Өнер • 27 Қараша, 2023

Тарихты дәріптеген қойылым

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тау-тасы мен даласында сан ғасырлық тарихтың сыры тұнған Алматы облысында 1683 жылы болған әйгілі Қарадала шайқасының тарихи қойылымы көрсетілді. Іс-шара Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама қасіретінің 300 жылдығын еске алуға орай ұйымдастырылды.

Тарихты дәріптеген қойылым

«Қарадалада – қалың із,

Қарадалада – жанымыз.

Қарадалада киелі –

төгілген кіндік қанымыз», – деп белгілі қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин ой тол­ғаған қасиетті Қарадала тө­сін­де өткен, рухты елдің ерлігін паш еткен қойылымның ашылу салтанатына облыс әкі­мі­нің бірінші орынбасары Нұр­­лан Әбдірахым, Алматы об­лысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, Ұй­ғыр ауданының әкімі Бота Елеу­сізова қатысып, ізгі тілек­терін білдірді.

пр

«Бұл қойылым – тарихи сананы оятуға соны серпін берді. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың ата қонысын най­заның ұшы, білектің күші­мен қорғаған ерлігін паш етті. Өскелең ұрпақтың ел мен жер тарихын тануына тіке­лей ықпал еткен спектакльді сахналаған әртістерге алғы­сымыз шексіз», – дейді қо­ғам қайратркері Ыз­ғарбек Бектұр­сынов.

Қасиетті Қарадаланың ор­талық стадионында өткен бұл тарихи қойылымды тама­шалауға алыс-жақыннан екі мыңнан астам көрермен жи­ылып, қас-дұшпанға қар­сы шапқан баһа­дүр ба­ба­лардың ел мен жерін қор­ғаудағы батырлығы мен табандылығына тәнті болды, тарихи оқиғаларға қанықты.

яа

«Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» ММ, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-сі мұрындық болған бұл іс-шара – «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» жобасының үшінші кезеңі саналады. Бірінші кезеңде ұлы даланың мәдени-тарихи құндылықтарын, ежелгі дә­уірдегі археологиялық ес­керт­­кіштерді зерделеу мақса­тында арнайы тарихи экспедиция ұйымдастырылса, екінші ке­зеңде халықаралық ғылыми конференция өткізілген.

Ал үшінші кезеңге арқау болған тарихи қойылымның сәтті шығуына Голливудқа әйгілі «Kazakh Union Action Team» каскадерлік тобы және Қазақстанның танымал кино-актерлары бар, ұзынырғасы 100-ге жуық адам атсалыс­ты. Бір сағат көлемінде өт­кен қо­йылымнан көрермен тарихи тағылым алды. Бес түрлі көріністен құралған қойылым жоңғар шапқыншылығының кезеңдерін, шайқас барысын, сонымен қатар сол кездегі қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігін бейнеледі.

Сондай-ақ қонақтар назарына «Бауырсақ party», «Қолөнершілер қалашығы», «Құсбегі», «Итбегі», тағы басқа 6 түрлі алаңда шоу көріністер ұйымдастырылып, халықтық өнеріміздің мол мұралары ұсынылды.

 

Алматы облысы