Зияткерлер биыл жаз айында Оңтүстік Кореяда «The World Scholar’s Cup-2023» континенттік турнирінде үздік команда деп танылып, чемпиондар біріншілігінің ақтық кезеңіне жолдама алған болатын. Әйгілі Айви лигасына кіретін Йель университетінде өткен дәстүрлі чемпиондар турнирінде әлемнің қырықтан астам елінен 3 мыңға жуық оқушы «Scholar’s Challenge», «Scholar’s bowl», «Team Debate», «Collaborative Writing» бағыттарында бақ сынады. Тартысты сайыста елімізден барған зияткерлер оза шауып төрт алтын және бір күміс медальді қанжығалады.
Алтын медаль Айла Сайлаубекке «Scholar’s Challenge» санатында бұйырса, Айлин Қажымұқан «Team Debate», Ерасыл Серіков пен Еңлік Берікжан «Scholar’s bowl» санатында жеңіске жетті. «CollaborativeWriting» бойынша Балнұр Аманжол алтын медаль, Мұстафарыза Шахин күміс медальді еншіледі. Командалық жарыста Айла Сайлаубек, Айлин Қажымұқан, Мұстафарыза Шахин Орталық Азияның ең үздік командасы атағын жеңіп алып, алтын медаль иегері атанды.
Ағылшын тілі және жаһандық перспективалар мен жобалық жұмыс пәндері мұғалімі Әйгерім Серікбаеваның айтуынша, чемпиондар турнирін тек кезекті жаһандық жарыс деп айту аздық етеді. Жеңімпаздар мықты деген командалармен, сонымен бірге Йель университетінің профессорларымен және студенттерімен кездесті.
АҚШ-тың жетекші университетіне түсу үшін «World Scholar’s Cup» әлемдік кубогі сайысындағы жетістіктерін портфолиоларында қалай пайдалануға болатынына арналған пікірталаста NIS оқушылары тың ақпараттармен танысуға мүмкіндік алды.
АЛМАТЫ