Әдебиет • 29 Қараша, 2023

Қазақ қабыланының ақыры

241 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Сыртым – бір қоңыр бағлан, ішім – бір кекті қабылан. Қабылан айбат шегеді, қабанға азу жаныған. Өз ішін танып-білмеген, өзгені қашан таныған?» (Несіпбек Айтұлы). Бұл жолдарда бәрі өзіңді танудан басталатынын меңзеп қана қоймайды, бүкіл жан дүниесінің қарсылығын әйгілейді. Ал егер ішіне кек қатып ашынса, қабыланың алмайтыны жоқ.

Қазақ қабыланының ақыры

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ даласында қабылан жоқ қазір, бұрын болғаны сөзсіз. Өйткені әдеби шығармаларда кездескені тегін емес, түп­тің-түбінде әлгі жыртқыштың ұғымына дейін сақталыпты. Кейде адамның өзі де білмейтін, бірақ түпсанасында бар, ата-бабасының қаны арқылы көшкен ақпараттар көкейден шығып, сөз ретінде салтанат құрады. Мысалы, жоғарыдағы жыр десек, анық дәлелі жазушы Жылқыбай Жағыпарұлының «Қарқаралының соңғы қабыланы» повесі дер едік. Мемлекеттік тапсырыспен баспадан биыл шыққан «Қарасарт» атты повестер мен новеллалар жинағындағы осы шығарманы тұшынып оқыдық.

Кейде ту сыртыңыздағы біреудің наза­рын сезесіз. Тіпті сізге желке тұсы­ңыз­дан біреу қадала қарап тұрғанын жан дүниеңізбен анық байқайсыз. Көзіңіз жетпесе де түйсігіңіз айтады. Қалың адам арасында, тіпті автобуста осындай күйді кешкенде тұрған ештеңе жоқ-ау, себебі көпшілікте не болмайды? Танысыңыз, әлде біреу сыртыңыздан сұқтануы кәдік. Ал айдалада жалғыз жүргенде ше? Және соңыңыздан түскен жанды арқаңызбен әбден сезіп, жалт бұрылып қарайсыз немесе лезде бір тасаға лып беріп көре қоям дейсіз, ешкім жоқ болып шығады. Жүре бастасаңыз, артыңыздан қайта ергенін сезесіз. Жынданып кетуіңіз мүмкін ғой?

Қарқаралының тау-тасын бес сау­сағындай білетін Ақтанберді аңшының осындай кепке тап болғанын автор және бір оқиғамен қатар өріп, шендестіріп отырады. Үнемі далада аң аулап жүретін ол соңынан бір аңду барын жан-жүрегімен сезіп, қалайда көзге түсірудің небір әре­кетін қылады, бірақ көре алмай пұшай­ман болады. Бүгін екінші күн солай. Бұл уақытта осы атыраптағы тағы бір аңшы Мұсаның қыран бүркіті үйде дүр сілкініп аш тұрғанына, аты болса иесі әдетінше шығып жем берер деп үйін айналсоқтап жүргеніне де екінші күн. Ақтанберді үшін­ші күн дегенде аңдысып жүріп, ақыры аңдушыны көреді – қара қабылан. Қар­қаралыда қалған жалғыз қара қабылан, сыңарын яки арланын былтыр қыста өзі тұзақтап, оязға сыйға жөнелткен, мынау соның қаншығы яки сыңары, «кегін алуға келген екен ғой ақыры».

Оқиға Қарқаралыда Қақабай болыс болған кезде өткен. ХІХ ғасырдың екінші жартысы болу керек. Атақты аңшы Ақтанбердіні болыс тірі қабылан ұстап беруге көндіреді. Келісімін бермеген аң­шыға қоқан-лоққы жасап, ақырында бала-шағасымен Сібірге жер аударатын болып, қол-аяғын буып, түрмеге қамағанда барып амалсыз көнген. Болыстың үстінен қарайтын ояз губернатордың тойына тірі қабылан сыйға тартпақ, Қарқаралыдан қабылан ұстап беруді Қақабайға тап­сырған. Қақабай болыс ояздың (отарлау­шы орыс билігінің) тапсырмасын осылай зорлықпен орындайды. Көз ашқалы аңшылықпен айналысқан ол ұстап береді ғой, бірақ соңы не боларын патшалық биліктің қолшоқпары жуан болыстар біліп отыр ма? Бұл жерде тек Қарқаралыға ғана тән қара қабылан жанды бейне (образ), құруға айналған қазақ рухының көрінісі. Сол кездің өзінде Қарқаралыда қалғаны екі-ақ қабылан екен дейді. Аңшы мұны жақсы біледі. Соның біреуін ұстап береді.

Содан қалған жалғыз қаншық қабылан, аңда жүргелі үшінші күн дегенде көзі анық жеткен аңшы мұны танып, досы Мұса аңшының үйіне келсе, өртеніп жатыр. Ұйықтап, төсектен тұрмай өліп кеткен аңшының үйіне жай түсіп өрт шалғанда үшінші күн аш тұрған бүркітін құтқарып үлгерген Ақтанберді досының мүрдесін алып шыға алмайды. Осыған қайғырып өксіп отырғанда әлгі қабылан шабады ғой аңшыға. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады». Қайта қолындағы бүркітті қондыратын былғары қолғапты қабыланның көмейіне тығып, бір жағынан қолға үйретілген бүркіт араша түсіп, жыртқыштың көзін ағызып өлтіріп, аңшы аман қалады. Тірі қалған аты ғана, сау-тамтығы жоқ Ақтанберді аңшы үйіне зорға жетіп, жантәсілім етеді. Өлер алдында үлкен ұлын шақырып «Жиренсақал... қабылан... күшік... құтқар!» дейді де тіл тартпай кетеді.

Қарқаралыдағы Жиренсақал шыңында әлгі кек алған қаншық қабыланның күшік­тері қалуға тиіс еді. Тұқымдыққа. Оны бала да, жан-жағындағылар да түсін­бейді. Өлердегі сөзді тым құрыса аңшы досы Мұса естісе, түсініп барып, қабыланның ауыздана қоймаған жас күшіктерін асырап, жетілдіріп жіберер еді. Ол да бақиға аттанған. Айтпақшы, осы екі қабыланның бірін, яғни өзі тірідей ұстап берген арланын күшік кезінде аштан бұратылып өлейін деп жатқан жерінен кездестірген Ақтанберді ауызданғанша асырап, іліктіріп жіберген. Олай болатыны, аңға шыққан ақ патшаның шабармандары шешелерін атып алып кетеді. Мұның бәрі көркем шығармадағы емеуріндер. Ұлы сауалдар мен себептерге жауап бе­ретін емеуріндер. Тұқымы құрыған қа­былан – қазақтың рухы, оларды көзінің қарашығындай сақтаған аңшылар – соңғы қазақтар, ал осыларды таптап, отарлаушы билікке жығып бергендер – орысқа жаққан қазақтар, мансабы мен қарақан басы жолында ұлтын құрбандыққа шалатындар. Бұлар ел қыла ма бізді?..

Дегенмен қабылан рухты қазақ кетіп қалғанымен, тарихта ұлы рухтың сорабы сайрап жатыр ғой. Соны бойға сіңіріп, қайта түлеп шығарға керек-ақ. Егер жасампаз ұрпақ болсақ.