Әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығармаларымен айшықталған 35 кітап әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде жасалған. Жинақтардың біразы бұрыннан қалыптасқан форма мен түстер галереясын, тіпті мазмұны мен тақырыбын да бұзып-жарып, өз жаңа тартымдылығымен оқырманға жол тартып отыр. Руханият жанашырлары мен қабырғалы қаламгерлер бас қосқан салтанатты шара Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатымен басталды. Министрдің ізгі лебізін Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов жеткізді.
«Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдан басталып, Дулат, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, М.Әуезовтермен жалғасып, кешегі классик ақын-жазушылар мен тәуелсіз Қазақстанның жас авторларының шығармаларын қамтыған жаңа кітаптар ұлт әдебиеті жауһарларының бірегей сериясы деп білеміз. Бұл кітаптар арасында Алашорда қайраткерлерінің іргелі туындыларымен қатар, құнды академиялық зерттеу еңбектері де бар. Заманауи үлгіде, минимализм дизайнда көркемделген кітаптардың өзіндік ерекшелігін де атап өткіміз келеді.
Ұлт мәдениетінің алтын қазынасын, рухани мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізу, оны насихат ету – баршамызға ортақ міндет. Осы орайда, «Абай» баспасының игілікті бастамасы көпшілік сұранысын қанағаттандырып, оқырман тарапынан жоғары бағаланады деп сенеміз. Жаңа кітаптар кітапсүйер қауымның қуанышына айналсын, делінген ведомство басшысының лебіз хатында.
Ақын, Ақберен Елгезек басқаратын «Абай баспасы» іргелі туындылардан тұратын айтулы серияны бір жылға жуық баспаға дайындаған. Кітаптардың атаулары мен реті де жүйелі ойластырылыпты.
Атап айтсақ, қазақтың бас ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса...», қазақтың әулиесі атанған, ақын, ағартушы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасы «Хал-ахуал», ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері «Насихат», сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармалары «Сандықтас» деген атаумен оқырманға ұсынылған. Сондай-ақ Міржақып Дулатұлының өлеңдері «Алашқа», Жүсіпбек Аймауытұлының туындылары «Рәбиға», қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің шығармалары «Сағанақ» атауымен басылған.
Қарымды қаламгер Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасы «Қанды тұман», классик жазушы Сәкен Сейфуллиннің шығармалары «Аққудың айрылуы» дейтін атаумен жарық көрді. Қазақтың ұлы ақыны, Алаш қозғалысының қайраткері, поэзиясы қазақ әдебиетіне ғана емес, түркі тектес халықтар әдебиетіне де үлкен ықпал еткен бес арыстың бірі Мағжан Жұмабаевтың өміршең, рухты өлеңдері «Тұран», ұлы жазушы М.Әуезовтің шығармалары топтасқан кітаптар «Көксерек» және «Қилы заман» атауымен оқырман қауымға жол тартқан.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жинағы «Отан», ұлы ақын Төлеген Айбергеновтің салқар поэзиясы «Сағыныш» деген атпен жарық көрді. Сонымен қатар «Абай» баспасынан шыққан кітаптар тізімінде қазақтың классик ақындары Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтің жыр жинақтарының, көрнекті жазушы Смағұл Елубайдың «Балалық шақ баяны» атты кітабы да айрықша маңызға ие.
Қазақтың аса көрнекті ақындары, қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әбдіраш, Темірхан Медетбек, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан, Табылды Досымов туындылары да осы жинақтардың салмағын арттырып тұр. Аталмыш кітаптар тізбегі ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин, Танагөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс есімді қаламгерлердің туындыларымен жалғаса бермек. Солардың ішінде бүгінгі күннің бетселлеріне айналған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайнда, жаңаша форматта оқырманға ұсынылған.
АЛМАТЫ