Суретті түсірген – Айтжан Мұрзанов
– Кәдірбек аға, сексеннің сеңгірінен төмен қарағанда нені көресіз?
– Сексеннің биігіне шыққан кезде қамшы сабындай немесе құнан бәйге жолындай ғана қысқа көрінер ғұмыр соқпақтары, ондағы сәркілдеген жастық дәуреннің қызық қуып, өнімсіз, болымсыз өткізген жылдарымды көремін. Сонан соң өзім әлі «бала» деп санап жүрген небір дарынды іні-қарындастарымның да ізімізден қалмай «алпыс-жетпіс» дейтін бекеттерге жетіп, ат басын тірегендерін көргенде уақыт шіркіннің жүйріктігіне тәнті боламын. Әрі олардың алымдылығына, шалымдылығына қарап, көбінің аяқ алыстарының біздің қатарластардан жаңашалау әрі өнімділеу екендерін көріп, сүйсінемін. Сонан соң жаңа ғасырда қоғам өзгерді, заман өзгерді, адамдардың өмір сүру әдеті, салты да өзгерді, әдебиеттің де, өнердің де өзгере бастағанын көремін.
– Балалық шақ дегенде, ойыңызға не оралады?
– Шығыс Қазақстанның Зайсанының тумасымын. Колхоз қойшысының отбасында бір қыз, бір ұлдан кейін әке-шешем қырықтан асып, «тоқтаған» кездерінде, «Ұлы Отан соғысы» деп айдарлап жүрген қан майдан басталардан бірер ай бұрын дүниеге келіппін. Мұны айтып отырғаным, нағыз жоқшылық кезеңнің ұрпағымыз. Әке-шешеміз бір отар қойдың қамымен қыстауда жалғыз үй болып, жайлауда бір қойнауды жалғыз иемденіп тіршілік етті. Сәті түскенде болмаса, тұрғыластарыммен доп қуалап, асық ойнау дейтіндердің қызығын көре алмай, өзімен-өзі ойнайтын жалғыз құр сияқты өмір кештік. Мектепті де ағайындардың үйінде тұрып жүріп, оқып бітірдік. Балалық кездегі ойынымның қанбай қалған әсері ме, бертінге дейін балаларыммен ойнағым келіп, олармен бірге мультфильмдер көретін әдетім бар.
– Иә, ол кезеңнің тұстастарыңызға деген сыбағасы солай болған ғой.
– Дулат Исабеков достың «Біз соғысты көрген жоқпыз» деп шығармасын атағандағы айтпағы да: «Біздің өмір қай соғыстан кем еді?» деген ой ғой. Жалаңаяқ, жалаңбас, бірде тоқ, бірде аш жүрсек те, ол – біздің өз өміріміз еді. Қайта дүниенің қадірін білетін, барға шалқаймайтын, жоққа еңкеймейтін ұрпақ болып жеткенімізге шүкір!
– Қазір қандай іспен шұғылданып жүрсіз?
– Біздің тіршілік қалам мен қағазға тәуелді болып қалыптасып кетті ғой. Өмір бойы газет-журнал оқып әдеттенген кісінің одан үзілді-кесілді қол үзіп кетуі оңай емес. Үйге келетін бес-алты газет-журналды келген бетте бір парақтап шықпасаң, маңызды бір ақпараттан хабарсыз қалатындай көресің. Біздің жас кезіміздегідей төрт бет, ұзаса алты бет болып шығатын, қазір 8 беттен 24 бетке дейін көлемді болып жарық көретін басылымдарды көктей шолып, қарап шыққаныңа кемі екі-үш сағат уақыт кетеді. Теледидардан қарайтын хабарлар мен тарихи сериалдар, жазда аздаған бағбаншылық пен гүлдерді баптау, қонақтық міндеттерден кейін зейнеткер жазу үстеліне отыруға екі-үш сағат уақыт тапса – үлкен олжа.
Сенің сұрағыңның мәні – менің уақыт кестем туралы емес, «Қазір не жазып жүрсіз?» дегенің болар. Соңғы он-он бес жылдар мұғдарында біршама еңбек еткен сияқтымын. Қазір «Өзімді-өзім «қуалай» бермейінші, шама-шарқымның парқын салмақтай алатын жасқа келдім ғой» деп жазбауға болмайтын дүниелерге ғана уақыт бөліп жүремін.
Мен өскен ауылым Жарсудың, әкеммен бірге мал баққан қарттардың біріне-бірі ұқсамайтын ғажап мінездері, ерекшеліктері болушы еді. Әрқайсыларына шағын-шағын эссе-естеліктер арнай бастадым. Артық-кем айтылған тұстары болса, рухтары маған кешіріммен қарар деп ойлаймын.
– Жазушы Айгүл Кемелбаева «Беласқан» романыңыз туралы: «Кәдірбек Сегізбайұлының «Беласқан» деген атауындағы символикалық астар – қазақтың өткені туралы болмыс, мұраты. Бел асу еуразиялық кеңістікпен ұштасуының символикалық алтын қазығы» деген баға береді. Романда Алтайдың нулы табиғатының кестелі, қою суреттері бар» депті. Сізді табиғатпен тұтастырған не нәрсе?
– Әр шығарманы әр оқырман (әр сыншы) өзінше қабылдап, әр оқиға, әр авторлық шешімге (тіпті шығарманың аталуына) өзінше байлам жасайды ғой. Дарынды қаламгер қарындасым Айгүл Кемелбаева: «...бел асуды еуроӨазиялық кеңістік пен ұштасуының символикалық астары» десе, академик Рәбиға Сыздық роман туралы мақаласында бес асуды ескіден қалыптасқан байлар мен билер, төрелер туралы түсінікке жаңаша, шыншыл көзқарасты қалыптастыру және ескі дәстүр, салт-сананың заман ағымына қарай өзгерісі дегенді меңзеп еді. Солай болса солай шығар, бірақ мен елуге толғанда жарық көрген кітабымды «Жер ортасы» деп атасам, алпысты қарсы аларда жазған романымды өзіме-өзім «бір белден астың» деп тұспалдаған едім.
Біздің ел Алтай емес, алайда табиғаты, бар бітім-болмысы, кестелі қою суреттері Алтайдан бір де кем емес. Қара Ертістің оң жағалауында, Алтайға сол жағалаудан иық теңестірген Сауыр тауының етегінде еді. Тауда туып, тауда өскен соң әр шығармамда туған табиғатымды айта отыратын әдетім бар. Өмірімнің алпыс жылдан астамын Алматыда өткізсем де, жиырмаға жуық жылымды өткізген туған өлкемнің табиғаты ұйықтасам түсіме жиі кіріп, оянсам ойға орала береді. «Туған жеріңе кіндігің байланып қалған ба?» деген сауал маған лайық.
– Бүгінгі қоғамда сізді қандай ахуалдар алаңдатады?
– Е, інім-ай, балаң кезімізде «ұлы көсем» Сталин дүние салғаннан ел еңсе көтеріп, колхозшылар еңбек күндеріне дорба-дорба ақша ала бастағанда ол кезде жиі айтылатын коммунизмнің шеті көрінгендей болды. Одан соң Никита дейтін «көсем»: «Екі-үш аттасақ, коммунизмге – жұмақ өмірге енеміз» деп сендірді. Одан кейін «қайта құрамыз» деп қайта құрыдық. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіз күнге де жеттік. Өз байрағымызды желбіретіп, өз әнұранымызды шырқайтын күнді қан төгіп, жан қинамай-ақ Құдай қолымызға ұстата салды. Байтағымыздың асты да ен байлық, үсті де мыңғыртып мал өсірсең де, жайқалтып егін ексең де өзіміз ғана емес, өзгеге де қанша шашсаң да таусылып бермес қазына деп мақтандық. Иә, мақтанудан алдымызға жан салмадық. Отыз жылдан асса да, Шерағам айтқандай, «алтын сандықтың үстінде аш-жалаңаш отырғанымызды» несін жасырамыз? Біз аш-жалаңаш емес шығармыз, алайда бірінші президентім айтқандай, «екі сиырын» баға алмай, ауылда отырған ағайын қаншама? Таусылмас деген жер асты байлығымыз ұстағанның қолында, тістегіннің аузында жең ұшынан жалғасқан көбі шетелдік алпауыттарға болмашы тиын-тебенге сатылып кеткенімен қоймай, жауапсыз алпауыттардың кесірінен бір ғана «АрселорМиттал Теміртау» комбинаты жүзден аса азаматымыздың өмірін жалмапты. Алайда осы жылдар ішінде үндістандық алпауыттың байлығы 17,3 миллиард АҚШ долларына жеткенін «Forbes» жариялапты. Бұл сол қаза тапқан азаматтардың арттарында қалған жесірлері мен жетімдерінің көз жастарынан жинаған байлық қой. Орынсыз байлықтың ешкімге опа бермесіне қазір бүкіл қазақ елінің де көзі жетіп отыр емес пе? Мысалдары көз алдарында.
Сонау 1972 жылы Америкамен ұзақ жыл соғысқан вьетнамдықтардың ерлігін дәріптеу үшін КСРО Журналистер одағының жолдауымен Вьетнам елінде болғаным бар. Сонда бұл елді бұрын отарлаған Франция мол алтын кенін ашып, біраз тасығаны, кейін тәуелсіздік алған соң Кеңес елі оларға «Алтыныңды өндіріп берейік. Қызығын сен де көр, біз де көрейік» демей ме? Сонда ұлт көсемі Хо Ши Мин ақсақал: «Бүгінгі ұрпақ құрақтың (папоротник) сөлін сорса да аштан өлмес, жер қойнында жатқан қазынам келер ғасырлардағы ұрпақтарымның еншісі» деп одақтасының көмегінен бас тартыпты. Ал біз Жер-Ананың қолқасын суырғандай мұнайы мен газын сорып, оңды-солды сатып жатырмыз. Ол қаржылардың халықтың игілігіне жұмсалмай, көз тимейтін, сөз өтпейтін Алла болмаса, адамынан жаза көрмейтін аз ғана топтың шексіз байлығын молайта түскенін жұрттың бәрі біледі. Рас, қазіргі президентіміз бастаған билік жүгі ауған түйедей күйге түскен жағдайды түзету жолында аянбай күрес жүргізіп жатыр. Алайда әлі де «ескі Қазақстанның» оңайшылықпен жол берер түрі көрінбейді. Бүгінгі қоғамдағы алаңдатар ахуалдың қайсыбірін айтайын. «Дағдарыстан шығып алайық» дейтін уәжіміз бар. Біздің ғұмырдың орта тұсынан бермен қарайғы уақытта дағдарыс деген дағдыға айналып кеткендей. Біраз кезеңдерді «өтпелі кезең» деп едік, ол «өкпекті кезеңдер» болып шықты. Жер байлығы жөнінен қазақ байтағының шалымына келе алмайтын алыс-жақын елдердің қай жағынан болсын шаң қаптырып кеткендері де бізді ойландырмады-ау!
Меніңше, елдің еңсесін көтертпей тұрған дерт – жемқорлық. Бұрын жұрт жайып қойған «кірді» қалың-жұқасына қарамай жалмап, жеп қоятын сиыр баласын «жемқор» деуші еді, қазіргі миллиондаған, миллиардтаған қаржыны жымқырып алып, жылмиып отырған алаяқтарға сиыр сияқты «жемқор» деген атау бергеніне риза болдым. Жылына емес, біздің жемқорлар айына, аптасына бір-бірлеп те топталып та, сотталып жатады. Біреуін пәлен жылға деп соттаса, енді біреулерін «жақсы тәртібі үшін» деп, бір-екі жылдан соң түрмеден босатып, ақтап жатады. Айтқан аузым кінәлі дейін, қазірде жемқорлықтың, ағайындықтың шалығы әлі басылған жоқ. Ең бір таңғалатынымыз – қылмыскерлерді, жемқорларды ұстап, теледидардан көрсеткенде олардың беттерін жаңа түскен келіндей көлегейлеп, көрсетпейді. Олардың жүздерін жұрттан жасырғандағы мақсаттарын түсіну қиын. Сингапур дейтін ел асқынып кеткен бұл дертті жазаның ауырлығымен жеңіпті деседі. «Аюға намаз үйреткен – таяқ» деп бабаларымыз білген соң айтқан ғой.
Екіншіден, барымызды жөнімен пайдаланудың соңы есепсіз босқа «мал шашпақ» әдетімізге айналған. Ел намысын жыртады деген спорт дейтін саланың 180 түріне бюджеттен жылына 775 миллион доллар бөлінеді екен. Бұлардың ішінде біз көргенді қойып, естіп-білмеген спорт түрлері бар екен. Жеңісінен жеңілісі көп, құрамында бір қазағы кейде болып, кейде болмайтын «Барыс» хоккейшілерін, орталарында Луценко дейтін жалғыз «қазағы» бар «Астана» велошабандоздарын миллиардтаған теңге, миллиондағын доллар шашып, спортшы-легионерлерді сырттан шақырғанда олар біздің намысымызды жыртып, ұшпаққа шығара алып жүр ме? Өзімізде жоқты шеттен шақырып, емешегімізді үзгендегі мақсат – тағы да «Бізде мынау да бар» дейтін баяғы мақтангершілік. Әр облыстағы футбол командаларында да өзінде жоқ ойыншыны өзгеден шақыру сән болып алды. Бұл салаға да өте қарымды реформа керек. Әйтпесе халықаралық үлкен жарыстарға желпініп барып, желкемізден су ағып қайту әдетке айналар.
– Спорт саласын жіті бақылап жүретін секілдісіз.
– Спорт – ел намысы, одан түңіліп жүрген мен ғана болсам сөз басқа...
Тағы бір толғақты мәселе – мемлекеттік қазақ тілінің жай-күйін де айта кетейін. Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін білмедің деп өкпе айтудың жосығы жоқ. Себебі бала-шағасымен орысшалап сөйлеуді мақтан көретін қазағымның өзі азаймай тұрғаны шындық. Немерелерін орыс мектебіне бергізіп, олармен орысша шүлдірлескендерін мәртебе көретін қалалық оқымысты ата-әжейлер жетіп артылады. Демек, біздің ұлттық, рухымыз өлген дегенге аузым бармайды, өлім аузында тұр деу керек шығар. Қазақ тілі қоғамдарын ашып, қазақ тілін оқытатын курстар ұйымдастырылды. Өзгесін айтпағанда, елінде тұратын өзге ұлт өкілдерін де «гәпіртіп» қоятын өзбек жұрты қандай рухы мықты жұрт еді.
Қазақ тіліне ұлт болып үйірілудің аз ғана жолы бар сияқты. Жастарымыздың қай оқу орнына барса да қазақ тілінен жаза білетіні, сөйлей білетіні жөнінен емтихан тапсыруы керек. Мемлекеттік қызметке қабылдаудың ең басты талабы да осы болса, ешқандай курста оқымай-ақ көбі «қазақ» болып шығар еді. Кеңсе атаулы іс қағаздарын, Парламенттің заң жобаларын қазақ тілінде дайындауға қол жеткізу шарт. Отыз жылдан астам уақыт бойы тәуелсіз мемлекеттің басқа бір мемлекеттің тілінде қоймай-қоймай жазып, сөйлеуі, мал құлағы саңырау, ұят-ақ әңгіме.
– Өз тақырыбымызға қайта оралайық. Кешегі кеңес кезіндегі жазушы мен бүгінгі жазушының айрмасы бар ма?
– Оқырманы жоқ жазушы – жетім. Бұрын 40-50 мың данамен тарайтын кітап бірер айда сатылып кетсе, қазір 2 мың данамен тарайтын кітап өтпей, сөреде жатып алады. Себебі қазір оқырман кітапты ұмытқан. Бұрын жұрт назары теледидарға ауды десек, қазір еңбектеген сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін іздегеніңнің бәрін тауып берер, дүниедегі өсек-аяңды айтып берер қалта телефоны дейтін ғылымның «кенже табысы» шығып, әлемді жаулап алды. Бәрібір уақыты келгенде кітап дейтін киелі қазынаға қайта мойын бұрар күннің туарына сенгім келеді.
– Замандастарыңызды жиі еске аласыз ба? Кімдерді сағынасыз?
– Сонау 60-жылдары «Лениншіл жас» газеті табыстырып, айнымастай достарға айналдырған Оралхан Бөкей марқұм әзілдеп, «Жеті жетім» атандырған жігіттердің – Кәрібай Ахметбек, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Серік Әбдірайым, Қуанышбай Құрманғалидың бәрі де себеп-сылтауларын тауып, бақилыққа аттанып кетті. Қазір олардың мерейтойларында естелік айтып, халқының алдындағы сіңірген еңбектерін еске салып отыру үшін Нұржекенің Бексұлтаны екеуміз қалыппыз. Оған дейін балалықтың қызық-шыжықтарын бірге бөліскен әрі туыс, әрі жанымыз бөлек достарым Мұрат Түсенұлы мен Әскербек Мұқатайұлы екеуі де көзден кеткенмен, көңіл түкпірінен кетпестей болып орныққандарына көп болған. Бәрін сағынамын, бәрі де түсіме кіреді. Әсіресе Ақселеу-дос өзі кете салысымен айлап түсіме кіре берген соң, құран бағыштап, өзі тірі кезіндегідей «Әй, Ақантай, мені де шақырып жүрсің бе? Түсіме кіре бергеніңді тоқтат! Әзірге ол жаққа барар ойым жоқ!» деп, «батырып, қатты айтып» едім. Ақылы бар азамат қой, қазір айлап-жылдап қана түске кіреді.
– Ертегідегі қасиетті құс келіп, «бір арманыңды айт, орындаймын» десе, қандай арманыңызды айтар едіңіз?
– «Армансыз адам болмайды» деп әндетеміз ғой. Менің өмірім «жоспарлап» қойғандай өтіп жатыр. «Кеткендерімді» келтіріп бер» дей алмаспын, ол қасиетті құс шынында арманымды орындай алса, «Жоғарыда айтқан достарымды бір-ақ күнге тірілтіп бер, мауқымды басайын» дер едім.
– Фолькнер Нобельдік лекцияларында жазудың мұраты жөнінде: «Адамзаттың өткен тарихындағы бар қазына – даңқ, сес-айбарын қайта оятып, адамның тізе бүкпеуіне қол ұшын беру» дейді. Сізді қолға қалам алуға итермелеген мұрат қандай?
– Журналистиканың қазаны біраз пісіргендей. Қазір де «айтпауға болмайды» дейтін мәселелерге мақала жазып тұрамын. Ал жазушылық дейтін шаруада қолға қалам алудағы мұрат – қатарласым Оралхан, Ақселеулерден қалмай, өз мүмкіндігімді сынап көруден басталды десе болар. Былайша айтқанда, «қозғаушы күш» – жақсы мағынасындағы шығармашылық бәсеке.
– Әлем әдебиетінде өткен ғасырда Латын Америкасы жазушылары магиялық реализм бағытымен дүмпу жасағаны белгілі. Қалай ойлайсыз, келесі әдеби дүмпу қай елде болуы мүмкін?
– Мен «магиялық реализм», «соцреализм», «модернизм», «постмодернизм» дегендерді келді-кетті ағымдар деп қабылдаймын. Мен үшін нағыз реализм – әдебиет адам өмірін немесе белгілі бір оқиғаны ақиқатпен, шыншылдықпен жеткізе алса, сол реалистік шығарма. Ешқандай дүмпусіз-ақ қазақ әдебиетінің қазіргі аяқ алысы ешбір елдің әдебиетінен кем емес. Тек жарнамамыз жетіспейді. Әйтпесе Нобель сыйлығына лайық талай шығармалар жазылған, жазылады да.
– Жиі оқитын авторыңыз?
– Жұрт жиі айтатын жаттанды жауап – Абай, Әуезов, Мүсірепов. Әлі күнге дейін ойға орала беретін Жюль Верннің қатарластары мен Нобельдің лауреаттарын, тағы басқа классиктерді атамай-ақ қояйын.
– Өзіңізден кейінгі ақын-жазушылардан кімдерді атар едіңіз?
– Жоғарыда айтқан өзім «жастар» деп ойлағанмен, өкшемізді басып келе жатқан Тынымбай Нұрмағамбетов, Смағұл Елубай, Әлібек Асқар, Қуандық Түменбай, Асқар Алтай, Тұрысбек Сәукетай, Нұржан Қуантайұлы, Қуаныш Жиенбай, Жүсіпбек Қорғасбек т.б. прозашылар мен Серік Ақсұңқарұлы, Ұлықбек Есдәулет, Иран-Ғайып, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай т.б. ақындарды бүгінгі әдебиетіміздің бетке ұстарлары деуге болар.
Жас ақын-жазушылардың кітаптарын оқуға мүкіндік бола бермейді, тек баспасөздегі шығармаларын шолып отырамын. Теңіз суының дәмі бір тамшысынан білінеді дегендей жас жазушының бір әңгімесі, жас ақынның тауып айтылған бірер жол өлеңі-ақ оның аяқ алысынан ақпар беріп тұрады. Өзі ақын, өзі прозашы Әбубәкір Қайранның әңгімелеріндегі қазақы салт-дәстүрлердің, төрт түлік жайлы атаулар мен деректерді көп білетініне, оқиғаларды жұп-жұмыр ғып бере алатынына сүйсіндім. Асхат Өмірбайдың «Қара құрт» атты әңгімесіндегі көркем тілі, оқырманын тебіренте алатыны болашағынан үлкен үміт күттіреді. Жас ақын Мөлдір Айтбай «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Менің күйім» деген өлеңін:
«Жүрегі бар жігіттің
бәрі ғашық,
Алайда маған емес», –
деп аяқтайды. Қыз жүрегінің мұңын бұдан артық қалай айтуға болады. Немесе Ақжол Түменбайдың:
«Көзімнен үміт тамып,
түскенше сүйемін,
Құдаймен солай келіскем...», –
дегені нағыз ақындық арын, еркелік екпінін аңғартады. Жастардың жырларында мұндай ұтымды жолдар жетерлік.
– Өмірден түйген маңызды тұжырымдарыңыздың бірін айта аласыз ба?
– Бұл сұрағыңа Абайдың: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап...» дейтін өлеңімен жауап бергім келеді.
– Жазушы ретінде бүгінгі биігіңізге көңіліңіз тола ма?
– Толмайды десем жалған болар еді. Бес роман, он шақты повесть, қырықтан астам әңгіме, шетелдік жазушылардың бес-алты кітабын аудардым. Мәселе санда емес, сапада. Сапасын оқырмандарым айта жатар, айтып та жүр. Шүкір, өзім көп жыл қызмет істеген «Атамұра» баспасы тегін шығарып берген барлық кітаптарымның оқырмандары да бар сияқты. Жуырда ғана біраз шығармаларым мен таңдаулы әңгімелерімнің екі томдығын тағы да «Атамұра» баспасы жарыққа шығарды. Оқырманы жоқ кітап – аспанға атқан оқ сияқты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»