Форум • 23 Қараша, 2023

Инклюзивті қоғамның мүмкіндігі

112 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Теңдік ұрпағы» және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өңірлік кеңсесі «Еуропа мен Орталық Азиядағы цифрландыру үдерісін жеделдету: әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру мақсатындағы инновациялар мен технологиялар саласындағы серіктестік» тақырыбында форум өткізді.

Инклюзивті қоғамның мүмкіндігі

Мүдделі тараптар ара­сын­дағы ынтымақтастық пен инклюзивтілік бүкіл әлем­дегі әйелдер мен қыздарды алаң­датып отырған ең өзек­ті мәселелерді шешуге ба­ғыт­талған. 2021 жылы іске қо­сыл­ған бұл бастама бес жыл ішінде гендерлік теңдікке қол жеткізуді жеделдетудің жа­һандық жоспарын әзірледі. Еуропа және Орталық Азия «БҰҰ – әйелдер» құрылымы аймақтық офисі директорының міндетін атқарушы Гюльден Тюркёз-Кослеттің айтуынша, әйелдер мен қыздардың қо­ғамдағы белсенділігі, олар­дың өз құқықтарын қорғаудағы мүм­кіндіктерін іске асыруда инновациялар, цифрлық тех­нологиялардың ықпалы зор. Олардың цифрлы кеңістікте жаңа жобалардың бастамасшысы болуына толыққанды жағдай жасау әлем елдерінің көбінде орын алып отырған әділетсіздіктермен күресуге мүмкіндік береді.

Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнер­кәсібі вице-министрі Мә­лік Олжабеков бұл бағытта стра­тегиялық әріптестікті дамыту, цифрлық алшақтықты азайту маңызды екенін атап өтті. Технологиялық жетіс­тіктерге ғана емес, сонымен қатар инклюзивті цифрлық ландшафт құруға да назар аудару әйелдердің мүмкіндіктерін арттырады. Аймақаралық және инновациялық әріптестік кез келген олқылықты еңсеруді жеңілдетеді.

Іс-шарада цифрлық ген­дерлік алшақтықты азайту және инновациялық эко­жүйе­­лердегі әйелдер мен қыз­дардың көшбасшылығы туралы мәселелер көтерілді. Қа­­тысушылар Украинадағы жағ­дайдан зардап шеккен, қоныс аударған әйелдерге цифрлық қызмет көрсету және COVID-19 пандемиясынан кейінгі қиындықтарды жеңу үшін жасанды интеллект әлеуетін Еуропа мен Орталық Азияға таратумен байланысты инновациялық шешімдерді, әйелдердің қо­ғамдағы рөлі, олардың ел да­муының үдерістеріне бел­сен­ді атсалысуы, жаңа заман игіліктерін меңгеруімен қатар экономикалық, әлеу­ме­ттік әділетсіздік, зорлық-зом­былықтың алдын алудағы цифрландырудың жаңа мүм­кіндіктерін талқылады.

Осы орайда Косово бі­лім, ғылым, технология және ин­новация министрі Арбери Нагавчи бүгінде ел тұр­ғын­дарының көпшілігін жастар құрап отырған мемлекеттің цифрландыру бастамаларының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Еуропалық одақтың ци­фр­ландыру жоспарына ба­­­сымдық бере отырып, 2030 жылға дейін осы салада инклю­зивті дамуға ба­ғыт­талған заңдар әзірленген. Әріп­тестік ынтымақтастық аясында әйел­дер, қыздар, студенттер, балалар және мүгедектігі бар адамдарды кемсітуге қар­сы күрес барысында жаңа дағ­дыларды игеру, білім беру ар­қылы тең мүмкіндіктер қа­растырылып отырғанын жет­кізді.

Еуропалық одақтың Қазақ­стандағы елшісі Кестутис Ян­каускас ЕО экономиканың негізі ретінде шағын және орта кәсіпорындарға иек артатынын атап өтті. Елшінің айтуынша, гендерлік теңдік қазіргі қоғамның барлық аспектісіне енетініне көз жеткізу қажет. Дегенмен цифрлық даму қоғамның барлық саласын қамти бермейтінін де ескерген жөн. Осыған орай әлеуметтік үрдіс пен өркендеуге ықпал ететін бизнесті дамытуда ерлер мен әйелдерге теңдей жағдай жасалғаны абзал.

Social Builder қоғамдық ұйымы­ның бас директоры, тех­нология және инновация коалициясының жетекшісі Эммануэль Ларрок тұрақты даму мақсаттарына жету үшін цифрлық әлемдегі гендерлік алшақтықты жоюдың маңыз­дылығын атап өтті. «Біз­дің бас­ты миссиямыз – дағ­дыларды дамыту арқылы цифр­лық экономикадағы әйелдердің мүмкіндіктерін ке­ңейту. Цифр­лық технология ди­на­микасын өзгерте отырып, мүмкіндіктер мен қи­ын­дықтарды ескеріп, гендерлік ал­шақтықты жоюға ықпал ететін боламыз», деді ол.

Босния және Герце­го­ви­­надағы ең ірі Bit Alliance IT-компаниялар қауымдас­ты­­ғының операциялық ме­неджері Кристина Эрак заманауи технологиялар мен цифр­ландыру әлеуметтік мә­селелерді шешудің ма­ңыз­ды құралы деп санайтынын айтты. «Біз Босния және Гер­цеговинадағы IT секторға ген­дерлік және әлеуметтік талдау­ды жариялауға міндеттіміз және басқа секторлардың ұсы­ныстарын қолдай отырып, ген­дерлік теңдік идеяларын тарату үшін ақпараттық компаниялар­ды іске асырып келеміз», деді ол.

Іс-шара Алматыдағы Smart Point инновациялық кеңістігін таныстырумен аяқталды. Онда гендерлік теңдікті ілгерілету, тұ­рақты қоғам, қауіпсіз және ақылды қалалар құру үшін цифрлық жобаларды, сондай-ақ әйелдер мен қыздарға арналған бастамалар туралы айтылды. Онлайн платформаға қосылған 10-нан астам елдің өкілдері цифрлық-инновациялық орта­лықтарда желілер құру және оның жұмысын күшейту, сон­дай-ақ цифрлық экономика­ны дамытуға қатысты ұсыныс­тары­мен бөлісті.

Форум қатысушылары бір­қатар міндеттемені бас­шы­лыққа ала отырып, цифрл­ық қызметтер мен оқы­ту құралдарының қолже­тім­ділігіне, әйелдерге қатысты қа­саң қағидаларды жойып, олардың отбасын ұйыс­ты­рудағы, қоғамды алға же­те­леудегі, барлық салада жа­ңа дағдыларды игерудегі әлеуетінің зор екенін айтты. Әйелдер қауымы қоғамға тың серпін бере отырып, құн­дылықтарды насихаттауда, әлемде бейбітшілікті тұ­рақтандыруға ерекше жігер бере алады.

 

АЛМАТЫ