Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алулары аясында алынатын тауарлардың тізбесін кезең-кезеңмен кеңейтіп жатыр. Тізім тағы бір позицияға кеңейді, бұл – киім-кешек пен керек-жарақтар, оның ішінде қолғаптар, резеңке қолғаптар бар. Еске сала кетейік, биыл отандық кәсіпкерлердің ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің 63 тауар түрі бойынша мемлекеттік сатып алуларына қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Бұдан басқа өндірістік және технологиялық операциялардың бірыңғай шарттары көзделмеген 276 тауар позициясы бойынша СТ-1 сертификатын пайдалану мүмкіндігі 1 жылға ұзартылды.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кедендік шекарасы мен аумақтарында ветеринариялық бақылауды жүзеге асырудың бірыңғай тәртібіне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, бірқатар термин түзетілді, ветеринариялық, дәрілік, диагностикалық, дезинфекциялық және басқа да құралдарды, сондай-ақ жемшөп қоспаларын әкелу және ауыстыру шарттары, ветеринариялық сертификаттардың нысандары анықталды. Ветеринариялық бақылау кезінде зертханалық сынақтар жүргізуді ұйымдастыру бөлігіндегі нормалар да толықтырылды.
ЕЭК кеңесі 2024 жылға арналған ЕАЭО елдеріне сиыр етін бажсыз өткізу квоталарын бекітті. Қазақстанда еттің осы түрінің өндірісі ішкі қажеттілікті іс жүзінде толығымен жабатынын ескере отырып, еліміз үшін квота мөлшері ең төменгі 5 мың тонна көлемінде айқындалды (Ресей – 100 мың тоннаға дейін, Армения – 8,5 мың тоннаға дейін, Беларусь – 7,5 мың тоннаға дейін, Қырғызстан – 3,5 мың тоннаға дейін). Импортталған сиыр етінің қосымша көлемі өңдеуге бағытталады. Бұл шара еліміздегі шұжықтар мен басқа да ет өнімдерінің құнын арзандатуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Екі жылға (2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге Электрмобильдерді бажсыз өткізу ұзартылды. Бұл Электрмобильдер нарығын одан әрі дамытуға, зарядтау инфрақұрылымын дамытуға және ірі қалалардағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі жылы «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясын іске асыру жөніндегі жол картасын дайындау туралы өкімінің жобасы келісілді, оны Жоғары кеңес биылғы желтоқсан айының соңында бекітуді жоспарлап отыр. Жобаны биылғы қазан айында Бішкекте ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары мақұлдады. Бұл құжат қауіпсіз және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ұмтылуға бағытталған ЕАЭО құқығы аясында техникалық реттеу және стандарттау саласын одан әрі дамытуды декларациялайды. Тұжырымдама стандарттарды біріздендіруді не үйлестіруді және сапа мәселелерін ұлттық деңгейден жоғары деңгейге беруді көздемейді.
Сонымен қатар қарашада өткен ЕЭК кеңесінде үшінші елдермен сауда жасау кезінде тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың экспорты мен импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларының жаңа редакциясы бекітілді. Өзгерістер автоматтандырылған режімде электрондық құжат айналымына көшуге дайын елдерге лицензияларды автоматты түрде беруге мүмкіндік береді.
ЕЭК Кеңесінің келесі отырысы 12 желтоқсанда онлайн режімде өтеді.