Спорт • 29 Қараша, 2023

Қарсыластар – кіл мықты

126 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Скандинавия түбегінде гандболдан әйелдер арасындағы әлем чемпио­натының шымылдығы түрілді. Дания, Норвегия және Швецияның бір­қатар шаһарында өтіп жатқан жарыста 32 мемлекеттің өкілдері өнер көрсетіп жатыр. Солардың қатарында Қазақ­станның ұлттық құрамасы да бар.

Қарсыластар – кіл мықты

Спорттың бұл түрінен әлем чемпионатының тұсауы 1957 жылы кесілді. Алғашқы жарыс Югославияда ұйымдастырылды. Бұл бәсеке Чехословакияның жеңісімен аяқталса, Мажарстан күміс медальды иеленді. Қола медаль жарыс қожайындарына бұйырды. 1957-2021 жылдар аралығында төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған командалар 25 рет бас қосты. Ең көп олжаға кенелген Норвегияның қол добы шеберлері. Скандинавиялықтар 4 алтын, 4 күміс және 3 қоланы олжалады. Екінші орынды – Ресей. Көршілеріміз 4 алтын мен 1 қоланы қоржынға салды. Үшінші сатыға КСРО жайғасты. Келмеске кеткен елдің өкілдері 3 алтын, 2 күміс және 1 қоланы иеленді. Сондай-ақ әр кездері жеңіс тұғырына көтерілгендер қатарында мына мемлекеттердің гандболшылары бар: ГДР (3+0+1), Франция (2+4+0), Мажарстан (1+4+4), Югославия (1+3+3), Дания (1+2+3), Румыния (1+2+1), Ни­дерланд пен Чехословакия (1+1+1), Германия (1+0+2), Оңтүстік Корея (1+0+1), Бразилия (1+0+0), Испания (0+1+1), Сербия (0+1+0) және Аустрия мен ГФР (0+0+1). Барлығы осы 18 ко­мандаға ғана жүлде алу бақыты бұйырған екен.

Қазақстан құрамасы әлемдік додада алты рет бақ сынады. 2007 жылы Францияда жергілікті гандболшылар (20:31) мен Хор­ватиядан (25:35) ұтылып, Аргентинадан (26:22) айламызды асырдық. Нәтижесінде, 24 команданың арасынан 18-орынға табан тіредік. 2009 жылы Қытай елінде Оңтүстік Корея (21:39), Қытай (13:25), Кот-д’Ивуар (22:30), Жапония (17:33), Тунис (22:33) және Таиландтан (23:27) жеңіліп, Аргентина (28:24) мен Чилиге (32:26) шаң қап­тырдық. Қорытынды есепте 22-орынды қанағат тұттық. 2011 жылы Бразилияда Аустралия (37:9) мен Уругвайға (31:22) әліміз жетті. Ал Оңтүстік Корея (19:31), Нидерланд (20:32), Испания (18:27), Ресей (19:34) және Германияның (14:37) алдында дәрменсіздік таныттық. Оңтүстік Америкадағы додада бұйырғаны – 19-орын. 2015 жылы Даниядағы нәтижеміз одан да төмен болды. Бұл жолы 22-орынға тұрақтадық. Топтық турнирде тегістей ұтылдық: Испания (10:31), Румыния (20:36), Норвегия (19:40), Ресей (19:42) және Пуэрто-Рико (27:30). Одан кейін Конгоны (31:30) қапы қалдырғанымызбен, Туниске (23:39) жарытып қарсылық көрсете алмадық. 2019 жылы Жапонияда дәл сол межеден көріндік. Күн шығыс елінде қытайларды ғана 29:23 есебімен ұттық, қалған командалар алдымызды орап кетті. 2021 жылы Испаниядағы чемпионаттың алғашқы кезеңінде норвегтер мен румындарға жол беріп, Ираннан мерейіміз үстем болды. Екінші кезеңде Швеция, Нидерланд, Румыния, Норвегия және Пуэрто-Рико құрамаларына қарсы ойындарда – 133 доп айырмашылығымен тас-талқанымыз шықты. Нәтижесінде, 32 команда арасында 24-орынды еншіледік.

Кейінгі әлем чемпионаты осыдан екі жыл бұрын Испанияда ұйымдастырылды. Пи­реней түбегінде норвегиялықтарға тең келер команда табылмады. Топтық турнирдегі бес ойынның төртеуін ұтып, біреуін тең аяқтаған олар бірінші орынды иеленді. Плей-офф сайыс­тарында Ресей (34:28), Испания (27:21) және Франция (29:22) құрамаларын жолынан ығыстырып, бас жүлдені олжалады. Үшінші орын үшін тартыста даниялықтар испандықтарды (35:29) ұтты.

Биылғы әлем чемпионатын Данияның Хернинг қаласындағы «Йюске-банк-боксен» (12 500 көрерменге есептелген) мен Фри­дрихсхафендегі «Солтүстік Арена» (2 800), Данияның Ставенгеріндегі «DNB Арена» (5 500) мен Тронхеймдегі «Тронхейм Спек­трум» (8 800) және Швецияның Хельсин­бур­гіндегі «Хельсинбург Арена» (5 500) мен Гёте­боргтағы «Скандинавиум» (12 000) спорт кешендері қабылдап жатыр.

Скандинавияда жалауы желбіреген жарысқа 32 команда қатысып жатқанын айт­тық. Жерлестеріміз G тобына түсті. Қар­сыластарымыз – Испания, Бразилия және Украина. Пиреней түбегінің бұрымдылары 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қола медаль алып, 2011 және 2019 жылдардағы әлем чемпионатында жүлдегерлер қата­рынан көрінді.Еуропа чемпионаттарында (2018, 2014 жылдары) екі рет финалда ойнады. Бразилия 2013 жылы өткен дүниежүзілік додада алдына жан салмады. Украина 2000 жылғы әлем чемпионатында күміспен күптелсе, 2004 жылы Афина Олимпиадасында қолаға қол жеткізді. Міне, біздің қыздарға осындай мықты қар­сыластармен күш сынасуға тура келеді. Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста Қазақстанның қол добы шеберлері табысты өнер көрсете алмағанымен, отандастарымыз Азия чемпионатында 2 алтын мен 1 қола және Азия ойындарында 2 күміс пен 1 қоланы иеленді. Бәлкім, осы жолы ең болмағанда жарыс кестесінің бел ортасына жақындай түседі деп үміттеніміз. Аталған бәсеке 17 жел­тоқсанда өз мәресіне жетеді. 

Соңғы жаңалықтар

Білім бәйгесінің берендері

Білім • Бүгін, 08:33

Менің Әуезовім

Зерде • Бүгін, 08:30

Пушкин Құранды жетік білген

Әдебиет • Бүгін, 08:27

Даланың дарабоз ақыны

Әдебиет • Бүгін, 08:25

Қола дәуірінің қолтаңбасы

Ғылым • Бүгін, 08:22

Тіл білімінің абызы

Ғылым • Бүгін, 08:20