Ауылға келген соң, жолбасшымыз Нұрпейіс ақын шеткерірек тұрған бір үйді нұсқап:
– Әне, көрдіңдер ме, Жамбыл сонда тұрады! Бұл оның «ордасы», бәріміз тура сонда баруымыз керек, – деді.
Үй іші адамдарынан біз Жамбылдың сырқат екенін, бізбен кездесуі неғайбіл екенін білдік. Жаңа үйге көрші тұрған киіз үйге кірдік те, ақынның қонақжай туыстарының сый-құрметіне бөленіп, ақынның бізді қабылдар уақытын тосып қалдық. Біраз уақыт өткен соң қарт ақынның өзімізді қабылдап көріспек болған ниетін де естідік.
Кино оператор Д.Ошурков бұл кездесуге аса ыждаһатпен дайындала бастады. Біздердің Москвадан келгенімізді біліп, қолымыздағы кино аппараттарымызды көргеннен кейін Жамбылдың жүзі жылып сала берді. Тілмаш арқылы біз оған: «Советтік Қазақстанның тойы туралы картина жасап жатқанымызды және онда міндетті түрде қарт ақын қатысқан ойынды көрсететін кадр болуы керек екенін түсіндірдік. Оның үстіне бүгін күн жадырап тұр, кино түсіруге де қолайлы деген өтінішімізді де жеткіздік.
– Оған қоса, – деп сөз қосты оператор Ошурков. – Бұл ауылға советтік жаңа дыбыс жазғыш аппараттың тұңғыш келіп отырғанын біліңіз.
Жамбыл біздің Мәскеуден жуырда ғана шыққанымызды білгеннен кейін ондағы кездесулерін еске алып, таныс адамдарының аты-жөнін атай бастады. Ақын кенеттен көңілдене қалды, тіпті әзіл айтып, бізді асықтырып кетті. Бәріміз де жадырап, бір-бірімізге шын достарша жақындасып кеттік. Бізді қоршап алған балалар шулады, қол соғылып, той-думанға бүкіл тау қойнауы жаңғырықты. Сол екі арада далаға кілем төселді, көрші ауылдардың тұрғындары бұл маңға түгел жиналып, кілемге жайғасты. Ең соңында өз бөстегіне келіп Жамбыл да отырды...
Ол домбырасын қолына алуы мұң екен, тамаша бір ән шертіліп кетті. Ақын шабыттанып ұзақ жырлады. Әннің әсері, тіл білмейтін бізді де шарпып өткендей болып еді. Көпшілік жұрт Жамбылға жақын келіп, оны құшақтап сүйіп жатты. Ал ол болса бәрін де өз баласындай көріп, әкелік мейірмен арқасынан қағып, жылы-жылы сөздер тауып айтып жатты. Ақындар шаршау дегенді ұмытқан сияқты. Жамбылдан кейін кезек алып өз өлеңдерін айтысып кетті. Бұл ақындардың нағыз айтысы еді.
Кино түсіретін және дыбысты жазып алатын аппараттарымыз мүлтіксіз жұмыс істеді. Жиналғандар бұл маңнан тарқар болмады: өйткені жұрт арасына қазақтың көне спорт ойындарының бірі көкпар тарту болады деген хабар лезде тарап кеткен еді.
Бұл ойынға әзірлік жұмыстары аяқталды да, кино тобы енді сол думан болатын жаққа қарай беттедік. Ал сонда Жамбыл не істеді деңіз.
Туысқандарына бізді міндетті түрде түскі асқа шақыру керектігін айтып әмір берген ақынды біз үйіне шығарып салдық. Кино түсіріліп болысымен қарт ақынға қайта келеміз деп уәдемізді де бердік.
Ойын болатын ойпаңның жарты жолына жақындағанымызда бізге еріп келе жатқан жұрттың бәрі аң-таң болып артына қарасты. Байқасақ, сары атына жас жігітше сәнмен мінген Жамбыл келеді екен. Біздің таңырқауымызда шек болған жоқ, әрине.
Жамбылмен әзілдесе отырып, біз көкпар болатын жерге жүріп кеттік. Айналасы биік қыраттармен көмкерілген кең еңіс көзге шалынды. Жазықта салт аттылар да пайда бола бастады. Жамбыл оларға жақын барып, ойынның тәртібі туралы кеңес берді, нұсқауын айтты.
Ойынға Жамбылдың келіп араласуы қатысушылардың көңіл күйін көтеріп тастағандай. Ана жерден де, мына жерден де «Жамбыл, Жамбыл» деген сөздерді естисің. Ойынға әр ауылдан қисапсыз көп аттылар келіп араласып кетті. Әр ауыл өздерінің ұшқыр аты мен оңтайлы жігіттерін көрсетіп қалмақшы. Ақыры ешкінің ауыр денесі салт аттылардың қолына тиді. Көкпар қызды да кетті. Кино аппараттарымыз ешбір мүлтіксіз жұмыс істеді. Жігіттердің оңтайлылығы мен батылдығына және қазақ атының қажырлылығына сын басталды. Ұзаққа созылған тартыстан, додадан кейін өз достарының көмегімен бір салт атты көкпарды қолға түсірді де, оны Жамбылдың алдына тастады. Жеңімпаз жігітті Жамбыл құшақтап, қолынан қысты.
Ойынды ұзақ уақыт киноға түсіргеннен кейін қарт ақынды шаршатпайық деп біз оны үйіне апарып тастамақ болдық та, қалған уақыт ішінде «Аударыспақ» атты ойынды түсірмек болдық. Бұл хабарымызды естігеннен кейін Жамбыл өзгеріп сала берді: жұрттың бәрі шаршамағанда, елден ерек мен неғып шаршаймын? «Жоқ, Жамбылың ондай адам емес», деп жеткізді тілмаш бізге ақын сөзін. Өзімізге жақын келген Жамбыл ойынды түсіре беріңдер деп белгі берді де, жұртқа араласып кетті. Амал қанша, көнуге тура келді.
«Аударыспақ» – екі аттының шауып келе жатқан бетте ұстаса кетіп, бірін-бірі ерден аударып тастауға ұмтылатын ойыны. Жамбыл мұны да басқа ойындар қатарында өзінің жырына қосты. Бұл ойынды ерлікті, батырлықты, тапқырлықты жетілдіретін жаттығу десе болғандай.
Екінші бөлімде бүркітпен аң аулауды түсірдік. Қазақ халқы, оның ақындары, соның ішінде Жамбыл да аңшылардың ұшқыр, қырағы серіктері бүркіт, сұңқар, қаршыға туралы көптеген тамаша жырлар мен аңыздар шығарған ғой. Жамбылдың байыппен айтқан өлеңін тыңдай жүріп біз бүркітпен аң аулаудың таңғажайып көріністеріне куә болдық, тамашаладық...
Кешқұрым біз Жамбылды үйіне шығарып салдық та, оның денсаулығы үшін қымыз ішіп, достарша қоштасып айырылыстық. Осыншалық тамаша, ақжарқын, ғажайып қартты тастап кету бізге оңай болған жоқ. Бірақ Жамбыл қоштасып жатып бізді қонаққа шақырды да, біз сөзсіз келеміз деп уәдемізді бердік...
Сол жылдары «Жамбылға қонаққа барамыз» деген сөз Қазақстанда өтетін халықтық мерекелер мен тойларда дәстүр еді де, оның өзінің тамаша, терең мағынасы болатын-ды. Қазақ республикасының 20 жылдық мерекесі кезінде де бұл нақ солай болған еді.
Біз қайта оралған күні, Отанымыздың көп ұлттары атынан келген делегациялар мен қонақтар халықтар достығының тақырыбын өз өлеңдерінде аса зор әсермен, күшпен көтере білген тұңғыш совет ақыны Жамбылдың қонақжай үйінде бас қосып едік.
Мұнда, оның үйінде, нағыз поэзия салтанат құратын. Жамбыл домбырасын шәкірттеріне беріп еді, ал олар қазақтың суырып салма өлеңінің тамаша үлгісін көрсетті. Нұрпейіс, Нұрлыбек, Орынбай, Өтеғали ақындар халық достығы туралы дастандарын шырқады.
Жамбыл өзінің суырып салма өлеңін домбырасына күмбірлете қосып айтатын еді. Ол әрі ақын, әрі домбырашы және әнші болатын. Ән Жамбыл поэзиясының әсерлі, мазмұны анық болып шығуын қамтамасыз ететін еді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Жамбылдың даусын жазып алғанымыз болашақ ұрпақ үшін ерекше бағалы болса керек...
Леонид Малинов.
Жамбылмен кездескенде//
«Искусство кино» журналынан
* * *
«Жамбылдың даусын жазып алғанымыз болашақ ұрпақ үшін ерекше бағалы болса керек...» деген тұжырыммен түйінделген Леонид Малиновтың мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетіне осылай басылыпты (20 қаңтар, 1961 жыл). Әрине, архивтегі кино-фото шежіреміз сақталған қойманың шаң басқан бір сөресінен 1940 жылы Мәскеу мен қазақ кинодокументалистері түсірген «Қазақстан» атты фильмнің таспасы табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Иә, Жамбылдың ақындық даңқы аспандап, дүниенің төрт бұрышына түгел тарап үлгерген кез. 1940 жылдың жазы. Қазақстанның 20 жылдық мерейіне қызу дайындық үстіндегі ел. Екінші жаһан соғысының алдындағы мамыражай бір сәт...
Бір ғажабы, бұл мақаланың сондай бір жылы шыраймен жадырай жазылғаны. «...Жұрттың бәрі аң-таң болып артына қарасты. Байқасақ, сары атына жас жігітше сәнмен мінген Жамбыл келеді екен. Біздің таңырқауымызда шек болған жоқ», дейді автор. Және бір тұсында, «Жамбыл өзгеріп сала берді: жұрттың бәрі шаршамағанда, елден ерек мен неғып шаршаймын? «Жоқ, Жамбылың ондай адам емес», – деп жеткізді тілмаш бізге ақын сөзін», деп ұлы жыраудың асқан қайсарлығы мен жасы тоқсаннан аса да жас жігітше ширақ қимылдап атқа мінгені жақсы суреттеліпті. Сонымен қатар оның әзілқойлығы мен халқымызға тән қонақжай пейілін де мәскеулік қонағы жақсы аңғарған.
Ғаламтордан автордың дерегін іздеп көргенбіз. Өкінішке қарай, уысымызға жөнді мәлімет ілінбеді. Ал енді кинооператор Михаил Федорович Ошурков туралы (мақалада оның есімі «Д.» деп қате жазылып кеткен тәрізді – Р.Т.) көсіліп айтуға жарайтын бірқатар мағлұматты қалың оқырман қауым да біле жүргені дұрыс шығар.
Сексен тоғыз жасқа келіп қайтыс болған М.Ф.Ошурков (18.11.1906-28.11.1995) – кеңестік документалды кино түсірудің хас шебері әрі режиссер. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласының бел ортасында жүрген жанкешті кинооператор. Ол төрт мәрте Сталиндік сыйлыққа (1942, 1948, 1949, 1950) және КСРО Мемлекеттік сыйлығына (1969) ие болған, РСФСР халық әртісі (1979) саналатын еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Михаил Ошурков 1945 жылы қаңтар айында А.Воронцовпен бірге Освенцим азап лагерінің қасіретті көріністерін алғаш таспаға ілген кинооператор ретінде танымал. Кейін оның осы материалдары Нюрнберг сот жосығы кезінде фашизм қылмысына нақты айғақ болды.
1945 жылы 2 қыркүйекте «Миссури» линкорының бортында Жапонияның тізе бүккені туралы актіге қол қою сәтін де кинотаспа арқылы тарихта қалдырған осы М.Ошурков. Ол – 1000-ға тарта мерзімді киносюжеттердің авторы.
Мәскеу де Жамбылға тегін адамды жібермесе керек. Міне, осындай көрнекті шебердің киноаппараты нысанасына іліккен ұлы Жамбылдың 1940 жылғы жаздағы жарқын бейнесі, сірә, сапасыз бола қоймас деген пайымдамыз. Ендігі міндет – киноқұжат табу.
Рәтбек ТЕРЛІКБАЕВ,
Жамбылдың әдеби-мемориалды
музейінің ғылыми қызметкері