Аймақтар • 16 Қараша, 2023

Газ кеніші іске қосылды

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мойынқұм ауданының аумағында орналасқан «Анабай» газ кешені пайдалануға берілді. Су жаңа кен орнын «QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз еткен. Тиісінше газ ұңғымаларын консервациялау бойынша жұмыстар атқарылған.

Газ кеніші іске қосылды

«QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС баспасөз қызметі таратқан дерекке жүгінсек, серіктестік басшылығы жоғары­да айтқан жұмыстан бөлек, «Анабай-Жарқұм» газ құбырын салу жұмысын жүзеге асырған. Қазіргі кезде жоспардағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. «QazaqGaz» басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің сөзінше, «Анабай» газ кешенін іске қосу жұмыстары жол картасы жобасы аясында қолға алыныпты.

«QazaqGaz»-ға тиесілі ресурстық базасын арттыру бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Ком­панияның тауарлық газ көле­мін ұлғайту бойынша қабыл­даған «жол картасы» жобасы шеңберінде бірнеше газ кенішін, сондай-ақ «Анабай» кен орнын іске қосу көзделген болатын.  «QazaqGaz» газдың өзіндік ресурстық базасын арттыру үшін жер қойнауын геологиялық зерттеу­ге және жаңа учаскелерді геологиялық барлауға лицензия алу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр», дейді ол.

Серіктестіктің алға қойған жоспары айқын. Дерекке сенсек, 2023 жылы газ өндіру көле­мін 6,5 млн текше метрге жеткізу көзделген болса, 2028 жылы 44 млн текше метрге жеткізуді мақсат тұтып отыр. Жалпы алғанда «Анабай» кен орнынан алынатын газ көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылады екен.

«QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС бас директоры Алмас Қуандықов кел­тірген дерекке жүгінсек, жаңадан іске қосылған «Анабай» кен орнының қоры 4 млрд текше метрді құрайды. Ірі жобаға тартылған инвестиция көлемі 12 млрд теңгеге жеткен. Алдағы уақытта кен орнын одан әрі бұрғылау жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отыр.

«QazaqGaz «ҰК» АҚ 2022 жылдың қараша айын­да «Аман­гелді Газ» ЖШС-ға трансформация­лау жүргізіп, атқарылған жұмыстың нәтижесінде ұйым «QazaqGaz барлау және өндіру» атауымен қайта құрылған еді.

 

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы