Жалпы, еврейлердің өз ана тілдерін қайта тірілткені жайында айтылатын аңыз көп. Соның бірінде иврит тілі екі мың жыл бұрын қолданыстан шыққан делінеді. Біз көбіне осы нұсқаны тілге тиек етеміз. Жиырма ғасыр бойына ешкім сөйлемеген тілге қайта жан бітірген қандай данышпан халық деп таңдай қағатынымыз рас. Екінші алып-қашпа аңызға сенсек, 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылғанда иврит тілін білетін жалғыз ғана кемпір болған екен. Бәрі соның аузына қарап, одан ана тілдерін меңгеріп, сөнуге айналған шалажансар отты үрлеп жағып алыпты. Ал үшінші бір мәлімет бойынша, иврит тілі латын секілді тек кітаптың тілі болған, күнделікті өмірде ешкім сөйлемеген. Өз алдына тәуелсіз елін құрған соң, кітаптағы тілді күнделікті қолданысқа шығарып, жандандырып жіберген-міс.
Осы айтылған деректер қаншалықты шындыққа жанасады? Екі мың жыл бұрын «өлі тілге» айналған қарым-қатынас құралына жан бітіріп қана қоймай, оны бүтін бір елдің мемлекеттік тіліне айналдыру мүмкін бе? Осы сұрақтың тереңіне бойлап көрсек. Жалпы, иврит және қазақ тілдерінің тағдыры бір-біріне ұқсас деуге болады. Еврейлер біздің дәуіріміздің басында өз мемлекетінен айырылған соң, барлық құрлыққа тарыдай шашырап кеткені белгілі. Әртүрлі халықтың ортасында өмір сүрген соң солардың сөзін сөйлеп, өз қағынан жери бастауы – табиғи құбылыс. Дегенмен, шын мәнінде, басқа да отансыз тағдырлас халықтардан айырмашылығы – жүздеген жыл жапанды жайлап жүрсе де иврит тілі қолданыстан шыққан жоқ, яғни өлмеді. Иә, барынша жапа көрді, қатары селдіреді. Бірақ екі мың жыл бұрын өлді деген негізінде бос сөз. Оның сақталып қалуына және тәуелсіз Израиль мемлекеті құрылған соң тез қалпына келуіне екі фактор әсер еткен болатын.
Біріншісі – еврейлердің діні. Ислам дінінде барлық құлшылық амалы араб тілінде жүрсе, яһуди дінінде ивритше жасалады. Күнделікті құлшылық ғибадаттары арқылы олар ана тілін ұмытқан жоқ. Діни кітаптарының арқасында тілдерін күнделікті өмірде белсенді қолданбаса да, көпшілігі оны білетін. Екінші фактор – еврейлер интернет дәуірі басталмай тұрып ана тілін дамытуды қолға алды. Ал кейін күш алған жаһандану мен интернет заманы үлкен тілдердің аясын одан сайын кеңейтіп, олардың өзге елдерге экспансиясын арттырып, кішкентай тілдерді тұншықтырып жатқаны белгілі.
Енді «өлі тіл» деген ұғым қайдан шығып отыр, соған тоқталсақ. Тілдің тірі болуы ол тілде жазылған ғылыми, әдеби, т.б. кітаптардың көптігімен өлшенбейді. Ғылымның тілі болса да, баяғыда қолданыстан шыққан латын тілі бұған дәлел. Өлі тіл деп – оны білетін адамның көптігіне қарамастан, сол халықтың жастары сөйлемейтін тілді де айтады. Бұрын иврит тілінің жағдайы сондай еді. Олар әр мемлекетте шашырап жүргендіктен, жас балалары бастапқыда ана тілінде емес, бірге тұрып жатқан халықтардың тілінде сөйлейтін. Мәселен, Ресейде тұратындар орысша, Германиядағылар немісше деген сияқты. Кейін өсе келе діни кітаптары арқылы және ата-аналарынан өз тілін үйренетін. Ивриттің ХХ ғасырға дейін өлі тіл деп саналып келгендігінің себебі осында.
Қазіргі күні Ресейде және әлемнің басқа да өлкелерінде ана тілін үлкен буын өкілдері ғана білетін, ал жастары мүлдем сөйлемейтін аз санды халықтар жетіп артылады. Егер жағдайды түбегейлі кері бағытқа бұрмаса, өкінішке қарай, бұларды да өлі тілдер қатарына қоса беруге әбден болады.
Сөз соңында қазақ тілінің бүгінгі ахуалына тоқталсақ. Ана тіліміз де сол «өлі тілдердің» кебін кимес үшін не істейміз? Өйткені қазір интернет заманы, балаларымыздың ойнайтын ойындары мен көретін мульфильмдері негізінен орыс тілінде болғандықтан олардың тілі де орысша шығатын болып жүр. Қазақ мектебінде оқитын қаракөздеріміз бір-бірімен орысша сөйлесетін күнге жеттік. Қалалық жерде аулада ойнап жүрген балалардың 90 пайызы орысша шүлдірлесетінін көргенде бұл күдігіміз одан сайын зорая түседі... «Жұрттың балалары» «өлі» тілін тірілтіп жатыр. Ал біз ше?..