Мәдени шараға Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшісінің кеңесшісі – мәдени өкілдігінің басшысы Али Акбар Талеби Матин мырза және отандық архив саласының білгір мамандары, сонымен қатар елімізге танымал араб-парсы тілдерінің ғалым-профессорлары қатысты.
Басқосу барысында Орталықтың ғылыми қызметкерлері – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 желтоқсанда № 953 қаулысымен бекітілген «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары аясында Иран Ислам Республикасы архивтерінен алып келген ортағасырлық қазақ тарихына қатысты маңызды құжаттарды көпшілікке таныстырумен қатар, алдағы күндері бұл жәдігерлерді реставрациялау мәселесі талқыланды.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандарынан құралған делегация «Архив – 2025» жобасы аясында, Мысыр, Үндістан, Түркия, Ресей, Мажарстан, Иран, Қатар, Татарстан, Башқұртстан елдеріне арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, еліміздің тарихына қатысты жалпы саны 7 мыңға жуық құжат әкеліпті. Осы үрдіс ары қарай жалғасын тауып, 2022 жылдың қазан айында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми бөлімнің бас сарапшысы Алмат Абсалықов, реставрация және консервация бөлімінің басшысы Сырым Ботабеков бастаған жұмыс тобы арнайы іссапармен Иран Ислам Республикасына барып, Иран Ұлттық кітапханасы мен архивінде және Астан Құдс Разави зерттеу орталығында жұмыс істепті.
«Орталық мамандарының парсы тілін жетік меңгергенінің арқасында ауқымды іздеу-зерттеу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде, 50-ге жуық сирек кездесетін қолжазба сарапталып, оның он шақтысы орталыққа әкелінді. Қалған жәдігерлер алдағы уақытта арнайы келіссөздер нәтижесінде алынатын болады», дейді сапарлап қайтқан мекеме мамандары.
Елімізге жеткізілген көне қолжазбалардың қай-қайсысында да қазақ тарихына қатысты құнды деректер бар екені анық. Оның сыртында парсы архивтерінде сақтаған қазақ даласынан шыққан ғұлама-ғалымдар еңбектерінен де талай дүние табуға болады. Ал жеткізілген қолжазба-кітаптар ішінде маңыздылары – Тегеран қаласындағы Мәлік кітапханасының көне жазбалар қорынан алынған жәдігерлер. Атап айтар болсақ:
- VI ғасырда өмір сүрген атақты имам Хасан ибн Әли ибн Аби Талибтің (пайғамбардың с.ғ.с. немересі) куфи каллиграфиясы негізінде өз қолымен көшірген Құран кітабы;
- Ортағасырлық танымал оқымысты, дәрігер, философ көзі тірісінде ғылымның 29 түрімен айналысып, артына 450-ден астам еңбек қалдырған Ибн Синаның араб тілінде жазылған «Арджуза фи Тибб» («Емдеу туралы бәйіттер») атты еңбегі;
- Орта ғасырда өмір сүрген атақты энциклопедист – ғалым, өз заманында: тарих, география, араб филологиясы, математика, механика, геология тағы басқа ғылым саласын зерттеген әл-Бирунидің аспан әлемі астрономияға негіздеп жазған «Истияб вуджух аль мумкинат фи сана’а аль Истерлаб» атты кітабы;
- Құран Кәрімді түрік тілінде тәпсірлеп түсіндірген XVI ғасыр мұрасы «Тибъян тафир Куран» атты тәпсір кітабы;
- XVI ғасыр туындысы һәм дешті Қыпшақ – Қазақ хандығы тарихына қатысты құнды дүниелер жинақталған, соның ішінде қазақ хандарының шежіресіне қатысты деректер берілген «Ахсан ат Таварих» атты шежіре кітап. Бұл туындының авторы – қызылбастар мемлекетін билеуші Сефевидтер әулеті тұсында өмір сүрген әйгілі тарихышы – Хасанбек Румлу;
- Сефевидтер әулеті тұсында өмір сүрген атақты сарай тарихшысы, артына көптеген құнды тарихи жазбалар қалдырған ғұлама Искандербек Муншидің Шибанидтер мен Сефевидтер қарым-қатынасы және Қазақ хандығы туралы құнды деректер жинақталған «Тарих-и алам ара-йи Аббаси» («Әлемнің безендірушісі Аббастың тарихы») атты кітабы;
- Хорасан, Ауғанстан және Орталық Азия елдерінің XVI-XVIII ғ. тарихы қамтылған парсы оқымыстысы Науруз Вайз Бастамидің «Фердаус ат Таварих» атты құнды туындысы;
- Шағатай, оғыз, қыпшақ сөздері мен диалектілерінің негізінде XVIII ғасырда жазылған «Фарханг турки-фарси» атты сөздік;
- Британдық белгілі парсытанушы – академик Чарльз П.Мелвиллдің айтуынша, 1340 жылы жазылып, 1344 жылы жарық көрген Хамидулла Мустауфидің «Нахджатуль Кулуб» атты құнды еңбегі әкелініпті. Бұл кітап, Елхан империясының (Құлағу мемлекеті – 1217-1265 ж. Мәраға, Иран) географиясы мен тарихи оқиғаларын сипаттайтын бірден-бір дереккөз болып саналады;
- Чагнини Хорезмидің XIV ғасырда жазылған «Китаб Канунча» атты медициналық еңбегі. Бұл кітапта Алтын Орда ұлысының медициналық ахуалы туралы мәліметтер көп. Өйткені автор Жошы империясының құрамында болған Хорезмде дүниеге келгендіктен, сол дәуір оқиғаларын шынайы суреттеген;
- ІХ-Х ғ. жазылған Закария Разидің «Муфидуль Хас фи ильм аль Хавас» атты туындысы. Бұл жәдігер Иран Ислам Республикасының Мешхед қаласындағы Астан Кудс Разави кітапхана қорында сақталып келген. Қолжазба екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі жоғалған, ал екінші бөлігінің көшірмелері сақталған. Оның мазмұны – шаруашылыққа зиянды жәндіктермен күресу тәсілі, өсімдіктер мен жемістерді пайдаланудың жолы, дәрілік шөптер мен көкөністер, сондай-ақ жылан, шаян, т.б. жәндіктер арқылы емдеу шаралары жөнінде мәліметтер бар.
Көпшілік үшін сүйінші жаңалық: «Жоғарыдағы құнды құжаттардың барлығы көне парсы және араб тілінде. Бұларды қазақ тіліне аудару ісі жалғасып жатыр», дейді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директоры Жандос Болдықов.