Тарих • 19 Қараша, 2023

Сұлтанмахмұттың наласы

391 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арманы мен мұраты, ойы мен мүддесі белгілі әдебиетте. Өзі айтпақшы, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болам» дегеннен асқан не мұрат керек. Ақыры солай болды да. Мұрат-мүддесі бол­ған соң оның қайғысы мен қапасы, мұңы мен наласы және бар. Біздіңше, Сұл­танмахмұттың наласы деген оқшау тақырыпты әдебиетке енгізген жазушы – Мұх­тар Мағауин. Жиырма жеті жыл ғана жасаған ақынның күнделігінде бірер сөй­лем, бір топ өлең ретінде сақталып, күллі қазақ даласына тараған, өң өкі­ніштісі, сол кезде, заманында қалып қойған нала емес. Және жалғыз Сұлтан­махмұт Торайғыровтың ғана емес, күллі қазақтың наласы мен көз жасы.

Сұлтанмахмұттың наласы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыншама жариялық заман болса да, әр-әр жерге кірігіп, баттасып кеткен жаман әдет, кеселге пара-пар әрекет ту­дырған. Оны танып-білу үшін көп ақыл керек жоқ. Мұхтар Мағауиннің «Нала» деген шап-шағын әңгімесін оқып шықса жеткілікті.

Иә, біз әу баста Мағауин жазған «Нала» деген әңгімені емес, Сұлтанмахмұттың өлеңдерін оқып шыққанбыз ертеректе. Есті оқырман ақынның 1914 жылы жазылған шумақтарын оқып отырып, нендей күй кешкенін бірден сезер еді. Сол жылғы жырларының алдында аң­датпа секілді «Күнделік дәптерінен» атты екі-үш сөйлем бар. Әрі қарай алаш ақыны өлең болып ағылады. Әлгі жалғыз-ақ оқиға өміріне қатты әсер еткен. Жан дүниесіне соққы болып тиген. Қаншама тарихи өлеңдер қал­дыруына себеп болды дегенімізбен, үміті ақталмай, мұраты кесілгендей опын­дырғаны аңдалады. Сонда да күдер үзбе­ген, асыл мұраты мен алған жолынан қайт­паған алдаспан рух қайта қайралып, жарқылдап шығады. Ақын басынан өткерген дәл осы тұсты Мұхтар Мағауин «Нала» әңгімесінде ұғынықты жеткізіп қана қоймай, бүге-шігесіне дейін суреттеп, ұлттық мұратты күйретуге кесі­рін тигізген керітартпалықтардан жирен­діреді. Бұл жерде әңгімедегі жа­ғымсыз кейіпкерге ғана шұқшиып, соны жаз­ғырудың жөні жоқ деп білеміз. Шығар­мадағы Сәдуақасты жиынтық бейне ретінде қараса болады. Кеше де болған, бүгін де қаптап жүр. Жақсылықтары да бар. Бірақ бар жақсылығын ұлттық мұратты түсінбеген немқұрайдылығы жуып-шайып кетеді. Қазақ арасындағы үлкен қасіреттің басы да сол. Бай болып, жақсы атым шықса дейді. Әрнеге демеушілік етеді. Жарнаманың желігі­мен арзымайтын іске шашылады. Шын мәніндегі Алаш жолы, ұлттық мұрат сөйтіп кейін қала береді. ХХ ғасырдың басында ол елдің көзін ашу, халықты ағарту болса, қазір мәселе қайда екенін түсініп әрекет ету аса маңызды. Ондай игіліктерді әрі оқыған, қолында ісі бар бақуатты адамдар қолға алмаса, көпшілік заман ағымына ере берері тағы анық жай. Сондықтан жазушының осы әңгімесін қазіргі қазақ қалталылары түйсініп оқыса деген ой иектейді. Бұл жерде қалталы дегеніміз бай емесін айтамыз. Бай – дәулетті ғана емес, бір елге пана болған, дәулетіне сай рухани әлемі де жетілген толық адам санатынан дер едік. Ал май кекіріп жүрген, ақшасы көп немесе бар болса да, көрсетпеуге тырысатындарды қалталылар деп қоя саламыз. Қазіргі қазақ қалталыларының көбі Сұлтанмахмұт сынды елдік жолын ұстанған жастарды қолдап, қазаққа пайдалы істі өркендетуді көздей бермейді. Өркендетуге тырысатындар да бар, бірақ аз. Қазақ қоңдана бастаса, тойхана салып, демалыс орындарын ашады. Немесе әлдебір өнімсіз істерге ақша шашып, атағын шығаруды көксейді. Өнеркәсіп бастап, халықтың көзін ашайын дегендері бірен-саран.

Әңгімені оқып болғанда ішің күйеді. Әдебиеттен, оқығаннан сабақ алмаған мешеулігіңе қапаланасың. Жазушының та­ным-түйсігі мен шеберлігіне сүйсінесің. Көре­гендігіне қайран қаласың. Ол за­ман­дағы келеңсіздіктердің бүгінге же­тіп ар­тылғанына қапаланасың. «1914 жылы 7 жолдаспен Шорман ауылына өзімді қазақшылық айналасында көру үшін бардым. Жолдағы елде менің көлеңкемді сыртымнан естіп, бадырайтып көрсетпеген ел жоқ», деп жазады күнделік дәптеріне Сұлтанмахмұт Торайғыров. Жазушы Мағауин осыны және мұның алдындағы «Шоң» серіктестігі туралы екі өлең мен одан арғы бір топ жырды негізге ал­ған да, өзегін жарып берген. Әңгімеге ар­қау өлеңдер ақынның «Сарыарқаның жаң­быры» кітабының 100-110-беттерінде тұр.

Ақын осы жылы туған еліне келе­ді. Оған дейін Тройцкіде медреседе білім алып, «Айқап» журналында өлең, мақа­лалары басылып, бағытын айқындаған тұлға. Заман ығына қарай орысша да үй­реніп қалған. Ең бастысы, Алаш мұ­ра­тын ұғынып, ел-жұрттың көзін ашып, санасын ағартуды көздеген, жасы жиыр­мадан жаңа асқан. Бар ойы – елге пайдасын тигізу. Қырда салпылдап малдың соңында қалған жастардың талаптысын жаңа өмір нарқына жеткеріп, орысша үйретіп, заң-зәкүнді білдірсе, қақысын біліп өссе деген тілек. Сонда қайтпек, істі неден бастамақ? Елдегі байдың көбі баласын оқытуға жүрексінеді. Барып, көріп, үйреніп келген өзін көрсе ептеп сенім туады, екі арада дәнекер боламын деген асыл мұратты ойлай келе мынаған тоқтайды: «Серіктік ашу! Оның мәнісі – ағайын-туыс, ел ішін аралап, жастарды оқыту мақсатында көпке ортақ қаржы қорын жасау. Жаңағы жастардың тым құрыса Медресе-Ғалияға жетуіне жол ашады. Оған дейін бұл ауылға осы заманғы мәдениет, ғылым-білім ұрқын шашатын көшпелі кітапхана ұйымдастырса несі бар? Ыстанбұлдан, Петербордан, Ташкент, Уфа мен Қазаннан түрік, шағатай, татар тілдеріндегі, жәдит үлгісіндегі жаңа кітаптарды алғызады, одан да мәндірегі, дәл бүгінгі күнге керегі – «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына жаздырса, қазіргі ақшалы, бірлі-жарым кісі емес, қара танитын жалпы жұрт оқыр еді ғой. Содан соң бұл көшпелі кітапхана аясында алаштың үлкен-кішісіне арнап мәнді, мағыналы дәрістер өткізіп тұруға болады: бүгінгі заман райы, Ресейдегі, алыс қиырдағы жұрттардың ахуалы, қазақтың өз ішіндегі жаңалықтар мен елге ой салатын ғибратты кеңестер... Серіктік милеттің көзін ашу жолындағы үлкен күшке айналады...», дейді Мағауин.

Егер іс осылай басталып жүріп берсе, бұдан да биіктерге құлаш ұрмақ ниетте. Ол замандағы ең биік меже жоғары оқу орнында білім алып, дүние іліміне қанығу екені белгілі. Қысқасы, елдің көзін ашып, қызмет ете беру, өріс кеңейту. Орыстан қақысын талап ете алатын сауатты ұрпақ қалыптастыру жолына тас бекінген ақын ауылындағы игі жақсыларды Ілияс қажының үйіне жиып, үлкен мәжіліс құрады. Түпкі мақсатты түсіндіреді. Бүгін бала оқытамыз, ол ертең теңеліп жұрт қатарлы өмірге бастайды, өркениет көшіне ілігу, қақымызды білу, орыстың заң-зәкүнінің оң-терісін ажыратарлық сауатпен өмір сүруге жету, ұлт ретінде теңелу, сол жолда тер төгіп жатқан Әли­хан төре мен Ахмет Байтұрсынұлын айта отыра «Шоң» серіктігінің жалпы міндетін түсіндіріп шығады. Сөйтсе, мәжіліске келгендердің сиқы мынау: «Газет-журналға сөзі басылып, елге дабыра болған, сірә, орыс ішінде үлкен шенге жеткен үлкен ақын жігіт патша болмаса да, жандаралдың әлденендей шұғыл жарлығын мағлұм қылар деп ойлаған. Біреуде кеткен есемді жоқтап шағынсам, немесе оязға орысша ғарызнама жаздырып алсам деп келгендер де бар. Көрді – орысша киініп, шаш жібергені болмаса, кешегі өздері білетін Махмұт. Ақ патша қайда, жандарал қайда, берідегі ояздан әкелген хабары жоқ. Мүмкін тоқты-торым атаса дуанға арыз да жазып берер, бірақ осы төңіректің өзіне хүкімі жүрмейтін тәрізді, елдің үлкен-кішісіне бұйрық қайда, өзі өтініш жасап тұр, сыңайы нендей бір бұлыңғыр іске әлде мал, әлде ақша сұрайды», деп қайырады жазушы.

Көркем дүние десек те, оқиға осы жағ­дайда өрбігені сезіледі. Бұдан төменірек те болуы мүмкін. Ол ақынның өлеңдерін парықтаса да байқалады. Жағдайға байланысты жырлардың өзегіне түскенінен болар, қолында басқа да деректер болуы бек мүмкін, жазушы қараңғылықтағы жұрттың мешеу санасы туындатқан ахуалды көз алдыңа әкеледі. Нанымды жеткізеді. «Нала» Әлихан Бөкейханның бір мақаласын еске салады. Елдің ішіне орыстың билігі дендеп енген соң қазақ баласы бұрынғыдай емес, мінезі өзгеріп салды деген сыңайдағы үлкен мақала. Болысқа қарағыштық, жалтақтық сияқ­ты жағымсыз әдеттердің пайда болуы ха­қында. Сол замандағы жаңашыл жас ақын өткізген мәжілістегілердің мінез-құлқынан да әлгіндей әдеттер төбе көр­сетеді. Десек те елдікті бетке ұста­ғандары да жоқ емес. Мәжілістің дас­тарқанын көтеріп, сол маңдағы қазақты жинап отырған Ілияс қажы өзі бастап жиырма сом береді серіктікке. Ол кезде бір қой екі сом екенін ескерсек, аз деу­ге келмейді. Ал бірер жағдайлы жуан тоқты-торым атап құтылады. Қалғаны тіптен бас көтермейді. Әсіресе малы бар ауқаттылар. Олардың ойынша, бұл не шешеді? Жоғарыда жазушы келтір­гендей қалыбынан аспаған жаман ой, арам пиғыл. «Сұлтанмахмұт мүлде түңі­ліп кетті», дейді жазушы. Қара басы­ның қамы үшін емес, елдік асыл мұ­ратты көксеген ер сөзіне маңайдың мен деген қазақтары бас көтермеген соң, түңілмегенде қайтпек? Бірен-саран ғана болмаса, сау ақыл, сергек көңіл мен ұлы мұраттың осы түңілісі өз кезінде қалып қойса жақсы еді. Бертінге ілесіп, бүгінге дейін жетіп отырғаны кімді де болсын қынжылтпай қоймайды. Сон­да ақынның түпкі мақсатын түсініп, маңай­дағы қазақтарды үйіне шақырып, тай сойып мәжіліс жасап берген Ілияс қажылар аз да болса әр елде бар және ұлтты сақтап келген осы Сұлтанмахмұт пен Ілияс екенін естен шығармауымыз керек. Атаулы күні мәжілісте атқамінер қазақтардан түңіліп кеткен ақынды үйіне қондырып күтіп, ертесіне қолдаған жалғыз Ілияс қана. «Серіктік құрдымға кетті...» деп әбден түңіліп, түні бойы ұйықтай алмай шыққан Сұлтанмахмұтты қажы сөзбен көтеріп, Шорман ауылына бағыттайды. Ондағы ойы – осыдан екі жыл бұрынғы Сәдуақас мырзаның уәдесі. Елдің жақсылары көптеп-көмектеп ақын­ды оқуға жібергенде мырза «тағы бірде көмектесермін, әзірге осы жиналған қара­жаттарың да жетеді екен» дегендей уәжбен құтылып кете салған көрінеді. Осыны есепке алған қажы Сұлтанға Сәдуақас ағаңа барып сәлем бер, алдынан өт дейді. Алайда тіленіп сұра демейді. Қазақ жолына салса, оқыған, ел билеген, беделді азамат, мән-жайды ұғуға тиіс. Бірақ... Жұматай Жақыпбаев ақынша айтқанда, «өрісте малы, өкімі, билігі жоқтың, сүйегіндегі жүйріктік кімдерге дәрі?..».

Мың жерден оқысын, тоқысын, қо­лына мөр ұстап ел басқарсын, елге азды-көпті пайдасы тисін, ұлттық мұрат­ты терең танымаған соң бәрі бекер. Ол тұлға болып шықпайтынын уақыт дә­лелдеп берді бүгінде. Қазақ тарихына көз жүгіртсек, ұлт мұратын жете таны­ғандарды отарлаушылар өмірі би­лік­ке жіберген жоқ. Өздеріне жағынбай, ұлт мүддесін ойлағандарды атып тастап отырды. Алаш арыстарынан бастап бер­тінде қуғындалған тұлғалардың өмірі дәлел бұған. Ж.Тәшенов сияқты бірен-са­ран ғана тұлғалар Алланың қалауымен би­лікке шығып кетті, қалғанын түгелдей қы­рып-жоюмен болды. Ал патшалық һәм кеңестік билікке жаққандар белгілі...

«Бұдан арғысын... жазғым келмей кетті. Несін жазам?» деп басталады осынау шағын шығарманың екінші бөлімі. Жанды жеріңнен тиетін тұсы да осы сияқты. Рас, ақынның қайтқан меселі, жер болған көңілі одан бетер тұқыртылып, жерленгені есті жанның кез келгенін қинайды. «Қалған көңіл – шыққан жан» демей ме халық? Бұл жердегі мәселе – қалған көңіл, ақталмаған үміт тек Сұл­­танмахмұттың жеке басы емес, ел бо­лу­­дың үміті желге ұшып тұрғаны. Оны ұқпаған, тіпті ұғуға да тырыспаған Сәдуақас мырза Сұлтанмахмұтты құр қол ат­­тандырып салатыны айтпаса да түсі­нікті. Онымен қоймай ақын жанындағы жігіттерімен үйіне барғанда жата келіп мақтанады ғой. Аталарының патшадан алған шенін, түрлі сұмдық жауһарларын көрсетеді. Сосын бір табақ ет пен қымыз. Басқа түк жоқ. Ол үшін ақынның «Бір адамға» атты өлеңімен жазасын да тартты. Бұл – тарихтың ащы сабағы.

«Тарығып келгенін біле тұра, іс жолында жүргенін біле тұра, тышқақ лақ атамаған. Тым құрыса, бір тай берсе, бір қыстың азығы еді. Бермеген. Аштан қатырған, аурудан өлтірген. Сіздің ата­ңыз. Алаштың ұлы ақынын. Биыл 100 жылдығын бүкіл Қазақ республикасы тойлағалы жатқан Сұлтанмахмұтты!

Бермегені сараңдық емес дедім. Қысас. Қасақана қорлау. Сенің атаң ақ патшаға қарсылығы үшін айдауға кеткен, менің атам патша ағзамға адалдығы үшін марапатқа жеткен. Сен кімнің тұқымысың, мен кімнің тұқымымын – сен кім, мен кім демек. Ұқтыңыз ба? Ал содан бері қанша уақыт өтті? Кім-кім бо­лып шықты? Сұлтанмахмұттың артында қалған қазына, міне, 100 жылдығына жетті. Шорманның қазынасы қайда? Сұл­танмахмұтқа бермей қалған тайын өзі мініп кетті ме?» деген жолдар ойлан­дыруға тиіс.

Тағы бір тараптан біз әдебиеттен, оқығаннан үлгі алып, нәтиже шығарар ұлт болсақ, Сұлтанмахмұт кешірген сол нала бүгінге жетпеуге тиіс-ті. Онда бертінде өмір сүрген Жұматай Жақыпбаевтың жаңағы өлеңі жазылмас еді. Әрбір дарын­ның сүйегіндегі жүйріктікті елдің игі­лігіне айналдырмайынша, ұлт өркениет көшіне ілесе алмайды екен. Осыны түсіну керек.

Біреуден бір нәрсе алып баюды көз­демеген ақын бұдан жасып қал­ма­ға­нын жазушы әрі қарай асқан шебер­лікпен талдайды. Өлеңдерін талдап әкеліп, әңгі­менің ұшын тәуелсіздікке жалғағанда, көз алдыңа тұтас панорама тізіледі. Қалай­да ұлттың наласын, елдің жай-жап­сарын жүрегімен сезінетін ұлттық бур­жуазия қалыптасу керек. Өйтпегенде қазақтың байлығы қайда кетпей жатыр? Шетелдерге демалысқа, серуенге, отандық отшашуларға, ас пен тойға, шатты-бұттыға...

Ал өмірін ұлтының мұрат-мүддесіне арнап, 27 жыл ғана ғұмырында жатпай-тұрмай ізденіп, рух шырағын маздатып өткен ақынның жырлары – әлі күнге жан азығы. Рух пен сананың қуат көзі ретінде ұрпақты қоректендіріп келеді. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып Күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам?» деген «Шәкірт ойы» мен «Бір адамға» өлеңінің арасында жер мен көктей алшақтық емес, ұлы мұраттың наласы мен көз жасы жатқанға ұқсайды. Сол шәкірттік ойының жарығын қазақ даласына шашсам деп ел ішіне, бір адамдарға барғанда алған жауабы анау. Сөйтсе де мұқалып, жасымаған неткен асқақ әрі дауылпаз рух. Ауру-сырқау, жоқшылықта өтсе де, қаншама роман жазып қалдырған. Жаны мен жүрегінің алыптығын 30 жылға толмайтын ғұмырында ақындық мектеп қалыптастырып кеткенінен-ақ анық көруге болады. Алаш ақындары арасында есімі Мағжаннан кейін, тіпті онымен қатар аталуға тиіс деген ойдамыз. Жасы жетпей қалды, әйтпегенде қазақ өлеңінің бүгінгі өрісі бұдан да кең болар ма еді, кім білсін. Өйткені біз атын атаған екі ақынды өзіне үлгі еткен ақын Қасым Аманжолов екені анық байқалады. Әдебиетте ондай тегеурінді толқын болмаса, Қасым да, Қасымнан кейінгілердің де болу-болмауы екіталай.

Алаш мұратын көксеген ақындар іші­нен Қасым неге Сұлтанмахмұтты таңдады деп ойлайсыз? Ол алғашқылардың бірі болып «Сұлтанмахмұт туралы баллада» жазды. Торайғыров 1920 жылдың 21 мамырында қайтыс болады екен де, Қасым балладасын 1940 жылдың 20 мамырында жазып, нүктесін қояды. Ақын қайтқанының 20 жылдығын біліп, ескерген сияқты. Ол кезде Мағжан туралы жазу өлімге барумен пара-пар. Сұлтанмахмұт Мағжан сынды «халық жауы» ретінде ұсталып, репрессияға ілікпеген. Ерте өліп қалғандығынан. Бастысы, айыпталмай ажал құшты. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп Алаш гимнін жазып қалдырған ұстазын еске алу арқылы Қасым күллі сталиндік жүйеге қар­сылығын танытқандай көрінеді. Бал­ладаны асықпай, шұқшиып оқығанға ол анық байқалады. Бір кейіпкердің Сұлтанмахмұтты тіріге балап, өлмес жырын үлгі тұтуы, келесі кейіпкер оны арам дұшпанға балап, «тарихқа солай жазып бергем» дегені ақылға сыйымды делік. Алайда Сұлтанмахмұтты көрден тұрғызуы ше? Қабірден шығып, өзіне болысқан жаспен Жазушылар одағынан мүшелік билетін алуға жөнеліп кеткені – Сұлтанмахмұттың жеңісі деген сөз. Яғни ақынды жақтаған кейіпкердің пікірі дұрыс болып шыққаны. Керісінше, ақынға күйе жаққан кейіпкер қабір басында мола күзетіп қалғаны оның жеңілгенін білдіреді. Керауыз ұрпақ келмеске кетеді де, жаңа заман орнайтыны туралы үлкен емеурін осында тұр.

Екіншіден, Сұлтанмахмұт Қасымға ұстаз деп тегін айтқан жоқпыз. Қасым «Ақсәуле» тақырыбын сол ұста­зы­нан алған. Сұлтанмахмұттың «Ақсәу­лесін» оқы да, Қасымдікін оқы. Бір-бірін қайталамайды, бірақ кейінгісі алдыңғысынан үлгі алғаны аңдалады. Сұлтанмахмұт «Ақсәуле, күміс жүз­ді, құн­дыз қабақ» немесе «Назды, нәзік, ақ сәуле» деп бастайды. Өлеңнің тақы­рыбына дейін солай аталады. Цикл деуге болады. Қасым оны жаңаша жырлап, дамытып жіберген. «Ақсәуле, аспанда Аймен таласасың, төгіліп иығыңа қара шашың» деген жолдар туа сала әнге ай­налып кетті. Ол туралы КСРО халық әртісі, композитор, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанова: «1955 жылы «Әдебиет және искусство» деген жур­налды оқысам, Қасымның соңғы жазған өлеңдері бар екен. Соның ішінде «Ақсәуле» деген өлеңі маған бірден әсер етті. Біздер, композиторлар, кейде бір өлең ұнаса, оқып жатқанда ішімізден музыка шығып жатады. Осы өлеңді оқы­ғанымда бірден әні, мелодиясы жүре­гімнен шықты», деп еске алады.

Сұлтанмахмұт «Мен – қазақ, қазақ­пын деп мақтанамын» десе, Қасым «Мен – ­қазақтың баласы» деп жар салды. Және «Сертің осы азат жігіт, азат қыз» деген өлең­дердің серті ақынға Сұлтан­мах­мұт­тан көшкенін байқау қиын емес. Оны зер­делі оқырманның өзі де білетін болуы керек. Бір ұққанымыз, сертіне адалдар уақыт­пен бірге жасай береді.