Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру жобасы аясында іссапарға шыққан ғалымдар Шығыс Арал маңының археологиялық мұраларын зерттеп, Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жаңа архивтік деректерін жүйеледі.
Сапар барысында «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі, философия докторы Әзілхан Тәжекеев, орталық қызметкерлері философия докторы Бағлан Шораев, докторант Ыслам Құрманиязов, жоба орындаушысы Рүстем Дәрменов көптеген тың деректермен танысыпты. Ондағы Сыр өңірінің археологиясы мен тарихына қатысты құнды мәліметтер мен жәдігерлерді тауып, көшірмесін елімізге алып келуді көздеген мамандар сапары сәтті болды.
– 1946-1990 жылдары Қызылорда облысы аумағында КСРО ҒА Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізген зерттеу жұмыстары осы күні Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтында сақтаулы тұр. Біз Түгіскен қорымдары, Ұйғарақ обалары, Шірік-рабат археологиялық мәдениеті, Жетіасар есткерткіштеріне қатысты ғылыми деректер негізінде жұмыстар істедік, – деді ғалым Әзілхан Тәжекеев.
Жергілікті ғалымдардың жемісті сапары нәтижесінде жиналған ғылыми деректер алда баспа жүзін көреді.
Қызылорда