Кейінгі жылдары Астанада инфекцияның жыныстық жолмен жұғу жағдайларының өскені байқалып отыр. Жұқтырғандардың дені – еңбекке қабілетті жаста. Сондықтан әрбір адам иммун тапшылығы вирусын жұқтырмаймын, оны тек жеңіл жүрісті қыздар, есірткі тұтынатындар, біржынысты қатынастағылар ғана жұқтырады деген ой-пікірден аулақ болуы керек. Себебі АИТВ жас-кәрі, ұлт, нәсіл, шекара талғамайды. Адамның әл-ауқатына қарамайды.
Тұрғындарға АИТВ инфекциясы туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанымызға қарамастан, іс жүзінде сол білімін пайдалана алмайтындар бар. Соңында әлеуметтік жағдайы жақсы адамдар қармаққа ілініп жатады. Бұл инфекциядан алдын ала сақтану шараларын жүргізбесек, онда біздің әлсіз болғанымыз болған.
АИТВ инфекциясы қауіпті дерт екенін, оның қандай жолдармен жұғатынын әрбір адам білуге тиіс. АИТВ инфекциясының 3 түрлі жолмен жұғуы мүмкін. Соңғы уақытта АИТВ жұқпасының кеңінен етек жайған жұғу жолы ер мен әйел және біржынысты қатынас саналады. Екінші жұғу жолы – қан арқылы. Яғни есірткі инесі арқылы, стерилденбеген медициналық құралдар, пирсинг, татуаж жасаған кезде жұғуы мүмкін. Сондай-ақ үшінші жұғу жолы – АИТВ жұқтырған жүкті анадан балаға іштей босану жолдарынан өту кезінде, емізгенде жұғуы мүмкін.
Қазір де дүние жүзінде АИТВ инфекциясының алдын алу шараларын күшейту мақсатында қомақты қаржы жұмсалып жатқанын білеміз. Бірақ бұл вирустан сақтану үшін алдын ала егетін вакцина мен адам ағзасын вирустан толық тазартатын дәрілер жасап шығарылған жоқ. Сондықтан әр адам өз өміріне жауапты және осы тақырыпқа шындап көңіл аударуға тиіс.
Әзірге АИТВ жұқтырудан сақтанудың мынадай жалпы шаралары туралы хабарлағым келеді:
- Бір ғана жыныстық серіктестің болғаны жөн. Егер жыныстық серіктестер жұқтыру қауіп-қатерінің жоқтығына сенімді болса, екеуі де АИТВ-ға тексеріліп, қаралуға тиіс.
- Қауіпсіз қарым-қатынас.
- Есірткі тұтынудан бас тарту. Кез келген ем-дом кезінде бұрын қолданылған шприц, инелерді пайдаланбау.
- АИТВ жұқтырған әйел жүктілік кезінде арнайы ем қабылдап, сәбиін емшек сүтінен алшақтату керек.
Еліміздің өркениетті елдер қатарынан көрінуі үшін жас ұрпақты саламатты өмір сүруге тәрбиелеу – бүгінгі күннің талабы. Денсаулықты сақтап, нығайту үшін жаман әдеттер: темекі шегу, ішімдік ішу және есірткі қолданудан, ретсіз қарым-қатынастан аулақ болу қажет.
Ұлұқбек СӘУЛЕБАЕВ,
Астана қаласы әкімдігі АИТВ-инфекциясының алдын
алу орталығының бөлім меңгерушісі