Тарих • 19 Қараша, 2023

Сұхбаттарда қатталған тарих

457 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін және оңалту үдерістері: бірыңғай деректер базасын құру» – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қолға алған тарихи маңызы мол жобаның бірі. Жоба аясында авторлар қуғын-сүргін құрбандары туралы архив құжаттарымен қатар әр өңір тұрғындарынан естеліктер жинастырған.

Сұхбаттарда қатталған тарих

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сондай естеліктердің біразы Алматы және оның төңірегі тұрғындарынан сұхбат алу әдісі арқылы жиналды. Сұхбат берушілердің бәрі дерлік сол зұлмат жылдарындағы жандардың тағдыры туралы естіген-білгендерін тебірене, толғана әңгімелеп берді. Сұхбаттарда өрілген тарих – халқы­мыз­дың тағдыры, бастан кешкен ауыр қасіреті. Жақындарының жазықсыз екендерін айтқан ұрпағы ата-бабасының түбі бір ақталар деген үміт отын да сөндірген емес.

 

Асхат МЫРЗАЛИЕВ,

Алматы қаласының тұрғыны, тау-кен инженері, 62 жаста:

– 1918 жылы Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлер «Алаш» атты полкін құруды қолға алды. Атты әскер Жетісу өлкесінде де құрылды. Қазақ жігіттерінен жасақталған полк атаман Анненков, Колчак, Дутов әскерлері жағында большевиктерге қарсы соғысты.

Жетісу жері мен Шәуешек қала­сын­да Алаш Орда жасақтарын құру­ға басшылық жасаған Садық Аман­жо­лов қызыл әскерлермен болған шай­қас­тардың бірінде ауыр жараланған. Жетісуда «Алаш» атты әскерін құруға белсене атсалысқандар Мұхаметжан Тынышбаев, Отыншы Әлжанов және Ағыбай Сүттібаев еді. Алаш әскерін құрудан Қастек өңірінің жігіттері, оның ішінде аталарым шет қалмаған. Ағыбай Сүттібаев – менің үлкен атам.

Қастек болыстығының №2, 11, 19 ауылдарынан жасақталған атты әскер құрамына Шалтабай Құдайбергенов, Омарбек Жантаев, Сматай Арсеков, Ағыбай Сүттібаев секілді жігіттер кірген. Алаш әскері қатарында болған жігіттер қаруларын Алаш Орда тарағаннан кейін де тастамады. Олар 1919-дан 1935 жылға дейін Қастек, Қоңыртөбе, Суықтөбе, Талдықорған, Балқаш, Алматы аймағында кеңестік биліктің ызғарлы сая­сатына қарсы жанқиярлықпен күресті.

1931 жылы 18 қазанда Омарбек Жан­­таевтың 80 жігіті Бабешконың жаса­ғы­мен шайқасқа түседі. Алаш Орда үкі­ме­тінің жойылғанына қарамастан, оның идео­логиясының қуаты соншама, Қас­тектегі «Алаш» полкінің жігіттері ком­мунистік саясатқа қарсы­лы­ғын тоқ­тат­паған, олардың саны 400-500-ге дейін жеткен. Қастек түбінде құрылған атты әскердің қатарында болғандар 1946-1947 жылдарға дейін қарсылық көрсетіп келді.

Ағыбай Сүттібаев, оның ағасы Тулақ Сүттібаев 1916 жылғы көтерілістің де белсенді қолбасшылары болды, кейін «Алаш» атты әскерін қолдап, құрамында шайқасты, жігіттерді киім-кешек, қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге жәрдемдесті. 1916, 1919, 1928 жыл­дары ауылдарын құтқарып қалу үшін қырғыз жеріне қарай көшіріп, бассауғалатты.

1928 жылы кеңес өкіметі Ағыбай Сүттібаевтың мал-жанын, жерін тартып алады да өзін Қырғызстанға жер аударды. Ағыбай Сүттібаев пен ағасы Тулақ Сүттібаев патша өкіметінің де, кеңес өкіметінің де қудалануына ұшыраған. 1916 жылғы көтерілістен кейін патша өкіметі тарапынан қудаланып, Тұрпанға өтіп кетіп, аман қалады. Онда бар қиын­дықты бастан кешіп, 1917 жылы патша өкіметі құлағаннан кейін елге ора­лады. Олар Алаш қайраткерлерін қол­дайды. Жетісудағы «Алаш» полкі құрамына қосылады. Бірақ көп ұза­май, большевиктік өкімет билікке келіп, оларды қуғынға ұшыратады. Бұрын­ғы болыс, бай-манаптарға «Алаш Орданы қолдаушылар» деген айып тағылады. 1919-1920 жылдары Ағыбай Сүттібаевтың туысқандары тұт­қын­далып, Сібірге жер аударыла бастайды.

Атам Ағыбайдың баласы Мырзалы да көп жапа шекті. Мырзалы Ағыбаев пен ағасы Мұсахан Тулақовты бай балалары деп мектептен шығарып тастайды.

Ағыбайдың ұлдары: Жапарбек, Жапаралы, Өмірәлі, Несіпәлі, Жүнісәлі, Иманәлі – бәрі соғыстан қайтып орал­ма­ған. Ал Мырзалы Ағыбаев пен Дәуітәліні тыл­дың қара жұмысына қалдырады. Мырзалы Ағыбаев өмірінің соңына дейін қыс­пақ көріп, қуғын-сүргінді бастан кешті. Оған «халық жауының ұрпағы», «Алаш Орда тыңшысы» деген айып тағыл­ған. Қызыл қыспақтың кесірінен жиі көшіп-қонуына тура келген. Ол 1903-1978 жылдары өмір сүрді. Қанша қуғын-сүр­гін көрсе де заң жүзінде ақталмаған.

1932 жылы ел аштыққа ұшырағанда Күреңбел ауылын Құндақбай Тілепдинов, Қанапия Мұқашев бастаған азаматтар Қытайға көшіреді. Осылайша, кеңестік солақай саясаттың ыңғайына берілмей, қасқая қарсы күрескен қаһармандардың өздері де, ұрпағы да қуғын-сүргіннің тауқыметін тартты. Оларды бүгінгі күні заң жүзінде ақтап алу – борышымыз, бабалар аманаты.

 

Қуанышбек ЕСТАЕВ,

Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер, 74 жаста:

– Арғы атам – Сәмен батыр, бергі атам атақты – Диханбай би. Кішкентай кезі­міз­ден аталардың өткен өмірі, ерлік істері жай­лы әңгімелерді тыңдап өстік. Кеңес өкі­­метінің қуғын-сүргініне ұшыраған ата­­ларым – Қарынбай қажы Тасыбекұлы және Сәйдек молда Самылтырұлы өте бай, қуатты болған. Бай болғасын көзге де ерек­­ше түссе керек. Кәмпескенің кезінде Аба­йылда би Келгенбайұлы секілді туыс­қандарының малдары тәркіленіп, өзде­рі жер аударылған. Ал Қарынбай қажы Тасыбекұлы мен Сәйдек молда Самыл­тыр­ұлын «бай», «кулак» деп түрмеге жап­қан.

Қарынбай атамыз қажы болғандықтан дін адамы ретінде де коммунист-атеис­тер­ге жақпай қалған. Қарынбай қажы мұсыл­мандық парызын орындап, Мек­ке­ге қажылыққа барып қайтқан кісі. Мұсыл­ман­ша сауатты болған, хат таныған. Шық­қан тегі де осал емес. Сәмен батыр­дан Қапсалаң батыр, одан Диханбай би, одан Тасыбек. Тасыбектің бір ұлы осы Қа­рынбай қажы. Қажы атамыз 1916 жыл­ғы­ көтерілістің ұйымдастырушысы әрі бел­сенді қатысушыларының бірі болған.

Қарынбай Тасыбекұлы 1928 жыл­да­ғы кәмпеске кезінде түрмеге жабы­лып, содан қайтып шықпады. Әлі күнге дейін ақталмады. Сәйдек Самыл­тырұлы әулие болған кісі. Сәйдектің әкесі Самылтыр – 1916 жылғы көте­рі­лістің қолбасшыларының бірі. Ал Самылтырдың әкесі Диханбай би 1850 жылғы Үшалматы түбіндегі шайқаста Тойшыбек батырмен бірге қол бастаған батыр. Арғы атасы Қапсалаң батыр, ал Қапсалаң Сәмен батырдың ұрпағы.

Әшімқұл Ақпейілов ағамыз Сәйдек мол­да туралы көп білетін. Мұташ қария Әбдімәлікұлы мен Дариға Сәйдек­мол­дақызынан көп әңгіме естіген екен. Сол естігендерін бізге де айтып отырушы еді. Сәйдек молда Самылтырұлын, Жұматай би және Әбдіқайым деген кісілерді «бай», «кулак» деп Алматыдағы түрмеге отырғызады. Жұматай би мен Әбдіқайым түрмеде көз жұмады. Сәйдек молда түрменің ішінде олардың жаназасын шығарады да, өлімнің көбейіп кеткенін көріп, қашуға бел байлайды. Сөйтіп, түрме күзетшілерінің көзі көре алмай қалатындай ілімін оқып, қашып шығады. Түрме күзетшілерінің Сәйдек молданың көз арбауына (гипнозына) арбалғаны соншалық, Сәйдек молданың қасынан өтіп бара жатқанын байқамай қалған. Сөйтіп, түрмеден қашып шығып, Тоқмақ жаққа қоныстанған. Қырғыз жеріндегі түп нағашыларына келіп паналаған. Екі бауыры Әбдіжапар мен Мұстапа сол жақта аштықтан көз жұмып, сүйектері қырғыз жерінде қалған. Ал Сәйдек молданың өзі тәуіп болып, елді емдеп күн көрген, бала-шағасын асыраған.

Сәйдек молда көріпкел кісі болған екен. Бізге кеңес өкіметі кезінде Ақпейіл ағамыз Сәйдек молда «30-40 жылдан кейін кеңес өкіметі құлайды деп» айтып кетіпті дегенінде біз «мүмкін емес» деген едік. Бірақ рас болып шықты. Молда, тәуіп, көріпкел адамның қуғын-сүргін көріп өмірден өткені өкінішті. Мұндай ерекше қасиет әркімге беріле бермейді. Аталарым таршылық жасамай, баршаға қайырымды болған деседі. Қарынбай қажы түрмеде көз жұмды, ал Сәйдек молда өлер алдында елге оралып, ауырмай-сырқамай жүріп кетіпті. Моласы Ақсеңгер ауылының маңында.

 

Марал ЫСҚАҚБАЙ,

Алматы қаласының тұрғыны, жазушы, 85 жаста:

– Қуғын-сүргіннің ауыр зардабын шеккендердің бірі – біздің әулет. Қазақ даласына 1932 жылғы нәубет келген шақта әке-шешем Жалаңаш деп аталатын сайдағы өздерінің атажұртында тұрады екен. Ол жер Қордай асуы деп аталатын жазықтың түстік жағында, оншақты шақырым жерде. Әкем Ысқақбайдың айтуынша, отыз екінің қысына іліккен кезде аталас туыстарымыз жетпістей үй болған. «Сұрапыл қыстан жеті үйдің сабағы ғана шықты», деп отырушы еді әкем.

Әкем төрт ағайынды. Әкемнің туған ағасы Ілияс Аманжолұлы «бай», «кулак» деген жаламен қуғынға ұшырап, түрмедегі азапқа шыдамай, көз жұмған. Әйелі мен екі қызы аштық жылдары бір үзім нан таппай, үйінде аштан өліпті. Бұл – бүтін бір қазақ отбасы солақай саясаттың құрбаны болды деген сөз.

Атамның інісі Семізбай Шәлімбетұлы кәмпеске тұсында қудалауға ұшырап, түр­меге жабылады. Ұлы Жанғазы жетім­дік­тің күйін кешіп, қаңғып қалады. Көмек қолын созар ағайынның да солақай сая­сат­тан тоз-тозы шығып кеткен кезі, өздері әлі ес жия алмай жатқан шақта оған бас-көз болуға мұршасы келмейді. Жан­ға­зы­ның тағдыры да аянышты аяқталады. Жетім қалған 9-10 жасар Жанғазы бала­лар­ колониясына түседі, қу тағдыр оны да аямады.

Бай тұқымы деп Егізбай Шәлімбетұлы деген атама да күн бермеген. Қалған аға­йын аталарымды да бай тұқымы деп, қудалауға салған. Әкемнің бір інісі ертерек қырғыз асып кетіп, ажал шең­ге­лі­нен құтылғанымен, кейін 1943 жылы Қы­рым­да­ немістермен соғыста 41 жасында өлді. Оны «Қарақойшы» деп атайды екен.

Әкемнің қарындасы Сүйімхан Аман­жол­қызы Қордай өңірінің ірі байларының бірі Ершыбыл деген кісінің келіні болған екен. Қайын атасы 1928 жылы кәмпескеге ілі­гіп, жер аударылғанда күйеуі екеуі мал-мүліксіз қаңғып қалып, қырғыз жақ­қа ауады да, күйеуі екі баласымен жол­да аштан өледі. Өзі үлкен жолдың бойында тентіреп жүрген жерінде бір қырғыз жігіт нанға бір тойдырып, аштық­тан өзге міні жоқ жиырманың үстіндегі сұлу келіншекке үйленіп алады. Көркіне, келбетіне қызыққан болса керек. Сөйтіп, әкемнің туған қарындасы Сүйімхан Аманжолқызы қырғыздан дәм-тұз бұйырып, аман қалады. Сүйімханға үйленіп алған қырғыз жігіті Ыстықкөл маңындағы Торайғыр деген ауылдан екен. Сүйімхан әпкеміз қырғыз жерінде жүргенде төркінін іздеумен болады. «Ноғайбай деген кісіні білесіздер ме, сол ауылдың қызы едім» деп айта береді екен. Бірақ білем деген жан жолыға қоймайды. Сөйтіп жүргенде Сүйімхан әпкеміздің қырғыз күйеуі мен қайнысы соғысқа аттанады. Күйеуі сол бойы соғыстан қайтпайды. Ал қайнысы көзіне оқ тиіп, соқыр болып оралады. Сол қайнысы сауатты жігіт екен, жеңгесін ертіп, оның төркіндерін тауып бермекші болып, Қордайға келеді. Қордайдағылар жобалап айтып, жөн сілтегеннен кейін екеуі жаяу­латып жүріп, Қордайдан Шарбақтыға жетеді, одан әрі біздің ауылға жетеді. Осылайша, әпкемізбен арада жылдар салып, қайта қауышқан жайымыз бар. Сол әпкеміз 90-ға жақындап барып, қырғыздың Торайғыр деген ауылында, өзі келін боп түскен елде көз жұмды.

Ал әке-шешем – Ысқақбай мен Қалам­зияның 1932 жылы алды онға, арты төртке іліккен төрт баласы болған. Зұлмат кесірінен балаларының бәрінен айы­рылған. Қалың қайғыға оранып, соқа бастары сопайып қалған екеуі, өзге ағайындары секілді Жалаңашты тас­тап, Пішпектің жолына түседі. Зұлмат жыл­дары Пішпек жақта қаңғып жүріп, көп азап шеккен. Олардың жолшыбай көр­ген тауқыметін мен «Пенде ғұмыр» ро­ма­нын­дағы Өмірзақ пен Күлпән басындағы тра­гедия ретінде сурет­те­генмін. Әйтеуір өлмей тірі қалған бейшара­лар 1934 жылы ғана елге қайтып оралыпты. Бірақ қаңырап қалған баяғы Жала­ңашқа емес, шешемнің төркіндері «қалқоз» боп ұйысқан ауылға келіп орын тебеді.

Анам Қаламзия бір әке, бір шешеден он ағайынды екен. Әкесі Көрпеш ел ішінде белгілі ақын болған кісі. Жетісудың атақты екі салының бірі – Тәкен сал осы Көрпештің әкесі Көшердің туған інісі. Міне, осы Көрпеш ақын да сол жылы аштан өлген. Шешемнен өзге тоғыз баласы да осы нәубеттің құрбанына айналған. Олардың бәрі де ол кезде балалы-шағалы, үйлі-баранды жандар. Шешемнің сол ошарлы туыс­тарынан тігерге тұяқ қалмай, түгелдей қырылған. Тек бір сіңлісінен бір қыз тірі қалған екен, оны шешем отыз екі жылдан кейін 1964 жылы ойда жоқта 40-50 шақырым жердегі Ақтерек деген ауылдан тауып алды. Оған екеуінің егіздің сыңарындай ұқсастығы себеп болады, әйтпесе оның кім екенін қайдан білсін. Сөйтіп, өз кіндіктерінен он бес бала өрбіткен екі атамнан – екі әулеттен, айналып келгенде, әкем де, шешем де жалғыз қалыпты.

Сөйтіп, баладан да, бауырдан да түгел айырылып аңырап жүрген әке-шешем 1935 жылы қарашаның аяғында бір қыз көріп, есімін Ләтипа қойыпты. Араға екі жыл салып, 1938 жылы қақаған қыста – 2 ақпанда мен туыппын. Наурыз келіп, күн жылынғанда әкем байғұс: «Ұлымды өз үйіріне апарып қосайын» деген қазақы тілекпен Көкқаптал деген жердегі аталас ағайындарының қасына көшіп келіпті. Қазір Көкқапталда да, кіндік қаным тамған жерде де елді мекен жоқ, тұрғындары 1950-жылдары қазіргі Кенен ауылына қоныстанған. Солақай кеңестік саясаттың салқыны біздің әулеттің тағдырына осындай азапты таңбасын салып кетті.

 

Дәулетқұл ҚОЛҚАМБАЕВ,

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Тарғап ауылының тумасы, зейнеткер, 68 жаста:

– Қуғын-сүргін үш бірдей атамның – өз атам Қолқамбай Бөртеев, оның ұлы Нұрмамбет Қолқамбаев және нағашы атам Қыдырбай Жәркімбаевтың өмірін жалмады. Екі атам тәркілеуге ұшырап, жер аударылған. Атам Қолқамбай Бөртеұлының 2 әйелінен 6 ұлы болған. Олар: Нұрмамбет, Жиренбай, Жақыпбек, Нұрбек, Мақсұт, Медет. Алғашқы төртеуі үлкен әйелі Салтанат әжемізден, қалған екі ұлы кіші әйелі Ақбала әжемізден туған.

Атамыз Қолқамбай «бай», «кулак» деген жаламен түрмеге жабылып, сол жерде қайтыс болған. Сол түрмені сұрастырып әлі таба алмай жүрмін. Тіпті архивтерге де бардым. Іздедім, бірақ нәтиже болмады. Қайран, асыл аталарым сұраусыз кеткендей болды-ау. Осы жоба аясында жинақ құрастырылып, қуғын-сүргін көргендердің аты-жөні бірыңғай ұлттық базаға тіркелетінін естіп-біліп, өшкенім жанғандай күй кешіп отырмын. Енді бір хабарын білермін деген үміт оты жанды.

Білетінім – Қолқамбай атамның үлкен ұлы Нұрмамбет Қолқамбаев 1900 жылы туған. 1930 жылы Тайторы болысындағы Төбет ауылында кәмпескеленіп, жазасын өтеуге басқа облысқа айдалған. Дәл қай облыс екенін айқындай алмадым. Кейін түрмеге жабылып, сол жақта көз жұмған, ақталмаған. Қай жерге көмілгенін де білмедім. Ол кісі туралы да мәлімет жоқтың қасы.

Ал Жиренбай, Жақыпбек Қолқам­бай­­ұлдары соғысқа барып, қудалаудан аман қалған. Әйтпесе оларға да «байдың тұқымы» деген жала жабылар ма еді, кім білсін?! Қолқамбай атамның қалған ұл­да­ры аштықта қырылған, аштан өлген.

Нағашы атам Кыдырбай Жәркімбаев 1886 жылы туған. 1930 жылы Сер­геев­ское ауылында, Кастек болысында кәм­пес­­к­еленіп, тұтқындалған. Содан туған-туыс көз жазып қалған, бір хабарын біле алмай, әлі күнге мәлімет іздеп келемін. Артында екі қыз қалған, Құмарбибі – менің анам.

 

Оразбай ШАРҒЫНОВ,

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Тұрар ауылының тұрғыны, зейнеткер, 75 жаста:

– Мен Қытайда дүниеге келдім. Бірақ ата жұртымыз Кеген ауданының Көлбастау деген жері. Әкемнің аты – Мергенбай. Мергенбайдың әкесі Нүсіп, Нүсіптің әкесі Қарағұл деген кісі. Арғы атам Қарағұл жаз жайлау Шалкөдеде малын жайып, ел қатарлы тіршілік еткен. Бай дейтіндей бар, малы болған, сол кездегі ауқатты адамдардың бірі екен. Ешкімге зияны тимеген. Малшыларын қанамаған, қайта өзіне пана іздеп келген­дер­дің еншісін беріп, аяқтан тұрып кетулеріне күш салады екен. Дүние жалған екенін, адамдардың бұл өмірге бес күндік қонақ екенін білген ғажап адамдар ғой, құдайға қараған.

Сондықтан Қарағұл, Нүсіп аталарым сияқты кісілерді сөге жамандап, байлар, қанаушылар деген болмайды. Кеңестік өкімет өз шаруашылығын өзі жүргізіп күн кешкен атам сияқты қазақ байларына қырғидай тиді емес пе?

Атам Қарағұл өзі білекті де жан бол­ған. «Күш атасын танымайды» демекші, талай балуандардың күресінде де көзге түсіп жүрген. Қарағұлдан Нүсіп атамыз туылған. Нүсіптің 3 ұлы тетелес өскен. Нүсіптің ұлдары: Игенбай, Мергенбай және Бердәулет.

Нүсіп Қарағұлұлы атамды кеңестік билік өкілдері «бай», «кулак» деп қуғынға ұшыратып, Ақмоланың түрмесіне жабады. Атамыз қара күштің иесі, адуын кісі болса керек, жазықсыздан жазықсыз жалаға жабылып, түрмеде шірігісі келмейді. Қызыл шеңгелден қалай сытылып шығудың қамын ойластырады. Ақыры қасындағылармен ақылдаса келе, бұдан құтылудың бір жолы амалын тауып, түрмеден қашып шығу деген тоқтамға келеді. Өйткені қызыл өкімет сол кезде уысына түскенін аямай, ақ-қарасын ажыратпай жаншып тастауға дайын тұрған еді. Қасындағы жолдастарымен бірге орайын тауып, түрмеден қашып шығады да елге оралады. Біраз есін жиып, тынығып алғаннан кейін мұнда қалу қауіпті екенін сезеді. Шекара асып кетуден басқа жолы да, амалы да қалмағандықтан түн жамылып, соңына ерген жұртын жиып, Қытайға өтіп кетеді. Атам әлі күнге дейін ақталмаған.

 

Айткүл МАХАЕВА,

тарих ғылымдарының докторы,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры