Заңнамалық деңгейде бекітілген атаулы күн – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының да төл мерекесі. Біздің партиямыз ауыл тұрғындарын ғана емес, ауылды аймақтар мен ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып, оны әлеуметтік қамту бағытында жұмыс істеп жүрген шаруалар, агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері, білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласының өкілдері сынды азаматтарды біріктіреді. Сондықтан да бұл мерекені біздің төл мерекеміз деп айтуға толық негіз бар.
Мемлекет басшысы ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай сөйлеген сөзінде «Тәуелсіз елдің табысын арттыруға азаматтарымыз маңдай терімен үлес қосып жүр. Шын мәнінде, табанды еңбек зор табысқа жеткізеді. Барлық саланы, әсіресе өндірісті білікті мамандар дамытады. Сондықтан біз бір ел болып, қоғамда еңбекқорлықты дәріптейміз. Адал еңбек пен жауапкершілік жаңа қоғамдық этиканың өзегі болуы керек. «Еңбегіне қарай – құрметі», деді.
«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасы Мемлекет басшысының осынау ұстанымымен тереңнен үндесіп жатыр. Осы ретте партияның мүшелері екпінді еңбектері үшін жыл сайын түрлі мемлекеттік және салалық наградаларға ұсынылады. Кейінгі жылдары партияның мыңнан астам мүшесі аталған наградалармен марапатталғанын мақтанышпен айта аламын.
Біздің бағытымыздың Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатпен үндестігінің тағы бір жарқын мысалы – Президент жоғарыда айтылған салтанатты марапаттау шарасында жастарға қатысты: «Мен жастарды жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз», деп жас ұрпақты жігерлендіретін жалынды сөз айтты. Мемлекет басшысының бұл тілегін «Ауылдың» жастар қанаты «Еңбек адамы – ел тірегі» атты партия бастамасы аясында еңбек ардагерлерімен, белгілі шаруалармен, ауыл шаруашылығы мекемелері жетекшілерімен мотивациялық кездесулер өткізу арқылы жүзеге асырып келеді. Партия жастары сондай-ақ өз жұмысын күшейту мақсатында «Жаңа көшбасшылар мектебі» бастамасы аясында жылда ауыл жастарының республикалық форумын өткізеді. Ұйымдастырылған кездесулер партия жастарының креативті идеяларын жинақтауға арқау болды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана қазақ. Еліміздің ертеңі, біздің болашағымыз – жастарды бүгін қайда және қалай бағыттайтынымызға байланысты болмақ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Партия аталған мәселені ешқашан назардан тыс қалдырған емес.
Ел басшысы гендерлік саясаттың маңыздылығын айқындай отырып, «Прогрессивті елдің тағы бір маңызды белгісі – әйелдің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан біз әйелдердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударуымыз керек», деп атап өткен болатын. Осы орайда «Ауыл» партиясы Қазақстан халқының 52%-ы әйелдер екенін ескере отырып, партияның атынан өңірлік мәслихаттарға 27 әйел сайланды. Ал республика бойынша партиядан ұсынылған депутаттардың 12%-ы – әйелдер.
Жалпы, отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие ауылдан бастау алады. Руханиятымыздың өзегі саналатын ауылдың осы әлеуеті ұлт дамуына қызмет етуі керек. Ауыл әйелдерінің саяси көшбасшылығын ілгерілету, отбасы институтын нығайту үшін қазақы құндылықтарды кеңінен насихаттау, ұлттық тәрбие ұлағатын сақтап қалу, сонымен қатар отбасы, әйел мен бала құқықтарын қорғау мәселелерін қарастыру мақсатында «Ауыл» партиясы жанынан қоғамдық негізде жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган – «Мейірім құшағы» атты әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның алғашқы отырысына онлайн және офлайн форматта «Ауыл» партиясына мүше 200-ге жуық белсенді әйел, қоғам қайраткері, түрлі саланың мамандары қатысты. Партияның ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет өткен «Ұлт рухының ұясы – ауыл ана» атты ауыл әйелдерінің I республикалық алқалы жиыны «Мейірім құшағының» заңды жалғасы іспетті. Айтары мол алқалы жиынның мақсаты – партияның гендерлік теңдік мәселесіндегі ұстанымын айқындау, ауыл әйелдерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру, олардың саяси көшбасшылығына соны серпін беру, әйелдер мен балалардың әлеуметтік мәселелеріне қоғам назарын аудару.
Жалпы, елімізде 500 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Көпбалалы аналардың басым бөлігі ауылда тұрады. Сондықтан бұл мәселе әрдайым «Ауыл» партиясының назарында.
Елге тұтқа болар азаматтардың басым бөлігі ауылда туып, қанаттанғаны белгілі. Бүгіннің осынау ақиқатын басшылыққа алған «Ауыл» өз бастауын кешегі бабаларымыздан алып, тарих тезінен өтіп, бізге жеткен ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлеріміз қайнар бұлағына айналған ауылды көздің қарашығындай қорғауға барын салады. Себебі мемлекеттілігіміздің бастауы, тарихта «Жеті жарғы», «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы» атауымен қалған заңдар жиынтығы да ұлтымызға тән құндылықтар мен дәстүрлер негізінде жасалған.
Заң мен тәртіп – егіз ұғым. Бұлар бар жерде әділет пен мәдениет салтанат құрады. Жер бетіндегі барша халық ғасырлар бойы талмай қол жеткізуге талпынған демократия осы. Бұл жөніндегі өз ойын Президент Республика күніне арналған жиында «Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ», деп түйіндеді.
Парламент Мәжілісіндегі Партия фракциясының комитет мүшелері қашанда халық үніне құлақ асып, айтқан барлық проблемалық мәселені дер кезінде көтеріп, депутаттық сауал ретінде атқарушы билікке жолдайды.
Партияның Парламентке өтуі Президенттің саяси реформалары арқасында жүзеге асырылып отыр. Бұған басқа елдер көп жылдар бойы қол жеткізеді. Еліміз кейінгі жылдары түбегейлі жаңғырды. Біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды қадам, біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа жүрді.
Қазір партиямызға әрбір сайлаушының үні жетіп жатыр. Партиямыздан Мәжіліске өткен 8 депутат сайлаушылармен жаздағы кездесу аясында еліміздің 16 облысы, 60-тан астам ауданында, оның ішінде шекарадағы аудандарға барып, ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Нақты айтқанда, 111 елді мекенге барып, 2220 сайлаушымен 126 кездесу өткізіп, 138 проблемалық мәселе жайлы мәлімет алып қайтты. Кездесуге келгендердің басым бөлігі ауыл адамдары болды.
Мәселен, сайлауалды бағдарламаның өзекті міндеттері бойынша бүгінде қоғамды алаңдатып отырған, шешімі кезек күттірмейтін киіктер мәселесі, су, қант пен ұн өндірісі, субсидия жайы тәрізді 22 депутаттық сауал жолданып, Аграрлық мәселелер комитеті аясында 5 көшпелі және бірнеше тақырыптық отырыс ұйымдастырылды.
«Ауыл» фракциясы депутаттарының қатысуымен Су, Салық кодекстері, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы заң жобалары бойынша елеулі жұмыс атқарылды. Ветеринарияны, балық және орман шаруашылығын, жергілікті басқаруды жетілдіруге бағытталған заң жобаларына түзетулер енгізді. Депутаттарымыз «Қоғамдық бақылау туралы» заңға белсене қатысты. Қазір сайлауалды бағдарлама міндеттерін іске асыру мақсатында «Аграрлық банк туралы», «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобалары әзірленіп жатыр.
Ауылдық елді мекендерді дамыту және қаржыландыру мәселелері ерекше назарда. Үкімет пен мемлекеттік органдарға ауыл мен ауыл тұрғындарының проблемаларын шешу мақсатында 30-дан астам ұсыныс берді. Мәслихаттардағы «Ауыл» партиясының депутаттары жергілікті атқару органдарына 735 ұсыныс енгізді. Мұның бәрі ел Президентінің тапсырмаларын орындау аясында жүргізіліп жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Еліміздің кейбір өңірінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40%-ы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60%-ы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», деді. «Ауыл» партиясы аталған Президент тапсырмасын негізгі жұмыстарының бірі деп айқындады.
«Ауыл» партиясы қашанда «Біз біртіндеп қоғамды өзгерту және демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымаймыз. Әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда заң және құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды. Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады. Екі жылға да жетпейтін аз уақытта елімізде іске асырылған реформалар халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті. Енді жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол. Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз. Өзгерістер әлі жалғасады және мемлекетіміздің сипатын толық өзгертеді» деген Президент сөзін бағдарға алады және бұл айтылғандар ұрпақтарымыз арқылы жалғасын табуға тиіс.
Партиямыздың ұстанған бағытының дұрыстығын, сайлаушыларымыздың бізге деген сенімінің артып келе жатқанын айғақтайтын тағы бір жағымды жаңалық бар. Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдың 5 қарашасында, жексенбі күні Қазақстанда алғаш рет қанатқақты режімде 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауы өтті.
Бұл оқиға – Қазақстан Республикасының саяси өміріндегі маңызды сәт.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау – қазақстандық қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртуға бағытталған реформаларды тиімді іске асыру мақсатында ел аумағында кезең-кезеңімен қолға алынып жатқан ауқымды бастамалардың бірі.
Әкімдер сайлауын өткізу идеясын Мемлекет басшысы алғаш рет 2019 жылы Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында көтерді. Аталған идеяны жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде әкімдер сайлауын 2021 жылы ауыл, кент, ауылдық және кенттік округтер, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар әкімдері деңгейінен бастауды ұсынды.
Бұл сайлауға «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы да қатысып, өз үміткерлерін ұсынды және саяси науқан барысында өз өкілдеріне үгіт-насихат шаралары кезінде барынша қолдау көрсетті.
Сайлау қорытындысы бойынша «Ауыл» партиясы атынан саяси додаға түскен, өз өңірінде еңбегімен елге танылған 3 үміткеріміз жеңіске жетті. Партия атынан ұсынылған үміткер жеңісі – халық арасындағы партия абыройы мен партияға артқан ел сенімінің тағы да бір көрінісі. Олай болса, ел үмітін ақтау – бізге парыз.
Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан қоғамдағы саяси реформалардың нәтижесінде «Ауыл» партиясы алғаш рет Мәжіліске өтіп, саяси аренада жаңа белеске көтерілді. Осы тұрғыда партияның жауапкершілігі күшейіп, саяси салмағы арта түсті. Бұл орайда, партияның қазанда өткен кезектен тыс съезінде халық игілігі жолында атқарылар жұмыстың тың әрі нақты бағыттары айқындалды.
Атқарылған осынау іс-шаралар мен келер күндерге межеленген игі бастамалардың басты мақсаты – мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне жұмыла атсалысу.
Серік ЕГІЗБАЕВ,
«Ауыл» ХДПП төрағасы,
Мәжіліс депутаты