Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы және «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған сайысқа облыстың әр аймағынан келген 13 ақсақал қатысты.
– Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Барлық оң нәтиже, игі іс әуелі дұрыс ниеттен, ақ тілектен басталады ғой. Тарихымызда сөз бастаған шешен де, қол бастаған батыр да ақсақалдың батасын алмай жолға шықпаған. Сондықтан да «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақал қалған. Біз бүгінгі іс-шара арқылы халқымыздың дана дәстүрін жалғастырып, аға буынды – бата беруге лайық ақсақал болуға, жас буынды – бата алуға лайық азамат болуға шақырғымыз келеді, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген.
Белгілі айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы әдемі жүргізген байқауға Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, Ұлттық құрыл-тайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин бастаған қазылар алқасы жетекшілік етті. Қариялардың өзін өзі таныстыруы, сайыс шартына сай төгілген ас батасы, алғыс батасы, той батасы, сапар батасы секілді ақ тілектер ішкі мазмұнымен де, сыртқы сұлулығымен де көпшілікті тербей түсті. Сөзін қағаздан, тіпті қалта телефонынан оқыған «заманауи» қарттар да кездесті. Сайыс соңында қазылардың әділ бағалауымен Тасқала ауданының ақсақалы Жұмагелді Үмбеталиев бірінші орынға лайық деп танылды. Ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев – екінші, Бөкей Ордасынан келген Тілеген Арыстанбеков үшінші орынды жеңіп алды. Барлық батагөйге диплом мен бағалы сыйлық бұйырды. Сырымдық Төлеу Шарифуллин ақсақал «Құрметті ардагер» төсбелгісін тақты.
– Бұл өте мазмұнды іс-шара болды. Мұндай тәлімді тәрбиені ешбір оқу орны алмастыра алмайды ғой. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, өнегелі дәстүрді өміршең ету қолымызда тұр. Сондықтан мұндай ізгілікті іс-шараларды әрдайым қолдаймыз, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.
Батыс Қазақстан облысы