Тұлға • 22 Қараша, 2023

Ақырын жүріп, анық басқан...

455 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжановтың «Жадымда жақсы жылдарым» атты өмір жолын байыпты баяндаған кітабынан: «Мен Торғай даласында еңбектің бастауыш мектебін бітіргендей болдым. Астық өсіруді, асыл тұқымды малды баптауды, ауылдағы реформаларды ұйымдастырып жүргізуді, халықпен тығыз жұмыс істеуді үйрендім», деген жолдарды оқыдым.

Ақырын жүріп, анық басқан...

Бұл оның айна қатесіз шындығы еді. Өйткені мен осының куәсі болдым. Сонау 1980-жылдардың басында оның саналы ғұмырының бес жылдай уақыты осы тарихи өлкеде өтіп, алдағы басшылық қызметіне азық боларлықтай негізі қаланды.

Сол кездегі одақтың астанасы Мәс­кеу­ден жаңадан ашылып, қалыптасу үс­тін­дегі бұрынғы Торғай облысына жас маманның келуі, жай ғана маман емес, ғылым кандидаты деген дәрежесі бар және кибернетика деп аталған сирек саланың ғылыми қызметкері­нің келуі – сол кездегі облыстық ауыл ша­руа­шылығы басшылығының үміті мен күдігін қатар оятқан тәрізді. Оны сы­нап көргісі келген болу керек, облыс орталығынан шалғайдағы – 400 шақырым жердегі «Заря коммунизма» деп аталатын кеңшарға бас экономист етіп аттандырды. Одан тартынбаған жас ғылым кандидаты өзі сияқты жас маман – мектеп мұғалімі, жан жары Бануды қасына ертіп алып, қала тіршілігін ауылға айырбастап жүре берді. Осы­лайша, алға қойған арман-мақсат жолын­да қол ұстасқан жарасты жұп жас­тық­қа тән іс-қимылын да көрсетіп еді. Бүгінде педагогика ғылымының док­торы, профессор атанған Бану өмір­лік серігі Жәнібекпен бірге ауыл тірлі­гінің қиыншылығын бірге бөлісіп, жер­гілікті мектептің айтулы мұғалімі атан­ды. Табиғаты қатаң өңірдің қиын тұр­мысына, ауылдың мазасыз өміріне тез төселді. Қыста үйдің пешін жақса, жазда аулада бау-бақша екті, қорада азын-аулақ мал ұстап, сиыр саууды да үйренді.

Менің де Жәнібекпен таныстығым сол кезден басталды. Ол бұл кезде «Заря коммунизма» совхозында бас экономист болып істеген екі-үш жылда өзінің қолынан іс келетінін толық танытып, Панфилов атындағы кеңшарға директор болып тағайындалған кезі. Облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып істейтін мен де Жәнібек Кәрібжановтың жаңа шаруашылық басшысы ретіндегі іс-қимылын, аяқ алысын байқап жүрдім. Оның үстіне өзіммен жасы да қатарлас, озық ойлы азаматпен бірден араласып, ой-пікірімізді бір-бірімізге емін-еркін айтатын болдық. Жәнібек өте бастамашыл болды, аудан, облыс басшылары да оның жақсы істерін қолдап, үнемі назарда ұстады. Шаруашылықтың жаңа тұрғыдағы жас басшысы эксперимент жасаудан қорықпай, ғалымдарға тән табандылық танытты. Нені болса да ғылыми тұрғыдан ойлады, ойға алған шаруасын нақты түрде жүзеге асырып, өмірге енгізуге және оның экономикалық тұрғыдан тигізетін пайдасына көз жеткізуді түпкі мақсат етті. Оның осы қасиеттерін бірден байқаған облыс басшылары бұл жерде де оны көп отырғызбады.

Бір өкініштісі, жас директордың Панфилов кеңшарын көтеріп, облыс, республикаға танымал жаңа тұр­ғыдағы шаруашылық жасауына құры­ғанда 3-4 жыл уақыт берілмеді. Бірақ бір қуанарлығы, оның ауыл ша­руа­шылығына қатысты озық ойла­рын об­лыстық деңгейде жүзеге асыруға мүм­кіндік туды. Сол кезде алты бірдей сала­ның басы біріктіріліп құрылған құзыры мол жаңа құрылым – Торғай облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне шақы­рылды. Жәнібек бұл жаңа іске де бел шеше кірісті. Облыс көлеміндегі ша­руа­шылықтардың экономикалық өмі­ріне өзгешеліктер енгізіп, жаңаша жұ­мыс істеудің тиімді тәсілдерін бірте-бірте енгізе бастады. Оның осы баста­ма­шылдығы бұл жолы да бастаған істі аяғына дейін жеткізуіне кедергі келтір­ген­дей болды. Ол тағы да осындай жаңа­шыл­дығымен енді республикадағы ауыл шаруа­шылығы басшыларының көзі­не түсіп қалып еді. Олар оны Қазақ КСР Мем­лекеттік агроөнеркәсіп комитеті ­төр­­ағасының бірінші орынбасары – Қа­зақ КСР министрі лауазымына алып кетті.

1982 жылы кеңшардың бас экономисі болып ауыл шаруашылығы саласын­дағы еңбек жолын бастаған Жәнібек Кәрібжанов 1987 жылы бас-аяғы 5 жылда республикаға танымал үлкен лауазым иесі болып шыға келді. Оның қызметінің осылайша шапшаң өскені­не оны жақсы танып, араласып, дос-жаран болып қалған біздер қуансақ та, Жәнібек секілді талантты да табанды азамат­тың тұрақтап, нәтижелі жұмыс істеуіне мүмкіндік толық берілмеді. Ол кезде мемлекет тарапынан ұсынылған қыз­меттерден тартынсаң, жоғары басшылар дұрыс түсіне бермейтін. Кейде ойлаймын, менің осы Жәнібек досымды да осындай саясаттың салқыны шарпып өтті-ау деп. Сонау Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, 1971 жылдан аға инженер, аға экономист болып басталған еңбек жолы 2011 жылы Парламент Мәжілісі төрағасы­­ның орынбасарына дейін жемісті жал­ғас­ты. Ол барлық уақытта өзіне беріл­ген қызметті абыроймен атқарды. Жолы­нан жаңылған, не болмаса жаман атқа ие болған кездері болған емес. Тәуелсіз еліміздің ең бір күрделі кезеңдерінде күр­меуі қиын істерді атқаруына да тура келді. Ештеңеден тартынбай, табан­дылықпен қызмет еткен елге танымал мемлекет қайраткерлерінің бірі осы Жәні­бек Кәрібжанов екенін халқымыз жақсы біледі. Сол кезеңдерде 2 рет министр, 3 рет бұрынғы Көкшетау, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімі, 3 рет Премьер-министрдің орынбасары, Қытай сияқты әлемдік державада Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет етті. Бұл жерде ол өзін жаңа қырынан көрсетті. Мем­ле­кетіміздің ұстанған бағытын сали­қа­лы да салмақты саясаткер ретінде таныта білді.

Жәнібек Кәрібжанов 70 жасқа толған мерейтойы қарсаңында «Жадымда жақ­сы жылдарым» деп аталатын кітабы жарық көрді. Онда оның жоғарыда айтылып өткен алғашқы еңбек жолдарынан бастап, өмір жолының барлық кезеңі тарау-тарау болып тарқатылып, әдемі үйлесіммен баяндалады. Әсіресе ата-әжесі мен әке-шешесінің аялы ала­қаны мен ағайын-туыстарының қам­қорлығы, Ресей жеріндегі аядай қазақ ауы­лының бірлігі мен тірлігі, ұлттық құндылықтарды сақтап қалудағы іс-әрекеттері үйлесімді көрсетілген. Мен өз басым еліне кейінгі жылдарда жиі барып тұ­ратын Жәнібекпен бірге оның туып-өскен жерін, оқыған мектебін, жас ке­зінде араласқан жора-жолдастарын кө­ріп, нағыз қазақ ауылын, ұлттық құн­ды­лық­тарын сақтай білген ел адамдарын көріп таңғалдым. Ардақты досым­ның жүрегінен орын алған ұлтымызға тән қасиеттердің қай жерден бастау алғанын түсіндім. Аядай ғана қазақ ауылынан шыққан Қошке Кемеңгерұлы, Жұмабай Шаяхметов, Фазыл Кәрібжанов сияқты елге белгілі тұлғалардың өнегелі жолдары оның туған жерінде сайрап жатыр.

Осындай танымал, елге адал қыз­мет атқарған Жәнібектей жайсаң азамат­тардың қарапайым да, түсінікті тірлігі, дүниетанымы мен адамдық қалпын танытып тұратын туындылары да керек екен. Мұндай кітап өзің үшін, өзіңнің қызметіңді елге таныту үшін емес, ең алдымен, өзің өмір сүрген орта мен адамдарды тану үшін, оларды ардақ тұтып, жақсы істері мен қасиеттерін тану үшін жазылатынына тағы көзім жете түскендей. Бұл тұрғыдан да Жәнібек жақсы әсер қалдырып, өзі үлгі тұтқан ардақты ағалары Б.Әшімов, М. Сағдиев, К. Салықов, К. Әубәкіров. Ғ. Ержанов, М.Бабаев тәрізді абзал жандардың тәр­биелік мәні зор ғибратты сәттері туралы толғаныпты.

Жалпы, Жәнібек Кәрібжановтың елге сіңірген еңбегі мен мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі атқарған сан салалы қызметі туралы басқа да айтулы азаматтар аз айтып жатқан жоқ. Сондықтан да мен оның мемлекеттік қызметтегі зор еңбектеріне тереңдеп бармай отырмын. Ең бастысы, оның жасаған қызметін ел жақсы біледі. Қайда барса да алды ашық, жүзі жарқын. Бүгінгідей саябыр тартқан сарабдал шақта бұл аса мән беретін жағдай. Жасаған жақсы істерің алдыңнан шығар-шықпас. Оны біреу білер, біреу білмес. Ал сәтсіз қа­дамдарың мен қолайсыз жағдайлар ал­дыңнан шығып, көлденеңдеп жатса, жас ұлғайған шақта адамды сол алаңдатады. Жәнібек қай істе де оң-солын танып барып шешім қабылдайтын, асығыстыққа бара бермейтін басшы болды. Халқымыз «Ақырын жүріп, анық басатын азамат» деп осындай байыпты жандарды айтса керек. Жәнібек қай жерде болса да, еңсесі биік, өзінің азаматтық қалпын сақтаған еліміздегі санаулы қайраткерлеріміздің бірі.

 

Аманкелді САДЫРБЕКОВ,

еңбек ардагері, Қостанай облысының құрметті азаматы

 

АСТАНА