Аймақтар • 17 Қараша, 2023

Абай облысының дәрігерлері қызылшаға қарсы вакция алуға шақырды

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысы бойынша қызылшаның зертханалық расталған 75 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Семей қаласында - 44, Аягөз ауданында - 12, Үржар ауданында - 11 және Жарма ауданында - 8 факті анықталған. Бұл туралы Абай өңірлік коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысының дәрігерлері қызылшаға қарсы вакция алуға шақырды

- Сырқаттанушылықтың 55 жағдайы яғни, 73,3% 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Жасөспірімдер арасында дерттің өршуі вакцинациядан бас тарту салдарынан орын алып отыр. Қазіргі уақытта республика бойынша 6 айдан 10 айға дейінгі балаларды қызылша және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Жаппай иммундау эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін жалғасады, - деді А.Тоқтабаева.

Бүгінде жаппай иммундау шеңберінде 2449 адам екпе алған. Оның ішінде 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар саны – 1400, 2-4 жастағы балалар – 1013, медицина саласының 36 қызметкері вакцинацияланған.

Айгүл Тоқтабаеваның айтуынша, қызылшаны жұқтырудың, я болмаса, асқынуының алдын-алудың бір ғана жолы – вакцинация алуда. Сол негізде облыс бойынша 6 айдан 11 айға дейінгі 9191, 2 жастан 4 жасқа дейінгі 25700 нәрестені вакцинациядан өткізу жоспарланып отыр.

Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және мемлекеттік тіркеуден өткен қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация облыстағы рұқсат етілген барлық медициналық нысандарда тегін жүргізіледі.