Құқық • 29 Қараша, 2023

Бақыт берекелі үйге кіреді

187 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

БҰҰ мәліметінше, жаһанда жыл сайын 45 мыңнан астам әйел ері­­­нің қолынан қаза табады. Ал 736 миллион нәзік жанның 3/1-і­ жы­ныс­тық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл мәлі­меттер Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі ұйымдас­ты­р­ған халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ай­тылды.

Бақыт берекелі үйге кіреді

Астанада бас қосқан сарапшы­лар «Тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықпен күрес: мәселелері мен шешімдері» тақырыбында ұйым­­­дастырылған алаңда ұсы­ныс-пікірлерін ортаға салды. Іс-шараға құқық қорғаушылар, әр­түрлі елдің омбудсмендері, ха­лық­аралық, үкіметтік емес ұйым­­дардың өкілдері, дағдарыс орта­лықтарының басшылары, зерт­теу­шілер, ғалымдар, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғамдық пікір көш­бас­шылары қатысты.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев қоғамда зорлаушылар мен жәбірлеушілерге төз­­беушілік ахуалын қалып­тас­­тыру қажеттігін атап өтті. «155 елде тұрмыстық зорлық-зом­­былық туралы, ал 140 елде ж­ұ­мыс орнындағы жыныстық зорлық-зомбылық туралы заң бар. Дегенмен бұл заңдардың орындалуында кедергілер әлі де жеткілікті. Зорлық-зомбылықтың қауіптілігін елемеуге болмайды. Ол тек адамға зиян келтіріп немесе өлімге әкеліп қана қоймай, балаларды жетім күйге түсіреді әрі күйзеліске ұшыратады. Үйдегі тирандарды жазалаумен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу мен жою­ға да баса назар аудару қа­жет. Білім деңгейі, құқықтық сана, гендерлік стереотиптерді жою, саламатты өмір салтын және күнделікті әдеттерді наси­­­хаттау аталған бағыттағы маңызды аспектілер болып саналады», деді ол.

Жалпы, еліміз посткеңестік кеңістікте бірінші болып тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықпен күресу, оны айқындау және құ­қықтық жауапкершілікті белгілеу туралы құқықтық актіні 2009 жылы қабылдады. Жиында әйел құқығы мен гендерлік теңдік сала­сын­дағы қазіргі әкімшілік және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселесін Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төр­а­ғ­а­сы, Еуропа Кеңесі Ве­не­ция комис­сиясының мү­ше­сі, крими­но­логиялық қауым­дас­тық­тың құрметті президенті Игорь Рогов қозғады.

«Әкімшілік және қылмыстық заңнама аясындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінің бірі – Қылмыстық кодекс­ке­ қылмыстық әрекеттерді енгізу кезінде қабылданған шешім­дер­дің шалалығы болып тұр. Осылайша, 2014 жылы ден­сау­лыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттері қыл­мыстық жауапкершілікке тартылды, бірақ қамауға алу орын­дары болмағандықтан, қыл­мыс­керлер жазасын өтей алмады, әкімшілік істер бойынша қамауға алынып, қылмыстық істер бойынша айыппұл салынды. Осыған байланысты 2017 жылы жеңіл зиян келтіру әкімшілік кодекске көшірілуі керек еді. Сотпен қаралған барлық істі қылмыстық құқық бұзушылық ретінде Қылмыстық кодекске ауыстыру қажет, ал қамауға алу түріндегі жазаны қазір әкімшілік істердегідей өтеу керек», деді Игорь Рогов.

Отырыста БҰҰ Даму бағдар­ла­ма­сының Қазақстандағы тұрақ­ты өкілі Катарзина Ваверня «Зор­лық-зомбылық құрбандарын стигматизациялаудың алдын алу, әйелдерді қоғамның тұрақты дамуының драйвері ретінде тану қажет» деген пікірін айтты. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақы­пова проблеманың алдын алуда IT саласының мүмкіндіктерін пайдалану керек деді. Ол арнайы жүйеге отбасындағы зорлық-зом­былық туралы деректер міндетті түрде енгізілуге тиіс деп отыр.

«Цифрлық отбасы картасы – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және проактивті форматта оларға кепілді мемлекеттік қолдау көр­сетуге мүмкіндік беретін әр­түрлі мемлекеттік органдардың ақпа­­­ратын жинақтайтын ақпа­рат­тық жүйе. Оны Ішкі істер министрлігінің деректерімен біріктіру керек. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәлі­меттер базасы бар, егер отбасы зорлық-зомбылыққа қа­тысты шағым түсірген болса, бұл ақпаратты цифрлық кар­та­ға қосуға болады және бұл отбасы­ның көз алдында тұрады», деді министр.

Сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылық құрбандарына әлеу­мет­тік, медициналық және қар­жылай көмек­тен бөлек, білім беру ұйым­дарындағы жыныстық қуда­­лау мәселесіне де назар ауда­ру­­ қажет. Бұл туралы басқосуда Еуро­­палық Одақтың Қазақстан Респуб­ликасындағы елшісі Кес­тусис Янкаускас сөз қозғады.

«Қоғамда әйелдерге қарсы қылмыстарға «мүлдем төзбеу­ші­лікті» қалыптастыру үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеудің маңызы зор. Отбасында, мектептерде және жоғары оқу орындарында билік ашық диалог құруды және қылмыстық фактіні қабылдамауға барлық жағдайды жасауды назарға алғаны абзал», деді ол.

Осылайша, екі күнге жал­ғас­қан­ кон­ференцияда тұрмыстық зор­­лық-зомбылықты барынша азай­­туға бағытталған әйел құқық­та­ры­ мен гендерлік теңдік сала­сын­­дағы мәселелер жан-жақты тал­қы­ланды. Сарапшылар Қыл­мыс­тық, Қылмыстық-процестік, Қыл­мыстық-атқару кодекстерін одан әрі жетілдіру бойынша бір­қа­тар ұсынысты ортаға салды.