Құқық • 30 Қараша, 2023

Келеңсіздікке кім кінәлі?

330 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қызметтік этикаға жүрдім-бар­дым қарайтын, ел үлкен­де­рі­нің сөзін тыңдауға құлқы жоқ мемлекеттік қызметшілердің бары өкінішті. Бұған дәлел ретінде көп жайтты мысал етуге болар. Бірақ Павлодар ауданы әкімдігі мен мектеп мұға­лімінің арасында туындаған мына бір келеңсіз оқиға ауыл жұртшылығы арасында айрықша алаңдаушылық туды­рып отыр.

Келеңсіздікке кім кінәлі?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әлқисса, әуелі негізгі мәсе­лені шолып өтсек. Осы жыл­дың маусым айында Павлодар ауданына қарасты Жер­тұм­сық ауылында «Елім-ай» деп аталатын оқушылардың эколо­гия­лық жасағы мәдениет үйінің жанын­да­ғы шағын саябақта егілген тал-теректер мен гүлдерді суарып жүргенде Заря ауылдық округінің әкімі Рустам Қа­панов келіп, клуб қызметкерлеріне соқ­тыққан. Заря орта мектебінің био­логия пәнінің мұғалімі Рысжан Дәулетбаеваның айтуынша, әкім ол жерде оқу­шы­лардың тұрғанын елең қыл­мастан клуб меңгерушісі мен маманға тұрпайы сөздер айтқан. Әрі онысын педагог естісін дегендей ащы айғаймен жеткізіпті. Лауазымды тұлғаның мұн­дай мәдениетсіздігіне, әрі оқу­шы­лардың көзінше боғауыз сөз айт­қанына шыдамаған ұстаз аудандық қоғам­дық кеңестің төрағасы, билер кеңесі­нің мү­шесі Бақытбек Баткеевке ша­ғым­­данады. Ол өз кезегінде аудандық этика жөніндегі ке­ңеске шағым түсіруге кеңес бер­ген.

Мұғалімнің шағымынан соң аудан әкімінің орынбасары мен аппарат басшысы өз беттерімен қызметтік тексеріс жүргізген екен, алайда соңы созылып, сиырқұйымшақтанып кетеді.

Ал тамыз айының соңғы күндерінің бірінде аудан ап­па­ратындағы мемлекеттік-құ­қықтық бөлімнің басшысы Руслан Нұрбеков бір­не­ше қызметкерді, ауылдағы учас­келік полицейді жанына алып, екі көлікпен ауылға жетіп келеді. Полиция көліктері сиреналарын қосып, небәрі 60 үйден тұратын шағын елді мекеннің ойран-топырын шығарып жі­бе­ре­ді. Көшеде кездескен балаларды тоқтатып: «Ауыл әкі­мі мен клуб қызметкерлері арасын­да не жағдай болды, нендей куә­лік айтасың?» деп тергейді. Өздерін комиссия деп атаған топ мүшелері Қыл­мыстық-процестік кодекстің 215-бабын қаперге де алмаса керек. Әлгі бапта: «Он төрт жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшін, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қа­лауы бо­йынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбірленушіден жауап алуға қатысу үшін педагог және (немесе) психолог шақырылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жә­бір­ленушіден жауап алу кезінде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы» деп жазылған. Яғни учаскелік полицей, мемлекеттік-құқықтық бөлімнің басшысы Руслан Нұрбеков, сондай-ақ сол уа­қыт­та аудандық персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы болған Гуля Ибраева бала­ларды ата-аналарының не­месе олардың өзге де заңды өкіл­дерінің қатысуынсыз тергеген. Бұл оқиғадан әбден қорқып қалған балалар кейін саябақтағы өсімдіктерді суа­руға келмей қоя­ды. Бір қызы­ғы, әлгілер ша­ғым жаз­ған мұғалімнен сұрау­ды мүлде есте­рінен шы­ғар­ғандай. Р.Дәу­лет­баева қоғамдық кеңес төра­ғасына болған жайтты айтады да, кейін прокуратураға шағым түсіреді.

– Рысжан Дәулетбаева – 37 жылдық еңбек өтілі бар құрметті педагог. Жаз бойы 8 шақырым жердегі Заря ауылынан жаяу-­жалпылап Жертұмсыққа ке­ліп, оқушыларды терек пен қарағай талдарын суа­ру­ға жұ­мыл­дырды. Бұл – ауы­лы­мыз­дың болашағы, экология­сын жайлы ете түсуге жасалып отыр­­ған игі қадам. Сол кісінің ұйым­дастыруымен «Елім-ай» жа­са­ғы 2 жылдан бері нәти­желі жұмыс істеп тұр. Оның үсті­не ұстазға әлгі еңбегі үшін әкімдік те, мектеп те бір тиын еңбекақы төлеген жоқ. Өз ісінің нағыз энтузиасы. Екінші рет келіп шағымданғанда шыдай алмадым. Менің қызметтік бөлмем аудан әкімдігінің ғима­ратында орна­лас­қан. Ибрае­ва­ның кабинетіне бардым да: «Қарақтарым, бұларың жарамайды. Анау ауыл басшысы педагог пен балалардың көзінше дауыс көтерген, ал сендер оларды ата-аналарының қатысуынсыз тергеп-тек­се­ріп­сің­дер. Ертең шу шығып кетсе, кінәлі боласыңдар. Барып ке­шірім сұ­раң­дар. Шеттеріңнен жас маман екен­сіңдер, сендерге өсу керек, ха­лық­пен дұрыс жұмыс істеңдер», деп ағалық ақылымды айттым. Бұл жерде ең әуелі балаларды қорғап қалу мақсатым еді. Себебі оқиғаны одан әрі зерделейтін болсақ, буллинг әрекеттері орын алып отырғанын аңғарамыз. Бірақ ар-намыстарына тиетіндей ауыр сөз айтқан емеспін. Өзім де өмір бойы педагог болған жанмын, 3 мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болдым. Өмірлік тә­жіри­бем бір басыма жетіп артылады. Әлгі жерде ауылға комиссияны бастап барған Р.Нұрбеков те болды, – дейді Б.Баткеев ақсақал.

Бұл оқиғаның өршіп бара жат­қанына алаңдаған аудан әкімі Николай Дычко ауыл әкімі мен Р.Нұрбековты шақы­­рып алады да, мектеп мұға­лі­мінен ке­ші­рім сұрат­қыз­ған. Ал персоналды басқару қыз­меті бөлімінің басшысы өз еркімен қызметінен кеткен. Бірақ Г.Ибраева көп ұза­май полицияға арыз түсіріп, Б.Баткеев біздің ар-намысы­мыз­ға тиетіндей сөздер айтты деп шағымданған. Сот алғаш­қы­да бұл істі қарай келіп, еш­бір заң бұзушылық таппады. Алайда Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнін­дегі мамандандырылған соты апелляциядан кейін қо­ғам­дық кеңестің төрағасын кінәлі деп танып, бұзақылық жа­­са­ғаны үшін оған 12 075 теңге көлемінде айып­пұл салу тура­лы шешім шығарады.

Анықтағанымыздай, Р.Нұр­бе­ков пен Р.Қапанов кезін­де ішкі істер органдарында әріптес әрі дос болған. Б.Баткеевтің пікі­рін­ше, Р.Нұр­беков әкімді ақтап алғысы ке­ліп отырған сыңай танытады. «Бұлардың ойы – бала­ларды қорқытып, ауыл әкімі ешбір сөкет қылық жасаған жоқ деп Қапа­нов­ты сүттен ақ, судан таза етіп алып шығару. Балаларды тер­гей­­тіндей олар қыл­мыскер емес қой. Ата-аналары ша­ғым тү­сір­се, әкімге де, бөлім басшылары мен учаскелік инспекторға қиын болатыны анық. Яғни аталған лауазымды тұлғалардың әрекеті ешбір шеңберге сыймайды. Ауыл адамдарын бұлай басынуға болмайды. Ақсақал басыммен мені сыйламай, сотқа берді. Ал сот татуласуды сұрағанда «артық кетсем ке­шірім етіңдер» деп үлкен ба­сымды кішірейттім. Бірақ арыз иелері менің ке­шірімімді қабылдамады. Мем­лекеттік қыз­мет­тегі біл­дей қыз­меткерлер «шы­бық тимей жатып, шыңқ етерін» кім білген... Маған ол маңызды емес, ең бастысы, балалардың құқығы қорғалуы керек», дейді Б.Баткеев. Оның сөзінше, жер­гілікті ата-ана­лар­дың бірне­шеуі өз бала­ла­рының заңсыз тергелгенін жақсы біледі.

Ал аудан әкімдігі бұл мәсе­ле­ні одан әрі зерттеп, зерделемеген. Оқиға сол себеп­тен де көпшілік арасында түсініс­пеу­шілік тудырып отыр. Аудан басшысы Н.Дычконың үнсіздігі де аппараттағы қыз­меткерлердің жөнсіз әрекет­терін қолдағандай әсер қал­дырады. Павлодар ауданы бас­шылығы мемлекеттік органдарда іс­тейтіндердің бі­лім-білігіне, мем­лекеттік тілді білу деңгейіне жүр­дім-бар­дым қарай­тын­дай. Әйтпесе, Г.Ибраева қазақ ті­лінде бір ауыз сөз де білмейтін болып шықты. Оған сөйлесу барысында көз жеткіздік. Гуля ханым: «Мен мемлекеттік тіл­дегі сұрақ­тарыңызды түсінбеймін, орыс тілінде қойыңыз. Ай­тарым, мемлекеттік қыз­мет­те 15 жыл қызмет еттім. Алайда Б.Бат­кеев сияқты дөрекі адам­ды өмі­рім­де бірінші рет кез­дес­тіріп отырмын. Бас-көз жоқ, кабинетіме кіріп, айғай­ға бас­ты. «Өтірікшілер, өз мансап­та­рыңды ой­лаңдар», деп бізді орынсыз сөкті. Біз сотта өз ша­ғымымыздың негізді еке­нін дә­лелдей алдық. Ол тиісті жа­засын арқалады. Жуықта қалалық сотқа Б.Бат­кеевтен 500 мың теңге моральдық шы­ғын өндіріп алу туралы талап арыз жаздым. Бірақ ойлана келе онымды қайтарып алдым. Маған мәселенің осы жерден тоқтағаны керек», деді ол.

Бір қызығы, бұл мәселеден облыс әкімі мен оның аппара­тын­дағылар да хабардар. Алай­да олар «Біз қыз­мет­тік тек­серіс жүргіздік, ауыл әкімі де, Нұрбеков те кінәлі емес», деп міз бақпайды. Білдей пе­дагогтің кел­ті­ріп отырған дә­лелін назарға алғысы кел­мейді. Жертұмсықтағы бала­лар­­дың мемлекеттік қызмет­ші­лер мен полицей тарапынан заңсыз тергеп-тек­се­ріл­гені, ол түптеп келгенде бопсалау сипа­тын­да­ғы қылмыспен пара-пар екені ешкімді ойландырмайтындай.

Ұстаз Рысжан Дәулетбаева келеңсіз оқиғаға балаларды араластырып, заң­сыз тергеген лауазымды тұлға­лар­дың үстінен тиісті органдарға шағым түсір­генімен, қадағалаушы мекемелерден мардымды жауап ести алмапты. Сот отырысында Нұрбеков: «Педагогтен ешбір ке­шірім сұраған жоқпыз. Себебі ауыл­да ешқандай өрескел оқиға болған жоқ, ойдан шығарылған жағдай», деп тайқып шыққан. Олар өз қарама­ғын­дағы қызмет­кер­лерді куә ретінде тартып отыр. Ауылдық клубтың мең­ге­ру­шісі мен қатардағы маман, аудан әкім­дігіндегі бөлім қызметкерлері жұ­мыс орнымыздан айырылып қаламыз деп қорықты ма екен, ондай келеңсіз жағдайды естіп, көргеніміз жоқ деп ант-су ішкен. Екі ортада мектеп мұғалімі жала жапқан жан ретінде шырылдап қалды.

Айтпақшы, жаздың соңында ауыл­дағы саябаққа күтпеген жерден бір топ ешкі кіріп кетіп, 45 түп терек талдарын тып-типыл етіп жеп кетіпті. Осы­лай­ша, балалардың ала жаздай еңбегі зая болып, қазіргі күні сая­бақтың да сиқы қашқан...

 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы