беремін. Ол кісі мақұлдаса, журналға шығасың. Жас­тарды кезексіз шығарайық деп айтып көремін», деді. Сырбай Мәуленов «Жұлдыздың» бас редакторы. Содан қалтырап, Сырбай ағаның оқуын күт­тік. Бір күні Рахаң Сырбай аға шақырға­нын айтты. Барсам, дауысы гүрілдеп отыр екен. Ол кісі де бетімнен сүйіп: «Мынандай повесть жазған екенсің, айналайын. Мен мұны «досыл» ғып жіберемін», деді. «Досыл» деген кеткен журналдың ішінен бір материалды алып тастап, орнына салады. Жүрегім жарыла қуандым. Осылай «Гауһартас» шыққан еді. Содан кейін біз ағалы-інілі боп араласып кеттік».

Рахаң 1971 жылдан Қазақстан Жазу­­­­шылар одағы жанындағы көр­кем әде­­­биетті насихаттау бюросы дирек­торы­ның орынбасары болып қызмет істеді. Бұл кезде қаламгердің «Уәде», «Көкжал», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Болаттың сынығы», «Қара жорға» сияқты роман, повестері жарық көріп, кәдімгідей танымал болған кезі. Драматургияға да атсалысты. Оның шығармашылығын әріп­тестері жоғары бағалайтын.

Рахаң аударма саласында Садриддин Айнидің «Бұқара» трилогиясының екі кітабын қазақ тіліне аударды. Өзінің де бірқатар туындысы орыс тіліне ауда­рылған. Жауынгерлік орден-медальдарына қосымша үкіметтік бірнеше орден, медальдармен марапатталған болатын.

Уақыт деген ұлы күш әдебиет саласына да өз қолтаңбасын қалдырып жа­тады. Рахметолла Райымқұлов өзі өмір сүрген кезеңде алдыңғы қатарлы қалам­герлердің бірі еді. Оның кітаптары үлкен сұранысқа ие болды. Ал қазіргі заманда оның шығармалары оқырман көңілінен шыға ма?

Жамбыл атындағы қалалық жасөс­пі­рімдер кітапханасында қолыма жазушы Рахметолла Райымқұловтың «Жа­сыл белес», «Бала жігіт» кітаптары, Таң­дамалы шығармаларының үш том­дығы тиді. Оқыдық, риза болдық. Кей­бір кітаптарын бұрын да оқығанбыз. Көр­некті қаламгердің шығармалары өткен ға­сырдың басы мен орта тұсындағы оң­түстік өңірдегі қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігін, қоғам өмірінде орын ал­ған құрылымдық өзгерістер мен құн­дылықтар қайшылығын жан-жақты бейнелейді. Жазушы қай кезде де, қандай жағдайда да әділдік, ізгілік күштерінің шешуші маңызға ие екендігін өмірдің нақты мысалдарымен көрсетеді.

Айталық, «Бала жігіт» повесінде ұжымдастыру кезеңін арқау ете отырып, кеңестік шаруашылықтар құруға белсене атсалысқан жастар өмірін көрсетеді. Олардың жаңалыққа, жаңа дәуірге деген құлшыныстарын суреттейді. Мойнына ауданнан облыстық партия комитетінің басшылығына құпия пакет жеткізу жүктелген Сейіт азғантай уақыт ішінде талай оқиғаға ұшырайды. Бірақ тапсырманы қалтқысыз орындап шығады. Ертеңгі күнге деген сенім жас жігіттің азамат ретінде қалыптасуына жол ашады. Қаламгердің басты ерекшелігі өзі өмір сүрген кезеңнің картинасын айнытпай береді, дәл суреттейді.

Айталық, «Жасыл белес» повесінде колхоз басқарып жүрген алаяқ Асыл­бектің образын былай көрсетеді. Асыл­бек сол бір кезді жақсы пайдаланып, мал-мүлікке қарқ боп, белшесінен батты. Бұрын кемпірдің аузындай бір тіс жоқ шүңірейген ұрты аз күннің ішінде алтын тіске толып шыға келді. Түлкінің көзіндей ұры жанары шатынап, бетіне адам қаратпай, бір ауыз сөзге келген қарапайым сауатсыз қазақты қамшының астына алып, қан жоса ететінді шығарды. Қит етсе болды: «Есіңде болсын, бір жер­ге барып арыз етсең, бай-кулактар тізіміне қосамын да, өзіңді абақтыға тыққызып қоямын», деп кіжінетін.

«Түйелі адам» повесінде кешегі бай­дың тұқымы Құрбанның әкесіндей адаммен текетіресі сөз етіледі. Сейіттің әкесі Тоқатай өмір бақи Құрбанның әкесі Тіспайдың малын бақты. Кәмпеске кезінде Тіспайдың қызыл қоспағы бұған бұйырды. Соны мініп жүргеніне өшіккен Құрбан өш алмақ болады. Алғашында бандыларға қосылмақ болған ойы жүзе­ге аспай қалған соң інісі Кенжеғұлды, қара ниет серіктесі Қаранарды ертіп түн ішінде Тоқатайдың жолын тосады. Кенжеғұл болса Тоқатайдың жал­ғыз ұлы Сейітпен дос еді. Таптық ұста­нымдар мен көзқарас олардың арасын ажыратып жіберген. Жол тосып жүрген қара ниеттілер Жындысайда дегендеріне жетеді. Құрбан Тоқатайдың қақ маңдайынан ұрғанда Қаранар өткір қылышын сермеп қалып қарттың мойнын баудай қиып түседі. Базардан түнделетіп қайтқан Тоқатайдың қоржынынан шыққан ақ матамен жансыз денені түйеге таңып тастайды. Елеске айналған түйелі адам повестің әр тұсынан елестей көрініс беріп жатады.

Бұл кәдімгі америкалық Майн Ридтің «Бассыз салт атты» романын еске түсі­реді. Бірақ Майн Ридте оқиға махаббат желісіне құрылса, Рахметолла Райым­құловта оқиға тап күресінен ушығады. Бұл тұсты автор былай суреттейді: «Олар қазір өздерінен едәуір ұзап кеткен тү­йелі адам соңынан дыбыстарын біл­дір­мей бара жатты. Тісін қайрап, іштей қатуланып алған Құрбан ғана кейде күбірлеп сөйлеп қояды. «Біріңді жайраттым. Пәлем, Сейіт, енді сен де иманыңды айта бер. Бүгін әкең барған жерге сені де жіберемін!» дейді ол кіжініп».

Бірақ түн қатқан қарақшының жолы болмады. Жүрегі қағып елегізіп жатқан Сейіт терезе алдынан көлбеңдеген біреуді байқап қалды. Өзін өлтіруге кірген біреумен арпалыса кетіп, оған бой бермеді. Алқын-жұлқын төбелес ұзаққа созылды. Ақыры ауылдастарының көме­гімен қарақшы ұсталып байланды.

Бұл сәттен кейінгі ахуалды жазушы экспрессивті диалогтермен былай береді:

– Құрбан қолға түсті. Бірақ Тоқатай­ды о да өлтіріп келген екен!

– Жолда жолықтырыпты!

– Түйеге байлап жіберген көрінеді!

– Өздері үшеу болса керек! Құрбаннан басқасы қашып кетіпті!

– Е, қуған өзіміз емес пе? Жамалдың әкесі айғай сап мылтық атпағанда қиын-ақ болатын екен!

– Заңғар найсаптар-ой!

– Қап, оларды да ұстау керек еді де!..

Автор диалогтерді ұтымды пайдалану арқылы шығарманың сюжеттік шешімін толықтай көрсетіп береді. Оқи­ғаның немен аяқталғанын да осы диалогтер айқын көрсетіп тұр. Осыдан автордың жазушылық өнерді жан-жақты меңгергенін байқайсың.

Кітапта заман алмасқан тұста орын алған өзгерістер, этнографиялық картиналар да бой көрсетеді. Өткен ғасыр­дың отызыншы жылдарындағы оқиғалар шынымен де тартысты. Айталық, «Жы­ланның зәрі» атты тарауында арқан үстінде ойын көрсететін даршылар өнері туралы, 8 наурыз мерекесі қарсаңында өзбек әйелдерінің басындағы паранжысын отқа тастағаны ерекше бір шы­найылықпен берілген. Автордың сөз саптауында қазақилық басым. Жергілікті жердің тілін, сөйлеу ерекшеліктерін қаз-қалпында береді. Тұтастай алғанда автор шығармаларында қазақтың ұлттық мінез-құлқын айнытпай көрсетеді. Отан­шылдықты алға тартады.

Бүгінгі тәуелсіздік тұсында кеңестік кезеңнің көрнекті қаламгері «Рахме­тол­ла Райымқұловтың шығармашы­лығы қаншалықты құнды? Оның жазған дүниелері бүгінгі және келер ұрпақ сұра­нысына жауап бере ала ма?» деген сұрақ алдымыздан көлденеңдейді. Рас, ол өзі мұрат тұтқан, барынша сенген қоғамының өкілі ретінде сол кешегі социалистік реализм талабымен қалам тербеді. Бірақ оның «Бала жігіт», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Суретші», «Қара жорға» сияқты роман-повестеріне қарасаңыз тек таптық қақтығыстармен шектеліп қалмайды. Онда қаламгер махаббат пен зұлымдық, ізгілік пен имансыздық, жаңашылдық пен ескішілдік сияқты мәңгілік тақы­рыптарды шығармашылығына сюжет­тік арқау етеді. Өзі өмір сүрген, өзі куә болған кезеңді қаз-қалпында көрсе­те­ді. Ізгіліктің зұлымдықты жеңетініне көзіңді жеткізеді. Қаламгердің басты олжасы да, басты артықшылығы да осында. Сондықтан да Райымқұлов шығармашылығын жас ұрпақ үшін де, келер ұрпақ үшін де әдеби құндылық ретінде бағалаған орынды.

Тағы бір ескеретін тұс автор­дың ғұмырнамасында да, шығарма­шы­лы­ғында да ақтаңдақ тұстар көп. Зерт­тейтін тұстар баршылық. Мәселен, 1941 жылы «Социалистік Қазақстан­да» істеп жүрген кезінде совет-герман соғы­сы басталып, майданға кетеді. Со­дан тек 1946 жылы ғана елге оралады. Оның майдан жолдары, соғыс жыл­дары жазған дүниелері белгісіздеу. Мем­­лекеттік архивте майданнан өлең­мен жазған хаттары бар дейді. Қалам­гер­дің жастық шағы, совет-герман соғы­сына қатысуы, көрген-түйгендері туралы жазбалары әлі күнге беймәлім. Со­ғыстан кейінгі жылдарда оның қазақ бас­пасөзінде жарияланған әңгімелері, сын-сықақтары, драматургиялық шы­ғар­­малары әлі толық жиналған емес. Осының бәрі терең зерттеуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде, Әдебиет инс­тититутында осы тақырыпқа арнайы жас зерттеушілерді тартқан дұрыс деп есептеймін. Райымқұловтану шаруалары қолға алынуы керек. Арнайы он томдығы шығарылса өте орынды болар еді.

Кеңестік социалистік реализм әдісі өмір құбылыстарын тек тап күресі тұр­ғысынан көрсетуді талап еткені­мен, жазушы Рахметолла Райымқұлов ол шек­теу­ге қамалып қалмайды. Қаламгер махаб­­бат пен зұлымдық, ізгілік пен имансыз­дық, жаңашылдық пен ескішілдік сияқты мәңгілік тақырыптарды мәйегімен олжалап, сюжеттік арқаумен шебер байла­ныстырады. Әсіресе кейіпкер образдарын ашуда тың әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдаланады. Жазушы шығармашылығы өзі өмір сүрген, өзі куә болған кезеңді қаз-қалпында көрсетуімен құнды. Сон­дықтан қаламгер кітаптары бүгінгі оқыр­ман үшін де олжа болары анық.

 

Марат ТОҚАШБАЕВ,

жазушы