Тарих • 21 Қараша, 2023

Түркістан комитетіндегі қазақтар

618 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

1944 жылғы мамыр айының басы. Гурьев облысының аумағына түскен 14 неміс парашютисі мүліктерінің арасынан дәптер алынды. Дәптердегі жазбалар араб ғарпімен жазылған. Қолға түскен мүліктер тізімінде Әлихан Ағаевқа тиесілі қалың дәптер, жеке қолтаңбалар, легионерлер тізімі, 30 баспа парақ хаттар болған. Бұған қоса неміс тіліндегі радиобайланыс бойынша 17 баспа парақ хаттар, Дм.Доляның «Возвращение счастье» брошюрасы, қолданылған юд-шифр табылған. Екі дәптердің кімге тиесілі екені белгісіз. Қазақтың белді тұлғаларының 6 портреті мен 2 «Алаш» эмблемасы бар.

Түркістан комитетіндегі қазақтар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ағаевтың күнделігі

Қара коленкор мұқабалы күнделіктің иесі – Әлихан Ағаев. Оның шын аты-жөні – Әмірхан Тілеумағамбетов, 1908 жылдың 25 наурызында Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Армияға шақырылғанға дейін Алматы қаласында жұмыс істеген. Қызыл Армияның кавалериялық взво­дының командирі, лейтенант Әмірхан Тілеумағамбетов 1941 жылы 17 қараша күні Мәскеу түбіндегі шай­қас­та неміс­тер­дің тұтқынына түскен. Гер­ма­нияда өзі құрған «Алаш» қосынының коман­дирі болған. Атырауға келіп түскен диверсиялық топқа басшылық еткен. Оған неміс армиясының обер-лейтенанты шені берілген. «Аты шулы диверсант» Әлихан Ағаевтың күн­делігі сексен жыл бұғауланып жат­ты. Оның күнделігінде не туралы жазыл­ға­ны­на назар аударып көрелік.

«17.11.41 Москва қаласынан 70 ша­­­қы­­рым жерде немістерге тұтқынға түс­тім.­ Асан екеуімізді курьер самолетпен Смо­ленск қаласына жеткізді.

01.12.41-08.01.42 Берлин қаласын­дағы офицерлер лагерінде болдым.

10.01.42-01.05.42 Оңтүстік Гер­ма­ниядағы Ставнау қаласында болдым. Сол қаладан 17 ақпанда бірінші рет Бер­лин­ге хат жаздым. Қазақ жігіттерінен қосын құру және бұл мәселені өз қолыма алу туралы.

01.05.42-15.08.42 Лукенвальд қала­сында қазақ қосынын ұйымдастырып, олардың арасынан бірнеше жүз адамды Германияға жібергеннен кейін арнайы қосынға бірқатар таңдаулысын қалдырдым.

15.08.42-01.09.42 Бранденбург қаласында (Германия) оқыдық.

01.09.42-15.09.42 Рига (Латвия), Варшава (Польша) қалаларында болдым. Құжаттар дайындаумен айналыстым.

23.09.42-20.11.42 Полтава (Украина) қала­сында болдым.

20.11.42-01.02.43 Харьковте болдық, сонда Ғазиз Оразовпен таныс­тым.

01.02.43-18.09.43 Святошино меке­нін­де, Киевте болдық. Осында Рахим ауыр­ жараланып, қолынан айырылды. Мен және Шәкен жеңіл жарақат алдық. Осы оқиға кезінде Көпеш Есқалиев есту қабілетінен айырылып, салдарынан күйзеліске түсіп, өз-өзіне қол жұмсады.

20.09.43-15.10.43 Житомир қала­сы маңындағы Большениции селосында болдық.

15-25.10.43 Лембергке (Львов) қала­сын­да болдым.

25.10.-22.11.43 Лукенвальд қала­сын­да болдым.

22-29.11.43 Италиядағы Толмино қа­ла­­­сына келдім.

14.12.43-29.12.43 Берлин қала­сына бардым. Онда жаңадан 15 адам­ды іріктеп алып, кейін қайта оралдым. Бұл кезеңде партизандармен ұрыс болды. Ұрыста Ниязов қаза тапты.

Қазақ мәселесі: 1943 жылдың наурыз айында төмендегі мазмұндағы талап материалдар жасақталды: Қазақ легион­дары мен олардың газеттері мен журналдарын, олардың комитетін Түркістан комитетінен бөлу мәселесі. Сонымен қатар «Өзбектер мен қазақтардың тілдері, психологиясы, әдет-ғұрыптары екі жыл ішінде біртұтас болып қайта құрылуы керек» деген сұрақтар бойынша қарсы сын жазылды. Ол мүмкін емес нәрселер – бос «қиял». Осы материалдардың нәтижесін білу үшін маусым айында Берлин қаласына бардым. Және неміс армиясының бас қолбасшысымен осы мәселе бойынша әңгіме болды. Бірақ соңғысы келіспеді. Мен осыдан кейін Шығыс істері министрімен сөй­лесуді көздедім. Оны сыртқы істер министрлігінде екі күн күттім. Ол ісса­пар­ға кеткен болып шықты.

Осыдан кейін үш күн бойы Түркіс­тан президенті Вели Каюмханмен әңгі­мелестім. Ол да аталған мәселеге қарсы болды. Сондай-ақ Каюмханның алдына Түркістан комитеті аппаратында жұмыс істейтін қызметкерлерді, қазақ зиялылары Қарыс Қанатбаевты, Мәжитті, Хакім Тыныбековті, Мәулекеш Қайбалдинді, Үсен Қошалақовтарды кемсіту туралы мәселе қойылды. Алайда Каюмхан жоғарыда аталған қызметкерлерді кемсітіп, қорлауды жоққа шығарды. Осы әңгіме нәтижесінде Каюмхан барлық қажетті жағдайды жасаймын деп уәде беріп, газеттер мен журналдардың 80 па­йызын қазақ тілінде шығаруға уәде берді.

10.11.43 Бұл мәселені екінші рет көтердім. Алайда Германия армиясының жоғарғы қолбасшылығы бұл мүмкін емес нәрселер екенін дәлелдеп, үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

Бұл уақытта қазақ қосындарының саны көбейіп кетті. Мен ... (цифр өшірілген – А.А.).... дейін (цифр өшірілген) қосын жасақ­тадым. Сонымен қатар, қазақ қосын­дары үшін Түркістан легионынан бөлек, айрықша ерекшелік белгісін енгізу тура­лы мәселе көтердім. Бұған Германия армия­сының жоғарғы қолбасшылығы келісті.

Осы мақсатта алдын ала бірқатар іс-шара өткізілді. 1943 жылдың басынан бастап мен барлық қазақ қосынын қазақ тілінде басқардым. Сапта берілетін команданың аудармасын қазақ тілінде құрастырдым.

25.01.44 «Алаш» сөзін ұран етіп алдым. Қазақ қосындары үшін бөлек погон жасақтадым. Осыдан кейін жеке жалау жасауды өтіндім. Оған рұқсат берілді. 1 наурыздан бастап тапсырыс берілді.

Хат: Қазақ зиялыларынан келген екі-үш хаттың мазмұнынан большевизмге қарсы күрес жүргізіліп жатқанын көруге болады. Осыған қарамастан, Каюмхан оларға оқуға және өсуге ешқандай негізсіз мүмкіндік бермейді. Сондықтан мен бұл мәселеге ниет білдіріп, яғни Германия армиясының жоғарғы қолбасшылығымен сөйлесуді шештім.

Өмірім туралы: 06.02.44 Гориция қала­сында іссапарда болдым. Онда партизандармен шайқастар болды. Бұл шайқаста Лаис Базарбаев, Өтешов, Құнанбеков, Мағзұмбеков, Ақташбеков қаза тапты. Олардың барлығы Италияның Толмино қаласының маңындағы бір жерге жерленді. Олардың басына белгілер тұрғызылып, дұғалар оқылды.

10.03.44 Қарсыластар ретінде Төре­ба­қов пен Сүндетовті қосыннан қуып, Германияға жібердім.

14.03.44 Соңғы келген 20 адамға «Алаш» шеврон белгісі мен Алаш туын үлестірдім».

Күнделік осы арадан үзілген. Бұл кезде неміс әскери басшылығынан арнайы тапсырма алып, туған жерге бағыт алуға ай жарымнан сәл асатын уақыт қалған еді. Күнделіктің одан әрі жүргізілмеуіне бірнеше себеп әсер етуі мүмкін. Ең бас­тысын Ә.Ағаевтың кеңес тылына аттан­дырылатын топтың дайындық жұмыстарымен айналысқанынан іздеген жөн секілді.

Ағаевтың күнделігін араб қарпінен Гурьев облысының УНКГБ бөлімінің аға жедел уәкілі, мемлекеттік қауіпсіздік аға лейтенанты Шоманов аударған. Ол баяндалған жазбалардың ішінде Лаис Базарбаев жазған қазақ тіліндегі үш өлең бар, өлеңдердің мазмұны ерекше назар аударуға лайық емес, айқын ұлтшылдық сипаттағы автордың жеке қайғысы көрініс тапқан деген пікірін жазған. Аударылған күнделіктің дұрыстығын Ақтөбе облысы бойынша УНКГБ бастығының орынбасары, мемлекеттік қауіпсіздік капитаны Ященко тексерген.

 

Қанатбаев жазған хаттар

Қолға түскен заттардың арасынан Түркістан комитетінде қызмет атқарған Қарыс Қанатбаевтың Әлихан Ағаевқа жазған хаттары табылды. Архив қорында бұл хаттардың көшірмесі сақталған.

«Берлин. 28.12.43 ж.

...Өкінішке қарай, сіз бізге келе алмадыңыз, ал кездесу қажет болатын. Біз бәріміз аман-саумыз. Әуе шабуылынан Қошалақов пен Оразаев зардап шекті. Қайғин оқуда, оған материалдық көмек қажет.

Мен сізге келесі жаңалықты ха­бар­­лаймын. Каюм 17 қаңтарда түркіс­тан­дықтардың «съезін» шақырып, онда комитет құрамын, комитет бағдарлама­сын жариялайды. Комитет 5 адамнан (3 өзбек, 1 қазақ (Мәжит) және 1 қырғыз (Алмамбетов) тұратынын білдім. Көріп отырғаныңыздай, комитет түркістандық емес, өзбектікі болып шығады.

Менің ойымша, мұндай маңызды мәселеге осындай біржақты көзқарас біздің легионерлеріміздің мораль­дық жағдайына, тәртіп пен олардың бір­тұ­тас­тығына теріс әсер етеді. Бұл тек біздің жауымыз – большевизмнің пайдасына шешіледі. Большевизм қамытынан азат ету қозғалысымызға қарсы үгіт-насихат үшін материал ретінде қызмет етеді. Егер сіз бізге Берлинге 10 қаңтарда кел­сеңіз өте жақсы болар еді. Айтылған мәсе­лелерге өз пікіріңізді жазыңыз. Зұл­қа­йырға сәлем айтыңыз. Сіздің Қарыс».

Әлихан Ағаевқа хат жазып отырған Қарыс Қанатбаев кім? Осы хаттар арқылы соғыс жылдары оның Әлихан Ағаевпен өзара байланыста болғаны аңғарылады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңес одағына бітіспес күрес ашқан Түркістан Ұлттық комитетін басқарған Қарыс Қанатбаев (1911-1982) болатын. Ол – жоғары білімді кен инженері. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы Борсы ауылында орта шаруа отбасында дүниеге келген. Ресейдің Свердловск қаласындағы тау-кен инс­титутында оқыған. Тау-кен инженері болып қызмет атқарып жүргенде армия қатарына алынады. Кеңес әскерінің офицері болған. 1941 жылы Мұстафа Шоқай жасақтаған «Сувалки» лагеріндегі тұтқындардың тізімінде Қарыс Қанатбаев та бар. Тұт­қыннан босатылғаннан кейін Түркістан комитетінде қызмет атқарған.

Соғыс жылдарында Вермахтың жоғарғы бас командованиесінде Түр­кіс­тан насихат бөлімінің әскери фото­тіл­шісі болып қызмет атқарған Ғайпен Бейі­совтің мынадай пікірі бар. «Біз Қарыс Қанатбаевпен Берлинде ағалы-іні­дей болып жүрдік. Ол бір әңгіменің реті келгенде «Әлді шаруаның баласы бол­ғаным үшін, жоғары оқу орны алмай, қуғынға ұшырай бергесін тегімді жасырып, орыс жеріндегі оқуға түстім. Әйтпесе жалғыз қазақ орыс жерінде нем бар еді. Ал қазір Берлинде де Вели Каюмханның қуғындауына ұшырадым. Осы қуғынға ұшыраушылық менің пеше­неме жазылмағай еді деген қаупімде жоқ емес» дегені есімде қалыпты», деп жазған Ғ.Бейісов.

Соғыстың аяғында Қарыс Қанат­баевты америкалықтар тұтқынға алып, бір­неше ай «Дахау» концлагерінде ұстаған. Бірақ оның неміс фашистерінің емес, Түркістанның ұлттық мүддесіне қызмет атқарғаны белгілі болғаннан кейін түрмеден босатқан. Оның одан кейінгі өмірі «Түрк елі» комитетімен тығыз байланыста өрбиді. 80-жылдарға дейін «Азаттық» радиосының қазақ редакция­сы хабарларының саяси маз­мұ­нына оның тигізген әсері көп болды. Әйелі неміс қызы, «немістен туған бәрібір неміс болады» деп перзентсіз өткен. Табанды күрескер азамат 1982 жылдың 25 қарашада 71 жасында қайтыс болған.

Ал хатта аты-жөні аталған Каюм, Қошалақов, Оразаев, Қайғин (Мәулекеш Қайбалдин), Мәжит пен Алмамбетов, Зұлқайыр дегендер кімдер?

Вели Каюм (1904-1993/95), Ташкент өзбегі, саудагер отбасынан шыққан. 1922 жылы кеңес үкіметі тарапынан жас кадр­ларды даярлау мақсатында Германияға оқуға жіберіліп, оқу мерзімі аяқталғанда сонда қалып қойған. Зоотехникалық инс­титутты бітірген. Архив деректерінде Берлин полициясымен, кейін гестапомен байланыста болғаны көрсетіледі. Түркіс­тан легионын ұйымдастырушы болған. 1930 жылдың ортасынан ІІІ Рейхтың Шығыс саясаты жөніндегі авторы А.Розенбергпен жақын қарым-қатынас жаса­ған. Мұстафа Шоқай өмірден өткен­де­ қасында болған. Түркіс­тан­ ұлттық ко­ми­тетінің президенті.

Оразаев та Түркістан комитетінде қызмет еткен. Бұл тұлға туралы мәлімет архив қорында болуға тиіс.

Үсен Қошалақов – қызылордалық, білімі жоғары. Берлиндегі Түркістан комитетінде қызмет еткен. Соғыстан кейін елге келген соң, тұтқындалып, 1947 жылы сәуір айында Түркістан комитетінің 49 қызметкері қатарында Түркістан әскери округі трибуналының үкімімен сотталды. Әскери трибуналдың шешімімен ату жазасына кесілген. Кейін ату үкімі 25 жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырылған.

Мәжит Айтбаев (бүркіншік аты-жөні – Қобызшы Қорқыт) 1914 жылы Қызылорда облысында туған. Алма­ты­да­­ғы Қазақ педагогикалық институтын бі­тір­ген. Соғысқа дейін Қызылорда мұ­ға­­лімдер институтында әдебиеттен са­бақ берген. Қазақстан жазушылар ода­ғы­ның Қызылорда облысы бо­йынша өкілі болған. 1939 жылы армия қатарына ша­қырылып, батыс шекарада қызмет еткен. 1941 жылы тұтқынға түскен. Түркістан комитетінің мүшесі. Берлинде жарық көрген «Милли әдебиет» журна­лы­ның бас редакторы. 1943 жылы Бер­лин­де «Абылай хан» атты өлеңдер жина­ғы жарыққа шыққан. Түркістан түрік­­терінің І Конгресінде жарыссөзге қатыс­қан. 1945 жылы одақтастар авиация­сы Потсдам қаласын бомбалағанда қаза тапқан.

Саттар Алмамбетовтің (бүркіншек есімі – Бет Алмат) ұлты – қырғыз, кәсібі – заңгер. Түркістан ұлттық коми­тетінің мүшесі. 1944 жылдың 8-12 мамыр аралығында Венада өткен Түр­кіс­тан түріктерінің І Конгресіне қатыс­қан. Болашақта жарық көретін «Түр­кістан тарихының» дайындалуы қана­ғат­танарлықсыз екені, көркем-саяси әде­биеттерді түркістандықтардың ана тілінде шығару, газет-журналдар­ кей­бір батальондарға тұрақты түрде жеткізілмейтіндігі туралы пікірін айтқан.

Зұлқайыр Дощанов – Ағаевтың кө­мек­­шісі. 1944 жылы мамыр айында Ә.Ағаев­пен бірге Гурьев (Атырау) облы­сының аумағына түскен топтың мүшесі. Ол топ радиостансаға жетек­ші­лік еткен неміс армиясының фельд­фе­белі. 1944 жылдың 19 мамыр күні НКВД қызмет­керлерімен болған ұрыста Ә.Ағаев­пен бірге қаза тапқан. Екінші хатты да Қарыс Қанатбаев жазған. Бұл хатта төмендегі жайттар қозғалған.

«Берлин. 17.01. 44 Ә... Мен сізге сол­дат­тық сәлемімді жолдаймын. Бәріңізге, бауыр­ларыма денсаулық тілеймін.

15.01.44 бастап мен Түркістан легио­нына алындым. Ертең 18.01.44 сағат 11-де­­ Францияға жүремін. Менің легионға алынуыма себепші болған Шығыс министрлігіне 01.11.43 жазылған хат. Хатта Мәулекеш екеуімізді әскери қызметті атқару үшін қабылдауға ұсыныс берілген. Бұл хат кімнен шыққанын сіз білесіз.

Осы күндері Мәулекеш те менің артымнан легионға келуі керек. Мәуле­кеш­­тің оқудан қол үзіп кеткеніне қат­ты өкі­не­мін. Ал өз жағдайыма келе­тін болсам, алаңдамаймын, құдай ден­сау­лық берсін. Мен өзімнің ұлттық пары­зым­ды орындаймын. Абыройымды түсір­мей­мін.

Менің кететін уақытымда Каюм жоқ еді. Ол Парижде «істермен айналысуда» екен. Кейін легионның мекен-жайын хабарлаймын. Сіздің Қарыс».

Бұл хаттағы Мәулекеш Қайбалдиннің (бүркіншек есімі – Асан Қайғы) туған жері – Батыс Қазақстан облысының Терек­ті ауданындағы Еңбек ауылы. Ленин­град университетінің (кейбір деректерде Мәскеуде тіл-әдебиет институтын) философия факультетін бітірген. Қазақ­стан мен Мәскеуде шығатын журнал­дарында қазақ және орыс тілдерінде өлеңдері мен әңгімелері соғысқа дейін жарияланып тұрған. Соғысқа дейін Иса Байзақов, Абдолла Жұмағалиев, Нұғыман Манаев, Ғабдол Сланов, Қасым Аманжоловтармен жора-жолдас, дос болған.

Соғыс жылдары білімін, күш-жіге­­рін үлкен мақсатқа жұмылдыра білген Мәулекеш Қайболдин Берлинде сегіз айлық аудармашылар курсын аяқ­та­ған. Кейін Майндағы Франкфурт қала­сын­дағы университеттің неміс философиясы мен ағылшын факультетінде оқыған. Орыс, неміс, ағылшын, түрік тіл­дерінде еркін сөйлеген. Соғыс жылдары Түркістан комитеті тарапынан жарық көріп тұрған «Милли Түркістан» («Ұлттық Түркістан») және «Милли әдебиет» («Ұлттық әдебиет») басылымдарын шығаруға атсалысқан. Ол «Азаттық» радиосында басшы болған. Алайда 1969 жылы мүрдесі қала шетіндегі теміржол бойынан табылады. Берлиндегі М.Шоқай жатқан зиратта Қарыс Қанатбай, Дәулет Тағыберлімен қатар жерленгенімен, бейіті сақталмаған.

Ағаевқа жазылған хаттарда есімі аталатын азаматтарды немістер 1942 жылдың сәуір айынан бастап, Германия жеріндегі орналасқан концлагерьлерден соғыс тұтқындары ретінде Берлинге жинақтады. Оларды екі айдай карантиннен өткізіп, кейін екі топқа бөлді. Бір тобына әскери лауазым беріп, офицерлер формасын киіндірді. Солардың қатарында Әлихан Ағаев та бар еді. Ал екінші топты цебиль (азаматтық) күйінде қалдырған. Бұл топта Қ.Қанатбаев, М.Қайбалдин, Ү.Қошалақов, М.Айтбаев, Оразаев, С.Алмамбетов те болған.

Жазылған хаттардың мазмұнынан Тү­р­кістан комитетін басқарған В.Каюм­хан мен Қ.Қанатбаевтың арасында шие­ле­ніс өршіп тұрғандығын аңғарамыз. Ко­митет құрамы басшылығында өзбек­тер­дің басым болуы қазақтардың нара­­зы­лы­ғын тудырған. Олар ашық қар­сы­­­лыққа шығады. Кейін комитетте қыз­мет атқарған қазақтар аластатылған. Солар­­дың қатарында Қарыс Қанатбаев та­ бол­ды. Хаттар Ағаевқа сол кезеңде жаз­ылғ­ан.

Әлихан Ағаевтың өмірлік күнделігі 1944 жылдың 19 мамырында туған жеріндегі атыс-шабыста мәңгілікке үзілді. Ол жазған күнделік «құдіретті» орган архивінің ақыретінен орын алып, тарих қойнауына кетті.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы