«World Intellectual Property Organization», яғни Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы дайындаған 2023 жылғы Жаһандық инновациялық индекстің негізгі мақсаты – әлемдік экономиканың инновациялық даму тұрғысынан үздік елдерді бағалау, олардың инновациялық қызметінің көрсеткіштері негізінде рейтинг құру және мемлекеттердің күшті және әлсіз жақтарын атап өту. Сонымен қатар зерттеуде жаһандық ауқымдағы ең ірі 100 ғылыми-техникалық кластер көрсетілген. Дүниежүзінің әртүрлі елдерінің үкіметтері инновациялық қызметті салыстырмалы бағалау, инновация көрсеткіштерін жақсарту және ғылыми негізделген инновациялық саясатты қалыптастыру үшін аталған индекс деректерін пайдаланады. 2019 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары контекстінде инновациялық қызмет мәліметтерін, оның ішінде пандемия аяқталғаннан кейінгі ағымдағы жағдайды бағалауда Жаһандық инновациялық индекс деректері үлгі ретінде танылады.
Зерттеу жұмысында әлемнің 132 елінің экономикасы мен инновацияның жаһандық үрдістері талданып, рейтингті құрастыру кезінде 80 түрлі көрсеткіш пайдаланылған.
2023 жылғы Жаһандық инновациялық рейтингтегі үздік үштікті Швейцария, Швеция және АҚШ бастап тұр. Инновация саласындағы 25 жетекші елдің 16-сы, яғни басым бөлігі Еуропада орналасқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда бір мемлекетке көп. 2023 жылғы рейтингте Еуропадан қарастырылып отырған 39 экономиканың 19-ы өз позицияларын жақсарта алған.
АҚШ инновациялық қызметтің 80 көрсеткішінің 13-і бойынша рейтингтік кестеде көш бастаған. АҚШ «жаһандық корпоративтік инвесторлар», «алынған венчурлық инвестициялар», «университеттердің сапасы», «корпоративтік материалдық емес активтерді пайдалану қарқындылығы» секілді бірқатар аса маңызды санатта бірінші орында.
Азия елдерінен алғашқы ондыққа Сингапур, Оңтүстік Корея елдері енген. Қытай 12-орынға тұрақтаса, Малайзия – 36, Түркия – 39, Үндістан 40-позицияға орналасқан.
Үндістан жалпы рейтингте 40-орынды сақтап, орташа табысы төмен елдер тобын басқарады. Үндістан – 13 жыл қатарынан елдің экономикалық деңгейінен озық қарқынмен инновацияларды дамытқан мемлекет мәртебесін сақтаған рекордтық көрсеткіштің иегері. Үнді елі «алынған венчурлық инвестициялар» (6-орын), «жаратылыстану және инженерлік ғылымдар түлектері» (11-орын) санаттарында жоғары ұпайға ие.
ЖаҺандық рейтингте Ресей – 51, Иран – 62, Беларусь 80-орында тұрақтаса, Қазақстан 81-орынды иеленген. Көршілес мемлекеттерден Өзбекстан – 82, Әзербайжан – 89, Қырғызстан – 106, Тәжікстан 101-орынға тұрақтаған.
Қорытындылай алғанда, бүгінгідей технология қарқынды дамыған, өндірісті басқарудың инновациялық әдістері үшін өзара бәсеке қызған шарттарда әрбір мемлекет әлемдік дамудың көшінен қалмай, барынша тиімді инновациялық даму жолдарын қалыптастыруға тырысады. Әлемнің даму көрсеткіштерін инновациялық саясат тұрғысынан зерттеген Жаһандық инновациялық индекс зерттеуі мамандар мен тақырыпқа қызығушы қауымға тәжірибелік көмекші құрал бола алады.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы