Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Теріскейдің өзіне тән сұлулығы, табиғатының кереметі бар шығар. Алайда оңтүстікті мекен еткен жұртқа асқақ Алатаудың мұзарт шыңдары қай кезде де ыстық. Тәніңді баяу ескен самалдың аймалауына не жетсін?
Айыр қалпақты ағайындардан бастауын алатын Талас өзенінің бойымен жүргенде судың сыңғыры арудың күлкісімен сабақтаса кететіндей көрінетіні бар. Сонда ғой, кеудедегі бір жұдырық етке жылы тиетін ән тыңдағың келеді. Әсіресе майдалап соққан оңтүстіктің қоңыр желі бойыңды сергіте түскен сәтте қазақ әнінің аласармас биігінде тұрған әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол» әні адам бойындағы қанды ысыта түсетіндей көрінеді. Көңілдегіні тап басқан туындының тамаша шумақтарына құлақ түресің.
Композитордың музасы бар екені айдан анық. Соған қарап-ақ әннің табиғаты абстракция атаулыдан алыс екенін түйсінесің. Муза болғанда да маэстроның сүйген жары – Дариға Тілендікеліні. Керек дерек осыны меңзей түседі.
Өзен жағалаған өнер иесі жүрегіне от беріп, көңіліне шоқ түсірген сұлумен серуендеп келе жатып: «Куә бол, жұлдыз, куә бол, айым, куә бол, Алатауым» деп әндете жөнеліпті. Осы сөздер кейін әннің болмысын ашып, табиғатына жараса кеткені ақиқат. Қалай десек те, шығарма осы сөздермен құнды.
Тыңдарман құлағынан әлі күнге дейін кетпеген, жыл өткен сайын шлягерге айнала түскен, шоқтығы биік шығарманың кілт сөздері әйгілі композитордың өз жүрегінен шыққаны да ғажап.
Бұл қаланың адам баласы үшін аурасы қашанда бөлек... Ару Алматы. Сүйген ару. Көжиектің төсіне Жаратқан ілген, жамырап, самсап тұрған жұлдыздар мен асқақ Алатаудың көзді арбайтын, көңілді баурайтын мұзарт шыңы композитор шабытын шайқап, жүрегінде жанған отты маздата түскеніне ешкімнің таласы да жоқ. Ұлы туындының қайырмасына негіз болған «куә бол» сөзі де әннен мән іздейтін тыңдарман біткеннің көңіліне қона кеткені даусыз.
Расында да, мәтін мен ән атаулының табиғатында гармония бар шығарманың ғұмыры ұзақ екеніне кісі баласы шүбә келтіре алмас. Әлгіндей туынды ешқашан өлмейді. Қайта уақыт өткен сайын жаңа буынның жүрегінен орын тауып, жасара түседі. Мейлі, ол азшылық болсын... Ал әннің сөзін әйгілі ақын Тұманбай Молдағалиев жазса, тыңдарман үшін мәңгілік олжа екеніне ешкім таласпайды ғой.
«Көзімді жұмсам да көрем сені,
Еседі арманның қоңыр желі.
Куә бол, Алатау, бақытыма,
Куә бол, көк терек көлеңкелі.
Куә бол, жұлдыз,
Куә бол, айым,
Куә бол, Алатауым!»,
деп басталатын лирикалық әннің алғашқы шумағының өзі есті тыңдарманды бірден баурай түсетіні ақиқат. Әйтеуір, жаныңа жылылық сыйлайды. Бойыңдағы беймәлім бір сезімнің құпиясын ашқандай күйге түсіреді.
Куә бол, жұлдыздар жымыңдасқан,
Куә бол, аппақ Ай, ашық аспан.
Алданба, жүрегім, енді қайтып,
Арманға кезінде есік ашқан.
Куә бол, жұлдыз,
Куә бол, айым,
Куә бол, Алатауым!»,
деп түйінделетін әннің әсерлі қайырмасы да өнерсүйер қауымның жадынан мәңгі өшпейтіні рас.
Қалай десек те, «Куә бол» әнінің қазақ өнеріндегі орны бөлек. Махаббат пен сағыныш атаулы сезімді жаңа бір биікке көтерген шығарманың мәңгілік мелодияға айналғаны ақиқат.