Суретті түсірген – автор
Облыс орталығында мергендік мектебін ашу Ажар Рахметқызының арманы еді. Ол бұған дейін Глубокое ауданында дәстүрлі садақ ату үйірмесін ұйымдастырып, жас мергендерді дайындаған. Дайындай да бермек. Облыста басқа садақ ату мектебі болмағандықтан, қалалық жерден ашуды осыдан екі-үш жыл бұрын жоспарлаған. Бірақ жебе ұшатындай ғимарат табу оңайға соқпады. Табандылықтың арқасы шығар, күні кеше мерген қыз Ертіс пен Үлбі өзендерінің түйіскен тұсында кең сарайдай ғимаратта «Өскемен садақ ату» орталығын ашты.
– Бір жыл бұрын «Дәстүрлі садақ ату» федерациясы құрылып, облыстан да орталығын ашып қоюды ойластырдық. Арман-мақсатым отбасымның, жақындарымның арқасында жүзеге асты. Енді жаттығу кестесін жасап, балаларға, жастарға, жасөспірімдерге садақ атуды үйретеміз. Жалпы, жас шектеуі жоқ. Есігіміз ашық, – дейді орталықтың жетекшісі Ажар Рахметқызы.
Ертесінде Өскеменнің төрінде садақ атудан тартысты турнир өтті. Садақшылар сайысына 80 мерген қатысып, бағы мен бабын сынады. Айта кету керек, жарыстың өтуіне «Керемет садақ ату» және «Керемет мебель» орталықтары демеушілік көрсетті, облыстық спорт басқармасы қолдады. Ал турнирді ұйымдастырудың басы-қасында Ажар Рахметқызы өзі жүрді. Сайыс соңында жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен медальдар табыс етілді.
Өскемен