Фото: gov.kz
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше осы күндері Д.Сноу Химия және химиялық технология кафедрасының меңгерушісі Маржан Қалмахановамен бірлесіп Жамбыл облысындағы су ағындарын зерттеу жобасы бойынша жұмысты бастап кеткен. Аталған ғылыми жобаны АҚШ білім министрлігі қаржыландыратыны күтіліп отыр. Нәтижесінде АҚШ-тың докторанттары мен магистранттары М.Дулати университетіне келіп, судың химиялық құрамын зерттеу бағытында жұмыс жүргізіп, тәжірибе алмасатын болады.
Daniel Snow мен Маржан Қалмаханова Аса ауылы маңындағы тұрмыстық қалдықтан жиылған судың құрамын анықтау мақсатында үш ай эксперимент жүргізіп, үлгісін Небраска университетіне жіберді. Нәтижесінде құрамында адам денсаулығына қауіп төндіретін зиянды қоспалар анықталған. Енді фильтрациялық жүйе орнату жұмыстарын атқару жоспарланып отыр.
«Жамбыл облысындағы үлкен проблема – фильтрациялық жүйенің болмауы. Қаланың барлық тұрмыстық суы Аса елдімекені маңына барып құяды, жерге сіңген зиянды суды қайтадан өзіміз тұтынамыз», дейді Маржан Қалмаханова.
Daniel Snow «ғылымды климаттық өзгеріске бағыттау керек, судың, ауаның тазалығын үнемі зерттеп, оны жақсарту бойынша жұмысты жетілдіру аса қажет», дейді.
Университеттер ынтымақтастығы халықаралық деңгейде қызмет етудің тиімді мүмкіндіктерін көрсетеді, ел мүддесі үшін қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін жүргізуге жол ашады.