Өнер • 16 Қараша, 2023

Симфония әлемінің ғарышкері

444 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

«Қой асығы демегін, қолыңа жақса, сақа тұт,

 Жасы кіші демегін, ақылы асса, аға тұт»

                                                                                         Халық даналығы 

Егемен еліміз бен тәуелсіз мемлекетімізді бүкіл әлемге паш етіп, аспан түсті байрағымызды үлкен мақтанышпен желбіретіп жүрген ұлтжанды жастарымыз туралы сөз қозғағанда, бармақтайынан өз ортасынан суырылып шығып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан әрі ақпарат құралдарында «Қазақтың Моцарты» атанып жүрген ғажайып талант иесінің бірі емес, бірегейі және заманауи классикалық музыка өнерінің хас шебері, сондай-ақ өзінің кәсіби саласы бойынша толағай табыстарымен өз отанымызда да, алыс-жақын шетелдерде де жүйелі өткізіліп келе жатқан дәстүрлі халықаралық сайыстарда көш бастап, сүбелі жүлде алып жүрген пианист әрі ғалым-композитор Рахат-Би Төлегенұлы Әбдісағиннің бірден ойға оралып, тілге тиек болатыны жайдан-жай емес. Өйткені бұлай деуге негіз болатын дәлелді дәйектер жетіп артылады.

Симфония әлемінің ғарышкері

Біріншіден, мақаланың «Симфония әлемінің ғарышкері» аталуының да өзін­дік сыры бар. Мұның басты себебі – Рахат-Бидің өзі. Оның көз алдымызда өт­кен балалық шағы, өсіп-өнген, тә­лім-тәрбие алған ортасы мен отбасы, білім алған мектебі мен жоғары оқу орны, қала берді ержетіп, кәсіби музыкант бо­лып қалыптасу кезеңдерін айшық­тайтын ел іші мен алыс-жақын шетелдерде өткізіп жүрген шығармашылық концерттері, сондай-ақ оның фортепиано сынды ғажайып аспаппен біте қайна­сып кеткен әрі клавиатура бетінде еркін жорғалайтын жүйрік саусақтарының ға­жайып шеберлігі, сол сияқты ғылыми тұр­ғыдан дәйектелген қазақ, орыс, ағыл­­шын және итальян тілдерінде зия­лы ортаға өте жоғары деңгейде оқып жүр­­ген инновациялық лекциялары дер едім. Және ең бастысы, Рахат-Бидің о бас­тан-ақ музыка тілінің күллі әлемнің құлағы мен санасына тәржімесіз, бірақ тікелей жететін әмбебап тіл екенін өте жақсы білетіндігі. Сондықтан да оның симфониялық туындыларының атаула­ры қазақ, орыс, ағылшын немесе өзге тілдер­де аталғандарына қарамастан, олардың барлығы да, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып қана қоймай, сана­сына кәдімгі бір ғарыш әлемінен келіп жеткен тылсым саз секілді әсер қалдырады. Бұл – дарынды композитордың опералары мен 150-ден астам өзге музыкалық шығармаларының бәріне де тән сипат. Осы орайда оқырман қауымның назарын әлгі туындылардың кейбірінің тылсым атауларына бұра кетсек, артық етпес деген ойдамын. Олар мыналар: «Қазақ рапсодиясы» («Kazakh rhapsody»), «Күн сәулесіне қарай алға» («Forward into the Sunlight»), «Өмірге құштарлық» («The Will to Live»), «Құдайдың тұрағы» («God’s Dwelling»), «Романтизмнің жаң­ғы­рығы» («Aftersounds of Romanticism»), «Қараң­ғылықтың арғы жағында» («Beyond the Darkness»), «Уақыт жүгі­рісі» («Time Run»), «Алыстан жеткен ой­лар» («Des pensées de loin»), «Үн­сіз­діктің көз жасы» («Tears of Silence»), «Мәңгіліктің тамшысы» («A drop of Eternity»), ««Бөлшектердің құді­ретті әлемі» («The Sacred Universe of Particles»), «Құбылыс» («Qubylys»), «Дантенің шапағаты» («I raggi di Dante), «Көрінбейтін жұлдыздар серенадасы» («Серенада незримых звезд»), «Құдіретті жол» және «Тылсым үнді ғарышпен он рет жанасу» («Десять прикосновений к звучащему космосу»), сол сияқты орган аспабына арнап жазған «Жеті белесті елес» («Phantom reflections») сынды ғылыми-танымдық туындылары мен симфониялық шығармалары. Ендеше, Рахат-Биді симфония ғарышкері емес деп кім айта алады?

Екіншіден, Рахат-Би – шебер пианист және терең ойлы дарабоз композитор ғана емес, өнертану ғылымдары­ның магистрі, «Дарын» Мемлекеттік сый­лы­ғының лауреаты, Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің «Ең дарынды өнерпазға» кубогінің сондай-ақ ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мә­дениет пен өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Соны­мен қатар ол – Қазақстанның алғашқы өткі­зілген «100 жаңа есімі» ұлттық жоба­сының ең жас жеңімпазы.

Үшіншіден, Рахат-Би – қазақтілді орта мектеп-гимназиясында оқи жүріп, оның сыртында жеті жылдық музыка мектебін де төрт жылдың ішінде аяқтап, 10 жасынан бастап музыка жаза бастады. Ол – сонымен қатар 13 жасында елі­міздің Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының студенті атанған ерекше дарын иесі.

Төртіншіден, ол – П.И. Чайковский атындағы Халықаралық конкурс лауреаттары қауымдастығының белсенді мүшесі және 14 жасынан бастап, Аустрия­ның Грац қаласындағы «Impuls» атты халық­аралық композиторлар мен заманауи музыка орындаушылары академияларының тұрақты қатысушысы.

Бесіншіден, дарынды композитор­дың клас­сикалық тылсым шығармала­рын өз елімізде де, көрші елдерде де, Батыс әле­мінде де әйгілі солистер, камералық ансамбльдер және симфониялық оркестр­лер орындап жүр. Сосын оның шығар­ма­ларының әлемдік премьералары Прага, Париж, Лондон, Вена, Грац, Мюр­цушлаг, Берлин, Байройт, Майндағы Франкфурт, Мюнстер, Детмольд, Сибиу, Лос-Анжелес, Бейжің, Сеул, Анкара, Ыстанбұл, Мәскеу, Том, Рогашке-Сла­тина, Бергамо, Аркей, Аликанте, Теуладе-Морайра, Каир, Александрия, Амман, Астана, Алматы қалаларында аншлагпен өткені де айтуға тұрарлық дүние.

Шетелдік сыншылар Рахат-Биді «на­ғыз қазақ кереметі, қолында ерекше қуаты бар, өршіл нысаналы виртуоз пианист» деп атайды. Ол – П.И.Чайковскийдің му­зей-үйіндегі жеке роялында ойнау құр­метіне ие болған қазақстандық біре­гей өнер иесі. Міне, сондықтан Рахат-Би­дің тек қазақ тыңдармандарын ғана емес, күллі әлемге әйгілі музыка өнерінің саң­лақ­тарын (олардың ішінде Нобель сый­лығымен марапатталған іргелі ға­лым­дар да бар) да қоса таңдандырып ке­ле жат­қан­дығын еске ала отырып, өз басым Рахат-Биді поэзия ғарышкері Мұқа­ғалидың:

«Туады, туады әлі нағыз ақын,

Нағыз ақын бал мен у тамызатын.

Жесірдің айырылмас сырласы боп,

Жендеттің көзінен жас ағызатын.

Туады, туады әлі нағыз ақын!

 

Жыр сөздері жай болып атылғанда,

Атылғанда, аспаннан оқылғанда,

Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,

Жанар пайда болады соқырларға», дейтін ғажап поэтикалық шумағының бас кейіпкеріне балаймын. Өйткені Мұқаң­дай шексіз дарын иесі болашақта өз өнерлерінің жасындай қуатымен тың­дармандар әлемін әп сәтте баурап алатын Рахат-Би секілді бірегей та­лант иелерінің туатынына зәредей күмән­данбаған ғой. Осыны мойындай отырып, қайран қаласың да, көріпкел ақынның талантына тұшына сүйсініп, құдіретті поэзиясының алдында еріксіз тізе бүгіп, басыңды иесің.

Алтыншыдан, Рахат-Бидің шығар­малары Бах, Гайдн және Моцарттан бас­тап қазіргі заманғы авторларға де­йінгі әлемдік классиканың жауһарлары жинақ­талған Оңтүстік Иллинойс уни­вер­ситетінің (АҚШ) «Discography» ор­кес­трі­­нің сүйемелдеуімен фортепиано­­да орындалатын шығармалардың дүние­жүзілік қорына да еніп үлгерді. Соны­мен қатар оның партитураларын бүгінгі таң­да еуропалық және ресейлік баспалар да жариялап жүр. Мәселен, 2022 жылы әй­гілі «Verlag Neue Musik Berlin» баспасы ­Рахат-Бидің симфониялық оркестр­дің әр аспабына арнап жазған шығар­ма­ларын қамтитын «Selected Solo Works» («Таңдаулы жеке шығармалар») атты арнайы жинағын да шығарды. Рахат-Биге дейін мұндай ауқымды жобаны тек ұлы итальяндық композитор Luciano Berio ғана жүзеге асырғаны белгілі.

Жетіншіден, 2018 жылдың 9 сәуірінде Рахат-Бидің Парижде француз флейта оркестрінің 24 флейта аспабына арналған «Des pensées de loin» («Алыстан жеткен ойлар») атты шығармасының премь­ера­сы да өте сәтті өтіп, бұл симфония­лық шығарманы француздар өз репертуары­на бірден қосып алса, 2021-2023 жылдар аралығында Германияның «Kreuzberg records» сынды аты әлемге әйгілі дыбыс жазатын фирмасы Рахат-Бидің үш фор­тепианолық CD-дискілерін шығарған-ды. Олардың бірі – «Rakhat-Bi Abdyssagin plays Chopin and Liszt», екіншісі – «Rakhat-Bi Abdyssagin plays Viennese Classics: Haydn, Mozart, Beethoven», ал үшіншісі – «Rakhat-Bi Abdyssagin plays Beethoven» атты үлкен таралыммен жарыққа шыққан туындысы болатын.

Сегізіншіден, музыкалық шығар­ма­­­­­шы­лықпен қатар Рахат-Би ғылыми-зерт­­­­теу жұмыстарымен де белсенді айна­­лысады. 14 жасында ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Математика және заманауи музыка» атты еңбегін жа­­риялады. Ол туындысы 2013 жылы Мәс­­кеуде өткен VII Халықаралық ғылы­ми жобалар байқауында 1-орынға ие бол­ды. Сондай-ақ оның «Грани гармонии», «Десять прикосновений к звучащему космосу», «Божественный путь» атты шығармалар жинағы да жоға­рыда айтыл­ғанның айқын дәлелдері. Сондай-ақ талантты композитордың Ұлттық ғылым академиясы мен университеттер журналдарында да бірнеше ғылыми мақалалары жарияланған болатын. Және ол 13 жасынан бастап, Алматы қаласының оқушылар сарайында, Қазақ ұлттық өнер университетінде, Қазақ ұлттық консерваториясында, сол сияқты Италияның Бер­гамо қаласындағы Санта-Чечилия му­зыка академиясында «Музыка жолдары», «Математика және музыка» атты дә­ріс-концерттерін де өткізіп келеді. Со­сын зерделі ғалым ретінде Рахат-Би­дің бүгінгі таңдағы аван­гардтық музыка бойынша «Ең жаңа композиторлық жә­не орындаушылық техникалар» атты алғаш­қы оқу құралын әзірлеп, жариялаған ға­лым-автор екенін де атап өтудің жөні бар.

«Кісі болар кісінің кісіменен ісі бар» демекші, Рахат-Бидің биік дәрежелі кәсі­би маман ретінде қалыптасуының біре­гей сыры оның қазіргі заманның әлем­ге әйгілі композиторларының шебер­лік сабақтарына қатысып, тағылым­ды дәрістер алуында жатыр. Ол ком­по­зи­тор­лардың ішінде Италияның, Ресей­дің, Францияның, Швейцарияның, Аустрия­ның, Ұлыбританияның және өз еліміздің танымал тұлғалары бар.

Сонымен қатар Рахат-Бидің форте­пианода ойнау шеберлігін белгілі отан­дас педагогтер Ирина Вихновская, Гүлнар Құрамбаева, Светлана Массовер, сол сияқты шетелдік Константин Богино (Ита­лия), Нина Игудесман (Аустрия), Елена Иванова (АҚШ), Владимир Овчин­ников (РФ) сынды кәсіби мамандар да барынша жетілдірді. Өз кезегінде оның кәсіби шеберлігінің осылайша ұшталуы оның үлкен жетістіктерге қол жеткізуіне іргетас болды. Сол нәтижелері Рахат-Биді бүгінгі таңда тек өз елімізде ғана емес, бүкіл әлемде танымал етті. Музыка тео­рия­­сы бойынша Рахат-Би сонымен қатар музыкатанудың ондаған көрнекті қай­раткерлерінің дәрістері мен семинарларларына да белсенді қатысты.

2017 жылдың күзінде Рахат-Би халық­аралық іріктеу нәтижелері бойынша Ита­лияның үш жоғары оқу орнының докторантурасына қабылданады. Олардың бірі – Италия астанасы Римдегі жоғары музыкалық білім беретін Санта-Сесилия ұлттық академиясы болса, екіншісі – Ита­лияның Падуа қаласының Чезаре Поллини атындағы мемлекеттік консерваториясы. Біріншісінде ол қазіргі заманның көрнекті композиторы Иван Феделенің сыныбында оқыса, екінші­сінде әйгілі пианист, Халықаралық му­зыка Академиясының директоры Кон­стантин Богиноның тобына түсті. Рахат-Би сонымен қатар Италияның Милан қаласындағы Джузеппе Верди атын­дағы консерваториясының докторан­турасындағы жаңа музыканың ірі өкілі Алессандро Солбиатидің сыныбына да қоса қабылданды. Ол 20 жасында осы аталған Еуропаның музыка саласындағы ең абыройлы үш жоғары оқу орнын үлкен нәтижемен аяқтап шықты.

«Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген  – екі адам» демекші, Рахат-Би болса, қазақ тілі­нен бөлек орыс, ағылшын, испан және итальян тілдерін де қоса меңгеріп алған полиглот.

Дәл осы тұста Рахат-Бидің кез кел­ген партитураны жатқа ойнайтын да­рын­­­­ды пианист қана емес, оның Ба­тыс Еуропа елдерінде, оның ішінде әсіресе Ита­лия, Франция және Ұлыбри­тания ғұ­ла­маларының арасында да ғалым-ком­­­позитор ретінде өте биік беделге ие бол­­­ғанын елемей кетсек, сын бо­лар еді. Мә­­селен, өткен көктемде Ұлы­­бри­­та­ния­­дағы ғылыми қоғамның ша­қы­­руы­­мен Рахат-Би Оксфорд пен Кем­бридж университетерінде болып қайт­қан-ды. Ол Оксфорд университетінің Вольф­сон колледжінде «Кванттық физика және авангардтық музыка»тақы­ры­бы бо­йын­ша новаторлық ғылыми баян­да­ма жасады. Сол баяндамасының мә­нін Рахат-Бидің өзі былайша түсіндіреді: «Фи­зика да, музыка да әлемдегі мәңгілік үйлесімділікті іздейді. Классикалық музыка немесе И.С.Бах, Г.Ф.Гандель, К.В.Глюктен, И.Гайдн, В.А.Моцарт және Л.Ван Бетховенге дейінгі классицизм дәуірі бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқан Исаак Ньютонның классикалық механикасы пайда болғаннан кейін ғана басталды. Ал авангардтық музыка болса, XIX-XX ғасырдың басында, яғни ғылым әлемінде іргелі жаңалықтар ашылған кезде пайда болды. Және бұл біздің ға­ламның құрылымы туралы түсінігімізді де түбегейлі өзгертті. Мәселен, Эрнест Резерфордтың атомды ыдыратуын алсақ, музыкада бұл кезең мультифониканың пай­да болуымен қатар, дыбыстық спектр­ге деген соны көзқараспен, сонымен қа­тар орындаушылық пен композиторлық техникаларға басқаша көзқарастардың туындауымен айқын көрінді. Мұның сыртында ол дәуір Альберт Эйнштейннің салыстырмалылық теориясы мен Макс Планк, Нильс Бор, Эрвин Шредингер, Вернер Гейзенберг, Вольфганг Паули, Энрико Ферми, Пол Дирак және басқа да ғалымдардың кванттық механикасы ашылған кезең болатын. Сол ғылыми тео­рияларды ескере отырып, мен-дағы өз баяндамамда физика мен музыканың да­му хронологиясына көңіл аудардым. Әсі­ре­се олардың арасындағы метафоралық корреляцияға көбірек назар аудара отырып, Штокхаузен мен Кейдждің таңдаулы музыкалық шығармаларынан физикадағы Гейзенбергтің «белгісіздік қағидатының» қандай да бір ұқсастықтарын іздеп табуға тырыстым. Сосын физикадағы Паулидің «тыйым салу қағидатына», иә болмаса музыкадағы Шоенбергтің декафониясына қатысты ізденістер де өте маңызды. Бұл тек бастамасы ғана. Алайда музыка мен физика арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Бірақ солай бола тұрғанымен, олардың екеуі де ғалам туралы білім. Ал Нобель сыйлығының лауреаты Вернер Гейзенберг болса, өзінің «Физика және философия» сынды кітабында өнер мен ғылымды адамзаттың Ғаламды сипаттайтын ерекше тілдері деп түйіндейді. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Осы орайда Кембридж университетінде физика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері атанған профессор Брайан Дэвид Джозефсонмен кездескенмін. Байқап қара­сам, сол ғұлама ашқан ғылыми техно­логиялық жаңалық ғылымның әр­түрлі салаларына белсенді енгізіліпті. Мы­салы, әлгі технология медицинада МРТ аппа­раттарының пайда болуына негіз болған екен. Сонымен қатар профес­сор Джозефсон – «Музыка адамның ақыл-ойы туралы не айта алады?» атты ғылыми мақаланың авторы. Сондай-ақ мен әлгі ғалым-тұлғаның өзімнің ғылыми жұмыстарыммен де жете таныс екеніне және музыкалық шығармаларымды да қоса тыңдап жүргеніне өте қатты таң­дан­дым. Ол профессор сонымен қа­тар маған Кембридж университетінің Тринити колледжін және аты аңызға ай­налған «Wren» кітапханасын да көр­сет­ті. Соның арқасында әлгі кітапханада Исаак Ньютонның қолжазбаларының түп­нұсқаларымен танысу бақытына да ие болдым. Енді, міне, дәл бүгінгі таңда мен Окс­форд университетінің арнайы шақы­рылған зерттеуші ғалым статусын­да көптеген дарынды физиктермен қатар жұмыс істеу мүмкідігіне де ие бол­ға­нымды жасырмаймын», деп ағы­нан жарылады.

Осы айтылғандарының бір дәлелі ре­тінде Рахат-Би 2018 жылы сол кез­дегі еліміздің энергетика министрі Қанат Бо­зымбаев бастаған Үкімет деле­га­циясы­ның құрамында Швейцария мен Франция­ның шектес аймағында орна­ласқан Еуропа­ның ядролық зерттеу­лер орталығында, ­одан ­да дәлірек айтқанда, бүкіләлемдік инже­нер­­лік мидың кіндігі саналатын әрі жер беті­нен 100 метр тө­менде орналасқан, пери­метрі 27 километрге теңелетін Ядро­лық зертеулер орталығында (халықара­лық атауы – CERN) болып, ғажап әсер алып, шексіз ша­быттанғандығы соншама, мұның соңы өзінің «Бөлшектер­дің құдіретті әлемі» («The Sacred Universe of Particles») атты туындысын жазуға серпін алғанын еске алады.

Құдіретті немесе киелі әлем демекші, киелі кітаптардың бірі Тәураттың бас­тапқы беттерінің бірінде адамның жаратылысы жөнінде мынандай түйіндеме тұр: «Адам – Аспан мен Жердің жара­тылысы. Дәлірек айтқанда, Құдіретті Құдай адамды микроәлем ретінде жа­ратты, оған макроәлемдердің де, қара­пайым материяның да барлық элемент­терін жинады. Аспан әлемінен табуға болатын күллі дүние мен Жер бетіндегінің бәрі де адам бойынан көрініс тапқан». Бұл түйіндеме – нағыз шындық. Өйткені макроәлемдегі күллі материяның атом бөлшектерінен тұратыны секілді Мен­делеев таблицасындағы күллі элемент атаулының барлығы да адам ағзасынан табылатынына ешбір күмән жоқ. Дәл осы тұрғыдан келер болсақ, жер бетіндегі 8 миллиардтан асып жығылатын адам баласының бәрі де, оның ішінде бүгін тілге тиек болып отырған сол миллиардтардың бірі әрі ұлы Абайдың толық адам концепциясына лайықты тұлға Рахат-Би де өзінше бір микроәлем екені даусыз. Және мұның нақты дәлелін ғалым-композитордың мына бір философиялық ой-түйіндерінен де табамыз. Ол былай дейді: «Әдетте адамды мұхиттың бір түйір қиыршық құмына теңейді. Ал шындығында, адам – бір түйір құмдағы мұхиттың дәл өзі. Сондай-ақ ол былай дейді: «Әдетте адамдар уақыт өтеді дей­ді, ал шындығында уақыт емес, адам өтеді». Бұл да шындық. Өйткені уақыт пен кеңістік – мәңгі мызғымайтын макро­­әлем. Ал адам баласы болса, сол мәң­гілік макроәлемге келіп-кетіп тұра­тын микроәлемнің өкілдері.

Мақала соңын тұйықтай келе, оны еліміздің музыка өнерін сүйетін қауымға жеткізетін сүйінші хабармен түйін­де­­cек артық болмас. Алла бұйыртса, 2024 жыл­дың басында Рахат-Бидің «The Bruce» атты (орган аспабы, хор және солис­тердің қатысуымен орыдалатын) жаңа опе­расының тұсауы Еуропа төрінде – Ұлы­британия құрамындағы Шотландияның бірнеше қаласында, оның ішінде бас қа­ласы Эдинбургте кесі­лейін деп отыр. Нақтырақ айтсақ, да­рынды комозитордың өзінің тікелей сүйе­мелдеуімен орган сынды ғажап музыкалық аспаптың тылсым үнінің ауанында Шотландия халқының ұлттық мақтанышы әрі 1274-1329 жылдар аралығында өмір сүрген, алдағы жылы туғанына 750 жыл толатын батыр да атақты Королі Роберт Брюсьтің тарихи тағдыры көрініс табады. Заманауи операның беташар премьерасының қойылымдары ке­лесі ақпан айының 17-сі мен 24-і ара­лы­ғында Глазго соборында (Glasgo Cathedral), сонымен қатар Әулие Джайлз соборында (ST Gile’s Cathedral), сол сияқты Әулие Эндрюс университетінде (Unversty of St Andrews) және наурыздың үші күні Данфермлин аббаттығында (Dunfermlne Abbey) өтетін болып отыр. Бұл сүйінші жаңалықтың дәлелі ретінде аталған операның авторы Рахат-Бидің атына жоғарыда аталған соборлардың жетекшілерінен келіп түсіп жатқан ресми құжаттарды айтсақ та жеткілікті.

Тарихи және лингвистикалық тұр­ғы­­дан дәл осы тұста герман тобы­на жа­та­тын немістердің де, ағыл­шын-саксон­дық­тар­дың да, тіпті сканди­навиялық викиңг­тердің де түпкі тамыры сақтардан бастау алатынын ескерсек, Рахат-Бидің жоғарыдағыдай тарихи тақырыпқа баруы­ның жайдан-жай емес екенін де түсіну қиын бола қоймас деген ойдамын. Ендеше, еліміздің бетке ұстар азаматы әрі оның өз сөзімен айтқанда, кіндігі қазақ топырағына байланған ұлтжанды Рахат-Биге: «Жолың болсын, батыр! Осы уақытқа дейін асқан асуларыңнан келер болашақта алатын асау шыңдарың биік болғай!» деп ақ батамыз бен шынайы тілегімізді жеткізелік, ақ ниетті ағайын.

 

Әділ Ахмет,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор