Аймақтағы 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді шешудің жол картасында 52 іс-шара көзделсе, бүгінде соның 20-сы орындалыпты. 23-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, ал 9-ының орындалуы кешіктірілген.
Осы жылдың III тоқсанында өңірдегі қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі 126,5 мың тоннаға жетіп, оның 34,2 мың тоннасы (27%) қайта өңделген. Министр Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егу көлемін 5 жылда 1,1 млн гектарға ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын да айтып өтті.
Кездесу барысында Қызылорда қаласының іргесіндегі кірпіш және асфальт зауыттарының жұмысы, «Байқоңыр» кешеніндегі рұқсат етілмеген аумақтардағы қалдықтарды кәдеге жарату туралы сұрақтар қойылды. Су тапшылығының кіші Арал теңізіне зардабын айтқан тұрғындар да болды.
– Су тапшылығының салдарынан қазір кіші Аралдың 60 пайызы балық уылдырық шашуына жарамсыз болып қалды, – дейді ихтиолог Зауалхан Ермаханов. – Осылай жалғаса берсе, 4-5 жылдықта теңіздегі балық атаулыдан айырыламыз. Сондықтан да тұзды суда тіршілік етуге бейім камбала глосса, камбала калкан балықтарын жерсіндіруді бастап кетуіміз керек. Бұларға кезінде биологиялық негіздеме жасалған. Тек істі бастау үшін Үкімет қолдауы қажет. Бұл – балық шаруашылығын сақтап қалудың бірден-бір жолы.
Бұл сауалға байланысты жауапты қызмет өкілдері теңіздегі балық қоры тұрақты екендігін айтқанмен, министр тәжірибелі маман пікіріне құлақ асып, ұсынысты талқылауды тапсырды.
Сапар барысында министр азаматтарды жеке қабылдап, сауалдарына жауап берді, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Соңынан БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Қызылорда