Алматы • 20 Қараша, 2023

Көмірден – газға: Алматы ауасына кері әсер азаяды: ЖЭО көгілдір отынға көшіріле бастады

211 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматы энергокешенін табиғи газға ауыстыру жолында кезекті маңызды қадам жасалды. Президент тапсырмасына сәйкес «QazaqGaz» ұлттық компаниясына қарасты «Интергаз Орталық Азия» ұйымы газ инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңін ойдағыдай аяқтады. Осылайша, алып шаһардың жылу және электр энергиясының негізгі көзі – 2-ЖЭО-да көгілдір отын алауы жағылып, энергетикалық қауіпсіздікке, әлеуметтік-экономикалық ахуалға тікелей әсер ететін өзекті жоба ел өміріне жол тартты.

Көмірден – газға: Алматы ауасына кері әсер азаяды: ЖЭО көгілдір отынға көшіріле бастады

Жылу электр орталықтары, көмірмен жылытылатын жеке сектор, автокөлік, сондай-ақ тиіс­ті нормаларды ескермей салы­нып, желдің табиғи айналымын бө­гей­тін құрылыс ‒ қала ауасының лас­тануына, сәйкесінше, тұрғын­дар денсаулығының сыр беруіне әке­ле­тін бұлтартпас факторлар екені айқын. Жыл сайын атмосфераға шамамен 125 мың тонна ластаушы заттардың шығарындылары тарайды. Қоршаған ортаға автокөліктің ‒ 55%, қалалық ЖЭО мен өнер­кә­сіптік кәсіпорындардың ‒ 35%, сондай-ақ газдандырылмаған жеке үйлердің ‒ 10% кері әсері тіркелген. Осының бәрі қаланың таза ауамен тыныстауына барынша кедергі келтіріп отыр. Атмо­с­­фе­ралық ауадағы (көліктен, қа­зан­­дықтардан, ЖЭО-дан және бас­қа кәсіпорындардан) NO2 азот диок­сидінің мөлшері шекті рұқ­сат етілген концентрациядан екі есе артық. Ауа ластануының  асқынып кетуінің негізгі себебі – жылу электр орталықтарының және жеке сектордың күлі көп көмірді жағуы. Жыл сайын жылыту мау­сымында 2-ЖЭО шамамен 1,5 млн тонна көмір жағып, 660 мың тонна күл шығарады. Ендеше, әсем Алматы қою тұмшаға бөк­пе­уі үшін экологиялық жағ­дай­ды сауықтыруға, түрлі сала­­да тәуе­кел­дерді азайтуға ар­­нал­ған  байсалды көзқарас, ақыл­­ға қо­нымды іс-қимыл қа­жет. Осы­ған байланыс­ты 2030 жылға де­йін өнеркәсіптік және жеке сек­тор­лар­ға газ тарту көз­де­ліп, тиісті жоба қаланы дамыту бағ­дар­ламасында және Алматы­ның жа­ңартылған Бас жоспарында бекі­тілген.

вп

Алматының жылу мен электр энергиясына қажеттілігін ірі үш жылу электр орталығы қамтамасыз ете­тіні белгілі. Бүгінгі таңда бар­лық үш стансада жаңғырту және газға көшіру жұмыстары қар­қынды жүргізіліп жатыр. Атап өтсек, жал­пы қуаты 225 МВт-қа дейін бу-газ қондырғыларын орнатумен стансаны кеңейтуді көздейтін 1-ЖЭО жобасы 2025-2028 жылдары іске асырылады. 2-ЖЭО-да қуаты 557 МВт-қа жететін бу-газ қондырғысы базасында қоршаған ор­таға әсерді барынша азайта отырып, стансаны жаңғырту және жаңа станса салу жұмыстары жүргізілуде. Ал 3-ЖЭО жобасы бойынша жалпы қуаты 545 МВт бу-газ қондырғыларын орнатумен стансаны кеңейту жоспарланған.

Бүгінде Алматы 2-ЖЭО белгі­лен­ген электр қуаты 510 МВт және жылу қуаты 1411 Гкал/сағ бірік­тірілген өндіру бойынша елі­міздегі ең ірі жылу стансасы саналады. Станса орталық­тан­ды­рылған жылумен жабдықтау аймағы жылуының шамамен 70 пайызын және Алматы электр энер­гиясының 50 пайызын қам­та­­ма­сыз етеді Барлық жылу электр орталығы «Алматы электр стан­циялары» АҚ-ға тиесілі. Ал­ма­ты ЖЭО жаңғырту жобасын «Са­мұ­рық-Энерго» АҚ жүргізсе, газ инфрақұрылымын салумен «QazaqGaz» компаниясы жүйелі түрде айналысады. Айтулы жоба қа­ла­дағы және қала маңындағы елді мекендерде ауаның ластан­у­ын азайту арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, энергия тапшылығын жоюға бағытталған. Сөйтіп, шығарындылардың айна­ла­ға кері әсерін азайту мақ­са­тында Екібастұз көмірімен және мазутпен жұмыс істейтін ЖЭО-2, ЖЭО-3 кезең-кезеңімен газға ауыстырылады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің ай­туынша, табиғи газға көшу 2026 жылға қарай ластаушы зат шығарындыларының көлемін жылына қазіргі 37 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Газ берудің қо­сымша көзі энергетикалық қа­уіп­сіздікті сақтауға және Алма­ты облысы бойынша, оның ішінде ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газдандыруды ескере отырып, Алматы энергокешені үшін газды сенімді және үздіксіз тасымалдауға ба­ғыт­талады. Нәти­же­сінде, жалпыәлемдік стан­дарт деңгейінде жеткілікті таза ауаны қамтамасыз етуге қол жеткізілмек. 

вр

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның 2017 жылы Алматыдағы ең көне 1-ЖЭО-ны  экологиялық таза отын­ға ауыстыруы қоршаған ор­та­ға зиянды шығарындылар көле­мін айтарлықтай төмендетуге ықпал етті. Мысалы, 2013 жылы атмосфераға зиянды заттар шыға­рын­дыларының көлемі 3 мың тонна болса, 2019 жылға қарай көрсеткіш 0,8-ге дейін азайған. Бұл ретте ЖЭО-да электр энергиясы мен жылу өндіру үшін көмірдің жануы кезінде пайда болған күл-қож қалдықтарын жоюға мүмкіндік туды. «АлЭС» АҚ де­регіне қарағанда, газ тәріздес отын­ға көшу кезінде оны пайдалану тиім­ділігін арттыруға қол жет­кізілді. Сонымен бірге табиғи газға көшумен қазандықтардың жұ­мы­сындағы технологиялық ауыт­қу­шылықтар да азайды.

Сонымен бірінші кезеңге бір автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы және «Алматы-Байсерке-Талғар» мен «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырларын біріктіретін ТІР-04 жалғастырғыш құбыры газ есептеу стансасымен кірді. Батыс жылу кешені автоматтандырылған газ тарату стансасына (АГТС) жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілді. «Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша «QazaqGaz» Алматы жылу электр орталықтарын газ инфра­құрылымына ауыстыру жұмыстарының бірінші кезеңін мерзімінен бұрын аяқтап отыр. Бұдан бөлек, біз  жылу электр орталығын газға көшірудің келесі кезеңіне өту үшін «Алматы-Бай­серке-Талғар» магистралдық газ құбырының екінші желісін салуды бастадық», деп атап өтті газ мамандарын ауқымды жобаның жүзеге асырылуымен құттықтаған «QazaqGaz» басшысы Санжар Жаркешов.

аеп

Ав­томаттандырылған газ тарату стансасы 2-Жылу элек­тр орталығын  табиғи газбен қам­та­масыз етуге арналған. Оның өнім­ділігі – 250 мың м3/сағат. «Мем­лекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры, «QazaqGaz» ұлт­тық компанияcы мен Алматы қаласының әкімдігіне аталған жобаны жеделдетуді тапсырған болатын. Жалпы, еліміздің энергетика саласы, Алматы қаласының экологиясы, орта және шағын бизнесі үшін өте маңызды жоба деп айтсам қателеспеймін. Алматы қаласының индустриалдық айма­ғында орналасқан бизнес субъек­ті­леріне үлкен көмек болады», деді «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтер бойынша тең бас­қа­ру­шысы Елжас Отыншиев.

Сондай-ақ «Қазақстан-Қытай» және «Алматы-Байсерке-Талғар» магистралдық газ құбырлары арасындағы TIP-04 жалғастырғыш газ құбыры газ есептеу стансасымен Алматы жылу электр ор­та­лығын ғана емес, сонымен бірге Алматы және Алматы облы­сының тұрғындарын да тұрақты газбен қамтамасыз ете алады. Газ құбырының жалпы ұзын­дығы – 9,6 км, ал өнімділігі ‒ 1 млн м3/сағатты құрайды. Бұдан бөлек, «Батыс жылу кешені» автоматтандырылған газ тарату стансасы «Алматы» ин­дус­триялық аймағында ірі өнер­кә­сіптік және өндірістік биз­нес-жобаларды іске асыру үшін газ жеткізеді. «Батыс жылу кешені» автоматтандырылған  газ тарату стансасының құрылысын 2016 жылы жеке мердігерлік ұйым жүргізген, бірақ сол күйі пай­да­ла­нуға берілмеген. 2023 жылы «QazaqGaz» бұл олқы­лық­ты жо­йып, нысанды өз қа­ра­жаты есебінен жаңғыртты. АГТС өнімділігі 140 мың м3/сағ құрайды, оның ішінде стан­са­ның  екі желісі – Алматы тұр­ғын­дарына сағатына 90 мың текше метр және индустриялық аймаққа сағатына 50 мың текше метр газ таратады. «Алматы қаласы мен Алматы облысы тұр­ғындары үшін бұл жобаның ма­ңызы ерекше. Президенттің өңірлерді газдандыру жөніндегі тапсырмасының аясында Алматы қаласының 2-Жылу электр орта­лығына арналған автоматты газ тарату стансасы (2-ЖЭО АГТС) құ­ры­­лысының аяқталуы бар­лы­ғымызға ортақ сәтті қа­дам деп са­наймын. Алматы облы­сы­­ның Қарасай, Іле, Талғар аудан­дарында орналасқан жылу электр орталықтарын көгілдір отынға ауыс­тыру, облысымыздың бірнеше елді мекендерінің экологиясын жақсартып,  бірқатарын газбен қамтитын болады. Аталған жоба сонымен қатар  «G4 City» жобасы аясында салынатын қаланы газбен жабдықтайды», деп атап өтті Алматы облысы әкі­­мінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

TIP-04 жалғастырғышы газ есептеу стансасымен заманауи технологиялар бойынша салынған. Қазіргі уақытта барлық торап пен жабдық толық қамтамасыз етіліп, құрылыс-монтаж жұмыс­тары аяқталды. «Интергаз Ор­та­лық Азия» АҚ Алматы магис­тралдық газ құбырлары бас­қармасы филиалының дирек­торы Руслан Сүйіндіковтің түсіндіруінше, ре­зервтік желілер қолданыстағы сұ­раныстарға толық сәйкес ке­леді. Нысан болашақ сұранысты толығымен жабу мақсатында 20-30 жылға есептеліп салынған. Атап өтерлігі, «Интергаз Орталық Азия» компаниясы газ саласын жаңарту мен әртараптандыру бойынша  мол тәжірибеге ие. Компания ел­дің транзиттеу әлеуетінің жо­ғары деңгейін қамтамасыз ету мақ­сатында республикада орна­ласқан магистралдық және таратушы газ құбырларының барлық жүйесімен сапалы операторлық қызметті, бизнестің әлеуметтік жа­уапкершілігін, сонымен бірге жер­гілікті кадрларды дамытуды тиімді жүзеге асырып келеді.

«QazaqGaz» басшысы С.Жаркешов атап көрсеткендей, газды жыл сайын тұтыну, әсіресе оңтүстік өңірлерде, Алматының шығыс бөлігінде, Талғарда өсуде. Магистралдық газ құбырларында қысымды қажетті деңгейде ұстап тұру үшін бұл көпір шешуші рөл атқарады. Жалғастырғыш ны­сан жұмысының негізгі қа­ғи­дасы ‒ қысымды төмендету. Өйткені «Қазақстан-Қытай» ма­гистралдық құбыры арқылы газ жоғары қысыммен (100 кг) келеді. Ал «Алматы-Байсерке-Талғар» құ­бы­рына дейін жалғастырғыш құбырда қысым реттеліп, екі есе тө­мендетіледі. Ол үшін жо­ға­ры тех­нологиялы арнайы өлше­уіш станса жұмыс істейді. Сөй­тіп, газ әрбір үйге жеткенше қы­сым тағы өзгертіліп, тиісті қа­­­лыпқа келтіріледі. Дегенмен көп­шілік қажетті қысымның бо­луына қарамастан, жылудың әлсіз­дігіне шағымданып жатады. Айта кету қажет, қазірде қызметі ешкім­мен реттелмейтін жеке мекемелер қысымды ұстап тұруға, техникалық қажет­тіліктерге, қыз­мет көрсету сапасын көтеруге әр кез қаржы бөле бер­мейді. Соған қа­рамастан олар Кәсіпкерлік кодекс, бәсеке­лес­тікті қорғау, мем­лекеттің бизнеске қатысуын азайту аясында жұмыстарын еркін жалғастырып жатыр. С.Жар­ке­шов­тің пікірінше, мұндай ком­паниялардың қызметі заңмен рет­теліп, тиісті органдардың ба­қы­­­лауына алынуы қажет.

Сонымен қатар жылу электр орталықтарын газға көшіру шарасы жылу мен электр энергиясының құ­нына қалай әсер ететіні де ал­ма­­тылықтарды толғандырмай қой­­­майтыны белгілі. Бұл ретте ма­­мандар тарифті Табиғи монополияларды реттеу комитеті бақы­лай­тынын, белгілі бір өсім орын  алғанымен, бұл бағаның күрт қымбаттауына әкелмейтінін айтады. Көгілдір отын тұрғындарға ішкі бағамен жеткізілетін болады. Әрине, газ көмірден қымбатырақ болғандықтан, тарифтің біртіндеп өзгере бастайтыны, бұл тұрғыда қандайда бір үдеріс алдағы жылдары 2-ЖЭО-ны газға көшіру жұ­мыс­­тары белсенді жүре баста­ған кезеңде нақтыланатыны түсі­нік­ті.    

 

Алматы