Заң • 24 Қараша, 2023

Заңға өзгеріс керек пе?

192 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері елімізде 26 нотариус лицензиясынан айырылған. Ал 86 азаматқа заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыруға уақытша шектеу қойылыпты. Бұған тұлғалардың өмірден өтуінен бөлек, көмекшісінің мөрді пайдалануы және нотариаттық актіге қол қою фактісі түрткі болған көрінеді. Сондай-ақ борышкерден қарыз соманы өндіруге арналған атқарушылық жазба жасақтаудағы олқылықтар да нотариустардың уәкілеттілігін тоқтатуға негіз болып отыр. Осыған қатысты нотариустар да өз уәждерін жеткізді.

Заңға өзгеріс керек пе?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазір елімізде 4700-ден аса нотариус заңды жұмыс істеп тұр. Қыркүйек айында өткен брифингте Әділет министрі Азамат Есқараев заңды әрекеттер мен құжат­тарды куәландыратын тұлғалардың 67-сі – тәртіптік, 28-і әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылғанын айтқан еді.

«128 нотариусқа лицензия берілді. Әртүрлі негіздер бойынша 16-сының лицензия қолданысы тоқтатылды, 42 лицензия уақытша тоқтатылды, 9-ы лицен­зия­сынан айырылды. Адвокаттардың жалпы саны – 5 963, 189 лицензия бе­ріл­ді, әртүрлі негіз бойынша 13 ли­цензия тоқтатылды, 15 лицензия уа­қыт­ша тоқтатылды, 1 адам лицензиясы­нан айы­рылды. 28 адвокат тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылды», деді министр.

Ал министрліктің бізге жолдаған соң­ғы­ дерегіне сүйенсек, лицензиясынан мүл­дем айырылған тұлғалар санының өскенін байқаймыз. Мәселенің мәнісін анықтау үшін уәкілеттілігін тоқтатқан тұл­ға­лардың біразына хабарласып көрдік. Бірі уақытының тығыздығын айтты, енді бірі мүлде телефонын көтермеді. Кейбірі сұра­ғымызға жауап беруден бас тартты. Сұрақты елеусіз қалдырмағандар бір­ауыз­дан әлі де «Нотариат туралы» заңға өзгерістер керек дегенді алға тартты.

«Нотариат туралы» заңға қандай да бір өзгерістер енгізу керек. Нотариат – түрлі заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыратын мекеме. Сәйкесінше заң аясында ғана жұмыс істейді. Әр нотариусқа халық заңгерге, жол нұс­қай­­тын адамға келдім деп жүгінеді. Көп нота­риус атқарушылық жазба бойынша заң­ды бұзады. Бұл жазба сот шешімімен бір­дей, бірақ оны сот шығарса, ешкімді жұ­мысынан айырмайды», дейді бұрын но­тариус болып жұмыс істеген Айжан Жанабаева.

Оның айтуынша, нотариустар бір рет лицензиясынан айырылса, белгілі бір мерзімнен кейін адвокат секілді қайта жұмысын жалғастыра алмайды. «Сон­дықтан құжат негізінде нотариустың қажет екенін және халыққа қандай көмек әке­летінін ескеріп, мүлдем лицензиясынан айыру деген бөлігін қайта қарау қажет. Өз басымнан өткен жағдайды айтып берейін. Мен екі компанияның арасындағы мәселеге байланысты атқару­шы­лық жазба жасақтағанмын. Яғни нотариус ретінде борышкерден өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өкімін жасап бердім. Кейін үшінші тарап, сол компания өзіне қарыз болғаны үшін атқарушылық жазбаны қайтару туралы сотқа жүгінеді. Айта кетерлігі, жасақталған жазба бо­йын­ша компанияларға ешқандай зиян келмеді. Әділет уәкілдері нотариустардың жұмысын тұрақты тексеріп отырады. Осы кезде менде ешқандай заң бұзушылық анықталмады. Бірақ уәкілеттілігімді тоқтатты. Кәмелетке толмаған төрт балам бар. Лицензиядан айыру туралы шешімге сәйкес, бір жыл болды, жұмыссыз отырмын», деді көпбалалы ана Айжан Жанабаева.

Әр оқиғаның өзіне тән ерекшелігі бар. Кейде борышкердің құқықтары бұзы­латын жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде заңға сәйкес, тиісті іс-әрекеттер жүр­гізіледі. Яғни атқарушылық жазбаға тарап­тардың келіспеушілігінің болуы заңды. Бірақ бұл лицензиясынан айы­рыл­ғандардың проблемасын жоққа шығармайды.

«Нотариат – нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқық­тары мен заңды мүдделерiн қор­ғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық инс­титут. Борышкерлерден микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың микрокредит беру туралы шарттар негізінде берешекті өндіріп алу туралы өтініштері бойынша жасалған атқарушылық жаз­баға қатысты шағымдар көп түседі. Республикалық нотариаттық палата Әді­лет министрлігіне осы талап түрі бойын­ша атқарушылық жазбаның күшін жоюға қатысты «Нотариат туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасады. Заңның 11-бабы 3) тармақшасына сәйкес, прокуратура органдарының, не Әдiлет министрлiгiнiң, не Респуб­ликалық нотариаттық палатаның талап қоюы бойынша сот шешiмiмен но­тариус нотариаттық iс-әрекеттер жа­саған кезде заңдарды бiрнеше мәрте бұзғанда не мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне зиян келтiрiп, заңдарды бұзғанда лицензия­сы кері қайтарылып алынады», деді Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры Гүлнар Рыспекова.

Кейінгі жылдары өкілдердің аза­мат­тық-құқықтық қатынастарды реттеудегі рөлі, атап айтқанда, міндетті нотариаттық куәландыруға жататын мәмілелер тіз­бесі кеңейді. Сондықтан заң жобалау жұмысын үйлестіру, Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңнамасын талдау, жетілдіру, жүйелеу міндеті жүктелген Әділет органдары талаптардың құқықтық жолмен тиімді шешілуін қамтамасыз ету үшін «Нотариат туралы» заңның атқарушылық жазбаға қатысты бөлігін қайта қарап жатыр.

«Атқарушылық жазбаларға қатысты заңда өзгертулер енгізу жоспарланып, қазіргі таңда талқылану сатысында. Жалпы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен «Нотариат туралы» заңның 92-1-бабына сәйкес 2022 жылы келесідей өзгертумен толықтырылды: атқарушылық жазбаның борышкердің (жеке тұлғаның) тіркелген жері не тұрғылықты жері бойынша не жылжымайтын мүлкінің орналасқан жері бойынша, егер заңды тұлға борышкер болса, онда оның тіркелген жері не оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері бойынша не жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жасалады. Атап өту қажет, нотариат саласындағы үлкен бетбұрыс 2003 жылы Парламент заңға түзетулер енгізгенде, қазақстандық нотариаттың экономикалық негізі халықаралық нотариат одағының стандарттарына бейімделді. Дәл осы уақытта нотариаттық қызмет кәсіпкерлік емес деп танылды, бірыңғай нотариаттық тарифтер және жаңа салық жүйесі енгі­зілді. Республикалық нотариаттық палата 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бас­тап Халықаралық нотариат одағының мүшесі атанды. Бүгінде Республикалық нотариаттық палатамен халықаралық нотариаттық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның ұсынымдарына сәйкес нотариат жүйесін жетілдіру жөніндегі мақсаттарды іске асырып келеді», деді Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті Заң қызметтерін ұйымдастыру және лицензиялау басқармасының сарапшысы Әсем Рахымжан.