Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Барлық өңірде Үкіметтің қадағалауымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығына ерекше мән беріліп келеді. Бұл – әрине, қымбатшылыққа жол бермеуге бастайтын іс-шара. Бірақ тұрғындардың қынжылысына қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейту керек екені анық. Осы орайда Жаңаөзен қаласындағы азық-түлік бағасына аз-кем тоқталып өткенді жөн көрдік.
Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан Дүйсенғалидың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын ұстау және төмендету мақсатында 19 түрлі өнімнің тізбесі бекітіліпті. Соған сәйкес «Халық бақылауы» мониторинг тобы жыл басынан бері қалада 110 мониторинг жұмысын жүргізген. Мониторинг нәтижесінде Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы салыстырмалы түрде жоғары болған 12 сауда нысанын тексеру мақсатында арыздар жолданды.
Осы орайда 2022 жылы құзырлы орындар заңнама талаптарын сақтамаған «Бөкен Жәнібек» және «Шаңырақ» базарларында тексеру жұмыстарын жүргізіп, 5 кәсіпкерге азық-түлік бағасын 15 пайыз үстемеден асырғаны үшін ескерту берілді. Бұл кәсіпкерлер – Р.Ургеншбаев, Ж.Төреханова, А.Бүйінбаев және «НұрАйса» ЖШС, «Nursultan» ЖК.
Ал биыл мониторинг барысында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 12 сауда орнының 15 пайыз үстемесін анықтау мақсатында арыз жолданған.
«Халық бақылауы» мониторинг топ құрамына облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, қоғамдық кеңес мүшелері және жергілікті атқарушы орган өкілдері кірді. Аталған топтың жұмыс кестесі жасақталып, әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мемлекеттік реттеу жүргізіліп отырады. Мәселен, мониторинг нәтижесінде 7 тауардың бағасы өскені анықталған. Атап айтқанда, ұнның бағасы – 0,04%, қарақұмық – 0,05%, күріш – 0,06%, қант – 0,04%, сүт – 0,08%, айран – 0,07%, жұмыртқа 0,03% өскен. Сондай-ақ 7 өнімнің бағасы төмендепті: картоп – 0,03%, сәбіз – 0,04%, пияз – 0,02%, қырыққабат – 0,07%, сұйық май – 0,08%, сарымай – 0,11%, тұз – 0,04. Қалған өнімдерде баға ауытқуы байқалмады.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатындағы іс-шараның бірі – ауылшаруашылық жәрмеңкесі. Мұндай жәрмеңке Жаңаөзен қаласында әр аптаның сенбі күні өткізіліп тұрады. Қалада биыл 41 жәрмеңке өтті. Онда қант – 360, макарон – 250, қарақұмық – 300, картоп – 120, пияз – 90, сәбіз – 200, қырыққабат – 200, алма – 400-450, анар – 900, асқабақ – 200, сиыр еті – 2 500, түйе еті 2 000 теңгеден (килосына) сатылды.
Сонымен қатар 66 сауда желісімен меморандум жасалып, бекітілген бағалар өзгеріссіз тұр. Бағаны тұрақты ұстап тұрған бұл сауда орындары – «Жанұя», «Сәнді», «Мерей», «Нұрайса», «Азамат», «Жанұя», «Береке» супермаркеттері. Осы дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы үстемесіне 7%-дан асырмай саудаланып жатыр.
Ал «Айналым механизмі» бойынша «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жеке кәсіпкерлер Н.Табылдиев (18 млн теңге), Ж.Агисов (52 млн теңге), Қ.Сәрсенғалиев (95 млн теңге), Қ.Нұров (30 млн теңге) баға тұрақтандыру бағытында оператор болып тағайындалып, ұн, күріш, сұйық май, қарақұмық, тұз, қант және тағы басқа әлеуметтік азық-түлік тауарларын тасымалдап сатып жатыр.
Бұған қоса азық-түлік бағасын қалыпты ұстап тұру үшін «Бизнесті қолдау мен дамыту» ұлттық жобасы аясында 5 млн теңгеге дейін грант беріледі. Осы жобаға Жаңаөзен қаласының 50-ге жуық кәсіпкері құжатын тапсырып, оның алтауы жалпы көлемі 30 млн теңгені құрайтын мемлекеттік грантқа ие болды. Ал 2023 жылы мемлекеттік гранттарға жергілікті бюджеттен облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасына 250 млн теңге қаражат қарастырылды. Осы мақсатта шілде айында конкурстық комиссияның отырыстары өтіп, Маңғыстау облысы бойынша жалпы сомасы 245,6 млн теңге болатын 53 кәсіпкердің жобасы мақұлданды. Барлығы 881 өтінім түсіп, конкурстық комиссия қарауына 589 жоба жолданды.
Осы орайда қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Қазақстанда азық-түлік бағасы маусымға қарай өзгеріп отыратынын атап өтті.
«Шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында азық-түлік бағасы арзан болып тұрады. Кейін қыс мезгілі жақындағанда қымбаттайды. Өйткені қыста ауа райының салқындауына байланысты көптеген кәсіпкер өнімдерді алдын ала алып қойып, сақтайды. Сөйтіп, қыста бағаны көтереді. Елімізге Өзбекстан, Ресей, Польша, Түркия, Қытай сияқты елдерден азық-түлік тасымалданатын болғандықтан, кейбір өнімнің бағасы қымбат. Ал өзімізде өндірілетін өнімдердің бағасы сырттан келетін тауарларға қарағанда неғұрлым арзан. Қазақстанда сүт өнімдерін дамытуымыз керек. Беларусь, Ресейде жасалатын сүт өнімдері біздің нарықты жаулап жатыр. Елдегі сүт өнімдерін дайындайтын фабрикаларымыз бәсекелестікке төтеп бере алмай тұр», дейді Р.Рысмамбетов.
Гүлсім МҰРЫНОВА,
журналист
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы