Жәрмеңкеде Бұқар жырау ауданының шаруашылықтары 8,5 тонна мал етін, 1,3 тонна құс етін, 1,5 тонна сүт өнімдердін, 50 мың дана жұмыртқа, 8 тонна картоп, 1,5 тонна сәбізді саудаға шығарды. Ал Осакаров шаруалары 6,5 тонна ет, 20 тонна картоп, 2 тоннадан сәбіз, орамжапырақ, сүт өнімдерін сатты.
Дала дәмі базардағы бағадан әлдеқайда төмен саудаланды. Мәселен, сиыр етінің әр килосы – 2 300, жылқы – 2 600, картоп – 100, жұмыртқаның 10 данасы 430 теңгеден сатылып, теміртаулықтар оларды молынан сатып алып, қоржындарын толтырып жатты.
Жәрмеңкеге 2 сиыр мен 1 жабағының ұшасын әкелген Осакаров фермері Байболат Үрімханның жабағысы ертемен өтіп кетіпті. Қала тұрғыны Райхан Қайырбекова сиырдың жарты етін өлшетіп алды.
«Ауылдан келген азық-түліктің құнары мол, экологиялық таза деп санаймыз. Міне, семіз сиырдың жарты етін сатып алдым. Бір қысқа жетеді. Бағасы да базардағыдан арзан», дейді Р.Қайырбекова.
Ал Бұқар жырау ауданының сөрелерінен тор қалталарын толтырып алып жатқан жұрттың көңілі тоқ, жүзі шат. Саудагер де мәз, дала дәміне қарық болған қала жұрты да қуанышты. Онымен қоса қаланың ұлттық-мәдени орталықтары өнерпаздарының жәрмеңке басындағы концерті де көпшіліктің көңілінен шығып жатты.
Таңертеңнен қызған жәрмеңкенің саудасы мен думанының ішінде Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков бастаған әкімдік қызметкерлері осындағы сауда тәртібі мен ветсанитарлық талаптардың бұзылмай, қатаң сақталуын жәрмеңке аяқталғанша қадағалап, бақылауда ұстады.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы