Федоров ауданындағы балалар үйінде абыр-сабыр дайындық. Директор Наталья Ермоленко мен тәрбиешілер балаларға “достарымыз келеді” дегенді естіртсе болды, үлкен-кішісі бірдей дайындала бастайды. Үлкен қыздар кішілерінің шашын өреді, ересек балалар кішкентайлардың киімін дұрыстайды. Ал тәрбиешілер олардың арасында жүріп, бәрін де балалардың өздері істегенін қадағалайды. Ата-анасының қарауынсыз қалған тірі жетімдердің тәрбиесімен қанша жылдан бері айналысып келе жатқан тәрбиешілер олардың біреу келеді десе қуанатынын жақсы біледі. Баланың аты – бала, адамнан жылу іздеп тұрады. Алғабастықтар мен эребуниліктерді өздерінің туысындай, жақынындай көреді. Өйткені, облыс орталығынан жүз шақырымдай жердегі Федоров ауданының орталығындағы балалар үйіне Қостанайдағы “Алғабас” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен армян этносының “Эребуни” қауымдастығының ұжымы жиі келіп тұрады. Балалар оларды жақсы таниды. Армян қоғамдастығына мүше қыздар Армене мен Вика келе балалардан оқу жылын қалай аяқтағандарын сұрастырып жатыр. Ал “Алғабас” ЖШС-ның атқарушы директоры Динара Өтебаева балалар үйінің директоры Наталья Ермоленкодан Дима деген баланың денсаулығын сұрастырды.
Мұнда қазір 34 бала тәрбиеленеді. Солардың барлығы да осы ауданның елді мекендерінен келген. Арасында тағдырдың жазмышымен ата-анасынан тұл жетім қалған 7 бала ғана бар. Ал қалғандарының барлығын да тірі жетім деп атаған дұрыс болар. Өйткені, соттың шешімімен ата-аналық құқынан айырылған жандардың қараусыз қалған балалары осы үйден келіп пана тапқан.
– Биылғы оқу жылын төрт оқушы “жақсы” деген бағамен аяқтап отыр. Бұл – балалар үйі үшін жақсы көрсеткіш. Өйткені, біздегі айналдырған 34 баланың 28-і түзеу сыныптарына барады. Содан-ақ бағамдай беріңіз,– дейді балалар үйінің директоры Наталья Ивановна.
Қазір бұл үйден тәрбиеленгендердің біразы мектеп бітіріп, негізінен осы аудандағы кәсіптік-техникалық лицейден түрлі мамандықтар алып шықты. Тіпті Люда Пуцко деген қыз Алматыдағы медицина академиясының бесінші курсында облыс әкімі Сергей Кулагиннің грантымен оқып жүр. “Алғабас” ЖШС Людаға ай сайынғы пәтерақысына төлейтін қаражатты салып тұрады. Жұмағали Арыстанов – облыстың бизнес саласындағы белгілі есім. Бұрнағы жылдары оның шаруашылығы осы Федоров ауданында болған. Кәсіпкердің ісі оралымға келісімен-ақ осы балалар үйіне қараса бастады. Бұл балалар үйінде “Арыстанов сыйлығы” деген ұғым бар. Ол тәрбиеленушілердің арасындағы жарысқа, шынайы білім, өнер жарысына негізделген. Балалардың барлығына да банктен шот ашылған, бірақ олардағы ақшаның саны бірдей емес.
– Жұмағали Ерсұлтанұлы “баланың қолына балық берме, қармақ бер” деген ұстанымды ұстанатын кісі. Балалар “Арыстанов сыйлығын” өздері бөліседі. Кімнің тәртібі жақсы, кім жақсы оқиды, кімнің спорттан көрсеткіші бар, кімнің өнері бар, міне, балалар дауыс беріп, солардың шотына ақшаның көп үлесін салады. Сонда әркімнің еңбегіне қарай шоттарындағы ақша жинағының көлемі де әртүрлі,–дейді “Алғабас” ЖШС-ның атқарушы директоры Динара Өтебаева. Динара Қайырбекқызы осы келісінде Жұмағали Ерсұлтанұлы атынан биылғы оқу жылын жақсы бітіргендерге “Озат оқығаны үшін”, “Ең еңбекқор бала”, “Тазалық сақшысы”, “Ең тәртіпті бала” сияқты бірнеше аталым бойынша “Мақтау қағазы” мен сыйлықтар тапсырды. Осыдан екі жыл бұрын серіктестік осы үйге еуростильмен жөндеу жүргізіп берді. Балалардың жатын бөлмесі де, ойын бөлмесі де кірсең шыққысыз. Жұмсақ төсек, құс жастық. Ал ойын бөлмесінде балаға керекті телевизор, магнитофон, компьютер, түрлі ойыншықтың барлығы да бар. Кір жуатын мәшине, тоңазытқыш сияқты тұрмыстық заттарды да алып берген.
“Эребуни” қауымдастығы да осында жылына кемінде үш рет соғып отырады. Олар бұл жолы да әдеттегідей құрқол келмепті. Тәтті тағамын, ойыншығын, кітабын келе балаларға таратып жатыр.
– Біздегі қаржы қауымдастықтың мүшелік жарнасынан, кәсіпкер армяндардың ара-тұра көмегінен түседі. Соны үнемдеп, осындай шараларға жеткізіп отырамыз. Қарап отырсам, осы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандардың ішкен шырыны мен жеген жемісі ата-аналарының бауырында өсіп жатқан олардың құрбыларына да күнделікті бұйыра бермеуі мүмкін. Президентіміздің арқасында, мемлекетіміздің күш-қуатының арқасында қазір мұндай мекемелерге жасалып жатқан қамқорлықтың жөні бөлек. Мұндағы балаға адамдардың шуағы жетпейді. Біздің “Эребуни” қауымдастығының белсенділері осы үшін ғана Федоров балалар үйіне келіп тұрамыз. Әйтпесе, біздің әкелген торт пен конфетімізге балалар тым зәру емес,– дейді облыстағы армян қауымдастығының вице-президенті Сергур Шакарян.
Расында, Сергур мырза бұл сөзді жүрегінен ақтарыла айтқан еді. Олар балалардың ән-биін тыңдап, олармен әңгімелесіп болғаннан кейін, тәрбиешілер, директор, демеушілер өзара отырыс жасады. Қостанайда алдағы күзде “Эребуни” ұйымдастыратын шеберқолдар көрмесіне Федоров балалар үйінің де қатысуы керектігін айтты. Ол үшін алдымен тәрбиешілерді үйретіп алу керек. Федоров ауылдық жер болғандықтан онда қаладағыдай мүмкіндік аз, тәрбиешілер балаларға өздері білетін тоқуды немесе кесте тігуді ғана үйрете алады. Сол үшін мұнда қыркүйек айынан бастап мамандар әкеліп, “шеберлік мектебін” ұйымдастырады. Тіпті С.Шакарян ер балаларға аяқ киім, сағат жөндеуді үйретуді де ұсынды. Міне, “Эребуни” мүшелерінің бұл бастамасын “Алғабас” ЖШС ұжымы әбден қолдайды.
– Бұл мен күтпеген бастама болды,– деді балалар үйінің директоры Наталья Ивановна. – Өзіміздің мүмкіндігімізше балаларды өмірге бейімдеу жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ солардың барлығы да жетімсіз екенін сеземін. Балалар есейгенде бір үзім нанын ешкімнен ұрламай, тіленбей өз еңбегімен тауып жеуі керек.
Наталья Ивановна балалар үйіндегі қызметкерлер мен тәрбиешілердің барлығы да тәрбиеленушілердің көңілін бағып, лажынша отбасындағы қарым-қатынасқа жақындатуға тырысатынын айтады. Мұндағы балалар тәрбиешілерді “мама” немесе “әже” деп атайды. Оларды таңертең сабаққа арқасынан қағып шығарып салады, кешке басынан сипап, құшақтап қарсы алу дәстүрге енген. Тіпті бұрынғы тәрбиеленушілер де ара-арасында балалар үйіне соғып кетеді, оларға да ақыл-кеңестерін айтып отырады.
– Демеушілердің арқасында Федоров балалар үйі ешнәрсеге мұқтаж емес. Біз оларды балаларға “демеуші” емес, “достарымыз” деп айтып үйреттік. Достар келетін күні біздің үйде мейрам,– дейді Наталья Ермоленко.
Міне, ынтымақ, бірлік деген осы. Директор да, үкіметтік емес ұйым мүшелері де, кәсіпкер де жетімді жебеп, демеп жіберуді ойлайды. Балалар жақсы болып өссе, өмірден орнын тауып кетсе, елдің болашағы да жарқын емес пе? Ертеңін ойлаған тек озады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.