Жәдігер • 20 Қараша, 2023

Марал ишанның Құран кітабы кесенеге қойылды

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал екенін, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санайтынын айтқан болатын.

Марал ишанның Құран кітабы кесенеге қойылды

«Ке­зінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қо­лында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», деді Пре­зидент Ұлттық құрылтайда. Енді, міне, Президент бастамасы іске асырылып, құнды жәдігер кесенеге қойылды.

Құран кітапты Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсыру іс-ша­ра­­­сына Түркістан облысының әкі­мі Дархан Сатыбалды, Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масы­ның төрағасы, бас мүфти Нау­рызбай қажы Тағанұлы, Кене­сары ханның ұрпақтары, зиялы қауым қатысты. «Қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жер­ленген Қожа Ахмет Ясауи кесе­несіне осындай сирек жәдігерді әкелу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Бұл – еліміздің рухын көтеретін оқиға екендігі анық», деді облыс әкімі. Ал Наурызбай қажы Тағанұлы құнды жәдігерді Қазақстан мұсылманда­ры діни басқармасы осы жылдың мау­сым айында қабылдап алға­­нын, Ма­рал ишанның тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері екенін айтып өтті. «Құнды жәдігердің Қожа Ах­мет Ясауи бабамыздың кесе­не­сі­не қойылуы дәстүрлі дініміздің мәр­тебесінің артып, халқымыздың са­насының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген ойдамыз. Марал ишан ба­ба­мыз кім дегенде, біз оны тек дін­дар ғана емес, қоғам қайраткері, азат­тық үшін күрескен тұлға ретін­де тануға тиіспіз. Бабамыз патша үкіметінің қазақ жерінде жасаған әділетсіздіктеріне қарсы тұрып, ел­ді жұмылдырып, ұлтты сақтауда ұмытылмас ұлағатты істер атқар­ды. Марал ишанның ағартушылық қызметі бір төбе. Біз де бүгін құн­ды мұраны хандар мен билер, сұл­тандар мен рухани ұстаздардың қияметке дейінгі мәңгілік тұрағы болған киелі мекенге алып келдік. Әлемнің әр қиырынан Түркістанға келетін кез келген адам үшін бұл тағылымы мол, берері көп тарихи дүние», деді бас мүфти. Мәде­ниет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов та жәдігердің маңы­зы­на тоқталды.

Рухани іс-шарада ғұлама ­қари­лар Құран хатым түсірді. Бас мүф­ти Құран кітапты «Әзірет Сұл­­тан» мемлекеттік тарихи-мә­де­ни му­зей-қо­рығының дирек­­торы Мәу­­лен Са­дықбековке тап­­сы­рып, ол Үл­кен Ақсарай бөл­ме­сіндегі ­арнайы да­йындалған сө­реге орнатыл­ды. Екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, та­рихи отаны­на жеткен киелі кітап­­та Кенесары ханның мөрі бар. Отан­дық және шетелдік ғалымдар мұ­қият зерттеп, Құранның Ма­рал ишан­ға тие­сілі болғанын және Ке­не­­сары хан­ға берілгенін анық­таған.

 

ТҮРКІСТАН