Елорда • 30 Қараша, 2023

Астанада дарынды балалардың әлеуетін дамытуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

207 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада мектепке дейінгі жастан бастап жалпы білім беретін мектептердің бітіруші сынып оқушыларына дейін жас дарындардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған балалармен жұмыс жүйесі жолға қойылған. Аталған жұмыстың қалай жүргізіліп жатқаны туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева айтып бергенін қалалық әкімдіктің ресми сайты хабарлады.

Астанада дарынды балалардың әлеуетін дамытуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Фото: gov.kz

«Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына арналған «Жұлдызды жол» олимпиадасы, «Елорда Еркетайы» шығармашылық байқауы, «Бестемше» спорттық іс-шарасы, 2-7 сынып оқушыларына арналған қалалық ғылыми жұмыстар мен шығармашылық жобалар байқауы, 2-4 сынып оқушылары арасындағы Республикалық пәндік олимпиада және т.б. 

Орта буын оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша жасөспірімдер олимпиадасы, 5-6 сыныптар үшін республикалық пәндік олимпиада, 7-8 сынып оқушылары үшін география бойынша Ұлттық олимпиада, химия және биология бойынша Ұлттық олимпиада өткізіледі. Осы зияткерлік турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Жоғары сынып оқушылары үшін республикалық деңгейдегі президенттік және лингвистикалық олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауы, қалалық және республикалық «Абай оқулары», «Ақселеу оқулары», «Қадыр оқулары», «Мағжан оқулары», интеллектуалдық және шығармашылық байқаулар: «Абай әлемі», «Менің кіші Отаным», «Менің бастамам – менің Отаным үшін», халықаралық STEM олимпиадасы, «Robotek Grand Tournament» республикалық робототехника турнирі, робототехникадан ғылыми-техникалық жобалар байқауы.

«Жыл сайын олимпиада қозғалысының сапасы артып, қатысушылар қатары көбейіп келеді. Тек 2023 жылдың өзінде Астана олимпиадашылары 522 медаль иеленді, оның 257-сі – республикалық, 265-і – халықаралық. Астана құрамасы жыл сайын «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алады.

Зияткерлік олимпиадаларға сапалы дайындалу және сәтті өнер көрсету үшін «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы каникул күндері оқу-жаттығу жиындарын өткізеді және жиын кезінде өткен жылдардағы халықаралық олимпиадалардың бұрынғы жеңімпаздары мен жүлдегерлері тәжірибелерімен бөлісіп, жас зияткерлер дайындығына өз үлестерін қосады», деді спикер.

Мектеп түлектеріне мамандық таңдауға және олардың талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін оқу орнын таңдауға көмектесу үшін Орталықта «Qabilet» кәсіптік бағдар беру қызметі жұмыс істейді.

Аталған қызметтің негізгі мақсаты – 7-11 сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттері мен кәсіби өзін-өзі тану, оның психологиясын, дағдысын, білімін, дарындылығын ескере отырып, оқушының кез келген мамандыққа бейімділігін анықтауға бағытталған.

«Дарынды балаларды қолдау және ынталандыру мақсатында қала әкімі жыл сайын елорданың дарынды оқушылары – халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездеседі. Оқушылар Астана қаласы әкімінің атынан алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады.
Астанадағы білім беру саласының жүйелі және жемісті жұмысының арқасында елордалық мектеп оқушыларының есімдері халықаралық интеллектуалдық ареналарда жиі естіліп жүр.

Халықаралық рейтингтік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері (IMO, ICho, IPho, IGeo, IOI, IOL) Қазақстанның жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын иеленсе, сонымен қатар беделді шетел университеттеріне 100% жеңілдікпен оқуға шақырту алады», деп атап өтті Білім басқармасы басшысының орынбасары.

Мемлекеттің жан-жақты қолдауы мен еліміздің оқушыларының жетістіктерінің арқасында тарихта тұңғыш рет 2024 жылдың шілдесінде Астанада беделді әлемдік олимпиадалардың бірі – биология бойынша Халықаралық олимпиада өтеді.