Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауында Конституцияның 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде алғаш рет Мемлекет басшысы лауазымына кіріскен болатын.
Рас, кейінгі үш-төрт жылда Қазақстан халқы бірнеше күрделі сынақтан өтті. Солардың бірі – өткен жылдарда болған Арыстағы ауыр жағдай. Ескіріп, тозығы жеткен әскери оқ-дәрілер сақталып келген және бірде-бір тексеруден өткізілмеген. Жедел әрекет етудің арқасында оңтүстік өңірдегі замандастарымызға төнген қауіп-қатер уақытында тоқтатылғанын барша жұрт біледі. Сол сияқты, өткен қыстағы Екібастұздағы жағдайды алайық, ондағы жылу беру ошағына да 43 жылдан бері ешқандай тексеру жүргізілмеген екен. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет тізгінін осындай жағдайда қабылдап алды және күрделі түйіндерді сабырмен шешіп, қиындықтардан өтіп, отандастарымыздың мүддесі үшін байсалды қызмет етіп келеді.
Біз қазір үлкен өзгерістер болып жатқан күрделі уақытта өмір сүріп келеміз. Әлемнің әр түкпірінен шығып жатқан дүмпулер еліміздің жалпы тынысына әсерін тигізбей айналып өтуі мүмкін емес. Осы ретте Президентіміздің саяси аренадағы біліктілігі, жүргізіп отырған салмақты саясатына сенім білдіргеніміз жөн. Алдымен ел ішіндегі тыныштықты, тұрақтылықты ойлайтын ел басшысына әр отандасымыз қолдау жасаса, бұл біздің мызғымас бірлігіміздің кепілі болмақ.
Бұрында ынтымақтастығы жарасқан көршілес ТМД елдері арасында қазір геосаяси шиеленістерге байланысты алуан көзқарас, пікірлер туындап жатқаны да белгілі. Беларусь Президенті Александр Лукашенко Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ядролық қарудың ортақ болатынын желеу етіп, «одақ мемлекетке қосылуды» ұсынған еді. Қазақстан Президенті көрші елдермен Еуразиялық экономикалық одақта бірге екенін айтып, орынсыз ұсыныстан бас тартты. «Ядролық қаруға келер болсақ, бізге ол керек емес, себебі біз ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа және ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі шартқа қол қойғанбыз. Халықаралық құжаттар шеңберінде біз осы міндеттемелерге адал болып қаламыз», деді Президент. Осы сөзімен көршілес елдермен Қазақстан тек экономикалық қарым-қатынастарға ғана ашық екенін айқын білдірді.
Кездескен қиындық, кедергілерге қарамастан, қазір еліміз жүйелі дамып келеді. Іске асып жатқан конституциялық реформалар әділетті Қазақстан құру жолында маңызды қадамдар жасауға түрткі болып отыр. Сол сияқты маңызды саяси реформалар мен экономикалық өзгерістердің болып жатқанына да куә болып отырмыз.
Рас, ел экономикасында өзекті мәселелер көп. Соның бірі – еліміз әлі де болса шикізатқа тәуелді. Осы орайда Президент ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырмағанын айта келіп, күрделі мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынған болатын. Ол қандай жолдар десек: макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру да тапсырылды. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жасалып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Президенттің тағы да бір назарға алған мәселесі – ауыл шаруашылығы саласы. Бұл сала өз дамуында қазіргі кезге дейін кенжелеп қалып келді. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі толыққанды зерттелмеді. Мемлекет басшысы Жолдауда ауылшаруашылық саласына цифрлық платформаны жүйелі енгізу туралы айтқаны есімізде. Бұдан былай цифрлық платформаның арқасында жүйелі жұмыс жүргізілетін болса, жоғарыда айтылғандардың бір жерге жинақталған қоры қалыптасатыны анық. Бұл – ауыл шаруашылығы саласының жылдам еңсе көтеруіне игі әсер ететін өте тиімді жол.
Ел тізгінін қолына алған кейінгі үш жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа оңай болған жоқ. Күні кеше ғана ойламаған жерден қара жамылып қалған кеншілер астанасы – Қарағандыға барды. Костенко атындағы шахтада болған жарылыс пен өрттен қаза тапқан шахтерлердің қайғысы бүкіл отандастарымыздың қабырғасын қайыстырып кетті.
Президент апат орнын өз көзімен көріп, марқұмдардың отбасыларына көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі әуел бастан жақсы дамыған. Бұл сала осы уақытқа дейін ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Қазір мұнай, көмір, бағалы металдың әлемдік нарықтағы бағасы өте жоғары екенін білеміз. Ірі өндіріс орындарында жұмыс істейтін кеншілер экологияның нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымданады.
Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс», деген болатын.
Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тағылымы мол сөз бар. Қазір балабақшадан бастап, мектепте, жалпы білім беру саласында тың өзгерістер жүріп жатыр. Дегенмен біліммен қатар ұлттық тәрбиеге де баса мән берілуі керек. Ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыра білу маңызды. Біз ғасырлар бойы күресіп, ақыры Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ұлттық әскери құрылым және ұлттық қауіпсіздік саласының іргетасын қалауға біздің буын да аз-кем үлесін қосты. Алайда қазіргі кезде жастардың кейбіреуі әскерге барудан қашады, қиындықты еңсеріп, өзін-өзі темірдей тәртіпке тәрбиелеуге көнгісі келмейді. Сонда Отанды кім қорғамақ? Елдің қауіпсіздігін болашақта кімге сеніп тапсырамыз? Осы орайда жастар ойлануы керек. Олар ел алдындағы жауапкершілік пен борышты терең сезінгендері дұрыс. Патриоттық сезім қоғамымызда ең жоғарғы орында тұруға тиіс.
Президент ел азаматтарының денсаулығы мықты, білімі терең болуына қатты мән береді. Әрқашан жастардың болашағына алаңдап, айтып отырады. Жастар бір кәсіпті меңгеріп, еліміздің «кетігіне кірпіш болып қалана» білсе дейміз. Адамды жетістікке жеткізетін – еңбекқорлық. Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деген еді.
Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғандары жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті бола алады.
Жастарды қолдау, жас кадрларды өсіру туралы мәселені Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келе жатқаны шындық. Парламентке сайлауда да депутаттыққа жастардың көптеп сайланғанын көріп қуандық. Президент жастар саясатын қолдаса, билікке келіп жатқан жастарымыз Мемлекет басшысының байсалды саясатын қолдайды, елімізді дамытады деп сенеді. Халқымыз бірлікте болса, алынбайтын қамал болмайды. Сондықтан бәріміз бір бағытта – еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етейік!
Жақында ғана Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті. Алқалы жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысты.
Еуразия кеңістігінде ежелден бері тарихи атажұртты көздің қарашығындай сақтап, қорғап келе жатқан Түркі әлемінің бесігіне айналған Қазақстанның Мемлекет басшысы қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсудің маңызына назар аудартты.
Еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «Turktime!» ұранымен өткізді. «Түркі әлемінің келешегі-2040» атты құжат бекітіліп, 12 құжатқа қол қойылды.
«Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Осы орайда мен келесі жылы Астанада мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-отырысын өткізуді ұсынамын. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, айналамызда күрделі ахуал қалыптасқан қазіргі кезеңде медиацияның да рөлін арттыру қажет. Мемлекет басшысы Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қанды қақтығыстарды, Батыста белең алған заңсыз көші-қон мәселесін мысалға келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет екенін айтып, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдады.
Халық сайлағандықтан атқарып жатқан қыруар істерін, әлем алдындағы беделін күн сайын көріп-біліп отырғандықтан біз де Президентке сенім артамыз. Ел сенімінің үдесінен шығу – уақыт еншісінде.
Сәт ТОҚПАҚБАЕВ,
запастағы генерал-полковник