Елорда • 26 Қараша, 2023

Мұражай күлгін түспен жарықтандырылды

189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік шала туған нәрестелер күні қарсаңында сәбилер мен олардың ата-аналарын қолдау үшін Астананың сәулеттік көрікті орындарының бірі Болашақ энергиясы мұражайының қасбеті күлгін түспен жарықтандырылды. Науқанды «АстраЗенека» халықаралық биофармацевтикалық компаниясы қолдаған.

Мұражай күлгін түспен жарықтандырылды

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметіне үңіл­сек, әлемде жыл сайын 15 мил­­лион бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Былтыр Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйымы мерзімінен бұрын туған немесе дене салмағы төмен жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі мен дамуын жақсарту бойынша жаңа нұсқаулық шы­ғар­ды. Нұсқаулықта шала туған нәрестелердің болашағын жақ­сарту үшін әрқашан жоғары тех­нологиялық шешімдер қа­жет емес екені түсіндірілген. Де­генмен отбасылардың нақты қа­жет­тіліктерін ескере отырып, негізгі медициналық қызметтерге қол жеткізу керек делінген.

Мерзімінен бұрын босануға байланысты асқынулар бес жасқа дейінгі балалар өлімінің негізгі себебі саналады. Мұндай өлімнің төрттен үш бөлігін заманауи, үнемді шаралар арқылы бол­дырмауға мүмкіндік бар. Шала туған нәрестелер аурушаң болып келеді. Түрлі елдерде шала туған нәрестелердің үлесі – 5%-дан 18%-ға дейінгі аралықта. Елімізде бұл көрсеткіш 5%-ды құрайды. Яғни жыл сайын 22 мыңға жуық сәби шала туылады. Статистикалық деректер бойынша, елде 1000 жаңа туған нәрестенің жалпы өлім-жітімі 2021 жылы – 8,5%-ға және 2022 жылы 7,9%-ға тең. Осы статис­тикада шала туған нәрес­телердің өлім-жітімі көп. Астана медицина университеті неонатология кафедрасының меңгерушісі, профессор Күләш Жақсалықованың айтуынша, шала туған балаларға мемлекет мейлінше қарайласуы керек.

«Кейінгі 30 жылдықта Қазақ­стан неонаталдық өлім-жітімді бес есеге азайтты. 2008 жылдан бастап Бала құқықтары ту­ралы конвенцияға сәйкес, Дү­ние­­жү­зілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нәрестелердің өмір­­шеңдігін бағалаудың жаңа кри­те­рийлері енгізілді. Конвенцияда әр ба­ла­ның өмір сүруге құқығы бар, ал мемлекет оның сау дамуын мүмкіндігінше қамтамасыз етуі керек делінген. Бүгінгі таңда елі­міздің барлық аймағында шала туған нәрестелерді күтуге ар­­налған жабдық бар, ал егер мұндай жабдық болмаса, онда бала жақын жердегі қолайлы мекемеге жеткізіледі. Осылайша, мем­­лекет әрбір кішкентай аза­мат­тың өмірі үшін күресуді жал­ғастырып жатыр», дейді К. Жақсылықова.

Ал «АстраЗенека» өкілдігінің елдегі директоры Мария Шипу­лева болса, Болашақ энергиясы мұражайын күлгін түспен жа­рық­тандыру арқылы шала туған нәрестелерді қолдағысы келгенін айтты.

«Біз балалар туралы сөз қоз­ға­ған­да, оларды ең осал пациенттер ретінде қарастырамыз. Әсіресе олар мерзімінен бұрын туған болса. Біздің миссиямыз – шала туған нәрестелерді сыртқы факторлардан, вирус­тардан және инфекция­лардан қорғау. Шақалақтардың мұн­дай қиындықтармен өз бе­тін­ше күресуге қабілетсіз еке­­­нін ескереміз. Мұндай сырт­қы қа­уіп­тердің қатарына РСВ-ин­фек­­циясы жатады. Бұл вирус­тың ауыр ағымындағы қауіп тобына шала туған нәрестелер кіреді. Осы науқанмен біз елдегі шала туған сәбилердің мәсе­ле­сіне елдің назарын аударып, кішкентай пациенттерге кө­мек көр­сетудің маңызын еске сал­ғы­мыз келді», дейді ол.

Реті келгенде «АстраЗенека» туралы да аз-кем мағлұмат бе­ре кетейік. Аталған компания онко­логия, кардиология, нефро­ло­гия және метаболизм, тыныс алу және аутоиммундық, сондай-ақ сирек кездесетін ауру­ла­р­ға рецепт бойынша дәрі-дәр­мектерді зерттеп, әзірлеуге және нарыққа шығаруға бағыт ал­ған халықаралық ғылыми-био­фар­ма­цевтикалық компания саналады. Кембриджде орна­ласқан компанияның инно­ва­циялық пре­параттарын мил­лиондаған пациент­тер пайдаланады.