09 Маусым, 2010

ҮШҚОҢЫР

911 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Үшқоңыр жасыл жайлау, дала аты да, Қоңыр қыр, қоңыр төбе, тау аты да. Күш берген қасиетті, киелі өңір, Талпынған талайлардың қанатына. Кеңдік те кемеңгерлік бір басында, Даладай дарқандық бар тұлғасында. Таныған бүгін әлем Елбасымыз, Нұрсұлтан Әбішұлы туды осында. Жасында Нұрсұлтанды Сұлтан деген, Сау болса самғап биік шырқар деген. Тұрпаты, түр-тұлғасы бөлек бала, Тайында тең боп өсті тұлпарменен. Үшқоңыр қасиетті, нұрлы мекен, Ер ұлың ел бағына туды ма екен. Жас Сұлтан еңбекке ерте араласып, Әр іске ерте белін буды бекем. Сүйікті баласының лебіне еріп, Сүйіпті Әлжан ана еміреніп. Жас Сұлтан қой қайырып, жылқы бақты, Еңбекшіл Әбіш әке соңына еріп. Жас Сұлтан осында өмір сырын ұқты, Арайлы нұрмен жүзін жуыныпты. Осында қатарынан оза шауып, Оятты жүректерден мың үмітті. Жүзіне алтын арай, нұр сіңдіріп, Кеудеге ай қондырып, күн сыйдырып. Жарқылдап жас Нұрсұлтан өсе берді, Әр ісі жұрттың бәрін сүйсіндіріп. Алдынан шығатындай арайлы күн, Көтерді қиындықтың талай жүгін. Айтатын болды жұрт та аңыз етіп, Ақ көңіл, әділдігін, адалдығын. Достықты, жолдастықты арадағы, Қашанда берік ұстап, бағалады. Қиналған жандар болса қолын созды, Үлкен не кіші екен деп қарамады. Қайратты, айбынды да айбатты әрі, Жарқылдап жүретін-ді, жайнап тағы. Ерекше ең бірінші бала болды, Үшқоңыр, бүкіл ауыл, аймақтағы. Жанының жарығы бар енді жаққан, Құрметтеп жас Сұлтанды ел де ұнатқан. Асырды абыройын ағайынның, Айрықша әулетке де болды мақтан. Әжесі елжіреді “Құлыным” деп, Әкесі білді ертеңгі биігім деп. Анасы аялады “ақ Сұлтанын”, “Отым мен суым алды, тұнығым” деп. Бәрінің ықыласы бөлек еді, Жанынан табылатын демегелі. Аяулы әже, әке, анасынан, Көп көріп өсті Сұлтан өнегені. Жүретін маңайына жиып кісі, Жақсы істің болды әкесі ұйытқысы. Қолынан тамған өнер, сөзге шебер, Анасы болды ауылдың сүйіктісі. Ананың өнегесі бойға дарып, Әкенің көп жұмысын қолға алып. Тынымсыз ізденіспен, еңбекпенен, Жас Сұлтан жақсы азамат болғаны анық. Мәлім ғой қиын жолды таңдағаны, Ана мен әке үмітін жалғағаны. Мәлім ғой Үшқоңырдан түлеп ұшып, Көгінде күллі әлемнің самғағаны. Жүйесін, барлық істің жігін біліп, Ақыл, ой, парасатпен сүйіндіріп. Тәуелсіз елге алғаш Елбасы боп, Көтерді туған Отан тауын биік. Бас иген нық ісіне нарықтағы, Әлемнің сан алпауыт, алыптары. Мәлім ғой Қазақ елін көкке өрлетіп, Төріне төрткүл дүние танытқаны. Халқымның орындалып басты арманы, Елім де, Елбасым да аспандады. Үшқоңыр – жас Сұлтанның тал бесігі, Белгілі бәрі сенен басталғаны. Үшқоңыр, көкке ұшырған дара құсың, Есіңе Сұлтаныңды аламысың. Мәңгілік биігіңде тұрса деймін, Жарқырап жас Нұрсұлтан – бала мүсін. Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі. ҚЫЗЫЛОРДА.